Тегеурінге төзімді сала

Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырған.

«Осы саланы табысты дамыту үшін инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ететін пәрменді ынталандыру шараларын қысқа мерзімде қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме бағаларды белгілеу керек. Газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғысынан алғанда бұл шаралар өте маңызды. Әйтпесе, экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз ету мүмкін емес», – деді Президент. Себебі соңғы жылдары геологиялық барлау ісіне тартылған инвестиция көлемі азайып барады. Мысалы, 2013 жылғы салаға құйылған қаражат 1,2 млрд доллар болса, былтыр оның көлемі 4 есеге жуық қысқарып, 320 млн долларға жеткен. Бұл туралы Астанада өткен Dialogue Investment Forum бизнес-форумында KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Жандос Нұрмағанбетов атап өтті.

Жиында таза энергетикаға жаһандық көшу жағдайындағы отандық мұнай-газ саласының болашағы талқыланды. «Қазақстанның мұнай-газ саласындағы инвестициялық мүмкіндіктері» панельдік сессиясында мұнай-газ секторының өкілдері еліміздің көмірсутек секторындағы артықшылығын экономикалық өсу драйверіне айналдыру жолдары туралы пікір алмасты. 

Сарапшылардың сөзінше, саланы жаңғырту үшін геологиялық барлауға инвестицияны арттырып, мемлекет пен бизнес мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстанның мұнай-газ саласына ондаған миллиард доллар инвестиция құйылған. Соның арқасында еліміз бүгінде мұнай өндіруші держава мәртебесіне ие болып отыр. 

Жиында сөз алған Президент кеңесшісі Болат Ақшолақов қолайлы инвестициялық ахуал жасау үшін мемлекет пен инвесторлардың мүдделері арасындағы теңгерімді табудың маңыздылығы туралы былай деді: «Біз әлеуметтік аспектіні, яғни табиғи ресурстардан түсетін кірістерді әділ бөлу мәселесін қатаң ескеруіміз керек, өйткені жер қойнауы халыққа тиесілі».

Сонымен қатар ол белсенді геологиялық барлаудың жоқтығы мен ресурстық базаның нығаймауы болашақта ресурс тапшылығына әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Б.Ақшолақовтың айтуынша, экономиканың көптеген саласы әлі де мұнай химиясына тәуелді. Сондай-ақ мұнай-газ саласын трансформациялау және осы сала үшін тұрақты инвестициялық ахуал құру қажеттігі туралы сөз етті.

Ол индустрия климаттық сын-қатерлердің әсерінен өзгерістерге ұшырап жатқанын және Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі саласындағы бейтараптыққа ұмтылатынын атап өтті. Әрине, бұл күрделі шешім мемлекет пен инвестор мүдделері арасындағы тепе-теңдік сақтауды талап етері анық.

«Конституция бойынша жер қойнауы халыққа тиесілі. Біз осы жобалардың кіріс­терін инвестор мен мемлекет арасында әділ бөлу сияқты әлеуметтік аспектілерді ескеруіміз керек. Бұл үшін жергілікті жеткізушілер мен өндірісті қолдап, дамыту қажет. Инвестициялық климат үшін де оның әсері мол. Тағы бір маңызды аспект – барланған мұнай қорын құру. Егер бүгін геологиялық барлаумен, активтердің өсуімен айналыспасақ, ресурстық базаның тапшылығына кез болуымыз мүмкін. Ал тұрақты қорлар ірі зауыттар мен кәсіпорындар үшін маңызды», – деді кеңесші. 

Бүгінде Қазақстанда өндірілетін 100 миллион тонна мұнайдың бестен бір бөлігін ғана пайдаланады, ал қалған 80%-ы экспортқа жұмсалады. Оның айтуынша, егер көмірсутек шикізатын экспорттайтын нарықтар жасыл энергияға жылдам бет бұрса, біздің отандық пайдалы-қазба ресурстарына деген сұраныстың төмендеу қаупі бар.

– Жалпы қоса есептегенде, елімізде өндіретін ресурстардың қоры 70 миллиард тоннадан асады. Бұл қазіргіден 10 есе көп. Бірақ оны игеру үшін, ең алдымен, мұқият геологиялық барлау жүргізу қажет. Екіншіден, бұл ресурстарды қайда және қашан бағыттау керектігін анықтау маңызды. Егер нарық оларды жақын арада қабылдауға дайын болмаса, біз барлау жұмыстарын жүргізіп, бұл қорларды болашақта сұраныс жоғары болатын кезеңге дейін сақтай аламыз, – дейді Б.Ақшолақов.

Ал Dasco Group басқарушы серіктесі Дармен Сәдуақасовтың пікірінше, әлемдік нарықта мұнай-газ өнеркәсібінің қарқыны жақын арада бәсеңдемек емес.

«Бүгінде тұтынушылар арасында элек­трлі көліктердің танымалдығы арта түсуде. Бұл, әрине мұнай өндірушілерге, оның ішінде Қазақстан үшін де белгілі бір деңгейде қауіпті. Дегенмен мұнай-газ-химия өнеркәсібі көмірсутекті тұтыну көрсеткішімен салыстырғанда серпінді түрде алға жылжиды. Мұнай-газ саласы тірі организм секілді сын-тегеуріндерге жауап береді және бейімделеді. Сондықтан әлемдегі мұнай-газдың рөлі ұзақ уақыт бойы жоғары болып қала бермек», – дейді ол.

KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Жандос Нұрмағанбетовтың айтуынша, геологиялық барлауға жұмсалатын қаражат негізінен қолданыстағы жобалардың қосымша барлау ұңғымаларына бағытталды. «Жаңа ашылулардың болмауы алаңдаушылық туғызатыны анық. Біз бұл бағытта дамуға инвестиция салмаймыз және бұл мұнай өндірудің төмендеуіне әкелуі мүмкін», – деді спикер.

Оның айтуынша, 2023 жылы өндірілген 89,9 млн тонна мұнайдың 60 млн тоннасы Қашаған, Қарашығанақ және теңізге тиесілі. Сондай-ақ тәуелсіз компаниялар бүгінде өндіру көлемін айтарлықтай азайтқан. Ж.Нұрмағанбетов мұны осы ұйымдардың ішкі нарыққа мұнайды төмен бағамен жеткізу бойынша міндеттемелерімен байланыстырады. Бұл оларға дамуға инвестиция салуға – жаңа учаскелер сатып алуға және зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бермейді.

Мұнай-газ өткеннің еншісіндегі өндіріс деу – жаңсақ пікір, бұл – болашақта да көп мүмкіндік ұсынбақ. Бүгінде еліміздің мұнай-газ секторы экономиканың қозғаушы күші болып отыр. Мысалы, 2023 жылы ЖІӨ-дегі мұнай-газдың жалпы қосылған құнының үлесі 16,2%, ал шығарылған өнім құны 20,14 трлн теңгені құрады. Ал 2024 жылы 95,4 млн тон­на мұнай және 60 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Оның едәуір бөлігі экспортқа жұмсалады. Дегенмен ұзақмерзімді перспективада өңделген өнім үлесін ұлғайту мен дайын мұнай өнімдерін сатуға басымдық беру қажеттілігі азайған емес.

KAZENERGY бас директоры Жандос Нұрмағанбетовтың айтуынша, Қазақстанның мұнай өндіру әлеуетін толыққанды іске асыру үшін еліміздегі өндіру деңгейін арттыруға және қосымша шетелдік және ішкі инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін перспективалы бағыттарды дамыту аса маңызды.

«Ол үшін, ең алдымен, мұнай өндіруді арттыру мақсатында жаңа технологияларды енгізу, дәстүрлі емес көмірсутектерді барлау және өндіру, қорлары 300-500 мың тоннаға дейінгі оқшауланған кен орындарын игеруге тарту, мұнай-газ химиясы өндірістерін дамыту және мұнай және мұнай өнімдері нарықтарын либералдандыру қажет», – деді сарапшы.

Кәмила ЕРКІН