«Поэзия» номинациясы: Еркіндік әні

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Arda

 

ЕРКІНДІК ӘНІ

(Үш таған)

 

СОҚПАҚТАҒЫ ДРАМА

 

«Міне, тағы да Тұйықтамын...»

Б.Соқпақбаев. «Өлгендер қайтып келмейді»

 

«Қош бол!» деп

қол бұлғады қыр да, шың да.

Қалды ауыл қауқары жоқ ырғасуға.

Тұйықтан шығар жолды табамын деп,

Жолаушы бір соқпақтың тұр басында.

 

Еске алса есіл шақты дала кезген,

Бір жылу таба алмайды бала кезден.

Аштықтан ауыр жара барын білді,

Жетімдік атқан кезде ала көзбен.

 

Жолаушы келеді, әне, қара жолмен.

Жолаушы келе жатыр дара жолмен.

Тасмейір тағдырымен тайталасып,

Келеді арпалысып әрі ажалмен.

 

Күледі... Кектенеді... Құмығады.

Еркіндік – есін алған тұнық әні.

Қайда алып бара жатыр
жалғыз соқпақ,

Төңірек енді қалай құбылады?

Сақта деп сатқындықтың кездігінен,
«Өлгендер» күбірлей ме өздігінен.

Соңына бір көлеңке сопаң етіп,

Түскенін жолаушы да сезді, білем.

Қастерлі құдды көздің қарасындай,
Беу, арман!..
Қолдан сусып барасың ба-ай?!
Аяңдап қалды неге жолаушы бұл,
Ақырғы жолбарыстай аласұрмай.

Еңіретіп ебіл-дебіл дала-көлді,

Ескен жел сұмдық хабар ала келді.
Соңына жеткені ме қу соқпақтың,
Сүйеніп қаламына қала берді
жолаушы!..

 

БОСТАНДЫҚ ЖОЛЫ

(жыр-реквием)

 

Ерліктің жолын дастан ғып,

Ер-тұрманды жастандық.

Қантүбіт қыран қанатын,

Қапыда қиып қастандық,

Тағдырдан талай жасқандық...

Нәзира жырдай назданып,

Сен солай келдің Бостандық!

 

Алағай шақта, бұлағай,

Қарындас өксіп жылады-ай!

Қаралы көшті шұбыртып,

Біз асқан бір тау – Бұланай.

 

Көш жолы – сортаң сораңды,

Қарманған талым – тораңғы.

Такла-Макан құмына,

Қанды жас сіңді, жоғалды...

 

Күлдікте қалған «жетімек»,
Апыл да тапыл жетіп ед.

Өлмеген құлға орнады,

Өгей әкедей өкімет.

 

Малыңды алдым демейді,

Жаныңды алдым демейді.

Меңіреу қылды мекенді,

Саңырау қылды Семейді.

 

Еңселі ердей ең соңғы,

Арыстар өлді – күн сөнді....

Бастырмалатқан жалаң сөз,

Баса алмай кетті кемсеңді.

 

Қары мен кәрі аралас,

Желтоқсан жетті шала мас.

Шырқырап жатты,

шырқырап,

Алаңда Арым жалаңаш.

 

Бейуаздар көріп қастандық,

Бейуақта мұзды жастандық.

Булығып тұрған өмірге,

Бұлдана келдің Бостандық.

 

Өмірге келдің, түледің.

О, менің арқатірегім!

Өлгенім тірілмесе де,

Өшкенім жанды, білемін.

 

О, менің алтын құндақтым,

Азалы  жырмен үн қаттым...

Боздақтарымның, қайтейін,

Қанымен келдің, Қымбаттым!..

 

БОЗТОРҒАЙ-ЖЫР

 

Көне дала... Көз тастап тұрағыма,

Жырдан ақтық байлайын бұлағыма.

Қалықтайды көгімде бозторғайым,

Бостандық жырын оқып құлағыма.

 

Сан ғасыр, сан мың жылда ата-бабам,

Бостандық бастауына қаталаған.

Сол үшін киелісің тәуелсіздік,

Тәттісің немередей апалаған.

 

Көздерінен сәбидің көрем сені.

Жүрегімнің төгіліп өлең селі.

Сені көрем ән салса қыз-бозбала,

Сені көрем қарсы алса ел еңселі.

 

Жаннан артық көретін ардың өзін,

Тәуелсіздік – қазақы бар мінезім.

Туған жердің жалғыз түп жусанында,

Тұнып тұрған көркіңді шалды көзім.

 

Сені қорғау сын бізге енді ерлікпен,

Ерленесің еліңе сенгендіктен.

«Оттан ыстық...» дегенді айтты қазақ,

Отанынан адасып көргендіктен.

 

Енді тағдыр кешпейін алабөтен,

Уа, бостандық – дара жол, дара мекен!

Сен «мың да бір тірілдің»

мұзды жарып,

Мен өзіңді мәңгілік алау етем!