«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте импортты алмастыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды.
«AMANAT» партиясында қазақстандық өндірушілерді қолдау және бақылауды қайта қарау мәселесі талқыланды
639
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте импортты алмастыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды. Күн тәртібінде сертификаттау жүйесінің қазақстандық өндірушілердің нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі, шикізаттық емес экспорт туралы деректердің статистикалық көрсеткіштері және мемлекеттік қолдау саясатындағы қайшылықтар мәселесі қаралды.

Кеңес отырысында қазақстандық өндірушілер ескірген сертификаттау ережелерінің жергілікті компаниялардың мемлекеттік қолдауға қол жеткізуіне шектеу қоятынын айтты. Қатысушылар сертификаттау мен қазақстандық өнімді тану тәсілдерін қайта қарауды және нақты өндірушілерге кедергі келтіретін бюрократиялық кедергілерді жеңілдетуді талап етті.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, отандық тауар өндірушілердің сенімді тізілімінің болмауы – басты мәселелердің бірі екенін атап өтті, осының салдарынан нақты өндірушілердің барлығы бірдей қолдау ала алмай отыр.

«Бізде қолдауға кедергі келтіретін ескірген сертификаттау жүйесі бар, ал кейбір компаниялар қазақстандық тауарлар мәртебесін алу үшін сертификаттармен манипуляция жасайды. Жаңа тізілім бұл олқылықтарды жойып, жергілікті мазмұн үлесін объективті бағалауға, таза жүйе құруға және мемлекеттік қолдауды шынайы қажеттілікке бағыттауға көмектеседі. Қазақстандық өнім мәртебесінің артында ел ішінде нақты өндіріс тұрғанына кепілдік беру қажет», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Екатерина Смышляева кейбір салаларда өзін-өзі реттеуді қолдады, әсіресе, мемлекеттік реттеуді азайту жағдайында бұл маңызды шешім болмақ. Оның айтуынша, өзін-өзі реттейтін ұйымдар стандарттарды сақтауда маңызды рөл атқара алады. Дерегуляция кезінде сапа мен стандарттарға сәйкестікті бақылау функцияларының бір бөлігін салалық қауымдастықтар өз мойнына алса, бұл бизнестің дамуына және тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев шикізаттық емес экспорт туралы статистикалық деректерді қайта қарау қажеттілігі туралы айтты. Ол көптеген есептер шын мәнінде қазақстандық өнімді қамтымайтын тауарларды және реэкспортты қосу арқылы өндіріс көлемі туралы бұрмаланған көрініс беретінін атап өтті.

«Шикізаттық емес экспорттың өсуін көрсететін сандарды көргенде, осы экспорттың бір бөлігі тек Қазақстан шекарасын кесіп өткен, отандық өндіріске қатысы жоқ тауарлар екенін түсіну маңызды. Импорт алмастырудың шынайы жағдайын және өңдеу өнеркәсібінің экономикаға қосқан үлесін түсіну үшін біз нақты қазақстандық өнімді бөліп көрсетуіміз және көрсеткіштерді пайызбен емес, нақты сандармен жариялауымыз керек», – деп түсіндірді ол.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова импортты алмастыруда оң өзгерістер бар екенін айтып, мақсатты қолдаудың қажеттілігін мойындады.

«Біз шикізаттық емес тауарлар экспортының 33%-ға өскенін, сондай-ақ машина жасау және тоқыма сияқты салаларда импорттың азайғанын көріп отырмыз. Бұл жетістіктерді қазақстандық өндірушілерге тұрақты қолдау көрсету арқылы нығайту маңызды. Өндірісті ұлғайтумен қатар, ел ішінде қосылған құн тізбегін құру және экономикаға нақты үлес қосып, импортты алмастыра алатын өндірістерді қолдау қажет», – деді ол.

Экономист Қуаныш Жайықов кейбір саланы қолдауға жасалған әрекеттердің басқа салаларға қиындық тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Ол бизнесті қорғап қалу үшін тиімді және біркелкі реттеу әдістерін қолдану қажеттігін айтты.

«Салалардың өзара байланысына аяқ астынан араласуға жол бермеуіміз керек. Мысалы, экспортқа шектеу немесе сауда сөрелеріне қойылатын талаптар біртіндеп енгізілуі тиіс. Кез келген реттеу шаралары бизнестің бейімделу қажеттілігін ескеруі керек. Оған уақыт пен қаражат қажет. Біздің кәсіпорындар импорт алмастыруды қолдауға дайын, бірақ күрт өзгерістер өндірісті дамытуға кедергі келтіреді, қаржылық жүктеме мен ұйымдастырушылық қиындықтар тудырады», – деді ол.

«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Алмат Асқар көптеген қазақстандық кәсіпорындардың сертификаттау мен құжаттарды тапсыру кезінде қиындықтарға тап болатынын, себебі бұл нарықта қызмет құнын асырып жіберетін делдалдар пайда болғанын айтты.

«Жалған өндірушілерді, өндірісте жергілікті шикізатты пайдалануды ынталандыруға, оқшаулау деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін елішілік құндылық үлесін (ЕҚҮ) есептеу әдіснамасына назар аудару қажет. Біз технологиялық операциялар арқылы локализация деңгейін анықтауды және ЕҚҮ бағалаудың балдық жүйесі негізінде тауарларды санаттауды ұсынамыз. Осылайша, мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде реттелетін сатып алулар, локализацияның жоғары деңгейін және оның өсуін көрсететін өндірушілерге әділ түрде қолданылуы керек. Бұл өңдеудің жоғары дәрежесі бар салалық кластерлерді дамытуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Индустрия және құрылыс министрлігіне қарасты Индустрия комитетінің төрағасы Азамат Панбаев отандық өндірушілерді ішкі нарықта тұрақты сұраныспен қамтамасыз ету және локализация деңгейін арттыруға бағытталған шаралар туралы хабарлады. Ол Үкімет бюджет есебінен объектілерді салу кезінде қазақстандық тауарларды қолдануға басымдық беретін шараларды енгізіп жатқанын және бұл шаралардың өнеркәсіптік өндірісті дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ынталандыруы тиіс екенін атап өтті.

«Біз отандық тауарлардың мемлекеттік сатып алуда басымдыққа ие болуы үшін жағдай жасаймыз, бұл біздің өнеркәсібіміздің тұрақты дамуы үшін маңызды. 4000-нан астам ұзақ мерзімді келісімшарт қазақстандық кәсіпорындармен жасалды, бұл тұрақты сұранысты қалыптастыруға және локализацияны ынталандыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Отырыстың қорытындысын түйіндей келе, кеңес төрағасы бұл өзгерістер экономикалық өсуге, әсіресе шикізаттық экономикадан дайын өнім өндірісіне көшу жағдайына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, қайта өңделген өнім жұмыс орындарын құру және отандық бизнесті нығайтудың негізі болып табылады, дәл осы өндірістер тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Екатерина Смышляева сонымен қатар мемлекет алдында тұрған басты міндет – қазақстандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, оларды мемлекеттің серіктесі ретінде қабылдайтын «ыңғайлы жүйе» құру екенін қосты.