Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар білім беру және баланың құқықтарын қорғау, сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие мәселелеріне қатысты заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бала құқығын қорғайтын заң жобасы мақұлданды
186
оқылды

Білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты түзетулер туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады. Заң жобасына қосымша білім беру ұйымдарын хабардар ету тәртібі енгізіледі. Енді олар білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларды өз қызметінің басталуы немесе тоқтатылуы туралы хабардар етіп, рұқсат құжаттарын ұсынуы тиіс. Өзгерістер тех­никалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне де қатысты болады.

– Бүгінде еңбек нарығының талап­тарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін кол­ледждер жүйесіне онлайн-оқытуды енгізу ұсынылады. Бұл өзгеріс өндіріс­тен қол үзбей кадрларды даяр­лау мәселесін шешуге бағытталған. Студенттерге оқу мен еңбек қызметін үй­лестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беріледі. Тех­никалық және кәсіптік білім беру жүйесіне академия­лық ұтқырлық қа­ғидаты енгізіледі. Ол студенттерге қа­зір­гі уақытта қол жеткізе бермейтін озық инфрақұрылымы, жабдықтары мен ресурстары бар колледждерде оқуға жол ашады, – деді министр.

Түзетулерде мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсету көзделген. Осылайша, білім беру ұйымдарының меншік нысанына қарамастан, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары са­на­тындағы барлық мектеп оқушыларына бірдей көмек көрсету мақсатымен әкімдіктердің құзыреті кеңейеді.

Жұмыс тобының жетекшісі Айна Мысырәлімованың айтуынша, жобада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылдаушы отбасыларға немесе мемлекеттік мекемелерге тағайындалғанға дейін бола алатын кәсіби қабылдаушы отбасының тұжырымдамасы заңдас­тырылған. 

– Заң жобасы мұндай балаларды кәсіби қабылдаушы отбасыларға беру тәртібін реттейді. Кәсіби қабылдау­шы тәрбиешілерді таңдау, оқыту және оларға сыйақы төлеу тетіктерін, олардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ осы отбасылар мен қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимыл нысандарын айқындайды, – деді Айна Мысырәлімова.

Баяндаманы тыңдаған депутаттар Үкіметтің жауапты мүшелеріне жобаның жекелеген нормалары бойынша сұрақтарын қойды. Талқылау қорытындысы бойынша, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Түзетулерді одан әрі пысықтау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Жалпы отырыста Парламент депутаттары бастамашы болған әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Ол азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің бірыңғай жүйесін құруға және осы жұмысқа барлық мемлекеттік органды, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді тартуға бағытталған.

Заң жобасының авторы Айгүл Құспан түзетулер «әскери-патриоттық тәрбие» және «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» ұғымдарының мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқындайтынын айтты. Осы норма аясында респуб­ликалық және өңірлік деңгейлерде әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады. 

– Заң жобасын қарау барысында депутаттар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар түзету ұсынды. Осыған байланысты заң жобасы мазмұндық жағынан да, тұжырымдамалық жағынан да біршама жақсарды, – деді Айгүл Құспан. 

Жұмыс тобының жетекшісі Юлия Кучинская қосымша баяндамасында депутаттар заң жобасын қарау барысында азаматтарды әскери есепке алу және мерзімді әскери қызметке шақыруды жетілдіру, оның мерзімін кейінге қалдыру мен босатудың әділ жүйесін құруға қатысты түзетулер ұсынғанын атап өтті. Түзетулердің тағы бір бөлігі әскери міндеттілерді әскери даярлау және қайта даярлаумен қамтуды кеңейтуге бағытталған.

– Азаматтарға тұрғылықты жері бойынша ақылы негізде әскери дайын­дыққа қатысуды немесе курстық әскери дайындықтан өтуді таңдау мүмкіндігі беріледі. Оқу кезінде әскери міндеттілер әскери жиындарда өтетін барлық оқу курсынан өтеді, – деді Ю.Кучинская.

Сондай-ақ заң жобасында Мемлекет басшысының мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған өзгерістер қарастырылған. Атап айт­қанда, әскерге шақырылуға жататын азаматтар медициналық комиссиядан өту кезінде олардың жұмыс орнын, лауазымы мен жалақысын сақ­­тау ұсынылып отыр. Оқуын жалғастыру үшін кейінге қалдыруға құқығы бар, бірақ өз еркімен әскери қызметке шақырылған азаматтардың да оқу орны сақталады. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметін өтеген, әс­ке­ри қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан азаматтар үшін мемлекеттік білім беру грантын өтеу міндетін алып тастау ұсынылған. Бұдан басқа да стан­­­дарттар әзірленді. 

Сонымен қатар Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Депутат Дәулет Мұқаев Премьер-­Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында квадробер атауымен белең алып жатқан субмәдениет жайлы мәселені көтерді. Адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүретін субмәдениет түрін еліміздегі балалар мен жас­өс­пірімдерге төніп тұрған қатер екенін түсіндірді.

«Мұндай оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерді. Бұл бұл ма?! Әлеуметтік желідерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдас­тыруда. Ал батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануар­ша дыбыстауды шығарған. Бұл субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылуда. Ең қорқыныштысы, балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Біз бұл мәселенің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айырылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процесі алға шықты. 

Әлем елдері дабыл қағып, балаларға ерекше көңіл бөлуге шақыруда. Балалардың бұл дүниеге қызығушылығын байқағанда, ата-аналарға атүсті қарамай, дереу әрекет етуді ескертуде. Бұл – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның және мемлекеттің назар аударарлық мәселесі. Біз болып, сіз болып бұл мәселеге әлеуметтік және құқықтық тосқауыл жасап, әлеуметтік желілерді қатаң бақылауымыз қажет.

Бүгінде Ресейде бұл мәселе бойын­ша заң қабылдау талқыланса, өзбек халқы ата-анаға міндеттерін дұрыс орын­дамағаны үшін айыппұл салу мә­селесі қолға алынған. Мұндай әлеу­меттік трендтер жылдам етек алуына байланысты, шұғыл әрекеттерді талап етеді. Балаларымыздың болашағы мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы керек», – деді Д.Мұқаев.

Депутат өз кезегінде біздің елде де құзырды органдар бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын алу шаралары бойынша кешенді шаралар қабылдауға тиіс екенін атап өтті. 

Келесі депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Абзал Құспан депутаттық сауалында Президент Жарлығымен 2021 жылы 15 қазанда бекітілген «Қазақстан Рес­публикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» елдің құқықтық жүйесін дамытуды көздейтін маңызды құжат екенін айта келіп, құжаттағы кей талаптардың қа­зіргі кезде орындалуы жеткіліксіз дәрежеде тұрғанына тоқталды. 

«Кәсіпкерлерге қатысты тергеу жүргізу құқығы Қазақстанда бірнеше құқық қорғау органының құзыретінде. Атап айтқанда, арнайы прокурорлар, ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі (ҚМА/АФМ), сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (Антикор) бизнесті тергеуге қатысу өкілеттіліктеріне ие.Бұл құрылымдардың көптігі бизнес­ті қорғау саласындағы тәртіпті нығайтуға кедергі келтіреді. 

Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, бизнеске негізсіз жауап­кершілік жүктеу мен тексерулерді азай­­­ту міндеті қойылған. Салық заңнамасының орындалуын қадағалау – салық органдарының тікелей міндеті. Бас мердігерлерді субмердігерлердің салық міндеттемелері үшін жауапкершілікке тарту әділетсіз және кәсіпкерлікке заңсыз қысым көрсетуге әкеледі», – деді депутат.

А.Құспан былтырдан бері әр­түрлі кәсіп иелерінен түскен арыз-­шағымдардың кейбіріне тоқталып, мұндай жағдайлар кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, жалпы аймақтағы әлеуметтік тұ­рақтылыққа да теріс әсер ететінін тілге тиек етті. 

«Осы аталғандардың негізінде, Үкімет басшысынан кәсіпкерлерге қатысты тергеу жұмыстарын жүргізетін органдар санын қысқарту және салықтық тексерулерге қатысты бизнес субъектілердің жауапкершілік шегін анықтау бағытында нақты заңнамалық шаралар қабылдауды, ал Бас прокурордан Маңғыстау өңіріндегі құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін үйлестіру арқылы кәсіпкерлерді негізсіз қысымнан қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауды сұраймыз. Біздің алаңдаушылығымызды тудырып отыр­ған істерді бөлек тізімде ұсынамыз», – деді А.Құспан. 

С. БЕГІМБАЙ