«Поэзия» номинациясы: Болмыс

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Есугей

Болмыс

(Сәкен Сейфуллиннің рухына)

 

Оның

жанарында от ойнап, таңдайында сөз бүрлеп

кері тартпа тағдырыңа төздің кеп

Моласы бар ақын іздеп жүрмін мен

Арлы-берлі Боралдайды кездім көп

 

Оның

паң қарап тұрысқаны, кемелденіп

Сөзі- бұлақ, ағады өлең болып

Болса молаң қылтиған жер бетінде

...топырағын бір уыс себем келіп

 

Оның

оқыстау мінезі, тарпаңдау одырайған

Азабынан ақынның көңіл ойран

«Ақсақ киік» келеді «Тау ішінде»

Ооо, бірақ та табамыз оны қайдан?

 

Оның

Тілегі-ел

жаны жұрт

тәні халық

көк тіреген ойлары, алып-алып

Өмірі айқын, өлімі белгісіздеу

Ұрпақ үшін ертеңгі бәрі де анық

 

Оның     

кере қарыс маңдайы, салалы саусақтары

Ұлт үшін күрсінуі және де жан сақтауы

Оның жігері-асау толқын болып

Үлкен-үлкен ағысқа қарсы аққаны

 

Осы енді, «Біздің тұрмыс»

Кіл шибөрі, ыңғай төбет

Бір сағыныш жаныма  жүр қайта кеп

Сенің алтын тұғырың-шексіздіктен

Құламайды, шөкпейді бұл бәйтерек.

 

Жаңаарқаға

 

Дарқандық

Сұлулық 

Өрлік те саған тән

Алтынға бергісіз бақытым

Тисе егер төсіңе жон-арқам

Бесігіне айналған, киелі ұлыстың

Аяулы құт мекен Жаңаарқам

 

Ерің бар сен үшін

жүрегін беретін қақ бөліп

Қой үсті. Бозторғай

аман тұр бәрі де аткөлік

Мен сені тербетем жыр болып

Мен сені қорғаймын

Ғұн менен Сақ болып

 

Тасы тарих

Суы-нәр

Бал тамады-ай

Содан кейін кебеді аңқа қалай?

Күмбірлейді күй болып Ықыластар

Сөз алады, Бек Тұяқ сал Төлебай

 

Далаң жазық

шабады тай көсіліп

Майда қоңыр, самал жел

Ай.

Кеш.

Ымырт.

Аспаныңда ән болып әуелеп жүр

Қорабай, Ахат, Қайрат Байбосынов

 

Сенде жүрсем ерледім, асқақтадым

«Жаңарқам» деп шырқалса бастапқы әнім

Сен қаласың ертеңгі ұрпақ үшін

Біз кетеміз осының тастап бәрін

 

Алдымызда мұнартады жол тарап

Жолыңа әкеп төсейін, жүрегімді жаңқалап

Саған қарай тартып кеткім келеді

Ақселеумен Сәкеннің махаббатын арқалап

 

Жолқараған

 

Тау жоқ екен бұл маңда, тау аңсадым

Қолдан сырғып барады балауса күн

Қалжыраса жүрегім қажығаннан

Қан жылайды кей күні қаламсабым

 

«Жігіт болсам мақсат пен мұраты бар»

Бізді күткен бір бақыт тұра тұрар

Бәрі-бәрі, о неге жатсынады?

Ағаш-талдар және де тротуар 

 

Жыртып не бар өмірдің бет терісін

Тағдыр деген- Тәңірдің көктегі ісі

Мен аңсаған мекенге жеткізбей жүр

Қалалар мен жолдарддың кептелісі

 

Түс көрем де ұйқымнан тұрам атып

Жорамалым жайында сұрама түк

Шашбауыңды көтерем деген достар

Шаштарымды бір-бірден жүр ағартып

 

Жылдар-жылдар жүйірік жорғалаған

Анам айтар: ауырма, тоңба балам

...күту егер бақытқа жеткізе алса

Екінші аты өмірдің – жолқараған...