Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Ен-таңба мен Елтаңба...
423
оқылды

 Бүркеншік аты: kokzhal.kokshe

 

Ен-таңба мен Елтаңба...

(Лиро-эпикалық поэманың 10 беттік ықшамдалған нұсқасы)

 

І бөлім. ЕН-ТАҢБА

 

Айғыры Айға қарап шиырлаған,

Биесі Күнге қарап құлындаған.

Бай еді, бақытты еді бұрын бабам,

Әркімнің ыңғайына жығылмаған,

Ен тағып жылқысына, енші бөлген,

Жер алып, отау тігіп көрші жерден.

Көршінің көз алартпай мал басына,

Алдымен қарайтын ен-таңбасына.

Жылқыңды танып тұрсаң, дауласып ал,

Ені бар, қай жерінде таңбасы бар?

Жылқы ұрлап жауы шапса барымталап,

Қайтарған малын тауып қарымталап.

Ен салған ерекшелеп кесіп, бұрап,

Атына Махамбет те «Кесікқұлақ».

 

Әр малдың таңбасы бар, иесі бар,

Иесі бар түліктің киесі бар.

Төл таныр құлағы мен мүйізінен,

Ел таныр киімі мен киізінен.

Қаймығар  дос түгілі, дұшпан дағы,

Қазағым, қарға тамыр, құс таңбалы!

Табылған жан да адасқан, мал да адасқан,

Тәуке хан – алғаш қазақ таңба басқан.

Малдарым содан бері ен-таңбалы,

Хандарым содан бері мөр-таңбалы!

Иіріп үйірлерін жіп-ұршықтай,

Ен салған ел төліне шыбын шықпай.

 

Бір қойшы тіліп, тесіп сол құлағын,

Бір малшы қиып, кесіп оң құлағын.

Ен салған шеміршегін ойып, тіліп:

«Сыдырғы». «Жырық». «Тесік». «Ойық». «Тілік».

«Кез ойық». «Кезді тілік». «Сара тілік». 

«Алдынан ішкі жағын ала тілік»,

«Шатыраш». «Қанжыра». «Ойма». «Қиықша ен».

«Жүрекше». «Айыр». «Байпақ». «Құмырсқа ен».

«Қос ойық». «Қос сыдырма». «Қос кесік ен».

«Қос тілік». «Қос түйнешік». «Қос тесік ен».

«Шорт кескен». «Сота тілік». «Солақ». «Шұнақ»...

(Кейбір мал ен салмай-ақ молақ құлақ).

 

Аузының дуасы бар бұрын бабам,

Түлікке тілек тілеп, ырымдаған.

Құлақтың қиындысын баспаушы еді,

Құмырсқа илеуіне тастаушы еді.

Төліміз құмырсқадай көбейсін деп,

Жеріміз, көсегеміз көгерсін деп,

«Ен салдым қозы-лаққа құмырсқа бел,

Көбейгір құмырсқадай ымыртта өрер!»

Ал, қазір жұртта ондай тілек те жоқ,

Ішінде іліп алар ниет те жоқ.

Содан ба, құмырсқа емес, құрт көбейді,

Құртты да қуырып жер ұлт көбейді.

 

Жегідей, жеген асы – арам ұлтты-ай,

Қаптап жүр қара жерде қарақұрттай.

Құрғыр-ай, қара құрт-ай, қара қытай,

Тарғытай бабамды, оят, Тарбағатай?!

Оятса Тарбағатай Түркі жұртын,

Дүниені дүр сілкінтер мүмкін, рухым?!

Ұмыттық таңба тұрмақ, түлік жайын,

Толмаған, жігіттер-ай, жілік майың!

Бабамыз дөңгелеткен ісін өрге,

Білетін малдың жасын тісінен де.

 

Тәпсірлер таңба сырын көпшілікке,

Қашғари «Диуан лұғат ит-түрікте».

Болмаған түрме, зындан бұл далада,

Ен салған «құлақкесті құлға» ғана.

Қазіргі жастар анау құл секілді,

Қылығы құтырынған жын секілді.

Не дерсің құл сияқты өскендерге,

Кіндігін, ауыз-мұрнын тескендерге?!

«Нұрлы шақ»,  дүбара жұрт, далбаса арман,

Құл құсап денесіне таңба салған.

Е-е, бұлар – құл-құтанның тұқымдары-ай,

Құлдардың қорқынышты құтырғаны-ай!

 

Таң қалам тату салған зектерге,

Түк болар, таңба болмас жүректі ерде!

Төсіне суретін сап арыстанның,

Несіне істейді ісін сауысқанның?!

Кеңестің мал таңбасы цифрланған,

Алаштың әр таңбасы шифрланған!

Оп-оңай оқылмай ма цифрларың,

Шифрдың кім шеше алар сиқырларын?!

Таңбаның заманауи жаңа типі –

Машина маркасының логотипі.

Қазіргі көліктердің «ен-таңбасы» –

Нөмірі – тіркеудегі мем.таңбасы.

 

Ерекше ен-таңбалар ел таң қалар,

Бар бүгін чип-таңбалар, гель- таңбалар.

Жолықса түнде бір мал жол ортаңда,

Жарықпен шағылысар бояу-таңба.

Жә, мейлі, малды қойшы даладағы,

Адамзат, болашағың не болады?!

Салғандай әрбір жанға бөлек бір ен,

Тәңіңде таңба болар электрон.

Ит түгіл, чип салынар адамдарға,

Көрерміз, амал бар ма, заманды ол да?!

Мал құсап жеке басың  цифрланар,

Тұратын он бес саннан чипың болар.

Жасырын, жанамалап жасар бәрін,

Құпия қоғам құрған массондарың.

...Жүрерсің иықта – чип, арқаңда – жүк,

Малшының мәстегіндей  арқандалып...

 

ІІ бөлім. ЖЕРТАҢБА

 

Басынып, шықпасын деп басқа дұшпан,

Таңбасын Тоныкөктер тасқа басқан.

«Мақараш» – мөр ұстаушы, таңбашылар,

Тас таңдап, түркеш-түркі тауға шығар.

Күлтегін мәңгі өлмейтін тас тоқытқан,

Таңбамен ересек пен жасты оқытқан.

Әр тайпа өз белгісін  иеленді,

Әр түрлі ұран-таңба, кие-белгі.

Ен тағып Оғыз-Түрік мал басына,

Иесін білген, қарап таңбасына.

І-ші ғасырлардан қалған мұра –

Ешкіөлмес, Қарақабақ, Оғландыда.

Ғұндардан қалған дәлел бола алады —

Ежелгі Бурабайдың обалары.

 

Тарихтан тәлім іздеп көптен бермен,

Өтетін жол қарадым өткелдерден.

Үңілдім тас қорымға, тау-жартасқа,

Жүгіндім бітіг тасқа, балбал тасқа.

Батқан күн, шұғылалы таң бейнесі,

Әр түрлі жан бейнесі, аң бейнесі.

Осы ма «пиктография» дегендерің,

Тасқа да тіл бітірген шеберлерім.

Петроглиф, символ-сызба, идеограмма,

Қашалған Қаратауда бейне-тамға.

Түсінбес наданға құр пиктография,

Түсінген адамға бұл – криптография!

Танытар елдің тегін, жұрттың жолын,

Таңбалар – ұмытылмас ұлттық кодым!

 

Тарих пен табиғаттан алыстадық,

Қаншама мұғжизадан қалыс қалып.

Аңшыдай екі кеште із қараған,

Апырмай, не іздедім мен бұл даладан?!

Балбұқ тас «Мені оқы!» деп қарар елге,

Қадалған кітап құсап қара жерге.

Бірінші тұрған таңба – ел белгісі,

Екінші – қаһандардың мөр белгісі,

Үшінші – қаһанаттың жер белгісі,

Түсінер көз жүгіртіп көрген кісі.

Тасында Ай мен жебе тұрса егерде,

Жерленген ер мен әйел бір қабірде.

 

Осы бір таңбалардың көне типі –

Тәрізді әр тайпаның логотипі.

Жоғалмас – мүлігіміз жер таңбалы,

Жау алмас – түлігіміз ен-таңбалы!

Көнермес Көне Түркі тамғалары,

Ғаламзат ғалымдары таң қалады.

Енисей, Орхон, Талас жазулары

Туралы том-том тарих жазылады.

Түркілер бітіг-тасты ойғаны анық,

Арамей әліпбиін пайдаланып.

Жоқ кезде латын, кирил, араб әрпі,

Тарихын тасқа жазған Дала халқы.

 

Мұрасы көшпендінің қазыналы –

Ежелгі протобибл жазулары.

Жазуы Көшпендінің – жарықтығым –

Алғашқы Адамзаттық әліпбиім!

Ишпақай патша жазған мың жыл бұрын,

Жазбаны оқи алмай тұрмын бүгін!

Мың жылда жадымыздан өшкен бүгін,

Меңгерсек әліпбиін Көшпендінің.

Тұрғанын тапсақ, шіркін, не жазылып,

Тастағы жазбаларда Беғазылық?!

Бір күні ел... жазуды оқып, тіл игеріп,

Түркілер тірілердей түрегеліп.

 

Сеземін сырлы тастан сондай рухты,

Қолға алар бар билікті, бар байлықты.

Тарғытай, Алып Тоңға, Мөдө қаған,

Тәңірқұт, Бумын қаған, Тобо қаған.

Құтылық, Білге қаған, Күлтегін де,

Бас болған Сақ, Ғұн, Оғыз, Түркі елінде.

Бәдіздеп бар тарихын, барлық тегін,

Таңбалап тас қашаған Йоллық тегін.

Шет елге шешілместей сиқыр болған,

Тарихым таңбаларда шифрланған...

Күрмеліп қызыл тілім, тұтығасың,

Кім шешер криптограмма құпиясын?!

 

ІІІ бөлім. МӨР-ТАҢБА

 

Жеттік пе жер-таңбадан мөр-таңбаға,

Көретін көрмелерден ел таңғала?!

Тұнып тұр таңба деген тиындарда,

Қазақы көне әшекей бұйымдарда.

Сызба көп Көне Ботай заттарында,

Сызылған қапталында, қақпағында.

Сақталып жетті бізге, сенесің бе,

Шаң басқан музейлердің сөресінде.

Баяндап баяғы бір ұлттың тілін,

Тарихын танытып тұр титтей тиын.

Ең құнды Көне түркі бұйымдары –

Тұң жабғы қағандардың тиындары.

 

Алтыннан қымбат мұрам көрмедегі,

Шыңғыс хан, Ақсақ Темір теңгелері.

Мөрленген есімі тұр, әне, қара,

Ташкенттік Тұрсын ханның монетада.

Арғымақ, арқар, бөрі – аверсінде,

Хан мөрі, аты-жөні – реверсінде.

Мөр таңба, металл шақа, көркем бейне –

«Фелс», «теңге», «динар», «пени», «дирхемдерде».

Ақшаның неше түрлі бар аттары:

«Фан», «теңге», «жармақ», «ділдә», «манат», «жамбы»,

«Пул», «шақа», «соқыр», «күреш», «қара бақыр»...

Таң қалып нумизматтар қарап отыр.

 

Таңбадан танга шыққан, теңге шыққан,

Теңгеден словян сөзі «деньги» шыққан.

«Таможня»  – Түркі сөзі «тамғашы» ма,

Мүлікке мөр басушы – «таңбашы» ма?!

Тайға таңба басқандай тарихта аты,

«Оттоман» – ұлы Осман халифаты.

Келіскен көрші елдермен ымыраласып,

Сұлтандар, садрағзамдар «тұғра» басып.

«Ту», «сере», «бейзе», «зүлфе», «қанжар» сызық,

Тұғраға титулдарын жазған сызып.

Тұғралар Түркі еліне дем беретін,

Ұлықтап Ұлы Османлы Мемлекетін.

 

Танитын тіксе көзін таңбасына,

Аты да белгілі еді, арбасы да.

Қазақтың қасиетті құранды ері,

Қашалып қапталында тұрар мөрі.

Жазылған Құран сөзі мынау мөрде, 

Құн жетпес, сірә, мұндай құранды ерге!

Ерттеліп жорға аттары, бәйгі аттары,

Серт беріп тұрар Алла аяттары.

Ханы да, батыры да, тарханы да,

Мөр басқан дулыға мен қалқанына.

Батырлар дулығасы киелі еді,

Құранмен көркемдеген иелері.

Құранды дулығасы Берке ханның,

Мыс, күміс монетасы Мөңке ханның.

 

Көрдім мен мұражайдан ғажапты бұл,

Құранға сенген орыс, қазақ түгіл!

Құранды дулығаны орыс киер –

Грозный, Вещий Олег, Невскийлер!

Княздар қайдан оны олжа қылған,

Қалған-ау, Алтын Орда, хандарыңнан?!

Келдібек, Өзбек ханның, Тоқта ханның

Пайзасын іздеген кім, жоқтаған кім?!

Абдолла ханның күміс кіркесі* де,

Әлі күн Эрмитажда тұр несіне?!

Ғұн, Оғыз, Үйсін, Қаңлы, Сақ, Түркі де,

Мөр басқан бәсі қымбат зат-мүлкіне.

 

«Кәлима шаһадат» мөр ортасында,

Қожа Ахмет Яссауидің лауқасында.

Тағыпты, ә, алтын жүзік Алтын адам,

Табытта мөрлі балдақ жарқыраған.

Қолында Абылайдың – мөрлі балдақ,

Балдақты мұражайдан көрдім аңлап.

Ертеде хан-сұлтандар қандап қолын,

Басатын құжаттарға бармақ мөрін.

Қайтеді, бармақ тіліп, қолды қандап,

Құжатқа мөр басса егер – мөрлі балдақ.

Құзыры мөр-балдақтың өзгеше еді,

Үш жүздің пешенесін сол шешеді.

 

Абылай – Алты Алаштың апостилі,

Растайтын ұлылығын Батыс түбі.

Балбалды, балдақты айттым, бармақты айттым,

Бағзы бір замандарды барлап қайттым.

Бабамның мүліктері-ай мөр таңбалы,

Қалар ма күресінде ертең бәрі?

Ел – тұтас, бөлінбейтін – Ел таңбалы.

Мөрлі тас,  тау-жотасы  – жер таңбалы.

Тұтынған мүліктері – қолтаңбалы,

Жұтынған жүйріктері  – ен-таңбалы.

Қолында батырлардың – ту таңбалы,

Қол жиған бір-бірінен рух алғалы.

Баһадүр бабалары – ру таңбалы:

Қостамғалы, Терістамғалы, Тутамғалы...

 

VI бөлім. РУ-ТАҢБА

 

Керейдің Абағында – абақ таңба,

Тарақты ағайында – тарақ таңба,

Жарақты Адайымда – жебе мен садақ таңба,

Орақты Жалайырда – орақ таңба...

Жол түссе Алаша хан мазарына,

Ілігер ру-таңбалар назарыңа.

Жазылып тұр қапталда, тұр жақтауда,

Сыр шертіп сан ғасырдан жұмбақ таңба.

Белгілі бір жүйемен жүйеленген,

Әрбір ру өз таңбасын иеленген.

Керей мен Жәнібек хан жарлық қылып,

Үш жүздің басын қосқан, хандық құрып.

 

Ұрпағы руын, тегін ұмытпасқа,

Қашапты қара тасқа, құлыптасқа.

«Таңбалы тас» тарихы таратылған,

Шежіре-эпос қалған Шал ақыннан.

Қазақтың шығу тегін, ру, хандарын,

Тыңдапты Шал ақыннан Шоқан ғалым.

Шал ақын шежіресін сақтамадық,

Қалмадық хатқа жазып, жаттап алып.

Ұмытқан ру таңбасын, өз тектерін,

Бұл күні түрік, ұйғыр, өзбектерің.

Жоғалттық «таңбатану» ілімін де,

Бейтаныс, беймағұлым тілі мүлде.

 

Таңбасы ноғайлының – «қазанқұлақ»,

Қызығар семантик жоқ оған, бірақ.

Көне Оғыз тайпалары ер жүректі,

Таңбасын «қазаяқ» деп белгілепті.

Сол таңба қаз табаны сияқтанған,

Көп жылдар көкейімде сұрақ болған:

Білмейміз сөз төркінін қап, әттеген,

Шыққан ба «қазаяқтан» «қазақ» деген?!

Жасқанып, жаутаңдаған жау-дұшпан да,

Алты Алаш руларында алпыс таңба:

 

«Дөңгелек». «Айқыш». «Ұйқыш». «Үшкіл». «Күн». «Ай».

«Қазаяқ». «Арқар». «Бөрі». «Жұтқын». «Қурай».

«Босаға». «Бағана». «Әліп». «Ергенек». «Нәл».

«Көз». «Таға». «Шылбыр». «Қамшы». «Сірге». «Шоқпар».

«Ашамай». «Найза». «Жебе». «Қос оқ». «Балға».

«Қол таңба». «Теріс таңба». «Ошақ таңба».

«Қос әліп». «Ілмек». «Тұмар». «Тілік». «Тарақ».

«Қос құлақ». «Мүйіз». «Тұяқ». «Шілік». «Таяқ».

«Айбалта». «Айшық». «Жалау». «Қылыш». «Қобыз»,

«Домбыра». «Сырнай». «Қалам». «Бұрыш». «Қомұз».

«Мұрындық». «Түйемойын». «Абақ». «Табақ».

«Тостаған». «Шөміш». «Бақан». «Орақ». «Садақ».

Бар және кейбір руда «Көсеу» белгі,

Сонымен, сан-жобасы нешеу болды?

 

Айтқан соң таңба менен ру жайында, 

Қазақтың шақырайық ұранын да!

Жүрмесін Албан бөлек, Суан бөлек!

Үш жүзді біріктірер ұран керек.

Бөліну үшін емес, бірігуге

Ру керек, теріс ұқпа бұны мүлде.

Бірігіп қазақ хандық құрарында,

Таңдаған таңбасын да, ұранын да.

Ашулы арыстандай ақыратын,

Әрбір ру өз ұранын шақыратын.

Қасқырдай қас жауына атылғанда,

Ұрандар жекпе-жекте батырлар да.

Шақырған өз ұранын, әруағын,

Күреске шығарған ел балуанын.

Ұрандар ас берерде, той берерде,

Қай рудың жүйрігі озса бәйгелерде...

Сол ұран дүрбіт, шүршіт, қалмақтардан,

Қазақты қас дұшпаннан қорғап қалған.

 

Барлығы бір Түркінің баласы еді,

Қазаққа ортақ ұран – «Алаш» еді!

Ғұн, Үйсін, бәлкім, Қаңлы заманында, 

Қарқара өзенінің алабында,

Бұл дала, бұл балбал тас не көрмеді, 

Ой салар көне жазба Кегендегі: 

«Қаған (хан) алты бөріг Алаш ерті»,

Сыр шертер солай бізге дала культі.

Алты Алаш –  алты бөріг –  алты бөрі –

Қағанның түзде жортқан еркін елі.

 

Қазақтың басты ұраны – «Алаш», «Алаш», 

Қарайтын басқа ұлттардың баласы оғаш.

Қазақтар қалмақтармен соғысқанда, 

Қорыққан бұл ұраннан орыстар да.

Дүрліккен қой-ешкідей кәрі-жасы,

«Жан алғыш» деген сөз ғой мағынасы!

Білетін моңғол тілін жандар болса,

Сөз екен «алач» деген моңғолдарша.

«Жан алғыш», «кісі өлтіргіш»  деген ұғым,

«Алаштың» мағынасын терең ұғын.

Солай дер тарих жазған қари шалдар,

Дулати, Шәһкәрімдер, Әлихандар.

 

Әдейі айтқызбаған ешбір жерде,

Шошитын «Алаш» сөзі естілгенде.

«Алаш»  деп дүрілдеткен, дүбірлеткен,

Дұшпанның ДНК-сын дірілдеткен.

Орыстар айтқызбаған қорыққаннан, 

«Алашқа» қарсы шыққан соны ұққаннан.

«Алаш»  деп атқа қонған бір уақытта,

Әлихан, Мағжан, Ахмет, Міржақып та.

Алаш – рух, Алаш – халық, Алаш – ұран,

Үні өшпес ұлы Қазақ даласынан.

Рухтанып, көтерілер әруағым,

Шырқалса мемлекеттік Әнұраным.

Қастерлі, қасиетті шаңырағым,

Елтаңбам, Көк байрағым, Әнұраным!

 

VII-ші бөлім. ЕЛТАҢБА

 

Жеттік пе ен-таңбадан Елтаңбаға,

Қараймын Елтаңбама мен таңдана.

Елім бар, Елқұжатым, Елтаңбам бар,

Тегім бар, төлқұжатым, төлтеңгем бар.

Өрнектеп екі бетін көркемдеген,

Көремін Елтаңбамды мен теңгеден.

Елтаңба – кеудемізде, төрімізде,

Елтаңба – теңгемізде, мөрімізде.

Елтаңба – құжаттарда, газеттерде,

Елтаңба – бір-ақ таңба қажетті елге!

 

Елтаңба – ұлы тұғрам, ұлттық мөрім,

Әлемге айқара ашқан жұрттың жолын.

Елтаңба – халықаралық елқұжатым,

Қиырдан қандастарым қонды жақын.

Елтаңба – үлкен алтын шаңырақтай,

Басыма ұя салған мәңгі бақтай.

Шаңырақ – құтты отауым, жалғыз үйім,

Осы үйде – бар бақытым, бар қызығым.

Шаңырақ – көзге елестер Күн сияқты,

Шашқандай Уықтары нұр шуақты.

Алтын күн – нышанындай тыныштықтың,

Береке, байлық, бақыт, ырыс-құттың.

 

Көтерген шаңырақты іліп бәрі,

Жүз отыз ұлт сияқты – уықтары!

Күн сүйген күлдіреуіш – алты ағашым,

Біріккен бір ордада Алты Алашым.

Желбауым – шаңырақты желге ұшырмас,

Белбауым – аман болса, ел қысылмас.

Дос-дұшпан тіле алмайды туырлығын,

Уақыт та үзе алмайды уық жібін.

Елге ашық – есігім мен ергенегім,

Өзіммен өзгелерді тең көремін.

Қалса да Қара шаңырақ ескі жұртта,

От берер ошағынан бес құрлыққа.

 

Құйылған құйма алтыннан – керегесі,

Көк тудай, көк аспандай – дөдегесі.

Көк аспан – ғажап сыйым, Азаттығым,

Көк тумен қанат қағар Қазақ бүгін.

Жұлдызым – Темірқазық төбемдегі,

Жұртына жол көрсетер төмендегі.

Бесжұлдыз,  алтын жұлдыз — мақтанышым, 

Шілікті қорғанынан тапқаны шын.

Бесжұлдыз!.. Сақ-үйсіннің заманында

Тағыпты оны «Алтын Адамым» да!

Көргенде Елтаңбамды, бес жұлдызды

«Қонақ үй» деп қалмасын ешкім бізді!

Құдайы қонақ болса – төрге шықсын,

Жау болса жігіттерім көрге тықсын!

 

Ал анау ою-өрнек – қошқар мүйіз,

Ақ анам – ою ойып, басқан киіз.

Қос пырақ – намысты ердің нағыз бағы,

Жылқы емес, жылқыкиік аңыздағы!

Жоғалған жылқыкиік жер бетінен,

Айналдым, ай мүйізді келбетінен.

Пырақтың мүйізіндегі жеті буын –

Жеті атам – желеп-жебер жетім ұлын!

Заманның зілмауырдай ауыр сынын,

Көтерер қос қанатым, қауырсыным.

 

Үлкен үш қауырсыным – күші мығым,

Ұлы жүз, Орта жүз бен Кіші жүзім.

Қазақша ел атауы – «QAZAQSTAN»,

Қорғаған қос қапталдан бөрі, арыстан!

Бір бөрі бейнеленген, бір арыстан,

Көрінбес, мән бермесең, ол алыстан.

«QAZAQSTAN» – таудан биік табалдырық,

Адам бол адал жүріп, арамды ұмыт!

Тәуелсіз, дербес тұлға, дара қазақ,

Қазақстан еліндегі әр азамат!

Жыр қылып ен-таңбамды, Елтаңбамды,

Қалдырдым Қара Өлеңмен қолтаңбамды...