Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Алаштың асыл ерлері (пентаптих)
172
оқылды

Бүркеншік аты: Taldy-Paris

 

Алаштың асыл ерлері

(пентаптих)

 

Оң құлағы шыңылдайды Отанның,

Алақанын уқалайды дүние.

О, Жер Ана – әулие!

Жасырайын несін мен,

Қуаныштан тана жаздап есімнен.

Алғаш сені көргенде:

Бір ізгілік ұя салып кеудеме!

Бүршік атып арманымның әр талы,

Әрбір үміт жақсылыққа тартады.

Уақыт мөңкіп шапқанымен құз-құмын,

Іңкәрлігім босатпайды тізгінін.

Бір сағыныш кісінесе кермеде.

Алға мені жетелейді әлдене.

Жетелейді қиялымның қатпары,

Жетелейді ғасырлардың xаттары.

Сөредегі ойшылдардың сөздері,

Сүйген жанның мөлдіреген көздері.

Деймін іштей түсім шығар жорыған,

Екі аттасам еркіндікке жолығам.

 

Бәрі-бәрі айтар Отан сен жайлы,

Содан менің жанымды жыр торлайды.

Міне, тағы маусым бетін сүймек гүл,

Неткен ғажап!

Неткен сұлу – сурет бұл.

Оң құлағың шыңылдаса Туған жер,

Мен жыр оқып тұр деп біл!

 

Ізгіліктің жолбелгісі

(Бердібек Соқпақбаевқа)

 

Қалбалақтап қайда ұшпады қаламсап,

Болашаққа барар күре жол аңсап.

Үнпарақтан ұят тұрды үңіліп,

Көзәйнектен жанар сап.

Сол жанарда жатты ұран, жатты рух,

Ұлты сүйген ұл екенін ұқтырып.

Балдақ сүйеп тарпаң тағдыр тартынды,

Ал сен оны қарсы алдың тік тұрып.

Жар басында жалғыз ағаш секілді...

 

Сол ағаштың тағдыры оғаш секілді.

Тау ұшына ұя салған секілді,

Сол ұяға қия салған секілді.

Шөл үстінде қара орман секілді,

Сол орманның мұңы қорған секілді.

Қамал алды темір қақпа секілді

Сол қақпаның кілті жоқ та секілді

Мұхит іші алып арал секілді,

Сол аралдың бағы жарау секілді,

Даналықтың бас әріпі секілді,

Сол әріптің асау рухы секілді.

Өзендердің құяр тұсы секілді,

Өз еліңнің ұяң құсы секілді,

Ізгіліктің жолбелгісі секілді,

Тәңірім де сенген кісі секілді.

Білім құйған санасына сәбидің

Сөресін де жатыр жазбаң әр үйдің.

Жарапазан айтты жалған жар салып,

Қасіретін қатар қосып фәнидің.

Балалықтың бесігіңде тербелген,

Әдебиеттің дәрісімен емделгем.

Жалтақ ғасыр өз күнәсін сезеді,

Сенің асыл қазынаңа жерленген.

 

О, дауыл ойлардың пайғамбар кейіпі

(Ілияс Жансүгіровке)

 

Ең ұлы логика!

Ең қысқа пішінде…

Ромб та,

Шаршы да,

Шеңбер де,

Мүсін де.

Қанатты сәуледей түнекті бетке алған,

Шет қалған дүние ісінен!

О, дауыл ойлардың пайғамбар кейіпі,

Отансыз дәуірдің отына өртенген.

Шер жұтқан,

Дерт емген.

Ботана сөзінен әлі де жасқанар,

Дауасыз тірлігім, қылығым оспадар,

Дәл сендей болуға қайратым жете ме?

Жауға әділ, досқа адал!

Сендегі құдірет, қуаттың назы әйгі,

Шөлімді басады,

Жанымды қажайды.

Өзгерген жоқ әлі өмірдің шеті де,

Өзгерген баяғы қазақтың сарайы.

Сауықшыл уақыттың желбіреп шашағы,

Ең нұрлы сөздерді уыстап шашады.

Қараңғы түндерде қалқиды қиялым,

Желбіріп жеп-жеңіл жанымның масағы.

Бөлтірік кеудемнің ішінде ұлиды,

Үміті бабамның:

бір – қилы

бір – игі.

Тот басқан рухымнан іздеймін ізгілік,

Бүгінім – бұлыңғыр,

ертеңім – үрейлі.

О, кемел!

Киелі қара сөз!

Құраннан кейін мен өзіңе бас ұрдым.

Секілді ұяты дәупірім ғасырдың,

Секілді ұясы алқоңыр асылдың.

Тәңірден тілеп ап сабалақ сорымды,

Жап-жасыл жыраңа жасырдым.

Жасырдым… өзімді,

Ілияс!

 

Мөлдір ойдың мұнарасы

(Сәкен Сейфуллинге)

 

Тау неге теңселеді, жүрек неге?

Ақынның алақаны дір еткенде.

Бұл ғұмыр – Сәкен бір тармағындай,

Өтеді ызғары оның сүйектен де.

Тамады күлімкөздің жүзінен мұң,

Білгендей бал өмірдің үзілерін.

Ал оны қайдан ұқсын бала толқын,

Көкшілкөз.

Кісікиік.

Қызылерін.

Мендегі дерттің аты – Сәкен жырлы,

Мендегі өрттің аты – Сәкен нұрлы.

Өтсем бе тілсіз тергеп дүниені,

Таңғалтып, таңырқатып өтер күнді.

Қарашы!?

бері қара мыстан ғасыр,

Көрсетпей досқа мінез, дұшпанға ашу.

Әлдиле, әлдиле өлім ұлы ақынды,

Құшағы оттан да ыстық, құстан да асыл.

 

О, менің жырдағы дәу пайғамбарым,

Қайтер ең басқа қонса тайған бағың.

Дәл осы тауқыметке тағы түсіп,

Сөзден рух төгер ме едің ойдан жалын.

Қайыспай қайта бастап қан майданға,

Кетсе де шерін кекке, жан айдауға.

Қазақтың маңдайынан өбе сүйіп,

Жек көріп, көшер ме едің аймалауға,

О, Сәкен мөлдір ойдың мұнарасы,

Түркінің жырдан туған ғұламасы.

Ғасырдың ширегінен жыр оқып тұр,

Сен сүйген адамзаттың бір баласы.

 

Тәуекел

( Бейімбет Майлин)

 

Сиясауыт дүние,

Майшамға сүйенген у толы қауырсын.

О, неге шықпайды дауысың…

О, неге жаншылды намысым.

Мен қалай жалтақпын…

Мен қалай кереңмін…

Құдайсыз ғасырдың қайырлы ұлы едің.

Мен үшін бәс тіккен дәупірім дәуірмен.

Таласып іңірмен.

Тасбауыр ғұмырмен.

Ғаламат ғаламның қиссасын түгендеп,

Түнімен!

Жасаған!

Теңіздің маңына

 шөліркеп шөктім бе?

Әдеткі жолымнан адасып кеттім бе?

Жо-жоқ, күл басып кеттім бе?

Уақытпен мұңдасып кеттім бе?

Білмеймін…

иығымнан түспейді зілдей мұң.

Арманшыл жүректің аударып атызын,

Дән таппай егерге кебегін үрлеймін…

Қазақты дәл сендей сүйе алсам беріліп,

Қазақты дәл сендей сүйе алсам егіліп.

Қыранның тау аңсар қылығын көшіріп,

Тұлпардың жер тарпыр мінезін көшіріп.

Іңгеннің ботасын жоғалтқан сәтіндей,

Ай маңдай аруға себілген әтірдей.

Кер шөлге үйірсек кебеже бұлттай,

Иірім жылғаға иілген тұнықтай.

Жағасын кемірген дария, өзендей,

Бозторғай ән айтқан жария кезеңдей.

Мылқаудың тіліңе ұйыған дыбыстай,

Батырдың борышын сезінген қылыштай.

Қазақты дәл сендей сүйе алсам не арман!?,

Қазақты дәл сендей сүйе алсам не арман!?,

Алаштың марғасқа ерлері-ай мазарсыз,

Алаштың алдаспан ерлері-ай ажалсыз.

Аманат алдында жасаған тәуекел!

Рухыңа тәу етем,

Балам да тәу етер!

Ел үшін, жөргектей жер үшін,

Мен де еттім, Тәуекел!

Тәуекел!

Тәуекел!

 

***

Жоқ, жер сілкінген жоқ,

Менің жүрегім ғой!

 

Қайбір жылғы қайғымды қайта қозғап,

Жазагерін тағдырдың айта жаздап.

Домалақтап былтырғы күнтізбені,

Күнтізбені – көрінген бұлт іздері.

Қайта-қайта жолына оратылып,

Қайта келмес күндердің бір тізбегі.

Сағынғаннан,

Сүйгеннен,

Жалыққаннан

Қолсағаты уақыттан қалып қалған.

Кезек күткен науқастай емханада,

Ажалына адаспай тауып барған.

 

Мылқау құсты мәпелеп керең гүлді,

Өлтірердей қинайды өлең түнгі.

Қатар қосып шайына бал мен тұзды,

Ауа-райын болжаған келер күнгі.

 

Білемісің сен оны, Көктем көкем?!

Келер күнгі күй таныс,өткен бөтен.

Құдайыма ізкесіп кеткен едім,

Ал ол мені үйімде күткен екен.

 

Жоқ, жер сілкінген жоқ.

Менің жүрегім ғой!

 

***

Шешей қызық...

Қатын алып бермекші,

Сөйтіп менің қызығымды көрмекші.

Көздеп жүрген бір аруым бар еді,

Түні бойы жата алмадым дөмбекшіп.

Ал, айтып көр, апогейі арманның,

Біткен жері осы шығар шаруаңның.

Босағадан сығалайды боз дәурен,

Бойдақтығым тістелейді бармағын.

Бір қайнауы кем сияқты бұл істің,

Бақытымның бір жағына шығыстым.

Емес пе осы?

тегі бала таптыру,

Ең ауыры жұмыстың.

Бір басымды әрең сүйреп жүргенде,

Құлақ аспай саясатқа.

Үндеуге.

Осы сөзді естігелі xор қызы,

Ұялып жүр түсіме де кіргенге.

Біздің шешей сондай адам, далалық,

Көрген емес қиялы арып, тоны арып.

Әбеқоңыр әңгімесі күн сайын,

Күнтізбедей отырады жаңарып.

 

Анашым

 

Бір тамшыны теңіз еткен, Анашым!

Бір арманды егіз еткен, Анашым!

Бір әріпті мәтін еткен, Анашым!

Бір шоқ гүлді әтір еткен, Анашым!

 

Бір адамды халық еткен, Анашым!

Бар ғаламды жарық еткен, Анашым!

Бір ағашты орман еткен, Анашым!

Бір ұятты қорған еткен, Анашым!

 

Бір шырпыны жұлдыз еткен, Анашым!

Бір түлкіні құндыз еткен, Анашым!

Бір сезімді асыл еткен, Анашым!

Бір тәулікті ғасыр еткен, Анашым!

 

Дүниенің дүрмегінен сырт қалған,

Бір сағыныш құшақ жайып күтті алдан!

Сенің шексіз мейірімін екен-ау,

Бұл дәуірді зұлымдықтан құтқарған.

Ана!!