Әлемдегі ірі бизнес-қауымдастық өкілдерінің басын қосқан айтулы шарада Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі айқындалды. Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі 26 жыл бұрын саладағы жүйелі мәселелерді шешу мақсатында ел басшылығы мен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей диалог алаңы ретінде құрылған. Осы уақыт ішінде кеңес өзін елдегі инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды құралы ретінде көрсетті. Бүгінде консультативтік-кеңес отырысы Мемлекет басшысының төрағалығымен жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, кеңестің инвестициялық климатты жақсартуға қатысты мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналғанын атап өтті. Жиында Мемлекет басшысы Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты.
– Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Басым бағыттар айқындалды
Президент инвесторлардың назарына лайық бірқатар бағыт пен қызмет салаларын атап өтті. Оның ішінде өнеркәсіптік сектор, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика бар.
Сондай-ақ жиында Мемлекет басшысы еліміздің минералды-шикізат қоры мол екенін жеткізді. Әсіресе, геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру саласындағы үдерістердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру шаралары жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан.
Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болады. Президент айтқандай, бүгінде елімізде бірқатар жаһандық ойыншы осы бағытта қарқынды жұмыс істеуде. Сонымен қатар еліміз осы секторға инвестиция салуға дайын компаниялар үшін оңтайлы жағдай жасауды жалғастыра бермек.
– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «таза энергетика» секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру үшін Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік компаниялармен нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Қазақстан атом энергетикасын дамыту ісінде мол әлеуетке ие. Сондай-ақ жиында агроөнеркәсіп секторы инвесторлардың назар аударуға лайық саланың бірі екені айтылды.
Инвесторларды қолдау күшеймек
Президент инвесторлар құқығын қорғау және реттеушілік саясатты дамыту мәселелеріне ерекше мән берді. Мемлекет басшысы сот және құқық жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңғыртулар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Бүгінде Үкімет пен инвесторлардың өзара қарым-қатынасын цифрландыру аясы кеңейіп келеді. Жыл соңына дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа толық іске қосылса, жобалардың жүзеге асырылу барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік туады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаңа бастамалар мен нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогті жалғастырудың маңызына назар аударды.
Жиында сөз алған Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо Қазақстанның инвестициялық саясатты жетілдіру саласында ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.
Ол Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспарының қабылданғанына ерекше назар аударып және осы салада 200-ге жуық жобаны іске асыру бойынша Үкіметтің алға қойған мақсатына байыпты баға берді. Одиль Рено-Бассо мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы экономикадағы жеке сектордың рөлін арттыруды, жекешелендіруді және реттеуші орта құруды көздейтін шаралар кешенін іске асыруға назар аударды. Сол арқылы Қазақстан жоспарланған инфрақұрылымдық жобаларда өзінің экономикалық пайдасын барынша арттыра алатынына сенім білдірді.
ЕҚДБ президенті жаңартылатын қуат көздеріне тартылған инвестиция көлемін арттырып, тиісті инфрақұрылымды құрудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ электр беру және тарату желілерін жаңғырту және цифрландыру қажеттігіне тоқталды.
«Біз Үкіметтің субсидиялардан бас тартып, инновациялар мен экспорттық әлеуетті ынталандыруға негізделген ШОБ-ты қолдаудың жаңа тәсілі шеңберіндегі бастамаларын құптаймыз», – деді Одиль Рено-Бассо.
Мемлекет басшысы спикерге ұсыныстары үшін алғыс білдіріп, ЕҚДБ Қазақстанда жұмыс істейтін ірі халықаралық қаржы институттарының бірі екенін атап өтті – оның инвестициялық портфелі 11 млрд доллардан асады.
Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның биылғы экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен жаңа инвестициялық цикл шеңберіндегі жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, елімізде қабылданып жатқан шаралар жаңа инвестициялық циклді бастауға бағытталған.
«ҚР Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков отырыста шетелдік инвесторлардың бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Жаңа көзқарас
Ал жиында сөз алған CNPC вице-президенті Чжан Даовэй жаңа инвестициялық цикл өнеркәсіптік құрылымды қайта құруға және жаңғыртуға бағытталуы тиіс деген пікірін білдірді.
– Бұл әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына, ұлттық экономиканың неғұрлым сапалы тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Халықаралық инвестициялық ынтымақтастық және инновациялық технологияларды тарту – мақсатқа жетудің тиімді құралы, – деді Чжан Даовэй.
Оның айтуынша, ресурстарды дамыту мен терең өңдеуді ілгерілету, жергілікті өнеркәсіпті өркендету, импортты алмастыруға жәрдемдесу, базалық инфрақұрылымды жаңғырту аса маңызды.
Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов халықаралық даму банктерінің инфрақұрылымға инвестициялар тартуда ерекше рөл атқаратынына назар аударды. ЕАДБ басшысы су секторына қатысты мәселелерге тоқталды.
Жиын соңында БАҚ өкілдеріне пікір білдірген ол су ресурстары саласында да аймақ үшін маңызы жоғары жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін жеткізді.
– Біріншіден, Қазақстанның солтүстік аудандарына су әкеліп, оны кеңейтетін Астрахань, Маңғышлақ жобасы іске асырылмақ. Бүгін шетелдік инвесторлар кеңесінде Орталық Азияға қажетті ирригациялық жабдықтар өндірісі бойынша өнеркәсіптік кластерді құрудың өзектілігін айттым. Бұл ауыл шаруашылығы өнеркәсібін сапалы ирригациялық жабдықтармен қамтамасыз етеді. Тиімді суару жабдықтары ауыл шаруашылығының өркендеуі үшін аса қажет. Сондықтан жиында инвесторларды тарту арқылы осындай зауыттың дамуын қаржыландыру туралы ұсыныс жасадық. Қазір бізде Таяу Шығыстан және Қытайдан келген компаниялар бұл идеяға қызығушылық танытып отыр. Сол себепті міндетті түрде бұл зауыттың құрылысын бастаймыз деген сенім бар, – деді ол.
Николай Подгузов Орталық Азияға арналған ирригациялық жабдықтар нарығы жылына шамамен 300 млн АҚШ долларын құрайтынын жеткізді. Қазір бұл әлемдік ТОП-5 нарықтың құрамына кіреді. Тиісінше, осы салаға қажетті барлық жабдық қазір тек импортталып келеді. ЕАДБ басқарма төрағасы осындай өнеркәсіптік өндірістік қуаттарды құру мүмкіндігі Қазақстанның халықаралық еңбек бөлінісіне қатысуына және бүкіл өңірді осы жабдықпен қамтамасыз етуіне жол ашатынын алға тартты.
Сонымен қатар Азия даму банкінің вице-президенті Бхаргав Дасгупта жиында Президенттің «жасыл жобаларға» ерекше назар аударғанын атап өтті. Оның айтуынша, Азия даму банкі ары қарай да энергетика секторы, жаңартылатын қуат көздеріне қатысты жобалар, оның ішінде гидроэлектр және күн энергетикасына қатысты жобаларға инвестиция құяды. Өйткені бұл сала Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды рөлге ие.
«Азия даму банкі – Қазақстанның ұзақмерзімді серіктесі. Біз Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеміз. Осы уақыт аралығында Қазақстанға 7 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция жасадық. Одан бөлек, жол құрылысы секторына да қатысты ауқымды жобаларға қаржы тартуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік жобаларды қолдау жоспарда бар. Сондай-ақ айталық, тарифтік саясат пен салық салуды жақсарту және Қазақстанға көбірек инвестиция тарту мақсатында ел Үкіметімен тығыз жұмыс істейміз, – деді ол.
Бхаргав Дасгупта қазір ел Үкіметімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын көбірек тарту және оларды іске асыру мәселелері талқыланып жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстан мен Азия даму банкі алдағы 4 жылға бекітілген өзара іс-қимыл стратегиялық бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейтінін жеткізді.
Кәмила ЕРКІН