Жауаптылар «жылыту маусымына сақадай сай дайынбыз» дегенімен, жеке сектордағы жағдай бақылаусыз қалған сияқты. Олай дейтініміз – екі қайғылы оқиғада да көгілдір отынның мұржасы бітеліп, тұрғындар түн ұйқысында тіл тартпай кеткен. Сонда бұған кім кінәлі? Халықтың жауапсыздығы ма, әлде төлемін төлетіп тиісті тексеру жүргізбеген мекеме ме?
Қазір облыстық Полиция департаменті Т.Рысқұлов ауданында бір отбасының ата-анасы және олардың кәмелетке толмаған екі қызының, сондай-ақ Жамбыл ауданындағы 61 жастағы әйел мен ересек ұлының қайтыс болу дерегіне қатысты «Адам өлімі» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтуда.
Ал QazaqGaz Aimaq АҚ Жамбыл аумақтық филиалы тұрғындардың газдан улану себебі толықтай анықталғанын алға тартты.
«17 қазанда сағат 07:40 шамасында Жамбыл ауданы Қызыл Шарық ауылында жеке тұрғын үйде табиғи газды пештің сөніп қалу салдарынан үш адам уланып отыр. 1963 жылы туған үйдің иесі және оның 1988 жылы дүниеге келген ұлы сол жерде қайтыс болды. Ал 2007 жылы туған немересі ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды.
Сондай-ақ 16 қазан күні Т.Рысқұлов ауданы Жарылсу ауылында жеке тұрғын үйде газдың шығып кетуіне байланысты (шайнек қайнаған кезде сөнген газ плитасы) 1967 және 1975 жылы туған үй иелері, сондай-ақ олардың 2011 және 2019 жылы туған балалары газдан уланып, қайтыс болды. Екі жағдай бойынша да сот-медициналық сараптама тағайындалды», – делінген аумақтық филиалдың ресми ақпаратында.
Жалпы, бұл бірінші мәрте болып отырған жағдай емес. Өткен жылдары да Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарында осындай қайғылы оқиғалар болып, бүтін бір үйдің мүшелері газдан уланып көз жұмған болатын. Сол тұста жергілікті билік өкілдері мен қауіпсіздікке жауапты мекемелер газ құбырын тексеруді бір-біріне сілтеп, соңы жұмысты жүйелеу үшін газ-техникалық инспекциясы құрылатын болып шешілген. Алайда бұл бастама айтылған жерінде қалып, сол қайғылы оқиғадан ешкім сабақ алмаған тәрізді. Олай дейтініміз – биыл міне дәл сондай жағдай қайталанып отыр.
Бүгінде әлеуметтік желілерде екі аудандағы газдан улану дерегіне қатысты азаматтар түрлі пікір айтып жатыр. Халықтың дені газ құбырын тексеруге жауапты мекеме төлемін алғанымен, тиісті деңгейде жұмыс істемей отырғанын сынға алуда.
«Жыл сайын техникалық бақылаудан өткізуге төлем келеді. Төлемесең жаныңды қоймайды. Бірінші тексеріп, сонан соң ақысын алса болады ғой. Болмаса төлеген соң артынша тексерсін. Былтыр «төле» деп келді бақылаушы. «Неге тексермейсіздер?» десем, «Саған тексеру керек боп тұр ма?!» деп өзіме бәле қылды. Сонда «тексеріс керек болса, айыппұл арқалатып жіберемін» дегенді меңзеп тұрғаны ғой. Егер газ құбырына ешқандай тексеріс жүргізілмейтін болса, біз не үшін ақша төлеуіміз керек?», – дейді ашынған тұрғын Гүлхан Әлімбекова.
Нұрбек Мүбарак есімді тұрғын да бұл оймен келіседі. Ол қажетті төлемін алып, алайда тексеріс жүргізбеген мекемені жауапқа тартуға шақыруда.
Алайда QazaqGaz Aimaq АҚ Жамбыл аумақтық филиалы жеке сектордағы тұрғындар газ құбырын тексертуге өздері ынта таныта бермейтінін алға тартуда. Әйтпесе, филиал тарапынан жылыту маусымы қарсаңында газ құбырын тексертіп барып, көгілдір отынды қосу туралы үндеу бірнеше мәрте жасалыпты. Бұқара арасында бұл сөзді қолдап отырғандар да бар.
«Негізінде, әрбір адам өз үйіндегі газ пешіне өзі жауапты ғой. Өзі мен жақындарының өмірін ойлап, газ құбырларын арнайы тексертіп алған абзал. Мәселен, біз үйге газ кіргізерде көгілдір отын таратуға жауапты мекемеден маман шақырып, газды қалай қолдану керек екенін жан-жақты түсініп алдық. Сосын маман газды қалай пайдалану туралы ережесі көрсетілген жаднаманы пештің бір бұрышына жапсырып кетті. Егер қандай да бір ақау немесе газ иісі шығатын болса, «104» нөміріне хабарласыңдар деп кеңес те берді. Сондықтан ойлаймын, сақтық пен қауіпсіздік ең бірінші адамның өзінен басталуы керек», – дейді Самал Болат есімді тұрғын.
Өткен жылдан бастап Тараз қаласы әкімдігі «Шалғай Қарасу», «Шөлдала» және «Құмшағал» сынды иіндерде тұратын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға улы газ сезбегін (датчик) орнату жұмыстарын бастап кетті. Аталған сезбектің ерекшелігі – егер газ құбырынан ақау шығып, улы газ бөлмеден таралатын болса дереу дабыл белгісі қосылады. Құлақ тұндыратын бұл дыбыс ұйқыда жатқан адамды оятып ғана қоймай, үні жақын үйдегі көршісіне дейін естіледі екен. Мұндай ақылды қондырғы әзірге Тараз қаласындағы иіндегі үйлерге орнатылуда. Егер осы сезбекті облыс көлемі бойынша тұрғын үйлерге жаппай орнатса, талай қайғылы оқиғаның алдын алар ма едік? Енді оны билік мінберінде отырған басшылардың таразысына қалдырдық. Десе де, егер осындай ауқымды, әрі батыл шешімдер қабылдамасақ құр сөзбен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтынымыз анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы