«Поэзия» номинациясы: Мені іздеп кеткің келе ме мәңгі...

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Білге

 

***

Мені іздеп кеткің келе ме мәңгі

сенделіп?

Сақтаулы тұр ма өлеңім әлгі,

Ыстық жасыңа берме ерік.

Осының бәрі қателік емес,

Пенделік.

 

Естеліктерді есіме аламын

жабығып,

Қателіктерді қалай кешіре аламын?

Бәрін ұқ.

Бар ма еді әлде әлі үміт?

Жүр ме едің мені сағынып?

 

Қалқам-ау, бірақ білесің сен де мүмкін емесін,

Бос бәрі.

Естеліктердің түртіп елесін,

Шараппен толар тостағым.

 

Махаббат шамы сөнді деп, күнім,

Өлең боп көктен түсемін.

Сені ойлап, міне, соңғы рет бүгін,

Ішемін...

 

ТОРЫҒУ

 

Біздің қоғам - осы, ұлым,

Қате бассаң, бермес мүлде кешірім.

 

Ұлтты ойлаған талай ұлан түрмеде,

Неге айыптай бересің деп күндеме,

Сені ойлаймын,

әйтпесе мен қызықпағам жүлдеге…

 

Боламын деп кешегі өткен бабамдай,

Бәрі әйтеуір бір өшті жүр ала алмай.

 

Болатынын білдік пе екен жақын жат,

Сақау-қоғам сөз сөйлейді тақылдап.

 

Дала түгел өлік сасып барады,

Өзен тілдеп, көбік шашып ағады.

 

Соңына еріп талай-талай соқырдың,

Енді, міне, жол таба алмай отырмын.

Бүгін тағы дүмшелерге тұтқынбыз,

Бұғауынан босағанмен кәпірдің.

 

Туғандарын сата салар қоғам бұл,

Барар жерін таппай, әне ағам жүр.

 

Лайламаған тұнығын,

Кісі қолынан қаза тапты бір інім.

 

Қарындасты жабықтырып жар қамы,

Жарға итере салды кеше алғаны.

 

Ақиқат пен өтірік, арасында 15 күн,

Шырқыратып айтпас, сірә енді ешкім.

 

Бұл қоғамның бір бұрышы осындай,

Ұлым, саған сыр айтамын досымдай.

 

Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде,

деп, мінекей осыларды еске алып,

Отаным деп төс қағып,

Отырарсың мәз боп туған өлкеңе…

 

***

Сен бүгін тағы да хат жаздың...

Сағынғанымды сезгенің бе екен?

Есіңе оралған ерке кездерің бе екен?

Сүйсіне айтқан сұлу сөздерім бе екен?

Саған хат жаздырған...

 

Мені есіңе салған

Бақ ішінде қол ұстасқан ғашытар ма екен,

Онсыз да жабырқау көңіліңді жасытқан бекер.

Жай ғана сағынғаныңды айт, өлең оқиын,

Дауысым қашықтан жетер.

 

Неге хатыңда жазбағансың,

Айға асылған арманыңды,

мені сағынған сәтіңде

қандай ән салғаныңды,

сағынышыңды басу үшін

қай жерге барғаныңды.

 

Бәрін-бәрін өткеннің есіңе алып,

Көз тамшысы кеудеңде жосыла ағып,

Отырасың тұнжырап, әлдене аңсап,

Кезіге ме бақытқа осы бағыт?

 

Бұл не тағы қылғаның жаттай, жаным?

Сан сарсаңға сап жүр ме тәтті айларың?

Білемін, көп нүктенің ішінде де,

Ойларың адасып жүр таппай бағын.

Мен де отырмын оңаша қатты ойланып.

 

***

Мені ұмыттың ба, асқақ арманым,

Жылауға тіпті жас таба алмадым.

Күлімдер кездің күлі көкке ұшты,

Бүлдірді ме екен Астанаң бәрін.

 

Суыған жүрек жылына алмады,

Көктегі күн де күліп алдады.

Жаныма кейде батады қатты,

Елесің кетпей тұрып алғаны.

 

Сарғайған жастық, шашылған парақ,

Жас ыршып кетті, жасырған қамап.

түсіп кетті ме жаным қайғыға?

Ұшып кетті ме басымнан да бақ?!.

 

қимаған едім, таусылды амалым,

Сыйлаған Тәңір жансың, қарағым.

Көзімнің іші қызарып барып,

Қос жанарымнан қан сорғалады.

 

дертіңе не ем табамын, жаным?..

кетпеші дедің, жанарыңда мұң.

қайрылмай кеттім, сұрамаппын ғой,

Тағдырға қандай амалың барын.

 

***

Еске алып ілкідегі ізгі шағын,

Айқара ашылар ма қыз құшағы?

 

Күні ертең-ақ жаз өтіп, күз келеді...

Тартады екен сый қылып бізге нені?

Сұлудың табылар ма іздегені?..

 

«Бағалай білмегеннен бақ таяды»

Тағы да төңкерілді саптыаяғым...

 

Әжем кеткен жалғаннан бәрі кетер,

Болмашыға қол созып тағы бекер...

 

Ақын отыр...

қағаз бен қалам алып,

Күнәдан пәк жүрегі жараланып.

 

әлденені арман қып алданады,

мұң боп сосын батады жанға бәрі.

 

дерті қалың жүрекке дауа қандай?!.

Мүмкін бе өту жалғаннан жараланбай?

 

***

Көңілім жауын сынды күзді күнгі,

Жүз құбылды.

Үкілі үмітім жүр үрке қарап,

үйреніп те алыппын үздігуді.

 

Ай да, Күн де орнында, адаспаған,

Әлде мен ғалам ба екем жан ашпаған?

 

Менде құбылыстар болады жан  ұқапаған.

Оқ өзіме қарай ұшады үнемі,

Өзгеге бағыттаған,

Бұл не сиқыр, сырына қанықпағам.

Маған түнек секілді күндізгі шақ,

Ал, қараңғылық жарық маған...

 

Менің ішімде сан адам мекен етеді,

Қайыршыдан бастап Ханға дейін...

Жүрегімнің ішіне салдым арман үйін.

әтештің шақырғанынан шаншыған емес,

бірақ, әлденеден сескенеді таңда миым...

 

Не себеп?!.

Кінәлі...

Қопарып ішкен кездерім бе екен...

Айтылмаған сөздерім бе екен

деп ойлаймын:

Жігер керек екен-ау өзгеруге де.

 

***

Көктем бұлай келмеуші еді түнеріп,

Келуші еді көңіліме гүл егіп.

Құдай ісі шығар деймін қамсыздау,

Болар деймін бір емі,

Жабырқайды жүрегім.

 

Жаңбыр бұлай жаумаушы еді бұрын шын,

Көктем, менің көп күтетін күнімсің.

Бұрынғыдай неге атпайды екенсің,

Ай-ажарсыз, түнім-сұм.

 

Неге бәрі көңілсіздеу жылда бұл,

Дәл осылай өткізбеппін түнді ауыр.

Жұбататын жан іздейді тағы да,

Жайығына өлең оқып тұрғын ұл.

 

Нені аңсаймын, неге жаным құмартты?

Жүрек неге жан көтермес жүк артты?

Біреу келіп жұбататын сияқты,

Айтшы, Көктем,

Бірақ кім?..

 

***

Терезеңе телміріп таңды атырдың...

Менен де жақын бір жан бар ма, құрбым?..

 

Алаң болған көңілің әр немеге,

Алданып-ақ қалушы ең әлденеге.

 

Айнаға қарашы анау, бұл кім еді?

Бұрын сұлу еді ғой гүл - жүрегі...

 

Ал, қазір солған екен...

Аңсары ауады екен жанға бөтен.

 

Армандаудан аса алмай әріге әр күн,

Ерініңде өткеннің табы қалды.

 

Бұрын бұлай жабырқап көрмеп едің,

Жанға батты жаныңның шөлдегені.

 

Сыр тарқатар, мен де енді алыстамын,

бұрынғы емес, өзгерді әр ұстаным.

 

Жоққа жылай беруші ем мен де бұрын,

Үйреніп-ақ кетесің сен де, күнім.

 

Өрекпіген жүрегің өкпелі, енді

Жанарыңнан, жарығым, төкпе көлді.

 

Тезеңе телміріп, алға қара,

Түннің өзі өлмей ме таңда ғана...

 

***

Өкініштен өзегім өртенгенде,

Ойың сенің боп па еді, еркем, менде?!

Жаным жылап қалды ғой сеземісің,

Жүрегіме сезімнің дерті енгенде?!

 

Бар бағымды тəрк етіп жолыңда мен,

Жүрегіме сыйғыздым сорымды əрең.

Бірімізден біріміз ажырадық,

Тербетіліп қалды ғой қолыңда əлем.

 

Мен де кеттім, жарығым, сен де кеттің,

Жолымызды айтады:

-бөлме,-деп, кім?!

Сен мұңыңды шағарсың достарыңа,

Ал, мендегі жүректі емдемек түн.

 

Ех, махаббат!

Кетті, əне, пəк ғашығым,

Араласып барады баққа сорым.

Кешегі бақыт жайлы жазғанымды,

Бүгін біреу барады жатқа соғып.

 

Бақтың сордан бір күні асары анық.

Жүрегімнен бір перне баса қалып,

Аспан жаққа қарадым көзімді алмай,

Жұлдыздардан бейнеңді жасап алып...

 

***

Бақ табыла қоймайды жынды адамға,

Қанша жерден іздесін, іздемесін.

Өз-өзімнен отырып мұңданам да,

Жіберіп қоям бақтың жүз кемесін.

 

Жалғыздықтан шаршадым, қатты басым,

Келерімнен күте алмай үмітті мен.

Жастығыма тамшылап жатты жасым,

Күткен бақтың келмесін біліп күлем.

 

Алжасып кетердей боп ақылымнан,

Қанша таңды атырдым сенделумен.

Жақсылық та күтпедім жақынымнан,

Жаға алмай да қойдым ғой елге мүлдем.

 

Бақты мұңнан ала алмай арашалап,

Дәрменімнің біткенін сезгем мен де.

Сабақ алып біреуден, аға санап,

Түйгенімді үйреттім кез келгенге.

 

Мен тумаған екем деп өлең үшін,

Жерінгенмін өзімнен сорым қайнап.

Таусылғандай алапат кеме-күшім,

Мың сан елес салады жолымда ойнақ.

 

Біреулердің кетіп қап жетегінде,

Үйге қайтам баяғы ішкен күйім.

Ақын болып ұйықтап кетемін де,

Ақымақ боп оянам түстен кейін.

 

***

Жолықтырған тағдырға айтып өкпеңді,

Жанарыңнан мұң ыршыттың сен неге?!

Бəрін-бəрін қояйықшы, жетті енді,

Төзім бітті менде де.

 

Тарқасайық жыламауға серт беріп,

Қателікті ұмытып.

Жүрмеші енді жазмышыңа кектеніп,

Жүрегіңді суытып.

 

Сен жайлы өлең оқымайын мен енді,

Жазбай-ақ та қояйыншы басқаны.

Бір кездері саған жазған өлеңді,

Жатсын, мейлі, басқа ғашық жастанып.

 

Аңсарыңды желге ұшырып бара бер,

Жыламашы, ойламашы қалғанын.

Көтере алмай теңселеді қара жер,

Жанарыңнан тамған жастың салмағын...