Коронавирусқа байланысты 16 наурыздан бастап еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқыту жүйесіне көшеді.
Еуразия ұлттық университеті қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуге дайын, – деп хабарлайды «Хабар 24».
Қолданыстағы «Платонус» жүйесі студенттерге үйден шықпай-ақ оқуға мүмкіндік береді.
ЕҰУ академиялық мәселелер департаментінің директоры Шәмен Палымбетов: «Біз негізінен «Платонус» жүйесін қолданамыз. Соның негізінде қазір қашықтықтан оқытуға толықтай мүмкіндігіміз бар. Олар біздің студенттеріміз ауылында бола ма, осы жерде бола ма тек қана интернеті болса, ол міндетті түрде байланыста болып, оқытушылардан тапсырмаларын алып, апта сайынғы бағаларын күнделікті сабақта болғандай алып тұруға мүмкіндігі бар», – дейді.
Телеарнаның сауалнамасына қатысқан студенттер онлайн оқу университетке келіп, оқығандай болмайтынын айтқан.
«Электрондық порталда сабақ кестесі, бағалардың барлығы тұрады. Біз іштей оқығаннан кейін оны қолданып көрмедік, бірақ ол «Платонуста» бар. Енді коронавирусқа байланысты қашықтықта болғаннан кейін соны пайдалануға тура келеді» десе, ала екініші бірі: «Шынымды айтсам, мен үшін бұл жақсы жаңалық емес. Өйткені университетте өткен сабақтар пайдалы», – деп жауап берген.
Ал коронавирусқа байланысты онлайн оқуға көшу – қазақстандықтарды қатерден қорғау мақсатында қабылданған шешім. Бірақ оның қашанға дейін созылатыны әзірге белгісіз.