Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевтың қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында өткен Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысып, сөз сөйледім. Кеңеске қала, аудан әкімдері, облыстық, қалалық, аудандық прокурорлар, құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары қатысты.
Өз сөзімде «Есірткі қылмыстарының алдын алуда мүдделі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлесе атқаратын іс-шараларын айқындау» мәселесіне тоқталдым. Қазіргі құндылықтар жаппай құнсызданған құбылмалы заманда әлемде түрлі қылмыстар, қауіп-қатерлер өршіп жатыр. Соның бірі – есірткі саудасының бұқаралық сипат алуы. Есірткі сатушылар интернет, әлеуметтік желі, ТикТок, Телеграм арқылы мектептегі баладан бала баққан анаға дейін есірткі бизнесіне тартатын болды.
Астана көшесінде бала-арбасын сүйреген 4 баланың анасы жолай есірткіні жарнамалаған QR-коды бар стикерлерді жапсырып жүргені туралы таяудағы жаңалыққа жұртшылық жаға ұстады. Сондай-ақ әр жерге есірткі тығып, «тайник» жасаған 14 және 16 жасар ағайынды балалар ұсталған. Оларға бөтен біреулер әлеуметтік желі арқылы шығып, оңай табыс табудың «жолын» үйретіпті.
Бүгінгідей бала атаулы телефонға телмірген күрделі кезеңде есірткі барондары кез келген жасөскінді «закладчикке» айналдыра алады. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметінше, есірткі өндіру ауқымы бойынша Қазақстан Орталық Азияда бірінші орынға шықты. World Population Review дерегінше, Қазақстан жан басына шаққанда есірткі тұтыну жөнінен әлемдік ондыққа кірді: 8-орында тұр. Бұл – аза бойды қаза ететін көрсеткіш. Оған лайықты жаза болуы керек.
Осы орайда Парламент «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап жатыр. Заң жазаны қатайтуға тиіс еді, бірақ ол өтпей қала ма деген қауіп бар көрінеді.
Мысалы, заң жобасында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіру, өндіру үшін айыптылар 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру ұсынысы қарастырылған. Заң бойынша есірткіні заңсыз өндіру есірткі қылмысының барынша қауіпті түрлеріне жатқызылады және өмір бойға абақтыға қамаумен жазаланады.
Бірақ тек қана жазалаумен есірткі саудасын жеңе алмаймыз. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда қазіргі кезде 78 түзеу мекемесінде 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде әрбір жетіншісі немесе 4 мыңнан астамы – есірткі қылмысы үшін жазаланғандар. Бұлай бара берсе, Қазақстан түрмелері кілең есірткі сатушыларға толып қалады.
Бірінші кезекте жас ұрпақты – оқушыларды, студенттерді, сондай-ақ не оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастарды спортқа тартуымыз керек. «Спортшы болсаң, халықаралық сайыстарда жеңсең мол табысқа кенелесің» деп құлағына құюымыз керек. Күндіз-түні, әрбір ақпарат құралынан ымырасыз пропаганда жүргізуіміз керек. Олимпиадада медаль алсаң, көлікті де, ақшаны да, үйді де үйіп-төгіп береді деп қызықтыруымыз керек.
Тек қызықтырып қана қоймай, олардың спортпен кәсіби айналысуына барлық жағдай жасауға тиіспіз. Қазір спорт кешендеріне, бассейндерге кіру ақысы қымбаттап кетті. Бұқараға қолжетімсіз болып қалды. Оларға кіруді белгілі бір күндері тегін ету қажет. Спортпен айналысқан бала намысты, жігерлі, қайратты болып ер жетеді. Бұл – ұлт болашағы үшін, мемлекеттің бедел-имиджі үшін аса маңызды.
Есірткі саудасының елде белең алған індетімен күрес – тек құқық қорғау органдарының жеке ісі болып қалмауы керек. Оған қарсы бүкіл қоғам болып көтеріліп, біртұтас шеп құрып, бірлесе соғысуға тиіспіз. Тек сонда ғана нарко-агрессияға, қылмыс әлемінің бұл шапқыншылығына барлық бағытта лайықты тойтарыс бере аламыз. Тек сонда ғана жау кері шегінеді, есірткімен күрес майданындағы жағдай түбегейлі өзгереді. Онсыз әзірге Қазақстанның өзі шегініп, бекіністерін «жауға» алдырып жатыр.
Халықтың құқық қорғау органдарымен ынтымақтастығын нығайту қажет. Осы салада дамыған елдердің тәжірибесі мен үздік үлгі-модельдері кеңінен енгізілуге тиіс.
Мен ішкі істер органдарының мамандарымен сөйлесіп тұрамын. Олардың айтуынша, интернет пен мессенджерлердің дамуына байланысты есірткіні таратудың ең танымал жолы – есірткіні аулаларда, парктерде, басқа да бұқара көп жиналатын орындарда тығу екен. Мұны «закладчиктер» жасайды. Олар бейнекамера орнатылмаған немесе ол түсіре алмайтын қалтарыс-бұлтарыстарды таңдайды.
Полицейлердің айтуынша, аулада, тұрғын үйлердің терезелерінің түбінде тоңқалаңдап, жерге шұқшиып, әлденені іздеп жүргендерді көре тұра, тұрғындардың көбі құқық қорғау органдарына хабарламайды. «Аш құлақтан тыныш құлақ» деген қағидатты ұстанады. Немесе есірткі сатушылардың қаһарына іліксем, полиция қорғамайды деп қорқады.
Үрейлісі сол, закладчиктердің шамамен 55%-ы – 18 бен 35 жас аралығындағы жас ұрпақ өкілдері. Сондықтан олардың арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Қажет болса, топ-тобымен түрмелерге, бас бостандығынан айыру орындарына апарып, қандай жаза болатынын көрнекті түрде паш ету керек. Олай болмаған соң, оқушылар мен студенттер, бос жүрген жастар бірінші кезекте жазаланамын деп ойламайды, тез табыс табамын деп ойлайды.
Масқарасы сол, есірткі сатушылар жасөспірімдерді есірткі таратуға үгіттегенде, «кез келген затты тыққаны үшін заңда ешқандай жаза жоқ» деп өтірік айтып, сендіреді екен. Немесе «жасың кәмелетке толмаған соң, полиция ұстаса да жазаламайды» дейді. Соған риясыз сенген жеткіншектер есірткі түйіншектерін тығуға қуана келіседі. Бұл жас ұрпақтың сауаты жоқтығын көрсетеді. Сол себепті құқық қорғау органдары оқушылармен, студенттермен жиі кездесіп, оларға қандай заңсыз әрекет үшін қандай жаза барын түсіндіргені абзал.
Өз кезегінде мұғалімдер де тыс қалмай, түсіндіру жұмыстарына кең тартылуы қажет! Оларды осы бағытта түрлі буклеттер жасап, таратуға міндеттеген орынды. Өйткені бала тәрбиесіне педагогтер де жауапты. Полицейлер, мұғалімдер есірткі саудасына қатысушылардың кем дегенде он жылға сотталатынын айтуы керек.
Сондай-ақ Бас прокуратура пысықтап жатқан жақсы бір бастаманы атап өткім келеді. Ол Қазақстанға әкелінетін химиялық заттар мен жабдықтарға мониторг жүргізу бойынша «Таргетинг орталықты» құруды қарастырады. Ұқсас орталық Америкада, Литвада жұмыс істейді. Олар шекараны кесіп өткеннен бастап, күдікті жүктер, көліктер және олардың иелері туралы деректерді жинап, талдайды. Мұндай мониторингтің түпкі мақсаты – елге әкелінген прекурсорлардың және жабдықтардың есірткі өндірісіне пайдаланылмай, тек қана заңды өндіріске қолданылғанын нақты біліп, бақылауда ұстау.
Өйткені есірткі лабораториялары бір басын кессең, орнына үш бас өсіп шыға келетін ертегідегі аждаһа сияқты: біреуін жапса, кең-байтақ даланың бір түкпірінде жаңадан үшеуі ашылады.
Қорыта айтқанда, есірткі саудасына пәрменді тосқауыл қою үшін құзырлы органдардың күресі қоғамдағы тәрбие, түсіндіру және профилактика жұмыстарымен бірге, қоса қабат жүруі шарт. Сонда ғана Қазақстанның болашағы жарқын, алдыңғы қатарлы ел болады. Халқымыз ертеңгі күніне, өз ұрпағының келешегіне нық сеніммен қарай алады.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.