Абай облысының 9 ай қорытындысы бойынша әлеу­меттік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсуі бай­қалады.
Аймақтың даму жолы айқын
681
оқылды

Өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы – 105,3%. Үлкен өсім құрылыс саласында – 131,6%, өнеркәсіпте – 102,6%, ішкі саудада – 110,5%, ауыл шаруашылығында – 106,4%, инвестицияларда  100,5% тіркелген. Бұл туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев айтты. Ол сондай-ақ өңірдің инфрақұрылымын, әлеуметтік институттарын дамытуға, экономикалық өсімін қол­дауға бағытталған стратегиялық жоспарымен таныстырды.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұран­хаевтың айтуынша, орташа айлық жалақы 2-тоқсан қорытындысы бойынша 12,3%-ға өсіп, 340 мың теңгені құрады. 1 қазандағы жағ­дай бойынша мемлекеттік бюджетке 294,9 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсті. Республикалық бюджетке – 197 млрд, жергілікті бюджетке  97,8 млрд тең­ге түсті. Өсу қарқыны  126,5%-ды құр­ай­ды. 

«Биыл облыс бюджетінің көлемі 480,8 млрд теңгені құрады. Меншікті кірістер – 135,5 млрд теңге. Бұл 2023 жылмен сал­ыстырғанда 120%-ға артық. 25 жыл ішінде өңірдің инфрақұрылымы тұралап қалғанын білесіздер. Тозған дүниені әлі жаңартумен келе­міз. Жалпы, 2023 жылмен салыстырғанда салалар бойынша қаржыландыру қарқыны сақталуда. Әлеуметтік қорғау саласын қар­жыландыру – 32,2%-ға, денсаулық сақ­тау – 19,9%-ға,  білім беру 15,6%-ға ұл­ғай­ды. Облыс орталығы – Семей қала­сының бюджеті 114,7 млрд теңге. Бұл көр­сет­кіш 2023 жылмен салыстырғанда 7,7%-ға артық», – деді Нұрлан Телманұлы. 

Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 7,6%-ға, әлеуметтік қорғау – 14,2%-ға, жол жөндеу  2,9%-ға ұлғайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жыл­дарға арналған Кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Оның инвестиция көлемі – 1,9 трлн теңге, 102 іс-­шараны қамтиды. Биыл 286,1 млрд теңгеге 74 іс-шара­ны іске асыру басталып, 7-і аяқталды. Құны – 4,9 млрд теңге. Қалған жобалар, жос­парға сәйкес 2025-2027 жылдар ара­лығында іске асатын болады. 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақ­талды. Оған 7 мың жұмыс орнын қамтитын 2 трлн теңгенің 23 жобасы енгіз­ілді. Бүгінде 7,5 млрд теңгеге 6 инвестиция­лық жоба іске асып, 225 жұмыс орны аш­­ыл­ды. Жыл соңына дейін 1,6 млрд тең­­ге­ге тағы 2 жобаны енгізу жоспарлануда. 

«Ірі инвестициялық жобалардың бірі – жалпы көлемі 560,5 млрд теңгені құрайтын «Айдарлы» мыс кен орнында тау-кен байы­ту комбинатын салу. Бұдан басқа, мау­сым айында Үкіметте 1,5 млрд долларға ірі мыс балқыту зауытын салуға келісімге қол қойылды. Жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна мыс шығару. Бұл екі жоба әлем­дегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және қазіргі заманғы мыс балқыту өндірісін бірік­тіретін кластер болады», – деді облыс әкімі.  

Агроөнеркәсіптік кешенде 7,3 млрд тең­геге 17 инвестициялық жоба іске асты. Жыл аяғына дейін тағы 1 жоба іске қосыла­тын болады. Ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланбаған жерлерді қайтару жалғасуда. Жалпы ауданы 644,1 мың гектар болатын 114 жер учаскесі анықталды. Оның 112,5 мың гектары қайтарылды. Биылға қойылған жоспар толық орындалды.

Өңірде өндіріс қарқыны қатты

Абай өңірінде инфрақұрылымдық сипат­тағы мәселелерді шешуге ерекше назар аударылады. Ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау. Өңір басшысы облыс бойынша 18,5 млрд теңгеге 28 жоба іске асырылып жатқанын айтты.  Биыл респуб­ликалық және облыстық бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлініп, 27,5 шақырым жылу желі­сі мен 17 жылу көзі жөнделді. Нәтиже­сінде, жылу желілерінің тозу көрсеткіші 64%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Келер жыл­ғы жұмыстар нәтижесінде бұл көрсет­кішті 57%-ға дейін азайту көзделуде. Бұдан бөлек, былтырдан бері, жеке инвесторлар есебінен 7 жылу көзі мен 3 жылу желісін қайта құру мен салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Биыл осы үрдіс жал­ғасып, бюджеттен тыс қаржы есебінен 32 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осылайша, жалпы жиыны 42 жобаны іске асыру көзделген. Жалпы, инвесторлар көмегімен 77 жобаны іске асыру жоспар­лануда. 

«Семей қаласының оң жағалауында 146,99 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін Президент тапсырмасымен жаңа жылу электр орталығын салу туралы тапсырма бар. Әкімдік, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жобалаушыны қатыстыра отырып, жедел жұмыс тобын құрды. Құры­лыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды. Қазір «Самұрық-Энерго» техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді аяқтауда. Сонымен қатар бюджет­тен тыс қаржы есебінен барлық қажетті инже­нерлік-коммуникациялық инфрақұры­лым мен «3-ші ЖЭО-ның» сыртқы инфра­құрылымын салу бойынша жобалау-смета­лық құжаттаманы әзірлеу жүргізілуде», – деді облыс әкімі. 

Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ қуаты 294 МВт «Семей ГЭС» құрылысының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін және қуаты 1050 МВт-қа ұлғайта отырып, «Шүлбі ГЭС-ін» қайта құрудың екінші кезегін әзірлеу бойынша жұ­мысты аяқтады. Биыл жылу тапшылығын азайтып, Қарағайлыдағы әлеуметтік нысандарды уақытылы іске қосу үшін жеке ин­вестор есебінен қуаты 21,5 Гкал/сағ. болатын блокты-модульді қазандық құры­лысы аяқталады.  

Абай өңірінде халықты сумен қамту бағытында 8,6 млрд теңгенің 53 жобасы іске асуда. Халықты 2025 жылға дейін орта­лықтандырылған сумен 100% қам­тамасыз ету жөніндегі Президент тапсырма­сына сәйкес 46 жаңа құрылыс жобасын іске асыру жоспарда бар.  

«Биыл 33 жоба іске асырылуда, оның 8-і аяқталды. Нәтижесінде, облыста орталықтанған сумен қамту үлесі 92%-дан 96,6%-ға дейін ұлғаяды. Келер жылы 100% көрсеткішке қол жеткізу үшін тағы 13 жоба іске асыратын боламыз», – деді Н.Ұранхаев.  

Сонымен қатар Кешенді жоспарда 2023-2025 жылдары Семейде қоқыс сұрыптау желісін орнату үшін заманауи қатты тұр­мыс­тық қалдықтар полигонын салу көз­делген. Бүгінде инвесторлар есебінен жоба­лық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама алынды. 

Көлік инфрақұрылымы саласында Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда. 2022 жылдан бері рес­пуб­ликалық бюджеттен 15,7 млрд теңге бөл­і­нді. 2025 жылғы бюджет жобасында тағы 8,5 млрд теңге қарастырылған. Абай өңірінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Мем­лекеттік сараптаманың оң қорытындысынан кейін республика бюджетіне тиісті өтінім беріледі. Көлік дәлізін кеңейту үшін 2024-2025 жылдары, ұзындығы 270 шақырым болатын «Бақты-Аягөз» теміржол құрылысы жоспарланған. Техникалық-экономикалық негіздеме сараптамасының оң қорытындысы алынды.

Абай өңірінің басшысы Нұрлан Ұранхаев ОКҚ алаңында әкімдіктің қаулысымен темір жол құрылысына қажетті мемлекеттік жерлер резервке алынып, теміржол желісін салуға қажетті жеке жер учаскелерін сату мен қайта ресімдеуге мораторий қойылғанын хабарлады. Оның айтуынша, жобаны іске асыру Қытаймен екі жақты тасымал көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.  

Әлеуметтің әл-ауқаты артты

Облыста тұрғын үй кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр. Оның ішінде көпбалалы отба­сылар – 2 784 адам. Жалпы ауданы 246,9 мың шаршы метр болатын 39 көп­пәтерлі және жеке тұрғын үйлер құрылысы жүргізіліп, 2 100 отбасын үймен қамту көзделіп отыр. Алдағы үш жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл, өз кезегінде 7 мыңдай отбасын бас­пана­мен қамтуға мүмкіндік береді. 

«Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 700 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 3 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 2025 жылы Аягөзде 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Былтыр облыс орталығында KAZ Minerals есебінен 1 200 орын­дық мектеп құрылысы туралы айтқан болатынмын. Биыл мектеп пайдалануға берілді. ІТ-бағытында оқушыларға заманауи білім беру көзделіп отыр. Мұнымен қоса, жұмыс істеп тұрған мектептерге 2 200 ор­ын­дық 6 қосымша құрылыс және 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп салуға жобалық-cметалық құжаттама әзірленді», – деді облыс әкімі.  

Өңірде көпфункционалды оқушылар сарайы салынып жатыр. Жоба келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Бұл кешен балаларды қосымша біліммен қамтуды одан әрі арттыруға мол мүмкіндік береді. Облыста ІТ саласы жақсы дамыған. Жер­гілікті оқушылар жыл сайын республика, хал­ықаралық деңгейде үздіктер қатарынан табылып отырады. Сол себепті биыл өңірде IT және жаңа технологиялар жоғары кол­леджі ашылды. Ол заманауи базамен жаб­дықталған. ІТ бағыттар бойынша құзырет­тілік орталығы жұмыс істейді. Сол сияқты Семейде тұңғыш оқу орны – М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж бар. Биыл білім шаңырағының 120 жылдық мерейтойы құрметіне «Қаражыра» акцио­нерлік қоғамы есебінен 300 орындық «Ес-­Аймақ» рухани-мәдени орталығы ашылды. Жалпы, білім беру саласында материалдық-техникалық базаны нығайтып, нысандарға жөндеу жүргізуге 3,4 млрд теңге бөлінді. 

«3 мектепке күрделі жөндеу, 1 мектепке орташа жөндеу, 166 білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. 49 жаңа моди­фи­кацияланған кабинет пен балалар тасы­малына арналған  3 микроавтобус пен 1 автобус алынды. «Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасымен облыс бойынша 65 алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек нысанын салу жоспар­ланған. Жыл соңына дейін 64 нысанды іске қосу көзделіп отыр. Оның 8-і бүгіннің өзінде пайдалануға берілді», – деді Н.Ұранхаев. 

Кешенді жоспарға сәйкес, сондай-ақ Семейде 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Қазір инвестор есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Былтыр Көкпекті ауылында гемодиализ орталығы ашылды. Биыл аталған орталықтар Үржар мен Ақсуатта ашылды. Сол сияқты, биыл Жарма мен Мақаншы аудандарында компьютерлік томографтар қойылады.  Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасы жасанды қан айналым аппара­тымен жабдықталды. Ол жүрек аурулары кезінде қан айналымын толық тоқтатып, жүрекке ашық ота жасауға мүмкіндік береді. Бүгіннің өзінде 78 ота сәтті жасалды. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің ұзақ емделетін ақауларына арналған күрделі реконструкция­лық пластикалық оталар жасау тәжірибесі қалыптасты. Шала туған және ауыр ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігі бар балалар мамандандырылған емдік тамақтанумен қамтамасыз етілді. Жалпы, биыл  денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,8 млрд теңге бағыттал­ды.

Абай өңірінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы міндеттеме­лер орындалуда. Облыс бойынша экономи­ка­лық белсенді тұрғындар саны – 306 мың адам. Олардың жұмыспен қамтылу деңгейі – 95,3%. Екінші тоқсан қорытындысы бой­ынша жұмыссыздық деңгейі жалпы республикалық деңгеймен бірдей. Биыл 23 879 жұмыс орнын құру жоспарлануда. 9 ай қорытындысы бойынша 19 810 жұмыс орны ашылды. Жоспар 83%-ға орындалып отыр. 

Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаевтың хабарлауынша, қосалқы шаруашылықты қолдау және дамыту үшін жыл соңына дейін 1,1 млрд теңгеге 211 жеңілдетілген несие беріледі. Жастарды жұмыспен қамту үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжір­ибесі» жобалары іске асуда. Сонымен қатар жастардың жаңа бизнес-идеяларына мемлекеттік гранттар қарастырылған.  

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Даму» қоры арқылы 14,8 млрд теңгенің жобаларын субсидиялау бойынша 303 шартқа қол қойды. 

«Азаматтардың өмір сапасын арттыру мақсатымен атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Дегенмен мемлекеттік қолдау  шараларының арқасында 2022 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 37,4% төмендеген. Біз мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу ісіне ерекше ден қойып отырмыз.  Өкінішке қарай, облыста 24 446 мүгедек адам тұрады, оның 2 957-сі – балалар», – деді аймақ басшысы.  

18 мемлекеттік әлеуметтік қорғау мекемесі жұмыс істейді. Президент тапсырмасымен ашылған заманауи орталық өзінің қажеттігін және тиімділігін дәлелдеді. Алдағы уақытта Семей мен Аягөзде балаларға арналған екі орталық ашу көзделген. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.  18 жастан асқандарға да толыққанды көмек берілу керек. Сол себептен, Семейде 100 орындық психоневрологиялық орталық салу бойынша жоба әзірленді. Келесі мәселе – жетім және ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балаларға көмек беру. 765 баланың 538-і қамқорлықта болса, 227-сі мекемелерде тәрбиеленуде. 

«Негізгі мәселе – баспана. Бұл санат бойынша кезекте тұрғандар саны – 2 760 адам. Оның 1 778-і – Семейде. Облыс құрылған екі жыл ішінде 199 жетім бала пәтер алды. Осының бәрін ескере келе, былтырдан бастап, облысымызда «Мейірім» акциясын ұйымдастырдық. Мақсаты – жетім балаларға материалдық қолдау көрсету. Әр балаға «Отбасы банкінде» жеке шот ашылды.  Барлық бала ұйымдар мен кәсіпорындарға бекітіліп, қамқорлыққа алынды. Оның сыртында, әр ниет білдіруші атаулы шотқа қаржы аудара алады. Бір ғана шарт – жиналған қаржыны 21 жасқа толғаннан кейін, яғни оң-солын таныған соң ғана пайдалануға болады. Барлығы ашық, жария түрде жүргізіледі», – деді облыс әкімі.

Семейде «Конгресс-холл» салынады

Семей қаласының сол жағалауында «Конгресс-холл» салынады. Қазір қажетті жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыста Ұлы Абай шығарма­шы­лығы мен өңірдің әдеби мұрасын на­си­­­хат­тау мақсатында «Абай жолы кітап­ханасы» атты бірегей жоба жүзеге асуда.  Арнайы кітап сериясы осымен екінші жыл қатарынан шығарылып, қалың оқырманға жол тартып отыр. Өңір басшысы Нұрлан Телманұлы Абай облысы бай археологиялық олжаларымен де ерекшеленетініне тоқталып өтті.

Оның пайымдауынша, «Үржар хан­шайымы», Елеке Сазынан табылған «Алтын адам», Көкентау платосы мен басқа да артефактілер өткенге жауапкершілікпен қарап, кешенді зерттеу жұмыстарын жүр­гізуге міндеттейді. 

«Біз  Әлкей Марғұлан атындағы архео­логия институты мен Шәкәрім атындағы университетпен меморандум жасап, архео­логиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізу жөнінде келісімге келдік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Креативті индустрия паркі құрылды. Оның басым бағыттары: кино және медиа, музыка және дыбыс, цифрлық өнер, сән және дизайн зертханалары, ашық коворкинг, инкубация кеңсесі және акселерация», – деді спикер. 

Бүгінде өңірде 20 имидждік іс-шара өткізілді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Облыстың өзіндік спорттық дәстүрлері қалыптасқан. Кешегі өткен 13-ші «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанған балуан Ерасыл Қажыбаев – Абай облысынан шыққан бесінші барыс.  

Облыс құрылған сәттен бастап 10 спорт нысаны ашылды. ALAN жобасы аясында УЕФА қолдауымен Аягөз ауданының орта­лық стадионының футбол алаңын жаңар­ту жүргізілді. Жылдың соңына дейін демеуші есебінен Үржар ауданында 5 спорт залы ашылады. 

«3 жүзу бассейнінің, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, спорт модулінің, сондай-ақ спорттық-демалыс орталығы мен стадион құрылысы жүргізілуде. Облыс орталығында 12,5 мың орындық стадион құрылысы басталады. Нысанды іске қосу – 2026 жылдың 4-ші тоқсаны. Инвестор есебінен жаңа жабық толық өлшемді футбол манежінің құрылысы аяқталуда. Жобаға салынған инвестиция көлемі 1 млрд теңге­ден асады. Манеж «Елімай» академиясының балаларына жыл бойы футболмен айналы­суға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.  

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры мен жергілікті бюджет есебінен инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асатын Семейге қарасты Ұшақтар кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.  

Президент тапсырмасына сәйкес, Семей қаласын дамытудың бас жоспары әзірленіп, Үкімет қаулысымен, биыл 7 қазанда бекітілді. Бұл цифрлық форматтағы алғашқы бас жоспар. Биыл қаланы абаттандыру және күтіп ұстау, көгалдандыру жұмысына 5,6 млрд теңге бөлінді. Биыл 67 аула мен 4 қоғамдық кеңістік жаңартылды. Медицина, құтқарушы сияқты сала маман­дарына арналған скверлер ашылды.  Мәң­гі­лік ел көшесіндегі Арбат, Бауыржан Мо­мыш­ұлы мен Әсет Найманбаев көшелер­індегі Тарихи қиылыс абаттандырылды. Мұхтар Әуезов алаңы жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Облыс құрылған сәттен бастап 105 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбет­теріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімдігі елді мекендерді көгалдандырудың өңірлік жоспарын бекітті, оның шеңберінде биыл  53 мыңнан астам көшет отырғызылды.

«Семейдің өзіне тән ерекшеліктері болған. Ол барша жерлестеріміздің жадында сақтаулы. Естеріңізде болса, былтыр арал­дағы балалар теміржолын қайта жаңғыртамыз дедім. Темір жол құрылысы аяқталды. Вагондар мен локомотив алынды. Жоба іске қосылуға дайын. Сол сияқты аспалы көпір маңындағы Аквапарк те семейліктердің сүйікті демалыс орыны болған. Оны да жеке инвестор есебінен жаңартқымыз кел­еді», – деді Н. Ұранхаев. 

Дайындаған 

Асыл ТҰМАР