«Поэзия» номинациясы: Зылиханың сезімі

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Көбен қоңыры

 

ЗЫЛИХАНЫҢ СЕЗІМІ

 

Сезім, шіркін, бәрін де жеңеді екен,

Ешкім сенбес дүниеге сенеді екен.

Көргенімен тағдырдан теперішті,

Таңғажайып өмірге енеді екен.

 

Жазылса да тарихтың жаңа жыры,

Ескірмейді ешқашан дана сыры.

Зылиханың өшпеген махаббаты,

Бола білді Мағжанның жанашыры.

 

Мәдениетпен ұштасып адамдығы,

Адамзаттың жоғалған надандығы.

Жоқтаушысы қылды ғой күйеуінің,

Сүйгеніне арналған адалдығы.

 

Мәңгі өмір кім кепіл сүрмесіне,

Тек шаттанып қайғырмай жүрмесіне?

Іздеп барды бір емес, бірнеше рет

Мағжанды қан жұтқызған түрмесіне.

 

Асық болып ақынды көргенінше,

Іңкәрлікпен көңілін бөлгенінше.

Шырақшы боп әдеби мұрасына,

Дәріптеді жырларын өлгенінше.

 

Сенбей өтті Шолпанның сөнгеніне,

Қара бұлттың басына төнгеніне.

Зылиханың ойынша Мағжан тірі,

Көз жетпеді мүрдесін көмгеніне.

 

Айғақтаумен ақынның тірілігін,

Зыр жүгірді қастерлеп кісілігін.

Мұрағатын ақтарып көп қаланың,

Болашаққа жеткізді ірілігін.

 

Алға тартып іскер боп заман атын

Шығарғандар Мағжанның жаман атын,

Зылихаға мәңгілік қарыздармыз,

Ұлықтасақ, ақынның аманатын.

 

Ел басына нұрлы күн орнағанда,

Ақын жарын көбейді қорлаған да.

Жетпес еді Мағжанның өлеңдері

Зылиханың сезімі болмағанда.

 

Келер күннен маржан сөз теретіндер,

Өз ерінің соңынан еретіндер.

Зылиханың өмірін талқыласын,

Ақынға жар болғысы келетіндер.