«Поэзия» номинациясы: Сыр сандық

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Qyr balasy

 

Сыр сандық

 

Тербетіле толғап өтем, бұл заманның шындығын,

Ақиқатын тарқатайын, әшкерелеп сұмдығын.

Сыр сандықтың түбі терең, іші толған сырлы ой,

Сырлы ойды ақтаратын, алмағайып туды күн.

 

Ұлтым үшін жаным құрбан, тәнім кетсін саудаға,

Қару жарақ болмаса да, аттанамын жауға да.

Құрып кетсін, күйіп кетсін дүниенің боқтығы,

Аманатын бабалардың сақтау үшін жан бар да.

 

Таразыға салса дағы гауһар менен алтынды,

Өлшенбейтін таңдар едім ар мен намыс, халқымды.

Улап жатқан, тулап жатқан, құла дерттің ордасы,

Арбап жатқан, алдап жатқан тоқтатайық ағымды.

 

Сырттан келген жын ойнаққа еліктеуде жастарым,

Сол жастарға өлең арнап ой салуды бастадым.

Сыр сандықтың бір кәдесі, жастар үшін арналса,

Өзім ашып, кейінгіге сол кәдемді тастадым.

 

Жырдың күші, жынның күшін басу үшін, құлақ түр,

Құлақ түрсең, көкейіңде ойландырар сұрақ тұр.

Тазы болып шалармысың, түлкі болса заманың,

Заманыңды түлкі сынды жын ойнағы құрап тұр.

 

Адамдықтан асып, тасып қайда кетіп барасың?!

Ар ұяттан аттағаннан қандай бақыт табасың?!

Өміріңді өзің үшін сүріп өтсең бейқамсыз,

Сонда қайтіп жазар едің қоғамыңның жарасын?!

 

Ата жолы, ана жолы үлгі болар балаға,

Сол балаңыз ұғып білсе, түртіп тұрар санаға.

Шалыс басып, адасқанның ізін жалғап барады,

Ата жолын ұмыт қылған, туған ұлдан садаға.

 

Ұрлық деген, зорлық деген түлен түртсе өршиді,

Жын ойнақтың заманында аты мүлдем өшпейді.

Қыршын кеткен жастайынан, қаншама қыз, қанша жан,

Бұл заманың оңға баспай, жас түзелмей көшпейді.

 

Ұраным  Алаш

 

Ұраным – Алаш, сақ – бабам,

Жар куә, Жаппар жақтаған.

Ғасырлар үні өшпейді,

Ұрпағы ғұрпын сақтаған.

Ұяттан безіп өлген ұл,

Тұяқтан қалғыр, шаппаған,

Ұжданы биік ұл артық,

Өлместей мұра сақтаған.

 

Қазаққа қайта күн туар,

Әлихан бастар үкімет

Алаштың туы желбірер

Міржақып туса, Ақымет! (Ахмет)

Үмітсіз – сайтан, біз – пенде,

Көкірек толы шер мен кек

Ілгері басқан – ұлы көш

Ізімен қайта гүлденбек...

 

Тегімді менің сұрасаң,

Түйдек өлең, асқақ ән.

Сұлтанмахмұт ұран сап,

Дөнентаев қостаған.

Жаяу Мұса өжетім,

Ешкімнен қорқып, саспаған.

Қалып ед қандай түйіні

Жырына Иса қоспаған.

 

Қошке менен Жүсіпбек,

Жарқыл сөзді жақұттар.

Бізді көрсе жөн сілтер,

Мәшһүр Жүсіп, Шапықтар.

Тайыр көрген тар жолды,

Тастүлек бұзар күн жұптар.

Алдыңа келді, абадан

Артыңнан ерген сарқыттар.

 

Әлихан, Ахмет, Міржақып,

Елдіктен үміт үзбеген.

Жоқ іздеген жолаушы,

Қатары шықты жүздеген.

Күн болып бәлкім шығарсың,

Көгіне қазақ іздеген.

Мойымай келед жас ұрпақ,

Батырлар салған ізбенен.

 

Кер заман бітіп керілген,

Көсіліп сөйлер күн туды.

Шер заман бітіп шырғалаң,

Шеңберден шығар күн туды.

Қара бұлт кетіп, қарайған,

Қара көз, қайсар қыз туды.

Азап күн бітіп, аждаһа,

Ұлтыңды ойлар ұл туды.

 

Азаттықтың қадірін,

Ардақтайтын күн бүгін.

Алаш десіп жас ұрпақ,

Білімнің ашсын түндігін.

Алдаспан азу бауырлар,

Арқалау керек ұлт жүгін.

Ұлтарақ жерді сақтап қал,

Ұлтыңның ұстап тізгінін!

 

Жастарға болды өнеге,

Алаштың асыл ұлдары.

Ән тербеп, көңіл әуені,

Қабдыкәрім жырлары.

Қай әншіден кем еді,

Естай ақын ырғағы.

Мені де баптап өсірген,

Осынау елдің құндағы!

 

Отаным – бақыт ордасы...

 

Бақыттымын...

Бақыттың ордасында шалқып күнім.

Отанның құшағында құлагердей,

Шабатын кең тыныстап уақыт бүгін.

 

Көз тастап қиыры жоқ атырапқа,

Ел кезіп, жер аралап отыр атқа.

Әлемнің ешбір жері жетпес анық.

Бабамның ізі қалған топыраққа.

 

Отанның тау мен тасын сүйесің әр,

Кең жерінің киіктей киесі бар.

Бір Аллаға қол жайған бұл даланың,

Қазақ деген бір ғана иесі бар.

 

Өзгертпен Отан жайлы танымымды,

Балаңмын балталатпас тамырыңды.

Сенде туған әр ақын, әр жазушы,

Билер мен әрбір батыр, ханың үлгі.

Отан ана,

Киелім, қасиеттім,

Кеше гөр, кештеу білсем қадіріңді!

 

Арайлап күншығыстан атып күнім,

Манаурап күнбатыстан батыпты мың.

Отаным шын бақыттың ордасысың,

Сенде тудым,

Сенде өлсем бақыттымын!...