«Поэзия» номинациясы: Аңқылдақ көңілінен арша аңқыған

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Бөрі-емген

 

***

Аңқылдақ көңілінен арша аңқыған,

Қайғысыз қалжыңдасқан қара қоста.

Түндікте түн термелеп, таң шалқыған,

Ит тұмсығын тидірмес арам асқа;

Ақ жаным, ақы адал малым дескен...

 

Күн қақты қоңыр жүзден нұр төгілген,

Домбырасы ұйытқан дүйім елді,

Жетігенде жетім мұң мөлтек өрген,

Қобызынан құба жон киік өрді.

Сыбызғыда сыңсыған дәуір көшкен.

 

Тете құрдас әлмисақ ығылыммен,

Тамырында ойнаған сақтың қаны,

Ат үсті, әулиелі тұғырым ең,

Қалы кілем атанға жаптырғаны,

Әурақ!

Әурақ!

Жебегін арғы ата дүр!

 

Елтірі пұшпақ тұмақ күн көтеріп,

Қан сонарға шығатын таң бозынан,

Шәй орамал қалайша кірлетелік,

Жалбыз текті айналдым жалғызымнан.

Тұлпар тұрпат.

Бөрі пыс.

Қарға тамыр...

 

Санадан тысқары әлем

(ғайыпхана)

 

Құс жолы. Кілкіген сүт тамып

жұлдыздар «уызға жарыған!»

Көл жүзі...

буаз Ай ырғалған,

Қалжасы қам көңіл бағылан.

 

Құмыққан қара жер.

Үн шығар...

Жаңғырып рухтар Әлемі...

Маубастар естиді байғыздың

тұмсығын қанатқан әлегін.

 

Шаңырақ - АРУАҚтар шоғыры,

ШАЙТАНдар үркітпек бабамды...

Көремін ап-айқын бажайлап,

Неліктен жалғыз мен оларды !?

 

Ақынмын!

(Бәлкім, жындымын!)

Мағдырым талмайды асаудай.

Ғанибет не сонда мендегі,

Ғайыптар есігін ашардай?

 

Шайтанның сұғынан қорғаған,

Оранып дүр шапан шалғайын

Бабамның!

Қиялға елітем жорғадан

Ай сүйген тақымдап маңдайын...

 

Шолпан қыз жинады кестесін,

Жазғы таң осынша қысқа ма!?!

Таң атты. Бұл өмір манағы

қақтап сауылған құс ғана!...

 

Ақтамберді ізімен

     

Шүлдір-шүлдір сөйлеген

мінбедегі әңгіні

ауыздыққа аузын жырдырып,

қатпар да майын сылдырып

қойға бір мінер ме екенбіз?

 

Кежімсіз іштей долданған,

қорада тұрып қор болған,

тұрпаты бөлек тұлпарды

Ер – қанатым екен деп

сейістердей сетерлеп

тойға бір мінер ме екенбіз?

 

Болам деген өскіннің

қамау да алып терісін,

алдынан ашып өрісін,

күміспен күптеп кебісін

жанарынан сексеуіл қоздаттырар ма екенбіз?!

 

Ана тілсіз тіл шыққан

құлық-санаға тұншыққан,

Бесіктен безген безбенді

бұрқыраған ез — көңді

келбеті қазақ шата деп

тілін қырқып, кісендеп

қоз(ы) бақтырар ма екенбіз?!

 

Көгілдірде көлгірсіп

көпке болған көсемдер,

Шегірткедей шенге ыршып

шырылдаған шешендер,

атқылаған ықылық.

Бет-пердесін сыпырып

жыласа да «мамалап»

сары сайтанын сабалап

Дүр Қамшының киесін танытар ма екенбіз!?

 

Қарттан кетпей қасиет,

Астан кетпей кепиет,

Ағадан ақыл сұрасып,

Інісі болып шыдасып,

Қазақ пен қазақ топтанса

өсектен сап тыйылып,

Шежіре жүзін шиырып

Том тарих тиегін ағытар ма екенбіз?

 

Дін жамылған дүмшені,

арабына аластап,

жарасады жақсыға

«Ата жол» деп жақ ашпақ.

Ар деп біліп аятты,

Иман деп біліп ұятты,

Тілде жүрген Құдайды

жүректерге көшіріп

Тәңіри таза тәпсірді

тәппіштеп ұғар ма екенбіз?!

 

Қанымда тулап мықтылық;

бұқаларды бұқтырып,

текешікті піштіріп,

Халқыма игі іс қылып,

Қыран көзім қанданып,

Бөрі Рухым жанданып

Опалы Ұрпақ Бабаға

Біздер бір болар ма екенбіз?!

 

Ырқына бәрін қосатын,

Заман, Дәуір — қос ағын.

Қайнатып ғылым ошағын;

Қазынамды игеріп

Кенімді талар көк соққан

көк тулақтай илелік.

Күйімді тартып күйленіп,

Ұрпақтан озық сый көріп

Ақ Арманын атаның жалғастырар ма екенбіз?!

 

Бүгілмей белім өтті деп

Бірлігін Елдің көп тілеп

Жаутаңдамай қартайып,

Ел алдында марқайып

Мақтанышпен ақырғы үн,

Жан тапсырар ма екенбіз?!