Кезінде Талдықорған қаласындағы инустриалдық аймақта қалдықтарды отқа жағып, электр қуатын өндіретін жылу-энергетикалық орталық салынады дегенде сүйіншілеп едік, ол да орта жолда қалды. Сол жылдары жыл сайын тек Алматы қаласының өзінен 9 миллион тоннадан астам күл-қоқыс шығарылатындығы, уақыт өте оның көлемі көбейіп, күрделене беретіндігі, қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу жұмыстарын жолға қоймай болмайтындығы айтылатын. Одан бергі кезеңде осы бағытта бірқатар амал қарастырылғанымен, мәселе шешілді деп айтуға келмейді.
Алматы облысы өз алдына жеке отау құрып, облыс орталығы Қонаев қаласына қоныс аударған екі жылдан астам кезеңде бұл проблема мүлде күрделене түскені сөзсіз. Өйткені оңтүстік астана маңындағы аудандарда өндірістер өркен жайып, тірліктің қазаны тіптен қайнай бастады. Халық саны да артып, елді мекендер де көбею үстінде. Соған сай Алматы облысында қалдықтар мәселесі тым күрделене бастағаны да шындық. Осы орайда бүгінгі күні өңірде қалдықтарды кәдеге жарату саласында ауқымды өзгерістер дайындалуда. Жақында облыстағы ең өндірісті әрі ірі аймақ Іле ауданында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін заманауи зауыттың құрылысы басталмақ. Инновациялық жоба жүзеге асса, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадам болары анық.
Зауыт қоқыс алаңдарының қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін айтарлықтай азайтуымен қатар, қазір аса өзекті болып тұрған электр қуатын да өндіретін болады. Жылына 350 мың тоннаға дейін қалдықты өңдеуді және одан 16 мегаватт электр энергиясын өндіруді көздейтін жобаны түріктің «Инева» компаниясы мен ADC Taza Alem ЖШС бірлесіп жүзеге асырмақ. Зауыттың сұрыптау желісі ірі құрылыс және қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қосқанда 240 мың тонна қалдыққа есептелген. Бүгінде жоба 60 пайызға дайын. Сұрыптауға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, инфрақұрылым мәселелері, оның ішінде газ және сумен қамту мәселелері шешіліпті.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев екі компания өкілдерімен кездесу барысында жобаның өңір үшін өмірлік маңызы барына ерекше тоқталды:
– Біз сіздермен өзара ынтымақтастықтың бірнеше аса маңызды артықшылығы бар деп есептейміз. Біріншіден, жоба өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсартуға зор үлес қосады. Екіншіден, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі аймақтағы жасыл экономиканы дамытуға оң әсер етеді. Сонымен бірге Іле ауданындағы полигонда қазіргі және жинақталған қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді, – деді ол.
ADC Taza Alem ЖШС бас директоры Ерлан Дүйсебаевтың айтуына қарағанда, құрылыс жұмыстары биылғы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында басталады. Жоба экологиялық жағынан таза және Түркиядан келген инновациялық компанияның қолдауымен жүзеге асырылады. Күн сайын шамамен 700 тонна қалдықты өңдей алатын қуаттылыққа ие болады. Соның арқасында қазір тым өзекті болып тұрған қалдықтар мәселесін реттеуге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру үшін қаржыландыру екі кезеңге бөлінген. Индустрияны дамыту қоры арқылы қарастырылған қаржыға бірінші кезеңі аяқталыпты. Жоба жылына 120 мың тонна ірі құрылыс қалдықтарын және 80 мың тонна қайталама шикізатты сұрыптауды қамтиды. Сондай-ақ зауыт Іле өңірінде жаңа жұмыс орындарын ашып, экологиялық жағдайды жақсартып, стихиялық полигондар мен топырақтың ластануын азайтады. Қазір электрмен жабдықтаудың техникалық шарттарын алу сатысы жүргізілуде, одан кейін екінші кезеңге өтіп, негізгі нысандардың құрылысы басталады.
Зауыттың өндірістік қуаты 16 МВт құрайды, ал алынған электр энергиясы кәсіпорынның қажеттілігіне жұмсалып, артылғаны облыстық энергетика жүйесіне жеткізіледі.
«Облыста жыл сайын 450 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналады, зауыттың салынуы жасыл экономикаға маңызды қадам болмақ және алдағы он жылда аймақтағы тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешеді», – дейді Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков.
Жиында зауыттың тиімді тұстарының қатарында экологиялық және әлеуметтік-экономикалық аспектілері де айрықша атап өтілді. Кәсіпорынның құрылысы мен жұмыс істеуі отандық және шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Алматы облысы қалдықтар мәселесін мойындап, оны шешу жолдарын белсенді іздестіретін өңір ретінде басқаларға үлгі болады.
Жобаны жүзеге асыруға мүдделілер оның табысты болуы мемлекет пен бизнес өкілдерінің тығыз ынтымақтастығына байланысты екеніне ерекше тоқталды. Алматы облысының әкімі айтқандай, өңір жобаның орындалуы үшін барлық инфрақұрылымдық және логистикалық мәселелерді шешуді, сондай-ақ инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға қажетті қолдауды көрсетуге дайын. Құрылысты аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған және қазіргі қарқынына қарағанда жоба мерзімінде аяқталады деуге негіз бар.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы