Үкімет мүшелері мемлекеттік тілде сөйлеуден арланбауы керек. Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке ескерту жасады. Депутаттардың бірі оған қазақ тілінде сұрақ қойған. Асқар Жұмағалиевтің орынбасары оған орыс тілінде жауап берді. Онысы үшін тіпті «ғафу өтінбеді». Биік лауазымды шендінің бұл теріс қылығы Нұрлан Зайроллаұлының шамына тиді. Ол мемлекеттік тілде қойылған сауалға мемлекеттік тілде жауап қайырмағаны үшін шенеунікті сынға алды. «Әрине, Парламентте ілеспе аударма жүреді. Бізде залда отырған әр адам қазақша-орысша еркін сөйлей алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап бермегеніңіз дұрыс емес!» деп мемлекеттік тілге құрмет білдірген вице-министрге сын-ескертпе жасады Мәжіліс спикері. Жиында Мәжіліс депутаттары Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс және оған ілеспе заң жобасын I оқылымда қарап, мақұлдады. Осы құжат арқасында азаматтар өтінішін қарау жұмысы қайта құрылмақ, ал меморгандар халық шағымына жеделірек үн қатуы тиіс. Палата басшысы әкімдік пен министрлікке жүгінген адам өз мәселесі шешілеріне сенімді болғаны жөн деді. – Меморгандар қызметкері мынаны түсінуі керек: кодекс қабылданған соң олардың азаматтар мен ұйымдар өтінішін қарау бойынша жауапкершілігі күшейтіледі. Жаңа кодекске сәйкес егер азамат сотқа берсе, онда әу бастан сол адамның емес, меморганның «айыптылық презумпциясы» қарастырылады. Бұл мүлдем тың тәсіл. Ендеше шенеуніктерге істі сотқа дейін жеткізбегені, мәселені сотқа дейінгі қарау сатысында шешім бергені дұрыс, деп нықтады Н.Нығматулин. Ол ел басшылығы тиімді және жинақы мемлекеттік аппарат құру туралы стратегиялық міндет қойғанын қаперге салды. Бұл міндетті орындау әкімшілік рәсімдерді жетілдіруді және әкімшілік сот өндірісін енгізуді талап етеді. Мәжіліс бірінші оқылымда құптаған кодекс осы мақсатқа жетудің ұстын-базасына айналады. «Әкімшілік процедуралар мен сот өндірісін реттейтін нормалар алғаш рет бір құжатта біріктіріліп отыр. Бұл кодекстің мақсаты – билік пен халықтың сындарлы диалогын нығайта түсу. Мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру. Осының барлығы халық мұқтаждығына жедел ден қоюға қабілетті, ел үніне құлақ асатын мемлекет саясатына сәйкес келеді» деп түйді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Елдос СЕНБАЙ