Парламент Мәжілісіне Түркістан облысынан сайланған Темір Қырықбаев жуырда Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге мақта шаруашылығын дамыту және мақта бағасының тұрақсыздығына қатысты депутаттық сауал жолдады. Онда қазір Түркістан өңірінде мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылым бар, онда Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сауран, Ордабасы, Арыс, Отырар, Бәйдібек, Келес аудандарының тұрғындары жұмыс істейді, яғни 70 мыңға жуық адам осы мақта арқылы күн көріп отыр. Елімізде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспортқа тәуелді болуда. Сол себепті Түркістан өңірінде мақта бағасының тұрақсыздығы егемендігімізді алған жылдан бері еш шешілмей келеді. Бұл мәселе бойынша диқандар Үкімет үйіне, Парламент қабырғасына, Ауыл шаруашылық министрлігіне талай рет барды, алайда мәселенің шешімі табылар емес, екенін атап өтті Мәжіліс депутаты.
Бүгінде биржа индексі 84,5 бірлікті құрап отыр, теңге бағасына шаққанда тоннасы 238 мың теңгені құрайды. Мақта нарығына шетелдік компаниялардың (трейдерлік) қызығушылықтарының төмендігінен, шитті мақтаны қабылдау бағасы биыл тоннасына 150-190 мың теңгеге болжамдалған. Мәселен, басқа мемлекеттерде өндірілген өнімнің сатылым бағасындағы шығынның айырмашылығы мемлекет есебінен төленіп отыр. Осы тәжірибені біздің мемлекетімізде мақта дақылын өсіріп жинаумен айналысатын шаруаларға енгізіп, мақтаға жұмсалған шығынды мақта бағасындағы айырмашылығын мемлекет есебінен төлеп отыруды қолданысқа енгізу қажет деп санайды Темір Базарбайұлы.
Сонымен қатар Түркістан өңірінде мақта өңдеу зауыттары өндірістік шығындарды төмендетіп, өнімді сатып алу құнын ұлғайту бойынша Мақта өңдеу зауыттарына электр энергиясын көтерме бағада сату жөнінде өз ұсыныстарын білдіруде. Мақта зауыттары алдыңғы жылдары 1 квт пайдаланылған электр энергиясына – 27 теңге төлесе, 2024 жылдан бастап 1 квт – 37 теңге төлеп отыр. Көтерме бағаны пайдалану үшін орташа тәуліктік (базалық) қуаттың кемінде 1 МВт көлемін тұтыну керек. Алайда облыстағы мақта өңдеу зауыттары мұндай көлемде электр энергиясын пайдаланбағандықтан, аталған жеңілдікті пайдалану мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан 1 МВт шектік норманы 0,5 МВт дейін төмендету керек шығар?! Тағы айта кететін жайт, Түркістан облысында қауын-қарбыз, қырыққабат егіншілігімен айналысатын шаруалар осы егуге жұмсалған шығындарды өтей алмай жүр. Осы және мақта мәселесін тез арада шешпесе, диқандардың күнкөріс деңгейі төмендеп кетуі әбден мүмкін екенін қадап айтты.
Темір Базарбайұлы өзі сайланған Түркістан облысына қатысты бұдан өзге де талай мәселенің түйінінің тарқатылуына себепші болды. Өзінің сайлауалды бағдарламасында қамтылған «Дарбаза–Сарыағаш–Мақтаарал» теміржолының жобасы 2023 жылғы 25 қарашада бастау алды. Бүгінде жергілікті әкімдіктер учаскілерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарымен айналысуда. Жобаның құны – 286,9 млрд теңге, ұзындығы – 152,3 шақырым іске асырылу кезеңі 2023-2026 жылдар аралығы. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін шамамен 10 млн тонна қосымша жүк ағынын тартуға мүмкіндік беретін болады.
Сонымен бірге республикалық маңызы бар А-15 «Жыззақ–Гагарин–Жетісай–Асықата–Қызыләскер–Сарыағаш–Жібек-жолы» 102 шақырым айналма жолының құрылысын жүргізуге қазір оң қорытынды алу үшін жоба бойынша әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме «Мемсараптама» РМК-ға жіберілген. Құрылыстың құны шамамен 200 млрд тенгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдан басталады деп жоспарлануда. Осынау екі күрделі құрылыс Темір Базарбайұлының тікелей бақылауында жүзеге асып келеді.
Бұл – ықпалды Парламенттің бір көрінісі.
Назгүл НАЗАРБЕК