Тұрғын үй құрылысы саласында тағы да реформа! Оның аясында құрылыс компанияларына заңнаманы айналып өтіп, үлескерлердің қаржысын тартуына жол бермеу үшін пәтерді алдын ала брондауға тыйым салынады.
Үлескер тауқыметі тыйыммен шешіле ме?
812
оқылды

Бұрын «сатып алу құқығынсыз» таратылған арендалық баспананы жекешелен­діруге рұқсат етіледі. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте үй алатындардың санаты өзгереді. Үй кезегін қалыптастыру тәртібі жетілдіріледі. Реформа тағы қандай жаңашылдық әкелмек?

Ресми мәлімет бойынша 2021 жылы мемлекеттен әлеуметтік бас­пана алу кезегінде 300 мыңнан аз (286 мыңнан астам) адам тұр­ды. Ал 2024 жылдың бірінші жар­­тысының қорытындысында тұр­ғын үй кезегінде тұрғандардың саны 650 мыңнан асып жығыл­ған. Яғни, бірер жылда бірден екі есе­ден аса өсіп шыға келді. Сон­ың ішінде 255 140-қа жуығы – хал­ық­­тың әлеуметтік осал топ­тары. Қалғаны – құқық қорғау орган­дар­ы­ның, бюджеттік сала­лардың қызметкерлері, шенеу­нік­тер және мемлекеттік тұрғын үй қо­ры­­нан үй алуға заң жүзінде рұқ­саты бар баспанасыз қазақ­стан­дықтар. 

Осынша адамның бәрін тұр­ғын үймен қамту мүмкін болма­ғандықтан, Үкімет бұл тізімге жыл сайын түгендеу жүргізіп, мың­даған адамды кезектен шы­ғарып тастайды. Мұның себебі әртүрлі: үміткер кезегі жетпей, дүние салады, шетелге көшіп кетіп, азаматтығын ауыстырады. Кейбірі жинақ жинап, өз бетінше пәтер сатып ала алады. Нәтиже­сінде, 2024 жылдың сегіз айында әкімдіктер жалпы саны 34 мың азаматты кезектен шығару тура­лы қаулы қабылдаған. 

Бұған біріншіден, кезекте тұр­­ған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің жыл­жы­май­тын мүл­кінің анықталуы, екін­шіден, кез­ек­те тұрған адам­ның отбасы мү­шелері туралы дерек­тердің сәйкес келмеуі, үшіншіден, әлеуметтік жағдайы­ның сәйкес келмеуі (тол­ық емес отбасы рет­ін­де тіркелген жал­ғыз­басты ана тұрмыс құрған, дәрі­гер­лік ком­ис­сия кемтар жан­ның мүгедектігін алып тастаған және басқасы), төртіншіден, мем­лекеттік қыз­метші мәртебе­сінің сәйкес кел­меуі түрткі бол­ып­ты.

Бұл басы ғана: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі келесі жылға дейін Қазақстан бойынша тағы 300 мыңға жуық адам тізім­нен шығарылуы мүмкін екенін жариялады. Оның ішінде қатай­тыл­ған талапқа сай келмегендері, баспана сатып алғаны, заң бой­ын­ша енді тұрғын үй алуға өтін­іш беруге құқығы жоқ тұлғалар және басқасы бар.

Эскроу-шот ұсынысы ескерілсе жөн

300 мыңды үй кезегінен алас­тағанның өзінде елде бас­пана­сыздық мәселесі шешілмей­ді. Жаңа талаптарға сәйкес кел­мегенімен, ол жандар бәрібір же­тім­бұрыш жағалап қала берері даусыз. Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың айтуынша, бүгінде елі­мізде 4,5 миллион адам үйге мұқ­таж және оның 1,3 миллио­ны – жастар. 

Тығырықтан шығар жол табу үшін парламентшілер Үкіметке бірнеше ұсыныспен шықты. Мы­салы, Мәжілістің бір топ депу­та­ты үй толық қолданысқа беріл­генше, құрылыс компания­лары тартқан үлескерлердің қара­жатын арнайы шоттарда «қатыр­ып» қоюды ұсынды. Олардың пайым­дауынша, сонда мыңдаған салым­шы бітпейтін-қоймайтын құрыл­ы­стан азап шекпейді, бас­панасыз қаңғымайды, қалаған кезінде сол шоттан салымын алып кете ала­ды.

Жалпы, «Төлемдер және тө­лем жүйелері туралы» 2016 жылғы заңға сәйкес, эскроу-шот – кли­ент айқындаған шарттардың бас­талуына немесе орындалуына дей­ін банктік шот бойынша шы­ғыс операцияларын жасауға үш­ін­ші тұлғаның құқығын шек­тей отырып, клиент осы тұлғаның атына ашатын ағымдағы шот не­месе жинақ шоты. Сондықтан бұл тетік құрылыс саласына да қол­дануға келер еді.

Алайда құрылыс министрлігі бұл бастаманы қолдаудан бас тарт­қаны белгілі болды. Ведом­ство депутаттық топтың тұрғын үй құрылысына «эскроу-шоттар» ұғымын енгізуге қатысты ұсыны­сын талқылағанын жеткізді. Соны­­­мен қатар «эскроу-шоттар» тетігін енгізу мүдделі мемлекеттік органдармен егжей-тегжейлі пыс­ық­тауды талап ететіндіктен, Өнер­кәсіп және құрылыс минис­трлігі Ұлттық банк, Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі мен Қаржы министрлігіне өз ұс­танымдарын беру туралы жуырда сұрау хат жолдапты.  

Депутаттық бастамаға ірі құры­лыс алпауыттары қарсы болып отыр. Министрліктің ол қарсылықты еңсере алмағаны аңғарылады. Сондай-ақ министр Қанат Шарлапаевтың командасы жаңа заң жобасын жазып, оған мүд­­делі министрліктердің, «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының, бизнес қауымдастық­тардың келісімін алуға міндетті. Олар мұның бәрін қиынсына­тынға ұқсайды.

– Негізі, осы тетікті енгізу үшін бірқатар заңға, соның ішін­де Азаматтық кодекске өзгерістер енгізу қажет болатынын ескерген жөн. Бұл ретте «эскроу-шоттар­ды» пайдалану тұрғын үй құрылы­сы нарығына тікелей ықпал етеді және бастапқы нарықта жылжы­майтын мүліктің қымбаттауына соқтыруы мүмкін. Бұл бизнес үшін үлестік құрылыстың инвес­тициялық тартымдылығын ай­тарлықтай төмендетеді. Халық­тың сатып алу қабілетіне теріс әсер етеді. Министрлік «эскроу-шоттарды» енгізу мәселесі егжей-тегжейлі пысықтауды және мүд­делі мемлекеттік органдар та­р­а­пы­нан жан-жақты қарауды талап етеді деп санайды, – деді Өнерк­әсіп және құрылыс вице-минис­трі Иран Шархан.

Ол баспана кезегінде тұр­ғандардың санын азайтуға сеп­тесетін жаңа бір тетіктің іске қос­­ыл­ғанын айтып берді: «Бүгін­де министрлік тұрғын үй кезе­гінде тұрған халықтың осал топ­тары үшін «Жалға берілетін тұр­­­ғын үйді субсидиялау» бағдар­ла­масын қолға алды. Бұл бағдар­лама аясында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар нар­ық­тан баспананы жалға алса, онда жалдау ақысының 50%-ын ғана өзі төлейді. Қалған жартысы субсидияланып, бюджеттен өтел­еді», – деді Иран Шарханұлы.

«Шағын қабатты құры­лыс» ұғымы енгізілмек

Депутаттардың айтуынша, құрылыс компаниялары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның талаптарын айна­л­ып өту үшін тұрғын үй са­тып алудың алдын ала шарттарын жасасады. Салдарынан заңға қайшы ондай шарттарды бекіткен сатып алушылар «үлескер» мәр­тебесіне ілікпейді. Сөйтіп, Қазақ­станда алдын ала шарт жасасқан 6 800-ге жуық үлескер зардап ше­­гіп отыр. Осыған орай Үкімет пен Парламент пәтерді сатып алудың алдын ала шарттарын жасасуға тыйым салу мәселесін пысықтап жатыр. 

Өнеркәсіп және құрылыс ви­це-министрі И.Шарханның мәлі­метінше, қазір Парламентте «Кейбір заңнамалық актілерге құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қа­тысу мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралу үс­тінде. Онда құрылыс компания­ларының заңнаманы белден бас­ып, үлескерлердің қаражатын тартуына жол бермеу, мемлекеттік реттеуді күшейту бойынша қос­ым­ша шаралар көзделген.

Тарата айтқанда, оған сәйкес, біріншіден, алдын ала брондау, резервтеу шарттарын жасасуға тыйым салынбақ. Екіншіден, құры­лыс компанияларына үлес­керлердің ақшасын тартуға рұқ­сат алмай жатып, тұрғын үй кеш­е­нін жарнамалай бастауға тыйым салу ұсынылған. Үшінші­ден, «тұрғын үй құрылысына үле­стік қатысу туралы» заңын реттеу саласына «шағын қабатты құры­лыс» ұғымы енгізілмек. 

Төртіншіден, салушылар құрылыс мерзімдерін ұзарта беру мүм­кіндігінен айырылуы ықти­мал. Жобада құрылыс объектісін аяқ­тауды жобалық-сметалық құжат­тамасында көрсетілген мер­­­зімнен ары кеткенде 5 айға дейін ғана ұзартуға рұқсат ету ұсынылды. Бесіншіден, кеңес-консультация беру мәселелері бойынша Үлескерлерді қолдау орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету талабы енгізіледі. Алтыншыдан, банктерге үлескер­лердің ақшасын тартуға рұқсаты жоқ, бірыңғай оператордың кепіл­­дігін алмаған тұрғын үй кешен­деріндегі баспанаға ипо­тека беруіне тыйым салу қарас­тыр­ылған.

Вице-министрдің айтуынша, ұсыныстар бойынша Үкімет қоры­тындысының жобасы Пре­зидент Әкімшілігімен келісілді. «Тұтастай алғанда, тұрғын үй құры­лысына үлестік қатысу сала­сында әзірленген тәсілдер мен қабылданатын шаралар үлестік құрылыс процестерінің заңды­лығы мен ашықтығын, құрылыс нарығына барлық қатысушы­сы­ның теңдігін қамтамасыз етуге, мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге, үлескерлердің құқық­тары мен заңды мүдделерін қор­ғауға бағытталған», – деді Иран Шархан. 

Реформа не әкеледі?

Тұрғын үй құрылысы рефор­ма­сы аясында «Кейбір заңнама­лық актілерге тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» басқа бір заң жо­басы да әзірленді. Таяуда оны Сенат бірін­ші оқылымда қабыл­дады. Заң келесі жылдың басын­да күш­і­­­­не енеді деп күтіледі. Құ­жат қол­даныстағы 5 кодекс пен 16 заңды өзгертеді. Бұл заң­намалық түзе­тулер үй кезегінде тұрған­дардың қатарын азайтуға бағыт­талған. 

Мысалы, бұған дейін шетел­ден Атажұртқа оралған қандас­тарға бірден үй кезегіне тұруға мүмкіндік берілетін. Мұның қи­сы­ны бар: оралман жатжұрттан тарихи Отанына жаңа ғана келді, олай болса, оның Қазақстанда үйі болуы неғайбыл. Енді көзқарас басқаша. 

Сенаттың Экономикалық сая­­сат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Ләззат Рысбекованың түсіндіру­інше, аталған заңмен Қазақстан азаматтарын және қандастарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж деп тану шарттары өзгертіледі. Нақтыла­ғанда, санитарлық-эпидемиоло­гия­лық және техникалық талап­тарға жауап бермейтін баспанада тұратындар, жапсарлас бір үйде бірнеше отбасы болып тұрып жат­қандар, сондай-ақ отбасында ауру адамы, бірқатар созылмалы аурудың ауыр түрлерінен зардап шеккен адамы бар отбасылар баспанаға мұқтаж деп таныл­майды.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы бірін­ші кезекте алуға құқығы бар­лар ол құқығын сақтап қалады. Олар­дың санаты артады. Жаңа заң жобасына сәйкес, бірінші кезекте үй алу құқығына ие сан­ат­тардың тізбесіне: қазіргі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы аналар мен отбасылар сыртында, бірінші және екінші топтағы мүге­дектігі бар тұлғалар, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасылар, ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктері бойынша теңестірілген ардагер­лер, басқа мемлекеттердің аума­ғын­да әскери іс-қимылдарға қа­тыс­қан ардагерлер және олардың жесірлері қосылмақ. 

Қалай болғанда, мемлекеттің жетімбұрыш жағалағандардың санын азайтуға күш салып жат­қаны аңғарылады. Президент тап­сырмасымен «7-20-25», «Бақ­ыт­ты отбасы», «Наурыз», «Шаң­ырақ», «Отау» сияқты онға жуық бағ­дарлама аясында арзан ипоте­ка ұсынылады. Көбінің мерзімі 2029 жылға дейін ұзар­тыл­ыпты. Ол арқылы барынша көп отбасы қоныстойын тойлауы үшін көп баспана керек. Тек 2024 жылы тұрғын үй құрылысына 1,1 трил­лион теңге инвестиция құй­ы­лады деп жоспарланған. Соның арқа­сында құрылыс саласы қазір­ден экономиканы өрге сүйреген др­ай­­верге айналды.

Айхан ШӘРІП