«Поэзия» номинациясы: Құс қайтару (поэма)

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Таңғы шық

 

Құс қайтару

(поэма)

 

I. Томаға сыпыру

 

Тіл қататын сырлы үнменен,

Жүрсе малдың соңында.

Күмбір, күмбір, күмбірлеген,

Домбырасы қолында.

 

Сұлу сазға шомылдырып,

Өмір мәнін сезіне.

Күйге құмар болып жүріп,

Күйші атанды өзі де.

 

Шанағынан көктем құлап,

Пернесінде таң күлген.

Қатал тағдыр,

Әттең, бірақ…

сынаққа алды бал күннен.

 

Жүрген кеше қуандырып,

Жалғыз кеште жылатты.

Айдын көлін суалдырып,

Асқар тауын құлатты.

 

Күндер қайда құрақ өңды,

Қайда тәтті сырнайлы үн.

Жүрген күні мынау енді,

Қойын бағып бір байдың.

 

Адам болып жаратылып,

Көнбеді бос кірлеуге.

Тамақ үшін таң атырып,

Күн батырып жүргенге.

 

Басқаша арман өзегінде,

Өлтіруі мүмкін бе?…

Қой күзеттің кезегінде,

Шықты қашып бір түнде.

 

II. Нартауекел

 

Әлқиса, күйші жігіт байдың малынан қашып құтылды. Әкесінің құс баптап, саятшылық құратын өнері бар еді. Құс баптауды үйреткен, сол күндердің бірінде құзар биік тастың басындағы бүркіттің ұясын көрсеткен. Жігіттің есіне сол ұя түсті. Барып бүркіттің балапанын алу бекіміне келді.

 

Бабасы көксеп өткен тас баяғы,

Міз бақпайды басынан тарап аңыз.

Паң биік қарсы алдынан қасқаяды,

Бүркіт ұя салатын жалама құз.

 

Көз салып тұрды бір сәт қияға сәл,

Бұл таудың қырандары сарша кілең.

Балапанын баулыған ұябасар,

Тау сағалап ұшады таңсәріден.

 

Айналасын көмкеріп ақпа құмға,

Құзар шың "қой!" дегендей асқақ үнмен.

Жіп тартқандай жарық бар жақпарында,

Апарар соқпағы жоқ басқа мүлдем.

 

Көзсіз ерлік жанына қалқан етер,

Қол жайып тілеп алып көктен медет.

Щұлғын шешіп тастап нартәуекел,

Жартасқа жалаң аяқ кетті өрмелеп!

 

Салардай асау көңіл айға сурет,

Су құймақ кері қайтса талабына.

Аяғым тас бетінен таймасын деп.

Жағады түкірігін табанына.

 

Қарауытып жанары, құлақ тұнып,

Қара терге өн-бойы малшынады,

“Ажалмен ойнадың”,- деп бұлақ күліп,

Мазақтайды заңғардың тал-шынары.

 

Өлім-өмір тағдырын талқылайды,

Су сепкендей басылып сері көңіл.

Басы айналып, буыны қалтырайды,

Ұшатындай самал боп демі жеңіл.

 

Қапы кетпек артына жаза алмай хат,

Қайыруға келмеген сертін кері.

Жетсем деген ақ үміт ажалға айдап,

Жетем деген сенімі өлтірмеді.

 

III. Қолбала

 

Алып келіп балапанын, қонағын,

Отырғызды қақ төріне жоғары.

Тер иісі сіңген әбден көнетоз,

Көн терілі ішігіне орады.

 

Бала қыран,

Мінезі асау,

Жігерлі,

Епке көнбей, жемге келмей түнерді.

Ескі әдіспен қолға үйреніп кетсін деп,

Кесек етке қант бүркіп жіберді.

 

Тыным таппай таңнан тұрып әр күні,

Шыжым байлап шырғаға да баулыды.

Тұлып сүйреп көп түсірді  далбайға,

Боларсың деп қолбаланың алғыры.

 

Жылдар өтті,

Тағы жаңа ай туды,

Ескі сапар ертек болып айтылды.

Балапаннан баулып баққан бүркіті,

Жұрт мақтаған қыран болды айтулы.

 

Дұспан күйіп,

Досы сүйіп айтады ан,

Балапанын қорғаймын деп шайқаған.

Ұябасар іліп кете сақтаған,

Есіне алды өткен күнді қайтадан.

 

Төбесінен төніп келген бүркітті,

Жұдырықтай таспен ұрып үркітті.

Адам жүрмес жаламадан жол тапқан,

Ерлігі үшін ауыл біткен пір тұтты.

 

IV. Бәсіре

 

Оң қадам басып көп істе,

Тірлігін тапты байырғы.

Қой-ешкі толып өріске,

Үйірлеп жылқы қайырды.

 

Жар тапты жанға опалы,

Шаңырағына құт екті.

Анадан қалған ошағы,

түтінін қайта түтетті.

 

Басына бақыт қонғасын,

Бесігін шаттық тербеді.

Атадан қалған ордасын,

Сәбидың үні кернеді.

 

Ұстатпай жүрген үркіп көп,

Оралды түге ырысы.

Ат қойды ұлға "бүркіт" деп,

Құрметі құсқа мұнысы.

 

-Құлыным!- дейді, құлыным,

Ентелей өбіп әке енді.

Бәсіресіне ұлының,

Шұбар тай сатып әкелді.

 

Көзге ұрып тұрар тұрқынан,

Бітімі басқа шұбардың.

Бөлектеп алып жылқыдан,

Жалғыз кетуді шығарды.

 

Жолаушы жігіт өткенде,

Төңірекке тегіс жар салып.

Шұбар тайды айтып кеткенде,

Көп қарап еді тамсанып.

 

Қымтанып көрпе жер беті,

Оранып бұлтқа тау мұнар.

Бұзылып қырдың келбеті,

Қыстауға бүгін жауды қар.

 

Жылқышы келді дал ұрып,

Тұтыққан түрі көк түнек.

-Қотыр тайыңа жабылып,

Үйірлі қасқыр жепті!- деп.

 

-Не дейсің?- деді жалт қарап,

Найзағай жайлап кірпігін.

Іргеге қойған аққа орап,

Жұлып кеп алды мылтығын.

 

Ақ қарға ізін мөр қылып,

Шұбырған ит-құс кемерде.

Бүркітін қолға қондырып,

Соңынан өрлей жөнелді.

 

V. Адасу

 

Бір ашу көкірегін жатқан кернеп,

-Иә,тәңір несібемді ақтан бер!-деп.

Қанталап екі көзі, буырқанып,

Келеді тұман кешіп шатқалды өрлеп.

 

Тоқтады тұйықталып шатқал басы,

Қоралы тас бітіпті қапталдасып.

Тұйықтың биігіне көтерілді.

Ыңғайлы орын екен атқанға осы.

 

Із салған көбік қарға шиырымен,

Қарады қоралы тас бүйірінен.

Семіз тайдың етіне тойып алып,

Қарға аунап жатыр екен үйірімен.

 

Санады біреу, екеу… төрт, бес, алты,

Қолға алды бесатарын өртке шарпып.

Шетінен қырып жатыр топ қасқырды,

Жігіттің жету екен сертке шарты.

 

Сұлатты төрт-бесеуін шүріпті басып,

Түтіні қорғасынның бұлтты қасып.

Гүр етіп қоралы тас ауызынан,

Арланы ытқи қарғып шықты қашып.

 

"Сыналар кезің келді сұрша қыран,

Іл барып,анау қудың құрсағынан!"

Бүркіттің сыпырды да томағасын,

Көкжалдың қоя берді қыр соңынан.

 

Алғанын қолбаласын текке ұшырып,

Дегендей енді асықпай жет түсініп.

Даланың қос серсі ымырт шақта,

Ішіне қою тұман кетті сіңіп.

 

Іздеді таба алмады қос серіні,

Дедіме шініменен қош серігі.

Түн ауа тас үңгірде кетті мызғып,

Ақталмай тайдың кегі, дос сенімі.

 

. Жеңілу

 

Жігіт ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде манағы қашқан көкжал кіреді. Қасқайып қарсы алдына келіп сөйлеп тұр екен дейді:

Қасқыр:

Ей, адамзат баласы,

Көшпендімін дегізген,

Қос қанатым жылқы деп.

Қаншық қасқыр емізген,

Арғы тегім түркі деп.

Сахараның төсінде,

Айбыныңнан ай бұғып,

Атыңнан ғалам қаймығып.

Жүргеніңде дүркіреп.

Құдай көріп бөріні,

Есіңде ме емініп

Омырауымды өпкенің.

Құлыптасқа мүсіндеп,

Сенсің қуат күшім деп.

Маған тауап еткенің.

Қару кезеп ал бүгін,

Сол күніңнің барлығын,

Ұмытып қалай кеткенің?

Жігіт:

Уа, қасеке қанды ауыз,

Саған дауа барма еді.

Иә, дұрыс айтасың,

Арғы тегім ал бөрі.

Ал бөрінің тұқымы,

Малға шаппас арлы еді.

Құдайымдай құрметтеп,

Пір тұтқаным ол да шын.

Бөрі бөрі шағында,

Сатпайтұғын жолдасын.

Сенің тегің айныды,

Жемтік құмар болғасын.

Ал ендігі сыбағаң,

Құмалақтай қорғасын!

Қасқыр:

О, сал жігіт беренім,

Серісі түздің мен едім.

Айтып берші неліктен,

Атпақ болған себебің?

Жігіт:

Атпақ болған себебім,

Ауызы қанды сен едің.

Бәсіре деп балама,

Шұбар тай атап беремін.

Деп жүргенде сол тайды,

Талап жеген сен едің.

Айтып берші, ал, қане,

Неге жеген себебің?

Қасқыр:

Шұбар тайдың атасы,

Арғымақ болған желқабыз.

Менің ата-анамды,

Қуып жетіп сол жауыз.

Сенің аңшы атаңа,

Болдық талай олжа біз.

Ертең шұбар тайыңда,

Тұлпар болып кетпей ме!

Тұлпар болған сол таймен,

Ұлың қуып жетпей ме!

Онда менің ұрпағым,

Көгере ме, көктей ме!

Жігіт:

Ей, ақымақ қасқырым,

Бұрыс кетті сәлемің.

Шұбар тайдың атасы,

Салған деуге әлегін,

Бар еді қандай дәлелің?

Қасқыр:

Біз қасқырлар ежелден,

Тау мен тасты кеземіз.

Тәңір берген қасиет,

Ақ боранға төземіз.

Жеті атасын түгендеп,

Жеті жұрттың ұрпағын,

Қан иісінен сеземіз.

Қотыр тайдың кегіне,

Үйірімді қырдың сен.

Үйір-үйір жылқыңды,

Өкпелеме бүлдірсем.

Кием ұрсын демесең,

Көш, көш жылдам, көш жылдам!

Сары таудан асып көш,

Қара тауды басып көш.

Жиделібайсын өңірге,

Жетерсің бір күн үлгірсең.

Қалтыр иен тауымды,

Қалтыр иен көлімді.

Апар алыс ауылды,

Әкет түге еліңді!

Жігіт:

Тоқта қасқыр сәл ғана,

Бір сұрағым бар еді.

Қолбала қыран құсымды,

Соңынан сенің ұшырдым,

Жібердің қайда ал оны?

Қасқыр:

Оралмайды ол құсың,

Түспейді енді төменге.

Сақтап қыран болмысын,

Жүреді ұшып төбеңде.

 

Ⅶ. Күй

 

Жігіт шошып оянады.  Булығып жатыр екен. Ауылына келеді де, көшуге қамданады. Қайда, қалай баратынын ешкімге айтпай бір түнде бесіктегі  баласы мен жарын алып көше жөнеледі.

Ел шетіне шыққан соң туған жерін қимай домбырасын алып қоштасу күйін тартады.

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Құт қонған еді қонысым,

Бақ тұнған еді өрісім.

Бір түп жусаны қоралы қойға қуат болған,

Бір аяқ суы үйірлі жылқыға суат болған.

Жарлысы да ілбіс ішік киінген,

Құл-құтаны күміс кіселі, жақұт белбеу түйінген.

Кедейінің тоны да жұлдыз, нұрлы құндыз жағалы,

Түйір тасының құны дүр гауһардан бағалы.

Адасқандарға қонысынан бөліп өріс берген пейілдім,

Ашыққандарға ауызынан жырып жеміс берген мейірлім.

Сілбі ұрып, сілікпесі шығып жаурағанға шуақ болған шүленім,

Қарлы боранда қоналқы таппай қажығанға қуат болған тірегім.

Босып келгенге байлығын дарытқан,

Бөсіп келгенге айбынын танытқан,

Қағытпасы ханның өзін тағынан құлатқан,

Қара тілі қарағайдай алыптарды жылатқан.

Ұртына сөз қонғандар жандасқан,

Атан білек, бура сандар маң басқан.

Тасын қозғасаң жыланкөз бұлақ қайнаған,

Нуына кірсең жапырақтары бозторғай болып сайраған.

Майқы далам,

Саһи өңірім,

Сәруәр өмірім!

Қасиетімді ұрлап қаһарын жүргізген,

Белімнен аттап нарымды шөктірген,

Тірідей іреп қабырғамды сөктірген.

Қасқырлы дүние,

Қайырлы болсын сіздерге,

Бізден бір қалған ұйық жұрт!

 

Ⅷ. Жаңғырық

 

Содан біраз жыл кейін,

Мүмкін ғасыр…

Жұртым жасыл желекті, рухым да асыл.

Бір ауылды суатқа қарық қылып,

Қаратаудың ағатын бір тұнбасы.

 

Тарихты төңкеріп біздің шалдар…

Ұлан-асыр той маңын құзғын шарлар.

Бір-ақ күнде күз келіп іргемізге,

Бір-ақ түнде еритін мұз құрсаулар.

 

Қиыр көшіп сол күйші  мекен ауған,

Ши түбінде шикі өкпе жеке қалған.

Ту биіктен аш бүркіт құйылып кеп,

Аспанға ұшып жетімек кете барған.

 

Қайран күйші қан жұтып мың "аһ" ұрған,

Ары аспаған ағайын жұбатудан.

Бұлтқа сіңіп жоғалған жалғыз ұлы,

Ішегінен күй саулап шұбатылған.

 

Сол ішектің зар - мұңы қобызға еніп,

"Кертолғауды" тартыпты тоғыз болып…

Содан бері періге сәлем айтып,

Жерден емес, аспаннан жоқ іздедік.

 

Оралмады жалғыз ұл…

"Келер түбі…"

Домбыраның соны айтты шебер тілі.

Аңсауменен көз жұмды шерлі күйші,

Есесіне күй тірі,

Өлең тірі.

 

Айта алмаспын бұл әнді бұдан ары,

Ши сусиді…

Жетімнің жылағаны…

Ақша бұлттар ішінен анда-санда,

Бұл далаға күй саулап тұрады әлі!…