Дәстүрлі өнерпаздарға арнаулы мәртебе қашан беріледі?

Елімізге Жапония мысалы сөзсіз үлгі бола алады. Керек десеңіз әзірге арнаулы заң да қабылдап, уақыт созып керек емес. Қолданыстағы “Мәдениет туралы” заңға өзгерістер енгізсе болғаны.

Елімізде атақ аз емес. Түрлі салалардың үздіктері мен еңбек сіңірген қайраткерлері бар. Әркім өзінің еңбегіне сай алып жүр. Біздің бүгінгі жазбағымыз мүлдем жоқ атақ жайлы.

Дәстүрлі өнер бізге белгілі бір тұлғалар арқылы жетті. Мейлі ән болсын, жыр болсын, күй болсын, қолөнер секілді басқа да түрлі сала болсын. Бәрі де дәстүрлі (ұлттық) білім беру тәсілі арқылы үйренді. Жаһандану заманында осы дәстүрлі білім академиялық білімге ауысып негізгі түбімізден ажырап бара жатқандаймыз.

Мәселе

Алысқа бармай-ақ домбыра тарту өнерін мысалға алайық. Иә, домбыраны бәрі де тартып жүр дерсіз. Бірақ сол мектепті ұстап, күй арасын «бөтен сөзбен былғамай», ескіше тартып жүргендер ғана күйші болуы мүмкін. Ондай күйшілерді бүгінгі таңда санау үшін екі қолдың он саусағы да жетіп қалар. Көп емес.

Қолөнершілерді алайық. Біз нақты айыра жаза алмасақ та ол өнердің де өз ерекшеліктері бар. Мысалға, біреу кестелеп тігудің көне әдісін біледі, басқа біреу ағаш-темір өңдеудің ескіше амалын меңгерген. Олар да көп емес.

Міне, осылардың қоғам алдында қадірін арттыру үшін, ізінен шәкірт тәрбиелеу үшін арнаулы мемлекеттік мәртебе беру керек. Уақыты келді. Уақыты келмек түгілі өтіп бара жатыр. Соңғы он жылда қанша шеберлер артынан із қалдырмай дүниеден өтіп кетті. Құдай берген білімін сол өзімен бірге алып кетті.

Әрине, қоғамдық ұйымдар «Халық күйшісі», «Халық әншісі», «Халық жыршысы», «Халық қолөнер шебері» секілді атақ беріп жүр. Көзі тірі майталман өнерпаздарды елеп-ескергеніне шүкір дейміз. Десе де мемлекеттік қолдау болмаса, іс қиынға соқпақ.

Әлемдік тәжірибе

Мысалға іргелес Қытайда сондай статус барын естіп жүрміз. Сонау Жапон елінде бұл баяғыдан бар екен. 1964 жылдан бастап «ұлт өнерінің көзі тірі қазынасы», «дәстүрлі өнердің шырақшысы» деп атап, сол адамға қомақты жапон теңгесін төлейді екен.

Жапонияның мемлекеттік мәртебесі жайлы сөзіміз анықтап жазайық. Ол жайында әдейі жапон баспасөзі мен заңдарын шолып шықтық. Сонымен, Жапония үкіметі 1950 жылы «Мәдени құндылықтарды қорғау жайлы» заң қабылданады. Мақсат біреу ғана – өте құнды білім иелері шығармашылығына серпіліс беру. Осыдан кейін Жапон мәдениетіне тән барлық материалды және рухани құндылықтар, сол құндылықтарды үйрену дәстүрі мен әдістері екінші тынысын алған екен. Заң бірнеше рет өңделіп, шамамен 60-жылдардан бастап нақты кейпін табады.

Зат күйінде сақталған мұраның жайы белгілі. Бұзуға және беталбаты реставрация мен реконструкция жасауға болмайды. Ол түсінікті. Рухани мұра иегерлерінің жағдайына тоқталайық.

«Ұлт өнерінің көзі тірі қазынасы» мәртебесін алған адам жылына бір рет үкіметтік арнайы стипендиясын алып отырады. Өзіміздің теңгеге шаққанда стипендия шамамен 7 миллион теңге болады. Бұл жыл сайынғы бір реттік стипендия, әр аймақ пен түрлі қорлардың беретін жалақысын тағы қосыңыз.

Жапонияда «Ұлт өнерінің көзі тірі қазынасы» мәртебесін алған жүз шақты өнер иесі бар екен. Биыл тағы алты адам қосылды. Екеуі жапонның дәстүрлі әнін айту шебері болса, төртеуі түрлі техниканы меңгерген қолөнершілер.

Адам «тірі қазына» статусын алғаннан кейін қандай міндеті бар? Мәдениет істері бойынша агенттік жапон заңнамасы негізінде төрт міндет қояды екен. Олар:

- шәкірт тәрбиелеу;

- білімін мен қабілетінді үздіксіз жетілдіру;

- істеп жүрген ісіңді құжаттап жүру;

- концерт, көрме, кездесу форматындағы жиындарда қарапайым халыққа көрсетіп жүру;

Мына видеода Морихито Кацура есімді қолөнерші. «Ұлт өнерінің көзі тірі қазынасы» ретінде 2008 жылы тіркелген. «Темірді (металл) өңдеудің хас шебері» атағы бар. Токиода тұрады.

Сөздің орайы келген соң жаза салайық. Бір концерт еске түсіп отыр. Шамамен 2012-2013 жылдар болса керек. Өзіміз оқыған Қазақ ұлттық өнер университетіне жапонның домбырашысы келді. Домбыра деп отырғанымыз жапонның «сямисен» атты домбыра тектес үш ішекті аспабы. Сямисенші жасы алпысты алқымдаған әйел еді. Жанында 20 жастағы шәкірті жүрді. Әлгі әйел біресе жалғыз, енді бірде шәкіртімен бірге өнер көрсеткен. Сол концертті Жапония елшілігінің өкілі қайта-қайта «бұл жай музыкант емес, арнаулы “ұлттық қазына” мәртебесі бар өнерпаз” деп айтқаны есімізде.

Шешім

Елімізге Жапония мысалы сөзсіз үлгі бола алады. Керек десеңіз әзірге арнаулы заң да қабылдап, уақыт созып қажет емес. Қолданыстағы “Мәдениет туралы” заңға өзгерістер енгізсе болғаны.

Дәйекті жазайық, заңда 15-1-бап бар. Тақырыбы “Кәсібінің өзіндік ерекшелігі бар мәдениет ұйымдары әртістерін мемлекеттік әлеуметтік қолдау”. Бұл балет бишілеріне әдейі жазылған. Қысқаша мазмұны балет бишісі белгілі бір жасқа келгенде сахнада өнер көрсете алмаған соң, зейнеткерлікке шыққанға дейін арнайы төлемақы алып отыру керек. Бұл өзі істеген соңғы жұмыс орнындағы жалақысына байланысты есептеледі.

Біз ұсынып отырған “Дәстүрлі өнердің шырақшысы” статусы да осы сияқты. Өнер иесі белгілі бір талаптарға сай болса, сол өнер өзінен басқа ешкімнің қолынан келмесе, арнайы мәртебе берілсін. Және бұл жерде балет бишісіне берілген қаражаттан көп ақша кетпейді. Барлық өнер атаулы түрлерін есептесек, “Дәстүрлі өнердің шырақшысы” деген мәртебеге лайықты бар-жоғы жүзге жетер-жетпес адам ғана шығар.

Тағы бір мысал. “Дәстүрі өнер шеберлердің білімін алып қалу, кейінгі ұрпаққа жалғау – адамзаттың негізгі міндеті” деп келеді Юнесконың рухани мұра жайлы конвенциясында. Еліміз ұлттық құндылық дегенде сол Юнесконың материалды және материалды емес (рухани) мұра жайлы қос конвенцияға сүйеніп қызмет жасайды. Бұл  7-бап (Уәкілетті органның құзыреті), 8-бап (Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының құзыреті), 9-бап (Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының құзыреті). Ал 32-бап (Мәдени құндылықтар) тіпті сол Юнесконың конвенциясы негізінде дайындалған.

Әрине, мәдени мұрамызды қорғау туралы да бап бар. Мысалға “Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің ерекше режимі” деп аталатын 34-бапта болатын-болмайтын іс нақты жазылған. Десе де бұл жолдар материалды дүниеге көбірек көңіл бөлінгені жайлы айтуымыз керек.

Түйін

Қазан айының ортасында Парламент Мәжілісі депутаттары “Мәдениет туралы” заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін жұмысты бастап кетті. Бұл жайлы ақпаратты Мәжілістің телеграм каналы жария қылды. Сондықтан біз ұсынған “Дәстүрлі өнердің шырақшысы” статусы (мәртебесі) жайлы ойымызды бір талқыдан өткізсе дейміз. Бұл жеке басымыздың пікірі емес, дәстүрлі өнер саласындағы көптеген азаматтардың ойы.

Әрине, бұл жазғанымызда жалпылама ғана тоқталып өттік. Егер сең қозғалып, “арнаулы статус” жайлы нақты жұмыстар басталса, білек сыбана кірісуге дайынбыз.

 

Рүстем Нүркенов, күй зерттеушісі