Жамбыл облысында жылыту маусымы оқыс оқиға­мен басталды. Екі ауданда газдан ула­­ну деректері тіркеліп, ажал құшқандар бар.
Адамдар газдан қашанғы ажал құшады?
688
оқылды

Жау­ап­тылар «жылыту маусымына сақадай сай дай­ынбыз» дегенімен, жеке сектордағы жағдай бақылаусыз қалған сияқты. Олай дейтініміз  – екі қайғылы оқи­ғада да көгілдір отынның мұржасы бітеліп, тұр­ғын­­дар түн ұйқысында тіл тартпай кеткен. Сонда бұ­­ған кім кін­әлі? Халықтың жауапсыздығы ма, әлде төле­мін төле­тіп тиісті тексеру жүргізбеген мекеме ме?

Қазір облыстық Полиция деп­артаменті Т.Рысқұлов аудан­ында бір отбасының ата-анасы және ол­ар­дың кәмелетке толмаған екі қызының, сондай-ақ Жамбыл аудан­ындағы  61 жастағы әйел мен ересек ұлының қайтыс болу дере­гіне қатысты «Адам өлімі» бойын­ша қылмыстық іс қозғалғанын айтуда. 

Ал QazaqGaz Aimaq АҚ Жам­был аумақтық филиалы тұрғын­дардың газдан улану себебі толық­тай анықталғанын алға тартты. 

«17 қазанда сағат 07:40 шама­сын­да Жамбыл ауданы Қызыл Шар­­ық ауылында жеке тұрғын үй­де табиғи газды пештің сөніп қалу салдарынан  үш адам уланып отыр. 1963 жылы туған үйдің иесі және оның 1988 жылы дүниеге кел­ген ұлы сол жерде қайтыс бол­ды. Ал 2007 жылы туған немересі ауыр жағ­дайда ауруханаға жат­қызылды.

Сондай-ақ 16 қазан күні Т.Рыс­құлов ауданы  Жарылсу ауылында жеке тұрғын үйде  газдың шығып кетуіне байланысты (шайнек қай­наған кезде сөнген газ плитасы) 1967 және 1975 жылы туған үй ие­ле­рі, сондай-ақ олардың 2011 және 2019 жылы туған балалары газдан уланып, қайтыс болды. Екі жағдай бойынша да сот-медициналық сар­ап­тама тағайындалды», – дел­ін­ген аумақтық филиалдың ресми ақ­паратында. 

Жалпы, бұл бірінші мәрте бол­ып отырған жағдай емес. Өткен жыл­дары да Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарында осындай қайғылы оқиғалар болып, бүтін бір үйдің мүшелері газдан уланып көз жұм­ған болатын.  Сол тұста жергілікті билік өкілдері мен қауіпсіздікке жауапты мекемелер газ құбырын тексеруді бір-біріне  сілтеп, соңы жұ­мысты жүйелеу үшін газ-техни­калық инспекциясы құрылатын бол­ып шешілген. Алайда бұл бас­тама айтылған жерінде қалып, сол қайғылы оқиғадан ешкім сабақ ал­ма­ған тәрізді. Олай дейтіні­міз  – биыл міне дәл сондай жағдай қай­та­ланып отыр. 

Бүгінде әлеуметтік желілерде екі аудандағы газдан улану дерегіне қа­тысты азаматтар түрлі пікір ай­тып жатыр. Халықтың дені газ құ­бы­р­ын тек­сер­уге жауапты мекеме төле­мін алғанымен, тиісті деңгейде жұ­мыс істемей отырғанын сынға алуда. 

«Жыл сайын техникалық ба­қы­лаудан өткізуге төлем келеді.  Төле­месең жаныңды қоймайды. Бірінші тексеріп, сонан соң ақы­сын алса болады ғой. Болмаса төле­ген соң артынша тексерсін. Бы­лтыр «төле»  деп келді бақылау­шы. «Неге тек­сер­мейсіздер?»  десем, «Саған тек­серу керек боп тұр ма?!» деп өзіме бәле қылды. Сон­да «тексеріс керек болса, ай­ып­пұл арқалатып жібере­мін»  дегенді меңзеп тұрғаны ғой. Егер газ құбырына ешқандай тек­серіс жүргізілмейтін болса, біз не үшін ақша төлеуіміз керек?», – дей­ді ашын­ған тұрғын Гүлхан Әлім­бекова.

Нұрбек Мүбарак есімді тұрғын да бұл оймен келіседі. Ол қажетті төле­­мін алып, алайда тексеріс жүр­гізбеген мекемені жауапқа тартуға шақыруда. 

Алайда QazaqGaz Aimaq АҚ Жамбыл аумақтық филиалы жеке сектордағы тұрғындар газ құбырын тексертуге өздері ынта таныта бер­мейтінін алға тартуда. Әйтпесе, филиал тарапынан жылыту маусы­мы қарсаңында газ құбырын тек­сер­тіп барып, көгілдір отынды қосу туралы үндеу бірнеше мәрте жасал­ыпты. Бұқара арасында бұл сөзді қолдап отырғандар да бар. 

«Негізінде, әрбір адам өз  үйін­дегі газ пешіне өзі жауапты ғой. Өзі мен жақындарының өмірін ойлап, газ құбырларын арнайы тексертіп алған абзал. Мәселен, біз үйге газ кір­гізерде көгілдір отын таратуға жауапты мекемеден маман шақыр­ып, газды қалай қолдану керек екенін жан-жақты түсініп алдық. Сосын маман газды қалай пайда­лану туралы ережесі көрсетілген жаднаманы пештің бір бұрышына жапсырып кетті. Егер қандай да бір ақау немесе газ иісі шығатын болса, «104» нөміріне хабарласың­дар деп кеңес те берді. Сондықтан ойлай­мын, сақтық пен қауіпсіздік ең бір­ін­ші адамның өзінен баста­луы керек», – дейді Самал Болат есімді тұрғын.

Өткен жылдан бастап Тараз қаласы әкімдігі  «Шалғай Қарасу», «Шөлдала» және «Құмшағал» сын­ды иіндерде тұратын әлеуметтік тұр­мысы төмен отбасыларға улы газ сезбегін (датчик) орнату жұ­мыс­­­тарын бастап кетті. Аталған сезбек­тің ерекшелігі – егер газ құбырынан ақау шығып, улы газ бөлмеден тара­латын болса дереу дабыл белгісі қосылады. Құлақ тұндыратын бұл дыбыс ұйқыда жатқан адамды оя­тып ғана қоймай, үні жақын үй­дегі көршісіне дейін естіледі екен. Мұн­дай ақылды қондырғы әзірге Тараз қаласын­дағы иіндегі үйлерге орна­тылуда. Егер осы сезбекті облыс көле­мі бойынша тұрғын үйлерге жап­пай орнатса, талай қайғылы оқиғаның алдын алар ма едік? Енді оны билік мінберінде отырған бас­шылардың таразысына қалдырдық.  Десе де, егер осындай ауқымды, әрі батыл шешімдер қабылдамасақ құр сөзбен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтынымыз анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы