Грим жасау тек театрмен шектелмейді
Грим мамандығы бойынша Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алған Замира ІІ курстан жұмысқа араласқан. «2008 жылы алғаш «Қазақфильмде» «массовкаға» көмекші ретінде істедім. «Біржан сал» деген кинокартинаны түсіруге Көкшетауда екі ай болдық. Негізі бас суретші-гример, басты рөлдегі актерлердің суретшісі, жаппай көріністің гримері (гример массовых сцен) деп бөлінетін, соның ассистенті едім. Кімге, қандай грим жасайтынын көрдім. Үшінші курста ұстазым Виктор Алексеевич Щербаков Мұхтар Әуезов театрына әйелдердің гримері ретінде шақырды. Онда образдың барлығы драмалық еді», – дейді ол.
Гримерлік кәсібін осылай бастаған Замира «Астана Операға» келмей тұрып, теледидарда да бағын сынаған.
– Бүгінде гример маман өте қат. Сырткөзге елімізде театр аз болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, әр театрдың артында қаншама әртіс, қанша биші-әнші бар. Ал олардың жұмысын көрерменге паш ету үшін бірталай жан еңбек етеді. Грим жасау тек театрмен шектелмейді. Сіздер білетін грим жасау өз ішінен бірнеше салаға бөлінеді: суретші-гример, визажист, шаштараз, ассистент. Әрқайсысының өз міндеті, өзінің атқаратын жұмысы бар, – деген Замира Ермағанбетова театр мен киноның гримінде айырмашылық жер мен көктей екенін жеткізді.
Оның айтуынша, кинодағы грим табиғи, адамның табиғатына жақын болады. Бояуы тым қатты болса, камераға түсіргенде ерсі, жасандылығы байқалады. Тіпті, кинодағы сақал-мұрт театрдағыдан өзгеше. Теледидарда макияж нәзіктеу келеді. Ірі немесе орта планда түсірілсе, бояу да өзгереді. Бірінен-біріне өткенде үйлесімділік сақталған жөн.
«Біздің өзімізде үлкен зал мен камералық залда қойылатын қойылымның бояуы екі түрлі. Үлкен залға қанықтау істесек, кішісіне солғындау түседі. Гримге пайдаланатын бояу да бөлінеді. Мәселен, театрда қолданатын косметика киноға мүлдем жарамайды. Теледидарда да, кинода да, театрда да жұмыс істеген жан ретінде мұның бәрін жақсы білемін. Қай-қайсынан аларым да, үйренерім де көп болды. Десе де, жаныма жақыны театр. Грим жасауды оқып-тоқыған аздық етеді, кәсібилік үздіксіз еңбек пен тәжірибенің арқасында келеді. Кімде-кімнің гримдеуге қызығушылығы оянса, тынбай жұмыс істеу үшін табандылық қажет. Себебі әр жасаған сайын қолың да машықтанады. Уақыт өте қолының ептілігі көз ілестірмейді. Әр грим жасай отырып ләззат аламын», – дейді суретші-гример.
«Қойылым біткенше сахнаның артындамыз»
«Астана Операда» жұмыс істеген 8 жылда Замира талай нәрсені басынан өткергенін айтты. Цех меңгерушісі – Серік Басбаев. Онымен бірге штатта тағы оннан астам гример бар. Келісімшартпен істейтін де гримерлер жеткілікті. Ер және әйелдің гримері деп екіге бөлінеді. Оның ішінде опера және балет солисі, кордебалет әртісі, балет әртісі, хор әртісі, мимас деп тағы таралған.
– Әрбірінің өз гримі бар. Оның бәрін біз жақсы білеміз. Әр гример өзінің жұмысына тиянақты. Кейбірі сырқаттанып, аяқасты бір-бірін алмастыратын кезде оның не істеу керегін білеміз. Өз басым қойылатын спектакльді, әртістердің аты-жөнін, кім, қандай рөлде ойнайтынын, оған қандай образ жасағаны, не таққанын бәрін дәптерге жазып отырамын. Кенеттен өзге біреу мені алмастырса, әлгі жазбамды қарай салады. Жұмысы әлдеқайда жеңілдейді. Кейде әртістер ауысып жатады. Бет-әлпетке қарай грим де өзгереді, – деді Замира Ермағанбетова.
Айтуынша, дәл спектакль күні гримерлер өз үстелін реттеп, қажетті құрал-жабдықтарымен толтырып қояды. Негізі әртістерге грим ертерек жасалады. Опера әртістері мен хор әншілері дауысын орнына келтіруге, ал балет бишілері денесін қыздырып алуға тырысады.
– Арасында әртістің бәрі бір мезетте келіп қалады. Бәрін бір уақытта істегенде тыным таппай кетеміз. Бұл іске қатысы жоқ адамға гримдеу күрделі көрінуі мүмкін. Грим жасау – қиын емес. Оны жиі-жиі жасаған соң қол үйренісіп кеткен. Солистердің гримі қиын болса, оған уақытты көбірек бөлеміз. Грим образға сәйкес болуы тиіс. Егер әртіске грим ұнамаса, ол да өзін еркін сезінбейді. Арада үйлесімділік үзілсе, әртіс те образын көрерменге жеткізе алмайды, – деген маман өзіне жүктелген міндеті бітсе, арғы жақтағы хор мүшелерін гримдеуге көмектесетінін сөз етті.
«Ол жақтың гримерлері «жігіттерге осындай, қыздарға осындай грим» деп ескертеді, сол бойынша істейміз. Грим болмаса да парик кигізіп, шиньен мен әшекейлерін тағысамыз», – дейді суретші-гример.
Артынан гримге қажетті заттарды өздерімен бірге салып алып, қойылым біткенше сахнаның артында солистердің гримін қадағалап, бақылауда ұстайды. Қажетінде гримді жаңалап, өңдеп отырады. «Грим барысында пайдаланатын құрылғылар арнайы сөмкеге жинақталады. Өз ішімізде «помощник» дейміз. Бірде сақадай сай дайындаған "көмекші сөмкемен" сахнаның артында әртістің шығуын күтіп тұрғанмын. Сол арада қыздардың бірі ескертпестен, оның ішінен «щетканы» пайдаланып, орнына қоюы есінен шыққан. Қырсық шалғанда, әртістің гримін түзеп жатқанда дәл соны іздей бастаймын, оны байқаған қыздар жүгіріп әкеп бергені бар», деген маман жұмыс барысында тосын жағдайдың арагідік болатынын жеткізді.
Қойылымның заттары 2-3 күн бұрын дайындалады
Замира Ермағанбетованың айтуынша, бірінші актіден кейін бір мезетте әйелдердің шаш үлгісін өзгерту не болмаса бозбаланың рөлінен ересек азаматқа айналдыру керек болады.
– Біз ондайды «перегрим» деп атаймыз. Негізі көп уақытты алмайды. Өзімізге де, әртіске де ыңғайлы болу үшін тез арада бітіреміз. Қиын дегеннің өзі 5-10 минутта істеледі. Бәрі уақыттың тығыздығына байланысты жылдам дайындалады. «1-2 минутта істелуі тиіс» дегенде мойныңа артылған жүк еселене түседі. Бозбаладан жасы ұлғайған немесе қарт кісінің кейпін жасауға бәрібір уақыт керек. Әлгі жерде сақал-мұрт жабыстырып, әжім салуда ептілігің сыналады. Жай ғана парикті ауыстыру уақытты алады. Әртістің басына дәлме-дәл келуі тиіс және орнынан жылжып, түсіп қалмас үшін шпилькамен қадауымыз керек. «Үлгерейік» деген жанталаста біз ғана емес, әртіс те қобалжып кетеді, – дейді Замира Ермағанбетова.
Гримердің сөзінше қай әртіске қандай парик кигізу керегі белгілі. Себебі, әр парик қай әртістікі екені алдын ала өлшеніп, есімдері жазылады. Тіпті, сақал-мұртқа дейін белгіленеді. Біреудікі біреуге ауысып, шатасуы да мүмкін емес, – дейді ол.
– Мәселен, бүгінгі спектакльдің асай-мүсейін 2-3 күн бұрын қоймадан әкеліп, тазалап, бүлінсе өңдеуге тырысып, қалпына келтіреміз. Қойылым біткеннен кейін пайдаланылған зат түгелімен қоймаға қойылады. Шаң басып жатып қалса, да кейбірінің өңі кетеді. Мысалы, «Мадам Баттерфляй» немесе «Спартактағы» париктерді тазалап, тарап, бұйралап, қалыпқа келтіру үшін екі күн бойы отырдық. Бір кезеңде парикті қолдан өзіміз жасадық. Біреуін 1 ай тігіп, жартылай тақыр парикті жасауға жарты ай уақыт кетеді, – деді ол.
Замира Ермағанбетованың айтуынша, жаңа спектакль барысында кішкене іркіліп қалатынын жасырмады. Қоюшы-суретші әртістің образы қандай болуы керегі жайында эскиз көрсетеді. Олар соған қарай қажет заттарды реттейді. «Әрине, грим эскиз бойынша жасалады. Арасында қоюшы-суретші алып-қосары болса, өзгертуге құқылы. «Мына жерін былай істе, алып таста» деп пікірін қосады. Осындай ізденіс кезінде бізге уақытты шектемейді. Қолымыз икемделіп алса, перегрим он секундта істеледі. Әртіс сахнадан жүгіріп келгенде асай-мүсейімізбен дайын тұрамыз. Өз ішімізде бірден «төртқол», «алты қол» деп айқай сап, екі-үшеуміз бірлесіп кетеміз. Бірі парик кигізсе, екіншісі беттің әжімін салады», – дейді суретші-гример.
Суретшіліктен басталған жол
Замира Ермағанбетова кішкентайынан суретке қатты қызыққан. Өйткені әрқашан көз алдында әпкесі сурет салып, қылқалам мен қағаздан қол үзген емес.
«Әпкемді қашан көрсем де қағаздың ортасында, бас алмай бірдеңе істеп отыратын. Оны маған ұстатпақ түгілі, көзіме көрсетпейтін. Балалық қой, әлгіні тыққан сайын «ол не?» деген қызығушылығым одан әрі оянады. Оқта-текте әпкемнің әлгі дүниесі қолыма түсті. Ішін ашып қарасам, әдемі суреттерге толы. Осыдан кейін қалай тыныш отырасың?! Анама барып, сурет салғым келетінін айттым. Ақыр соңында 8-9 жасымнан көркемсурет мектебіне жазылдым», – деді ол.
Мектептен кейін суретшілік жолды таңдап, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына тапсырмақ болады. Алайда соңғы сәтте басқа мамандыққа таңдауы түседі.
– Кабинет-кабинетті аралап, есігі ашығын қарап жүргенімде көзім маникенге түсті. Классикалық үлгіде киіндірілген. Паригі де соған сай екен. Киімге қатысты нәрсе екенін бірден түсіндім. Бірақ грим деген ойыма кірмепті. Соның арғы жағына бас сұқсам, адамның бет-әлпеті жайында сөз қозғап жатыр. Оған да мән бермей өте шықтым. Соңымда жүрген анам «әлгі жаққа қайта барайықшы, қызықты секілді» деп әлгі жерге қайта оралдық. Адамның көптігінен бас сұғар жер таппадық. Сол кезде «біраздан кейін келіңіздер, біз жасап тастайық» дегенді естіп, бір айналып келдік. Сөйтсек, көрсетілімге дайындалып жатыр екен. Адамның түр-келбетін мүлдем өзгертіп тастаған. Қалай жасағанын түсіндіріп тұрған кісі кейін өзімнің ұстазым болды. Есімі – Виктор Алексеевич Щербаков. Өкінішке қарай, дәм-тұзы таусылып, көз жұмды. «Қызым, мына мамандық қызықты секілді. Мұнда бір суретшілікпен ғана шектелмейсің, бағыңды сынап көрсеңші» деді. Сөйтіп, осы мамандықты таңдауыма себепкер анам еді, – дейді Замира Ермағанбетова.