Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Қара киімді адам
116
оқылды

 

Бүркеншік аты: Көксерке

 

ҚАРА КИІМДІ АДАМ

(әңгіме)

       Түн...

    Аспанды қорғасындай қою, зіл батпан, қорқынышты қара бұлт торлаған. Анда-санда, астаң-кестең болып күркіреген күнмен астасқан, найзағайдың алапат жарқылы терезеден төніп жанарыңмен түйіседі.

     Күлімсі иіске көмілген қараңғы қапырық тар бөлме. Жантайған адамның жамбасына бататын сүзілген жұқа матрас төселген ағаш төсек. Бір бұрышта ернеуінен асып төгіліп қоқыс жәшігі тұр, іші толған темекі қалдықтарымен пісте  қабықтары және шала-пала ішіліп, төгіліп шашылған сыра шөлмектеріне сүрініп жығылуға болатындай.

   Бұл қала шетіндегі тау бөктерлей өскен жымысқы орман ортасында оқшау орналасқан екі қабат мейрамхананың күзетшілерге арналған шағын бөлмесінің сиқы. Ішінде менен басқа тірі жан жоқ. Қаңғырлаған қалбыр секілді бос бөлмелер.Бұл жерде бірінші рет болғаннан ба елегізіп елеңдеп көзім ілінер емес. Іш пыстырмаудың қамын жасаймын деп ескі-құсқы кітаптар алып келгем.  Белгісіз себептермен кібіртіктеп оқығым келмеген соң басыма қойып жастық ретінде қолдандым. Қыбыр етпестен шалқамнан жатырмын.  Кенет үстіңгі қабаттағы ас даярлайтын бөлмеден ыдыс аяқтың салдыр-күлдір еткен ащы дауысы құлағыма кеп кұйылды, қолайсыз ауа райымен қосыла шыққан бұл дыбыстан кеудемді үлкен үрей биледі. «Қорыққан ға қос көрінеді» деген деп өзімді алдарқатып бойдағы үрейді  жеңіп ұмытуға тырыстым. Қалта телефоныммен достарыма тіл шалып уақыт оздырғым келді.Ол да мүмкін болмады, себебі қарызға алынған бірліктің уақыты бітіпті,оның үстіне қуат көзі отыруға шақ қалған екен, үнемдейін деп үнсіз ғана қалтама салып қойдым.

       Екі көзім алақ-жұлақ етіп тың-тыңдап жатырмын. Сыртта сіркіреп, жанталасып жаңбыр жауып тұр. Құлағыма тағы да белгісіз дыбыстар еміс-еміс естіле бастады. Мен жалғыз емес екенмін. Екінші қабатта біреудің жүргенін анық сездім, арлы берлі жүріп, біресе есіктерді ашып-жауып, біресе қол жуғыштың шүмегіндегі суды сарылдатып, ойына келгенін істеп мені мазақ қылып жүрген секілді. Адамба? Аңба? Кімбе? Неме? Белгісіз. Жүрегім атқақтап маңдайымнан салқын тер шығып, таңдайым кеуіп, тынысым тарылып жаным тағатсыздана бастады.Есіктен біреу ентелеп қашан кіріп келіп жанымды суырып алар  екен деп  қыбыр етпестен жатырмын. Қай-қайдағы дүниелермен оқыған кітаптарымдағы қорқынышты кейіпкерлер есіме еміс-еміс орала берді. Бәрі қорыққаннан.

       Есік ашық қалып ұры-қара кіріп кеттіме деген ойда келді. Бірақ ымырт жабыла іштен мықтап тұрып құлыптап алғаным есімде. Не де болса анық қанығына қөз жеткізгім келді. Сіресіп жатқан орнымнан әрең көтеріліп  еденге екпетімнен жатып есіктің астындағы саңылаудан ақырын сығаладым тірі пенде жоқ сияқты болған, кенет біреу жүгіріп өткендей болды. Тек сұлбасын ғана көзім шалды. Бірақ түк көрмегендей сыңай танытқым келді.

      Екпеттеп жатқанда, көгеріп дымқыл тартқан еденнің исі қолқаңды қауып жүрегіңді айнытып лоқсытады екен. Сондай  жеркенішті. Бұл қоқыс бұрышы құрт-құмырысқа мен зиянкестердің таңдаулы тамаша мекені спетті. Жерде жатқанда желкемді жыбырлатып жон арқама қарай жорғалай бастаған тарақанды, алақаныммен шап беріп уысымда умаждап жібердім. Анау аз болғандай енді мыналар... Тұла бойым тітіркеніп кетті. Кім біледі меніде біреу умаждап жоқ қылмасына кім кепіл. Артық дыбыс шығармай демімді ішке тартып  асқан шеберлікпен аяғымды аңдып басып  барып сыртқы есікті итеріп көрдім, бәрі дұрыс  тек кіре берістегі әжетхананың жарығы бір жанып, бір сөніп тұрғаны үрей үстіне үрей қосып тұрған жерімде сілейіп қаттымда қалдым. Не ітерімді білмеймін. Тағыда өзімді алдарқата бастадым, жаңбырдың кесірінен электір сымдарында ақау пайда болып жанып сөніп тұрған болар деп өзімді сендірмек болдым.

     Күллі әлемнің әйнегі шағылғандай шалдыр күлдір еткен дыбыс естілді де, соңы әйел адамның күлкісіне ұқтас ұзақ сонар бірдеңеге ұласып оның соңы ықылық атқан адамның дауысына ұқсап барып жым болды.Төбе құйқам шымырлап кетті. Зәре құтым ұшып жанымды қоярға жер таппай қараңғы қапырық бөлмеме қайта келдім.

      Қорқақтығыма қатты жыным ұстады. Кім айтады мені, от басы құрған,  бала шағасы бар,  орда бұзар отыздағы жігіт деп.

    Үрейді ұмытып өмірімнің ең жарқын белестерін ойлап қиялымда тербеткім келді. Ең алдымен жарыммен шаңырақ құрмай тұрып бірге өткізген есіл күндерді біртіндеп көз алдыма әкелдім. Ол сондай сүйкімді, қылықты еді...  Қазір де дәл сондай. Кенет тұла бойымды қызғаныш оты шарпыды. Мүмкін ол дәл қазыр менің жоқтығымды пайдаланып, балаларды ұйықтатып тастап басқа еркектің қойнында жатқан шығар деген сұр жылан ой сұмаң ете қалды. Мен қазір өліп кетсем әйелім басқа біреумен кететіндей сезілді. Үрейге қызғаныш сезімі қосылды. Оның үстіне әйелімнің әлеуметтік желілерге жарялаған суреттеріне аузының суы құрып,  сілекейі шұбырып жүрген талай еркекті білетінмін.Бүгін өлмеуім керек. Миымның талшықтарында ақау пайда бола бастады ма? Әлде есімнен адаса бастадым ба? Түсініксіз кейіптемін. Қалайда бұл жерден зытып бергім келді.

       Кетуге ыңғайланып қараңғы бөлмемнің есігін ептеп ашқанымда оның көлбеңдеген  көлеңкесін анық көрдім. Ол әжетхана жаққа кетті. Сол сәтті  пайдаланып жалма-жан жүгіріп екінші қабаттағы ас бөлмесіне келдім де қолыма іліккен қара пышақты алдым. Бір қызығы бұл жердіңде жарығы жанып сөніп тұр. Кім болсада турап тастамақ ниетпен  баспалдақты батыл басып, тістеніп төмен түсіп келем.Бұл батылдық бойымда қайдан пайда болғаны беймәлім. Қолымда қара пышақ. Бар ойым бұл елестен құтылу. Мен оны дәл шыға беріс есік алдында көрдім. Бойы екі метірдей еңгезердей Қара киімдегі еркек адам, жүзі таныс секілді көзі көк теңіз түстес мені кекетіп ыржалақтап тұрған тәрізді.Бір сәтке жанарымды тайдырып барып кайта қарағанымда ол жер жұтқандай зым-зия ауаға сіңіп кетті.

       Түннің бір уағы... Жарықты жаққан күйі қалдырып, елесті ішке қамап тастадым да сыртқа шықтым.

   Дала қап-қара түнек құшағында. Төпеген жаңбырдың астымен алды артыма қарамастан, қара жолдың жиегімен ызғытып келем. Үсті басым малмандай су. Анда санда жарқылдаған жасынның жарық сәулесі қолымдағы қара пышақтың өткір жүзімен шағылысқанда қылпып тұрған өткір екеніне көзім жетті. Аяқ асты өзімді мерт қылмасын деп аса сақтықпен ұстадым. Тағыда қорқынышым үдей түсті айналаға жамырай өскен қарағай-талдың бәрі қарақшы боп елестеді. Мені қаумалап ұстап алатындай. Үйге жеткенше біраз жүгіре түсуім керек... Жаңбыр суын шалпылдатып алға қарай зытып келем... Кенет дәл артымнан ықылық атқан адамның дыбысы естілгендей болды. Артыма жалт қарадым. Еш нәрсе байқамадым. Әлде ол менің алдымда кетіп бара ма? Түнгі жаңбырдың ызғарымен қалтырап тоңа бастадым.  Үстіме тек жұқа  жемпір мен жеңіл-желпі спорттық шалбар кигенмін таңертең. Кім білген бұлай боларын?

       Бірең сараң өткен көліктерге қол көтердім, еш-қайсысы тоқтамады. Тек бір «тахи»деген жазуы бар көмірдей қап-қара жаңбыр жуып жылтыратып тастаған «ауди» автокөлігі тоқтады.Қара пышақты жеңіме сүңгітіп жасырдымда бірден жылы орынға жайғасып мекен жайды айттым. Ол үнсіз. Кенет көзімнің қиығымен оның бет әлпетін шолып өттім. Жүрегім зу ете қалды. Әлгі адам, дәл сол қара киімдегі елес, өз көзіме өзім сене алар емеспін. Тоқта деп айтуға тілім күрмеліп ләм-мим дей алмадым. Ол мені басқа жаққа алып бара жатқандай сезілді.Әрекет етпесем құримын деп ойладым. Қара пышағымды оған білдіртпей ақырын алып шықтым да сол жақ кеуде тұсына сермедім, олда қорғанып бағуда, күші мығым екен, көліктің тежегішін басып тоқтай бере жағымнан шойындай жұдырықпен салып жірмек болды, бағыма орай оның соққысы мүлт кетті. Ол кезде мен оның жүрегіне қара пышағымды қадап үлгерген едім. Ол тілге келместен жүріп кетті. Мен оны жеңгеніме масаттанып қорқыныш атаулыдан арылып жұмыс орныма яғни караңғы бөлмеме қайта келіп су киімдерімді кептіріп аздап көз шырымын алдым.

      Жұмыс уақытым бітіп таң ата үйге келдім. әйелім күлімдеп қарсы алды «өңің сұрланып, көздерің кіртиіп қапты ғой жаным. қатты шаршағаннан ба?»-деп таңғы шайын құйды. Мен оған ләм-мим демедім. Сәлден кейін теледидар қостық,бәріде бір жаңалықты жержен жеті қоян тапқандай, жеткізуде. « Бүгін түнде қала сыртындағы қара жолдың бойында жан түршігерлік оқиға орын алды, белгісіз біреулер такси жүргізушісін қасақана өлтіріп кетті, жүрегіне қадалған қара пышақтан саусақ іздері табылмады...» әйелім таңдайын қағып: « Заман не боп барады? Азған айуан немелер...»-деп кектене кұбірледі. Мен де  әйелімді қостаған сыңай танытып, таңдайымды қағып басымды изедім.  Қолымның қызыл қанға боялғанын әйелім білмеді.

     Айтпақшы енді жұмысқа бармайтын боп шештім. Әйелімнің тапқан ақшасы да жетеді... Оның үстіне «қара киімді адамды» енді көргім келмейді.Таксидегі оқиғадан кейін жұмысқа қайта барғанда мен оны тағы көргем...  Жазықсыз біреуді жазым еткенімді сол кезде білгем... Содан бері бір ай уақыт өтті. Ешқайда баруға зауқым жоқ.  Өз-өзімнен үрейленетінді шығардым.  Сенесіз бе? Қара киімді адам менің ішімде отырған тәрізді...

 

ТІТІРКЕНУ

(әңгіме)

     Әлеуметік желідегі аватарыма бет-әлпеті келіскен бір жігіттің фотосуретін орналастырып, жасырын парақша ашқаныма біраз уақыт болды. Күндегі әдетім бойынша жасырын ашқан парақшама кіріп,  әлеуметтік желі арқылы танысқан қыздармен тағы да болмайтын әңгіме-дүкен құрып отырғам. Уақыт өткізіп. Кенет белгісіз біреуден достық ұсыныс кеп түсті. Ең бірінші жасаған әрекетім – фотошоппен өңдеп түскен көз қарықтырар суреттерін қарадым. Тамсанғаным соншалық «Сүйкімді екен. Суреттеуге сөз жетпес, сірә да», - деп іштей күбірледім. Жартылай жалаңаш әйел бейнесін көрсем болды, лүпіл, яғни лайк басып машықтанған саусақтарым бұл жолы да әдеттегісінен танбады. Суреттері кез келген еркек кіндіктіні еліктіріп, есінен тандыратындай сымбатты екен. Әсіресе қып-қызыл шырынды еріндерін бұртитып, қаламмен сызып қойғандай қап-қара қасын керіп, қарашығын төңкере қарап тұрған бейнесі беймәлім жұмбақ әлемге жетелейтіндей. Ынтығып кеттім. Марлыдай жұқа жеңсіз жемпірдің кеуде тұсын тесіп шығардай тырсиып әрең сиып тұрған қос алмасы мен бұраң белінен бір шама бөлек тұрған бөксесін көргенде, еркімнен тыс дегбірсізденіп мазам кетті. Достығын қабылдамасқа шарам қалмады. Аңсарым ауып, түн ортасына дейін суреттеріне телміріп, тесіле қараумен болдым. Оның онлайн болып, желіге кіруін асыға күттім... Тіл қатуға асықтым. Тіпті суреттерінің астына пікірде жазып үлгердім. Бір суретінің астына жұрттарда бірнеше пікір қалдырыпты, оның өзінде, «супер.. керемет, ғажапсың, сұлусыңнан» аса алмапты. Бәрінен асып түскім келді, ол үшін не істеуім керек, ақындығыма басып, оған өлең арнағым келген-ді. Көп ойланып отырмадым. Еріншектігім ұстап қалды. Қисынсыз болса да табан астында тапқырлығым ұстап, Мұқағали Мақатаевтың өлеңінің үзіндісі есіме сап ете қалды... Көз ілеспес жылдамдықпен жазып жібердім: 

«Сүйгісі келе берер  сүйген ерін,

Сүй, жаным, сүйкімді бір күйге енемін,

Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,

Ағытшы бешпентіңнің түймелерін...»

-деп жазып, қып-қызыл боп лүпілдеп, соғып тұрған  жүректің белгілерін аямай, қаз-қатар тізіп, бірінің артынан бірін жібердім. Ұнатқан адамыма алдын ала  жанына майдай жағатын жақсы сөздер жазып әрекет жасау ес білгелі қалыптасып қалған қағидам сияқты. Несін жасырайын, бар ойым тездетіп құрығыма түсіру... Айламды асырып, бір түн құшағыма түнету... қиялыммен қаншама рет киіндіріп-шешіндірумен болдым. Ғайыптан келген қандай сиқыр екен деп таңдандым... Ғаламторды шұғыл ақтарып, ол жайында басқа да ақпарат іздестірдім. Артық ақпар таппадым. Instagram, WhatsApp, facebook дейсің бе әйтеуір, бәріненен тісқаққан ұрыдай тіміскілеп іздедім... Тек Вконтактеде  ғана парақшасы бар екен.  Дұрыстап  тағы қарадым, ешқандай ортақ досымыз жоқ екен... Қуандым.

      Басқа қыздарға көз де, сөз де салмаймын деп өз-өзімді үйленгеннен бері үгіттеп,  осы күнге дейін тежеп баққам, әйеліме де үйіп-төгіп уәде бергем.  Тек сөз жүзінде. Ауылдың аңқау қызы оған да нанған-ды. Ол маған сенеді. Отасқаныма он ай болса да, мен жайлы күдік көкейіне ұялап көрмеген-ді. Маған деген көңілі ақ, пейілі пәк. Маған сенгендіктен мен университетті толық тамамдағанша екеуміздің болашағымыз үшін, ол жұмыс жасап, мен оқимын деп екі қалада тұруға келісімін берген-ді.  Соны біле тұра, бар болмысымды жат пиғыл иектеп алды. Қай түлен түрткенін түсінсем бұйырмасын, қас-қағым сәтте бұрынғы қалпыма қайта оралғандаймын. Сол баяғы бойдақ кезімдегідей, қыз көрсем болды, қызыл көрген бұқадай көзім қызарып, көңілім алабұртып, алуан түрлі күйге еніп шыға келетін болыппын. Өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп бақтым. Мен әйелімді сүйетіндігіме күмәндана бастадым. Оған тек нәпсінің жетегімен ұшқалақ сезімнің ұшқынымен үйленген сияқтымын. Егер оны бар жан тәніммен арбалып сүйсем, басқаға көңіл аудармас та едім ғой. Бірақ, әйелімнің басқа еркекпен сейіл құрып жүргенін көз алдыма елестетсем өне бойым  өртеніп, қызғаныштан жарыла жаздаймын...

     Таң қылаң бере бастаған шақ еді. Көзім кіртиіп, жұмбақ қыздан жауап күтіп  отырған жерімде қалғып кетіппін. Енді-енді уыз ұйқы құшағына еніп суреттегі сұлуды түсімде сүйіп, аймалай бастаған кезім... Дәл сол сәтте қалта телефоным безілдеп қоя берді. Жүрегім дір ете қалды. Көзімді тырнап ашып, тұтқаны көтердім. Тілім күрмеліп кінәлі адамдай кібіртіктеп қалдым.

-         Қайырлы таң, жаным! Күнің сәтті өтсін!

-         Қайырлы таң...

-деп жасқаншақтап үн қаттым. Ол менің түндегі әрекетімнен  хабар алып қойды ма деп қатты састым. Өзімді кінәлі адамдай сезініп, сөйлесуден қашқақтай бастадым.

-... (үнсіз тұрмын)

- Әлө... жаным... неге сөйлемейсің? Ұйықтап қалдың ба?

-  Жоқ. Неге таң атпай хабарласып тұрсың? –деп өктем үнмен сөйлестім. Оның күн шықпай тұрып, таңғы алтыда жұмысқа баратыны тас есімнен шығып кетіпті. Ол дала қараңғы болғандықтан  аялдамаға жеткенше менімен сөйлесіп баратын-ды. Күндегі әдеті сол.

- Жаным дала қараңғы... қорқам...

-  Мен барда ешкімнен қорықпа!

- Қашан келесің? Сағындым!

- Мен де! Демалыс күндері.

- Автобус келді... бетіңнен сүйдім маубас...

- Жақсы... сау бол.

Тұтқаны асығыс қоя салдым. Әлеуметтік желіде жасаған ерсі әрекетімнің кесірінен өзімді қатты ыңғайсыз сезіндім... Бұл тек алғашқы күнгі әсер екен. Келесі сөйлескен сәттерде түк білмегендей жасанды жақсы сөздер айтып сөйлесе беретін болдым. Әлгі әлеуметтік желіде әлек қылған қызбен де ептеп қарым-қатынасым жақсара бастады. Бір-бірімізді көруге ынтыға бастадық. Күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, тек сонымен ғана сөйлескім кеп, соны ғана ойлайтын халге жеттім. Ол маған тіпті бет жүзін көрсетпей, нәпсіні қоздыратындай тыр жалаңаш күйде түскен суреттерін жіберіп, еріксіз еліктіретінді тапты. Әйеліммен сөйлесуді сиреттім. Арамыз күннен күнге алшақтай бастады. Ол мені, мен оны ұмытқандаймыз. «Неке куәлігі» деген құжат болмаса, біз бөтен боп кеткендейміз. Менің қиялымда тек бір адам ғана үстемдік орнатты, күндіз-түні. Ол менің сезіміме тіл қатты. Ол да менің суретімнің астына лүпілдеген қып-қызыл жалын жүректің бейнесін жіберіпті... Сол сәттен бастап, жанармайға тиген жалғыз шырпыдай сезімімді өртке айналдырды. Сезімімді хат арқылы ашық білдіре бастадым. Бірінші қадамды былай бастадым:

- Неткен сұлу, неткен ажарлы едің, жиырма бірінші ғасырдың Монолизасы!

- Асыра сілтедің-ау ханзадам!- деп жазыпты! Ханзадам деген сөзіне балқып масаттана бастадым білем:

 - Сен менің жұмбақ ханшайымымсың, жүзіңді бір көрер күн бар ма екен...

- Әрине сері жігіт... жер деген дөңгелек қой, ойламаған бір күні жүздесеміз...

   - деген сияқты қызу әңгіме басталды. Жалғанда тірі жанға арнамаған жылы сөздерімді соған ғана арнадым. Көп уақыт оздырмай кездесуге келістік... бір ай бойы тек хат арқылы сөйлесіп, сезім сергелдеңіне түстік. Күндіз-түні толассыз жазылған желідегі хаттар легі тоқтамады.

Мен оны жердің түбінде болса да іздеп бармаққа бекіндім...

         Көп уақыт бойы жұмбақ қыз бен кездесуге баруға қорықтым. Әйелімнің көзіне түсіп қалам ба деп сескендім. Аңдаусызда әйелім көріп қалса, шаңырақтың шайқалары сөзсіз. Бірақ, әйеліме білдірмей, онымен кездесуге бел байладым. Келісім бойынша кездесуге бес минут қалғанда бір-бірімізге телефон нөмірлерімізді береміз деп хат жазыстық. Жүрегім алып-ұшып алапат сезімнің жетегімен  дәл келіскен күні, келіскен уақытта келіскен жерге жеттім... Ешкім білмейтін жаңа нөмірімді оған жазып жібердім. Ол да келгенін айтып, желі арқылы нөмірін жазды. Жедел қоңырау шалдым. Тұтқадан бейтаныс  үн естілді. Жүрегім дір ете қалды. Қорқыныштан немесе үрейден екенін түсіне алмадым. S көшесінің қалтарысында  бетпе-бет кездескен бойда, бір-бірімізге қарама-қарсы  сілейіп қаттықта қалдық. Ол маған қарап ыржалақтап тұрған тәрізді.  Өз көзіме өзім сене алар емеспін... Қарсы алдымдағы адам  боянып-сыланып, сырға таққан әйел тектес «еркек» боп шықты. Тұла бойымды тоқ ұрып өткендей, денем тітіркеніп кетті. Сасқанымнан жалт беріп тұра қаштым... 

        Суреттегі бейне құр картина екен. Содан бері әлеуметтік желідегі бейтаныс жандармен сөйлесуге сескенетін болдым...

 

СІЗ

(әңгіме)

        Сіз сондай сүйкімді көрінесіз... Тау суындай мөлдіреген жанарыңыз таңғы шықтай тап-таза тәрізді. Қараған жанның қытығына тиіп, хош иісіңізбен еріксіз баурап аласыз. Мен сізді ең алғаш  қалаға келіп, достармен бас қосқанда көргем. Кез-келген қуаныштың көркі, ынтызар жанның дерті екеніңізді сол сәтте байқағанмын. Жаһұттай жылтыраған нәрлі бетіңіз бал-бұл жайнап, аққудай мойыныңызбен қарадай еліктіргенсіз. Әлі есімде, сол күні бәрінің есіл-дерті сізге ауған-ды, менен басқасының. Мен де достардың жетегімен желпініп, кеудеңізге қол созып, аппақ тәніңізді  аймалағым келіп еді. Белгісіз бір күш тежеп тастады. Ұяңдығым ба, ішкі түйсігім бе, кім білсін?! Сізге деген сезімді бір жола шегеріп қойдым. Достарым болса, сол сәтте-ақ арбалып қалғандай... Сізбен жақын араласып, таныса келе қан қызуы көтеріліп,  жүздері нұрланып, көңілдері шаттыққа толып, өмірдің бал ләззатын сезінгендей. Бөлме ішін сыңғырлаған күлкіңізбен кестеледіңіз. Өмірден баз кешіп жүрген пақырларға сырлас дос болуға, қиындықта демеу болуға, өмірдің өткінші қиындықтарын ұмытып көңіл қосуға азғырдыңыз...  Менен басқасы ырқыңызға көнді... Сыртыңыздан үнсіз бақылап отырдым. Сырт келбетіңіз сұлу болғанмен, сондай сұрқия, сайқал екенсіз. Өзіңізге көңілі ауған адамды есінен тандырып, ғашық ететініңізге таң қалдым. Бойыңызда нендей сиқырлы күш бар екен?! Сол кеште сіздің кесіріңізден қаншама жанның зор кінә арқалағанын білесіз бе? Сізге құмартқан ақын досым өлең жазып, шабыттанам деп сілекейі шұбырып, есі кетіп, артыңыздан қаншама жүгірді. Ақыр соңында, сол бір өнерді талақ етіп, өзін де, өлеңін де, абыройын да жоғалтты. Сол түні әлі есімде... Тар бөлменің ішіне тарсылдаған музыка қойып, ұйқыдағы арудай түңгі қаланы басымызға көтеріп биледік... Сізді құшаққа алып билеген достарым оймақтай ерніңізден шүпілдетіп сүйіп әлек. Ешқайсысына: «Маған жолама, мөлдір тұнық арыңды таптап ластама»,- деп шектеу қоймадыңыз. Себебі, сіздің де арыңыз таза емес еді... Оныңызды алғашқы сәтте-ақ дәлелдедіңіз. Елірген есуас жастардың жанарында жасын боп ойнап, көкірегіне ап-ащы көз жасы боп құйылғандай көріндіңіз, алыстан зер сала қараған адамға. Сіздің көзді арбаған қылықтарыңызға шомылып, көзі қарауытқандардың көбі бал ләззаттың дәмін татып үлгерді таңға дейін. Бізбен бірге сыныптастар бас қосуына ерте үйленіп, сәби күтіп жүрген  Ардақ пен Арман да келген-ді.  Олардың тұрақты махаббаты мен бір-біріне деген ынтызарлығына  бәріміз таңдана әрі тамсана қараушы едік. Олар мектеп кезінен бері тәңір қосқан ғашықтар еді. Арманның тұла бойы сұңғыла, нағыз жігіттің төресі еді. Ардақ та бота көзді, елік мүсіндінің бірі-тін. Сіз басқа түк таппағандай солардың арасына түстіңіз. Олардың пәк жүректерінің лүпілін көре тұра, көргенсіздік жасап, көңілдеріне кірбің түсірдіңіз... Сыйластықтарының шынысын күл-талқан еттіңіз... Ардақтың боталаған бейкүнә жанарын жаспен шылап, жарын жаманатқа қимай, қадала қарағанына мән бермедіңіз... Ұяттан жұрдай екенсіз... Оның құмарын бір қандырдыңыз. Тіпті, сіздің ықпалыңызға ырық берген Арман жалғыз ауыз сөзін кесіп айтты жарына: « Жек көрем сені... жолама маған... ішіңдегі сәбиді саған сыйладым,  менің атымнан қабыл ал!»- деп жын ұрғандай қарқылдап күлді. Бұл сөздердің бәрін айтқызған Сіз болатынсыз құлағына сыбырлап. Мен бәрін көріп тұрғам. Сол бір сұрқия әрекетіңізден  қатты жиіркеніп кеттім... Арманның іші-бауырына сумаңдай кіріп алып, шықпадыңыз.  У беріп, дуалап алғандай. Байғұс Ардақ алғаш рет кеудесіне запыран толып, құсадан жарылардай күй кешті. Сол кешке жарымен келген жазықсыз жас келіншек таң ата жалғыз қайтты... Өзіне де, өзгеге де кінә артпады... Бар кінәні құрсақтағы шаранаға үйіп төкті: «Бәріне сен кінәлісің, иә, сен! Сен болмасаң, біз қосылмас едік.. Мен сенің әкеңнің сондай адам екенін әу баста сезгенмін, бүгін тағы көзім жетті сорақы әрекеттеріне... Сен мені кешіре көр... Екеуіңнен де құтылып, жаңа өмір бастаймын» - деп көгеріп- сазарып, тұла бойы ашуға булығып ауруханаға тартты. Түсік тастауға... Міне, сіздің сол күнгі жасаған ең үлкен сыйыңыз... Содан бері араға бір жыл салып, Сізді көрдім.

        Ақ қағазға қара бояу төккендей дала қап-қараңғы. Осы күні менің үйлену тойым болды. Қолыма ақ құсымды қондырдым. Мойнымнан бір жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Қуанышыма ортақтасып басынан аяғына дейін көмектескен достарға алғыс айту үшін, арнайы пәтер жалдап дастархан жайдым. Сол кешке нәпсінің жетегіне ерген достарым Сізді де шақыр деп өтінді. Қаламасам да, көңілдерін қалдырмайын деген ниетпен сізге келдік алып кетуге... Екі көлікпен. Ақыңызды беріп, сізді алып бара жатқанымызда, бөтен біреулер бір бүйіріңізге жармасты. Босқа қарап тұра алмадық.  Жалған намысты желеу етіп, әлгі бөтендермен жалма-жан жұдырықтаса кеттік. Сол күні оңбай таяқ жедім. Бұқадай күжірейген қақпақ жауырынды біреудің тоқпақтай жұдырығы оң жақ қабағымның дәл үстінен қадалды. Есім шығып, есеңгіреп, шегіншектей бердім сенделіп... Қабағымның қаны судай ақты. Сіздің үйдің дәлізінде жатып, есімді жидым. Жолдаспыз деп жүргендердің бірі де қалмапты, тым-тырақай қашып кетіпті... Сіз де кетіп қалыпсыз. Бізді жеңген көшенің баукеспелерімен. Ит болып таяқ жегеніме және сужүрек жалған достардың  далада қалдырып кеткеніне аздап  қапалансам да, сізбен көңіл қоспағаныма іштей қуандым... Мен де сізді сүйіп қалуым мүмкін еді ғой. Арман мен Ардақтың арасына түскендей біздің де арамызға түсіп шаңырақты ойрандамасыңызға кім кепіл?! Сол түннен қалған көзімдегі үлкен тыртықты көрген әйелімнің ата-анасы мені сотқар жігіт деп ойлады, білем. Онысы айтпаса да жек көре қараған көзқарастарынан қылаң беріп, көрініп тұрды. Мен Сізді сірә да көргім келмейді... Иісіңізден жиіркенем, түріңізден тітіркенем. Сізді қарғыс атсын! Тұқымыңызбен тұздай құрыңыз,  «ХАОМА» ханым!

 

ЗЕЙНЕТКЕР

 (әңгіме)

        Көктем. Рауандап таң атып келеді...

        Төңіректі қымтаған қараңғылық әлі де ыдырай қоймаған. Ол жастығының астындағы сағатын сипалап тауып алды да, үңіліп ұзақ қарады. Күңгірт бөлмеден  бұлдырап көрінген сағатының тілі тура төрт елу бесті көрсетіп тұр. Есі кете езуін керіп ұзақ есінеп, апандай аузын күректей алақанымен  жапты. Содан кейін көрпесін ысырып тастап, орнынан тұра бергені сол еді, тізесінің сіңірі тартылып қалды. Бұл жиі қайталанатын жағыдай болғандықтан оған аса мән берместен, қиралаңдап жүріп, күнге күйіп, түсі оңып кеткен ескі киімдерін кие бастады. Ең алдымен қысы-жазы басынан  тастамайтын қызыл тақиясын төбесіне қисайта қондырды да, шынтағы шұрық тесік жүн жейдесі мен тізесі шыққан мақталы шалбарын киді. Содан соң аспай-саспай  сіңірі тартып сіресіп қалған тізесін ақырындап созбақ болып  алақанымен уқалап біраз отырды. 

        Шу асау айғырды жуасытам деп ерге қонбаса бұндай бәлеге мүмкін тап болмаста еді. Жас кезінде бұлшық еттері білеу-білеу, қызуқанды, ұзын бойлы, қыр мұрынды, қара торының өзі еді. Ендігі күні мынау  тіршіліктен қажып, адам танымастай өзгеріп, өзегіне құрт түскен кәрі емендей еңкіш тартып, сирақтары жіңішкеріп, тұла бойы тарамыстанып,  жағы суала бастаған.

       - Қарғыс атқыр қара айғыр, көзіңді құртпасам ба?! – деп  жанары жасаурап, кектене күбірлеп бір күрсініп алды да,  орнынан ілініп-салынып тұрып, шарт еткізіп бүгілген аяғын жазып орнына келтірді. Ақырын жүріп ас үйдегі шәйнекке толтыра су қойды. Содан соң топсасы тот басып ескірген ескі есікті «ыңырсыта» еппен ашып, тысқа шықты. Таңғы ауа аздап салқындау екен, жұлдыздардың соңғы шоғыры әлі де бір өшіп бір жанады. Күндегі әдеті бойынша ат қорадағы құйрық жалы қоп-қою, көзі шатынап аталақтап тұрған, шатақ мінезді, ай төбелді, күзендей қара   айғырды жетектеп алып шығып, ауыл шетіндегі шөбі шүйгіндеу жерге шідерлеп арқандады да үйге қайтты.

       Ауыл адамдары оянып, малды өріске шығарғанша, оразасын ашып  алу үшін жарықты жақпастан дастарханға жайғасып, маңдайы тершіп, шайын сораптай ішті.  Қос жанары бір нүктеге қадалып аз отырды да,  екі тілім күйген қара нанға сары май жағып, газетке орады. Жарты литрлік  шөлмекке бояуын шығарып қара шай құйып, қақпағын жапты. Бұл азаннан кешке дейінгі жүрек жалғап, талғажау ететін азығы-тын. Тек төзімділігінің арқасында ғана, қолайсыз ауа райына қарамастан жаны ауырып, тәні сыздаса да  тағдыр тауқыметіне төтеп беріп, бала-шаға қамы үшін азын-аулақ ақшаға, ауылдың бір табын сиырын бағып жүргеніне жеті жылдың жүзі болды. Жетпіс жылдың азабындай азап арқалаған, жеті жылдың бақандай бес жылында бақташы  табынды жаяу жүріп бақты. Соңғы екі жылында ғана қара айғырдың көмегі тиді.  Жайдан жай  келе жатып, жоқ нәрсеге жалт беріп үркіп, үстіндегі адамды доптай домалатып, иесіз қайқаңдап  шыға келеді. Мұның осы мінезінен әбден зәрезап болған бұл осы жолы сатамын деп ұйғарып,  газетке былай деп жарнама берді: «Асыл тұқымды алты жасар айғыр сатамын, бағасын келісіп берем, немесе баспа-бас басқа жылқыға айырбастаймын...»! - деп  белді бекем буды. Сатып алуға ниет білдіргендердің саны біртіндеп өсе берді, бірақ ешқайсысына көңілі толып келісе алмады. Қара айғырдың шатақ мінезін жек көрсе де, жаны қиып жат жерге қимайтындай. Бір жағынан дәл үйір қайыратын сақа кезінде обалына қалмай  жылқыға жіберіп, бостандық беруді жөн санап екі ойлы боп жүр.

    Ол  өте аңғал, ақкөңіл адам еді. Қашан көрсең де көрші-қолаң мен ағайын туғанға көмектесем деп жүріп, өзі опық жеп қалатыны бар-ды.

        Бақташының бір әдеті тонналап темір терсек жинау. Қара темір сынықтарының құны өскелі, күн көріс қамы үшін, қаңылтыр болсын қара айғыр қанша үркек болса да өлермендікпен алды-артына өңгеріп келеді. Бүгінде бірнеше келі темірді ат үстінен артына қарай асырып лақтыра берем дегенде, ауладан атып шыққан бұралқы иттен жалт беріп, үріккен айғыр  бақташыны «жалп» еткізіп,  айналаны ақ шаң қылып алға ұмтылды, аяғы аңдаусызда үзеңгіде ілініп кеткен бақташы айғырдың бауырында сүйретіліп барады. Абырой болғанда аяқ киімі шешіліп кетіп, бір өлімнен аман қалды. Үсті басы ақ шаң, ит сілікпесі шыққан. Алба-жұлба атып тұрды да, екі өкпесін қолына алып, ентігіп тұрып,  ең соңғы нақты шешімін қабылдап, кім алса да көп саудаласпай көзін құртуға бел байлады. Ауылдастары айғайлап, улап-шулап жүріп, қашып кеткен қара айғырды қаумалап ұстап,  қорасына қамасты.

          Түн іші. Үй телефоны безілдей шырылдады. Құс ұйқылы бақташы мен әйелі жүрегі атқақтап атып тұрды: – Кім болды екен, түн үшінде безілдетіп? Тыныштық болғай әйтеуір. Жата бер өзім сөйлесейін, - деп кібіртіктей сыбырлаған бақташы, ас үйдегі телефон тұтқасын ақырын ғана көтеріп құлағына апарып үнсіз тұрды. Ар жағынан құлақты жарып жіберердей  белгісіз біреудің дауысы күжілдейді.

     -  Әлөөөу... Ассалаумағалейкум! Түннің бір уағында хабарласқаныма айыпқа бұйыра көрмеңіз, мен хабарландыру бойынша...

    - Иәәә?

    -  Айтпақшы, есімім - Асылхан! Алты жасар айғырыңызды құнан шығар тайға айырбастайсыз ба? Өте жуас, жетекке үйретілген, үстемелеп ақша қосам, өкінбейсіз! Таңертең  екі жылқы алып келем, біреуін таңдап алыңыз?!

    - Жақсы келістік, алып кел, көрейік! Газеттегі мекен-жайға кел! –  деп бұлда қысқа қайырды.

     Бақташы елеңдеп, елегізіп, көз ілмей дөңбекшіп көп жатты. Бар ойы ертеңгі сауда да ұтылып қалмау. Атар таңды ашық көзбен қарсы алды. Көп кешікпей таң қылаң бере Асылхан да жетті. Тап-таза, тып-тинақтай киініп алған, бурыл бас, қампиған қарны бар, орта жастағы еркек, өзі де, сөзі де салмақты адам сияқты  көрінеді, айтқан әр сөзіне қарасаң, ала жіп аттамай, ақиқатты ғана алау етіп жүрген бейкүнә адам тәрізді. Ал жанындағы жандайшап көмекші, алқам-салқам киінген, жылтың-жылтың еткен қара қайыс біреу. Қалбалақтап Асылханның алды-артына шығады. Анау не айтса да бәрін істеуге даяр сияқты...  Айтқандай екі тай артып  әкелді, біреуі ірілеу келген бір көзінде ағы бар қара тай, ал екіншісі арық келген торы тай. Екеуін де  жерге түсіріп жетектеп  көрген бақташының көңілі бірден торы тайға ауды. Қара тайды алғысы келген, көзіндегі ағынан қорықты. Айғырды қимай қипақтап көп тұрды да бір-екі тал қылына сілекейін жағып алып қалды. Ақыры «сауда сақал сипағанша» деп үстемелеп ақша алды да, арық торы тайды иемденді. Ақшасын суылдатып санап берген  Асылхан асыға бастады. Ол лезде айғырды көлігіне артып алып, тайып тұруға асықты.

    - Игілігіңізге жарасын! Қаласаңыз, тағы бір реті келгенде басқасына ауыстырып берем, қолдан келгенше сізге көмектесуге даярмын. Мынау менің телефон нөмірім, хабарласыңыз!

   - Тай беріп, айғыр алған бақытты екенсің, бауырым! – деп  әзіл шыны аралас кетіп бара жатқан  көліктің артынан айғайлады да, қара айғыр қарайған нүктеге айналғанша,  көзімен шығарып салды.  «Кешке келіп, мініп көрермін» - деп торы тайды қораға байлап тастап, жаны сірне бақташы қолын артына айқастырып, сіңірі тартыла беретін аяғын сылтып басып, салпақтап табынға жаяу тартты.

        Ақшам уақыты жақындаған ала көлеңке. Бақташы тағатсыздана торы тайды жетектеп сыртқа алып шықты, жануардың тұрқы жаман емес сияқты. Алғашында селтектеп үрке қоймады, ақырын еппен еңкейіп аяғына шідер салды, езуіне ауыздық кигізді. Енді ер тоқымын салып, шат айылын тарта бергенде, бей-жай тұрған тай көкке шапшып мөңкіп, оқыс мінез көрсетіп, омақасып барып гүрс етіп құлап, серейіп жатты да қалды. Не істерін білмей қалған бақташы қатты сасып, аңтарылып аз уақыт тұрды да, құлаған тайды қайта тұрғызбаққа ниеттеніп үркітті, қорқытты, жатқан жерінен төпелеп қамшының астына алды. Жануар жантайған күйі жата берді. Аз уақыттың ішінде қазаға жиналған қара құрым қалықтай боп ауылдас көрші қолаң жинала қалды. Жан-жақтан демеп, тайды тұрғызбақ ниетпен әр түрлі әрекет жасалды, ешқайсынан  айтарлықтай нәтиже шықпаған соң, әркім өзінше жорамал айта бастады:

      - Қырсығып жатыр, кетіп қалсаңдар атып тұрады!

      - Жоқ, жамбасы кеткен.

      - Аяғы сынған!

      - Ұршығы тайып кеткен болу керек...

      - Арқасы кеткен! Аяғын салбыратып алты ай байлап қойса, әлі-ақ шауып кетеді! - деген пікірлер сан-саққа кетті. Осы сәтте  Аппақ «Нива»  құйғытып келіп, қара құрым халықты қақ жарып, ауаны ақ шаң қылып кілт тоқтай қалды. Ол аспай-саспай кекірейіп көлігінен түсті де амандасып, қолын созған ауылдастарына пысқырып та қарамастан қолын қалтасына салып, сілейіп жатқан тайдың қасына келді. Бұл ауылдың мал дәрігері шардақ қарын, қатпар бет, бір көзі қысық келген жуан сары. Өзін өте жоғары санайды. Көп адамды менсіне де бермейді. Оған артық-ауыс әңгіме айтуға болмайды, ондайда әй-шәй жоқ кекірейіп кетіп қалады. Бір сәтке сілтідей  тыныштық орнаған. Бәрінің назары мал дәрігерінде. Қандай диагноз қояр екен деп бәрі күтіп тұр. Төрт аяғы төрт тарапқа кетіп, тарбиып жатқан тайды төрт рет айналып шықты да тік тұрған қалпы тайдың тұяғын теуіп көрді. Бұл да бір көргенсіздік емей немене дегендей жиналған жұрт  жақтыртпаған сыңай танытып, көздерінің қиығымен ежірейе қарады.

     -Үшкір біз әкел! - деп бұйырды бақташыға. Бақташы қалбалақтай жүгіріп барды да, лезде біз алып келіп, қолына ұстатты. Ол­ ­­­өткір бізді саусағының ұшымен ғана ұстады да, тайдың арқасына, санына бірнеше рет кірш-кірш еткізіп тығып-тығып алды да, бізді лақтыра салды.

   - Денесі сезуден қалған! Бел омыртқасы үзілген, енді мал болуы екі талай, жалғыз амал, сойып сатып жіберіндер! – деп кесіп айтты да, жөніне кетті. Іле-шала жұрт та тарады.

      Бақташы басы айналып, не істерін білмей шарқ ұрды, сұлап жатқан тайдың басын сүйеп ұзақ отырды. Шарасыздан көмек сұрамақ ниетпен Асылханға телефон шалды. Ол тұтқаны көпке дейін көтермей, әзер көтерді.

 

Бақташы қаралы хабардың жаршысындай кібіртіктеп әрең сөйлеп, даусы қалтырап бар жайды тәптіштеп түсіндіре келе, жағымпазданып, жалынышты үнмен көмек сұрады: - Асеке, пәле аяқ астынан деген, өзім ыңғайсызданып тұрмын. Енді... нетіп бір көмек қылсаңыз, ет базарында болама,  тамыр таныстарыңыз бар дегендей, бір жақсылық жасасаңыз өле-өлгенше ұмытпаспын, қаласаңыз сойып, даярлап қояйын, – деп жалбарынды.

       - Жақсы, көмектесем.

       - Сөйтіңізші, қатты қиналып кеттім!

       - Мен алыс жолдамын!  Ертең келіп, алып кетем. Орнына басқасын қарастырып көрейін, оған дейін тиіспеңдер, арам өліп қалмасын... –Бір үміт қылаң берді де, байланыс ажырап кетті.

        Осы сөзден кейін алабұртып алып ұшқан жүрегі орнына келгендей. Таңға дейін тайдың қасында болды, ыстығы көтеріліп, қалтырап жатқан тайдың астына қабаттап сабан төсеп, арқасын сүйеді. Жануар жалғыз күнде сал боп жатып қалармын деп, сірә, ойламаған болар. Жал құйрығы білтеленіп, тостақ көзінен жас моншақтап, асау өмір азабымен арпалысып жатқандай, қараған адамды еріксіз қамықтырады.

       Келем деген Асылхан келмеді. Көп күтті, түн өтті. Күн тас төбеге шыққанда тайдың қарыны тай қазандай қампиып, күп боп кеуіп, ауруы асқынып, малмандай су боп терге малшынды. Бақташы бауыр еті езіліп, әбігерге түсіп, біресе аузына жем-шөп төсеп, біресе су әкеліп, күннен көлеңкелеп көне көбентесімен қалқалады. Жатқан жылқыны айналсоқтап, ызыңдаған шыбын-шіркейді қалпағымен қағып үркітіп әлекке түсті. Тайдың тағдыр тауқыметін тартуына өзін кінәлі сезінетіндей.  Бар тағатын тауысып уақыт кешкірген сайын елеңдеді. Қайта-қайта Асылханға телефон шалды, ол келем деп сендірумен болды. Жылқыны мертіктірген Асылхан іспетті іштей оған да кіжініп, демін ішіне тартты.

Іңір. Ақыры көп күттіріп, аңсатқан адам келді-ау, әйтеуір. Бақташы балаша қуанды! Олар жүк көлігімен келді. Бақташы Асылханның алдынан атып шығып, ақталып әлек. Телефонмен айтқан бар жағдайды басынан бастап бес-алты рет судыратып шықты. – Бар күн көрісім осы еді, оның үстіне жаяу көп жүре алмаймын, тіземнің сіңірі тартылып қалады. Қазақсың ғой, көмектесіп, азаматтық жасашы,- деп мәймөңкеледі. Өзін мүсәпірдей аянышты ғып көрсеткісі келетіндей... Асылхан жүре тыңдай жүріп былай деді: - Маған сеніңіз, бәрі жақсы болады. Бұл жылқыны сойып сатам да, көп ұзамай ақшасына басқа жылқы әкеп берем, Алла жазса! Мына мен үшін түк емес нәрсе,  тек бір апта жаяу шыдаңыз! - деп асқақтай сөйледі. Қасындағы көмекшісі де арасында сөзге қосарлана: - Бізге сеніңіз! - деп мұрнының астынан міңгірлеп, өзінің бар екенін білдіріп қояды.

    - Ал мынаны бауыздай қойыңыз тезірек! -  деп Асылхан сұлап жатқан жылқының басынан аттап өтті. Сырт көзге сондай ерсі көрінді. Ал Бақташы көмекке көршілерді шақырып, қайраулы қара пышағын алып, асығып-аптығып келіп, алақанын жайып, ильхамын айтқанша, Асылхан тайдың тамағын орып, басын кесіп лақтырып жіберді. Жылқының жаны шығып үлгермей, кеңірдегі қырылдап, қиналып көп жатты. Басы жоқ торы тайды көлікке тиеуге Асылханның тарапынан бұйрық берілді. Қолы қызыл қанға малынған Асылхан, сырт көзге қанды қол қарақшы боп елестейтіндей, сондай жиіркенішті... Жігіттер жан-жақтап бауыздалған тайды көлікке ілезде тиеді.

   - Рахмет сізге, Асеке! Сіздің орныңызда басқа адам болса, бұндай жақсылық жасамас еді, орайын келтіріп, орнына басқа жылқы тауып беретініңізге сенем! – деп қайырсыз болған мүгедек тайдан  құтылғанына қуанды.

   - Маған сеніңіз. Алдамаймын. - деп уәдесін үйіп-төккен Асылхан, жолға шығып кетті. Үлкен үміттің жетегіндегі бақташы басын қасып қала берді. Мойнынан зіл батпан жүк түскендей ауыр күрсініп алды да, ауланы сыпырып-сиырып тастап, үнсіз үйге кірді.

       Содан бері апталар емес, айлар өтті, ол хабар-ошарсыз кетті. Анда-санда телефон шалса, тұтқаны көтермейді. Кейде көтеріп, құдай сөзін айтып сендіреді, құрғақ уәдемен алдап жүрген тәрізді. Бақташы көзден бұл-бұл ұшқан қара айғырды іштей қиялдап, табынды  жаяу бағып жүр. Қолда бар да алтынның қадірі жоқ деген осы да. Күнде кешке шаршап-шалдығып, аяғы талып, құр сүлдерін сүйретіп көңілсіз келіп, әйелімен күңкілдеседі. Әйелі қас-қабағына қарап, көңілін табуға тырысып, тыздақ қағып, жылы шырайлы, сабырлы қалпынан әсте тайған емес-ті.

     Бақташы жылқының жайын біліп, әр апта сайын Асылханға хабарласуды әдетке айналдырған. Ал ол әртүрлі сылтау айтып, үміттендіріп, сендіруден жалықпады. Асылханның құрғақ уәдесі  бақташының ашуына тиді. Жанашыр ағайындардың кейбірі «сотқа шағымданып өндіріп ал, бұл да бір адам құқығын таптаған алаяқтықтың бірі» -деп  арзандау ақылдарын қосты. «Жоқ, бұл сотпен шешетін мәселе емес, заң жүзінде шешсе, шеңбер тарылады да, екі жақ тарап та жеңіліс табары сөзсіз. Одан да соңына дейін шыдап, жанын қоймай жүріп, уәдесін орындатқызу керек. Тек шабына тиіп, ашуландырып алмау керек» - деген әйелінің сөзімен келісті. Жаяулатып шілденің шіліңгір ыстығын да   сіркіреген жаңбырын бастан кешіп, қалтырап  күздің қара суығына да шыдап  келді.

        Биыл бақташының денсаулығына көп нұқсан келіп, белі бүгіліп, бет жүзінің әжім жолақтары көбейген. Шүңірейген көзінің түбінде алданып қалған мұң қалғандай.

      Күз. Қараша. Қалт-құлт еткен өмір өтіп барады. Бақташы басына түскен қиындықтан қатты қаусап, Асылханның уәдесінен біртіндеп үміт үзе бастағанда, үкілі үміт қылаң беріп, түннің бір мезетінде телефон безілдеді.

  - Әлөөөууу, Асылханмын ғой! Ертең жылқыңызды апарып берем! Көпке созғаныма ренжімеңіз!

      Бақташының жанары қуаныштан бал-бұл жайнап кетті: - Көп рахмет! Алла разы болсын! - деп зор алғысын білдірді.

        Осы жолы Асылхан сөзінде тұрды. Таң ата тағы бір торы жылқы әкеліп түсірді. Қасындағы қара қайыс жылтыңдаған көмекші жігіттің қорасындағы жеке меншік жылқысы екен. Жылқы деген аты ғана, құр қаңқа десең лайықты-ау, шамасы. Ап-арық мойны қылдырықтай, тұла бойы ет емес, шандыр, қабырғасын көзбен санауға болады. Жал құйрығы саудырап түсіп қалған, аузында тіс деген бәле атымен жоқ, әбден қартайған жануар екен. Соны саудалап жылқының иесі аузын айға білеп, үстінен үстемелеп жүз мың теңге сұрап әкелген жылқысын  бұлдап көп тұрып.  Ақыры артық ақша ала-алмасын сезген соң, жылқыны қалдырып кетіп қалды. Осылай жылға созылған жылқы дауына нүкте қойылды. Кәрі торының  мал болуы екі талай еді. Үстіне қарғып мінсе, мұның да белі үзіліп кете ме, кім білсін... Ақыры бақташы өлі арыстаннан тірі тышқан жақсы деп,  қаусаған кәрі атқа қарап, көңілін жұбатып қала берді. Әлгі жануардың тұрқын тіміскілей қарағап тұрып, «Зейнеткер» деп ат қойып күбірлеп, ұшқыны әлсіздеу жанарын сығырайтып жымиды.

       Күздің соңы. Қапалақтап қар жауып тұр...

 

ҚҰМАР

(Әңгіме)

 

         Екі бөлмелі ескі шым үйдің терезесінің жақтауындағы саңылаудан үрлеген жел, өзгеше бір мұңлы сарынмен ысқырып тұр.  Құмар жоғалған қызыл тұсақты ойлап  түні бойы кірпік ілмеді. Торы сөгілген көне темір төсекте ары аунап, бері аунап тынымсыз дөңбекшіді. Ақыры мазасы болмаған соң орнынан тұрып, жарықты қосты. Шиік тартып, көгеріп кеткен еденді мекен етіп жүрген қандала іспетті ұсақ жәндіктер оқыс жағылған жарықтан сескенгендей,  саңылау іздеп жапа-тармағай қаша бастады. Бұл бірнешеуін жарылып кеткен күс-күс  өкшесімен жаншып өлтірді де, жүзі  сынық ескі тарақпен сүйегі ырсиған арық қабырғалары мен  жауырынын «дырт-дырт» қасып, рахат күй кешіп біраз отырды. Сәлден соң есіне әлдене түскендей орнынан атып тұрып, табалдырықтың алдында жатқан еден сүртетін сүлгіні жіңішкелеп жыртып алып, терезенің жел кеулеп тұрған саңылауына қалайы қасықтың артымен нығыздап тыға бастады. Содан кейін  ананы шұқылап, мынаны шұқылап көп жүріп таңның бозарғанын күтті.

   Түпкі бөлмедегі жалғыз төсекте шашы дудырап, киімшең ұйықтап жатқан еріншек әйелі, аузы апандай ашылып қорылға басуда.  Бомба жарылса да оянатын түрі жоқ.

       Таң қылаң бере бастаған шақ. Құмар әйеліне сескене жақындап кеп:–Мамасы, сиырды бүгін өзің сауа салшы, мен әлгі қызыл тұсақты іздестірейін... - деп әйелінің  көрпесінің  шетін сыпайылықпен әнтек тартып міңгірлеген. Ол оған оянбады. Тісін шықырлатып қайраған күйі, оң жағына аунап түсіп, көрпені бүркеніп алып, ұйқысын жалғастырған. Құмар жұбайына қарап, қипақтап біраз тұрды да өзгеше бір батылдықпен: – Мен кеттім, ертерек тұрып, қыздарды сабағына дайында, кешігіп қалмасын,  қара сиырды бүгін өзің...  – дей бергені мұң екен, басы бәлеге қалды. Адам шошырлық алба-жұлба кейіпте атып тұрып,  қырылдап бітіп қалған даусымен айғайға басты: –Не өзі ұйықтамайтын, не өзгені ұйықтатпайтын не қылған жансың? Саумаймын сиырды! Өзің сау, маған сол көң сасыған қора-қопсының тірлігі керек еді. Күнде «қызыл тұсақ, қызыл тұсақ» деп миды ашытушы едің, енді құлағымның түбіне келіп «қара сиыр, қара сиыр» деп қақылдайсың, онсызда ұйқым қанбай  шаршап жүрмін. Көріп жүрсің ғой. Мықты болсаң, аптаның бес күнінде мен сияқты жұмысқа барып қызмет жасап көр, әуселеңді сол кезде көрермін! - деп бұлқан-талқан болып, қарсы алдында сүмірейіп тұрған күйеуін қағып-соғып алға ұмтылған күйі, есікті сыртынан тарс жауып, түзге шығып кетті. Құмар болса сүрепеті кетіп бүгжиіп үн-түнсіз біраз тұрды. «Бұл қатынға дауа жоқ, сөз өтпейді » - деп іштей күбірлеп, шарасыз күйге енді. Қарсыласуға да қорқады. Тіпті әйеліне бірдеңе дейн десе, білімі жетпейтіндей көрінді.

       Әйелі ауылдың жанындағы құс жұмыртқасын шығаратын фабрикада еден жуушы боп жұмысқа кіргелі бері күйеуін менсінбейтін халге жеткен-ді. Өзін лауазымды адамдардай мұрнын шүйіріп қарайтынды тапқан. Бір ашуланса, сөзге келмейді. Тіпті кейде Құмарды оқтаумен ұрып  үйден қуып шығатында кездері болады. Ондай сәтте Құмар ауылдастарының үйін сыртынан торуылдайды. Кімнің үйнің мұржасынан түтін будақтаса әр нені сылтауратып, бірдеңе сұраған болып сонда барады. Ондағы бар мақсаты тойып тамақ жеп, сораптап шай ішіп шөлін қандыру.Кедейдің бір тойғаны шала байығаны демекші бұған өзінің жыртық үйінде ауқаттанғаннан қарағанда, қыдырма қонақ болып тамыр таныстың шаңырағын жағаттаған жанына майдай жағады. Қызыл тұсақ жоғалғалы бір ай ішінде  ауылдастарының бәрінің үйінен дәм татып шыққан. Қызыл тұсақтан хабар жоқ.

        Құмар  ойға шомып кетіп, терең күрсініп алды да, инеліктей имеңдеп жүріп төсек орнын жинады. Қабырғасының сылағы түскен түпкі бөлменің еденіне жайылған, жұқа текеметтің үстінде киімшең қаз-қатар жатқан қыздарына қарады. Қыздарының бастарында шаш атымен жоқ.  Жып-жылтыр тақыр бастар бейне бір әскердегі сарбаздардай көрінеді, сырт көзге. Құмардың құдай нәсіп қылған бес қызы бар. Оған құдай мал бермесе де бала берген. Бәрі тетелес. Қыздарының таралмаған шаштары биттеп кете берген соң, өскен сайын ұстарамен тақырлап алып тастап отыруды әдетке айналдырған. Басқа амал да қалмаған. Әйелі болса анау.

       «Қане, тұра қойыңдар, сабақтан кешігесіңдер!» - деп түрлері бір-бірінен аумайтын кірқожалақ, жалтыр  бас бес қызын  кезектеп оятып, бір-бір кесе суық сүт пен екі-екі жапырақ шала піскен қара нан берген-ді.

     Ал әйелінің бұларда шаруасы жоқ. Күңгірт сәуле шашқан сығырайған терезенің алдына барып, жақында ғана сатып алған косметикасымен бояна бастады. Жұмысқа кетуге әзірленген түрі. Ең алдымен беті шытынаған кішкентай дөңгелек айнаға қарап, әжім ерте торлаған қап-қара бетіне төменгі сортты ұн сияқты далапты сүйкектете жақты. Одан соң ал қызыл түспен  баттитып ернін бояды. Келесі кезекте қабағына жасанды кірпіктер  қондырып, жұлынған қасының орнына қара қарындашпен екі бірдей  ирек сызық сызды. Анда-санда жас қыздардай ернін дүрдитіп қояды. Келесі кезекте исі жаман, арзан әтірін бүкіл өне бойына септі. Онысы бүкіл үйдің ішін шарлап кетті. Сосын барып соңғы айлығына сатып алған  өкшесі биік ыңғайсыз қызыл туфлиін киіп алған соң мұрнын көкке шүйіріп сыртқа беттеді.Сыпайы қонақтарша табалдырықтан аттай берем дегенде сүрініп құлап қала жаздап, есікті «шарқ» еткізіп сыртынан жауып кете барған.  Үйде қалған қыздары мен күйеуі бір-біріне қарап, еріксіз езу тартып сықылықтап күлген де қойған. Бұл әрекетіне үй іші әбден үйір боп кеткен-ді.

         Күндегі көрген күндері осы болғандықтан, күйеуі іштей налып, жанарына мұң шылап, терезеге телміріп, біраз үн-түнсіз  отырды да қыздарын сабағына аттандырды... 

         Күздің салқыны бетке ұрып тұр екен. Аспан бұлтты. Айнала тұман. Аздап жаңбыр ұшқындайды.  Алдына салтақ-салтақ шалғыш байлап, қолына ернеуі кетік темір шелекті ұстап қораға келіп, пысылдап күйсеп жатқан қара сиырдың жон арқасынан шыбықпен бір осқан-ды. «Мені ұрғанша анау шалаңғыр қатыныңды ұрсаңшы, менің не жазығым бар?» дегендей қара сиыр үлкен ала көзімен иесіне  барлап бір қарады да, орнынан  көңілсіз көтеріліп, құйрығын көкке көтеріп бір керіліп алып,  түк болмағандай күйсеуін жалғастырды. Астына қайыңның дөңбегінен жасалған тақтайды қойып, шелегін бұтына қысып,  аса бір шап-шаңдықпен сиырын сауып отырыған Құмар ойға шомып кетті. Бар ойы қызыл тұсақ туралы. «Ол қайда кетуі мүмкін? Әлде өрісте арам өліп, итқұсқа жем болды ма? Немесе біреулер сойып алды ма?» -деген ойлармен арпалысып отырып,  сиырын сауып болған соң  өріске айдады. Жоғалған қызыл тұсақтан басқа бес-алты қой-ешкісін де ауылдың  отарына қосты. Күндегі әдетінен танбай, қалың қойдың арасына кіріп қызыл тұсақты іздеді. Көзіне ілікпеді. 

       Ауылдағы адамдар Құмармен сөйлесуден қашқақтайтын. Себебі бір бастаған әңгімесін мың қайтара айтып,  түкірік шашырата сөйлеп, адамның аузына кіріп кете жаздап, тым жақындай түсетін. Осы әдетіне әбден қанық адамдар жүре сөйлеседі. Бұл сөйлесіп тұрған адамының үйіне дейін жанасып баратын. Ондай сәтте қасындағы адамнан «үйге кір, дәм тат» деген сөзді үздігіп күтетін-ді.  Әр сөзін  «Қызыл тұсақты іздемеген жерім жоқ, көрмедіңіз бе?» – деп бастауды соңғы бір айда әдетіне айналдырған.

        Күні бойы ауылдың айналасындағы жыра-жыңғылдың бәрін қарады. Тіпті көрші ауылдың қойларының ішінен іздеді. Қызыл тұсаққа ұқсайтындар көп екен. Көзді жұмып тұрып қызыл тұсақ деп  кез келген біреуін алып кеткісі келген-ді. Адамдық ары жібермеді. Ақыры түк шықпаған соң ерні кеберсіп, сай сүйегі сырқырап, шаршап-шалдығып үйіне келді. Тақырбас қыздары сабақтан келіп, үйдің шатырына шығып ойнап жүр екен. Оларға ештеңе деместен үйіне кіріп кетті. Қыздарының  елден ерек осындай жабайы қылықтарына да үйренген. Бұларға тәрбие беретіп жөн сілтейтін шешенің түрі анау болған соң көмбеске амал бар ма? Бірнеше рет әкелік ақылын айтып: «Дұрыс адам боп қалыптасыңдар, тәртіпті, таза, ұқыпты болыңдар, сабақты беске оқыңдар» - деген. Айтылған сөз сол жерде қалған. Түк шықпаған соң, сөзін шығындамай, үнсіз жүруді ұйғарған. «Шешелеріндей сөз ұқпайтын су ми», боп кетпесе жарар деп іштей кіжінгенде қойған..

        Кеш түспей тұрып  аздап көз шырымын алмақ боп жантайған. Жата сала түс көрген. Түсінде қызыл тұсағын көршісі сойып тастапты. Көңілсіз күйде көзін тырнап ашып, қабырғадағы сағатқа қараған. Кешкі алтыдан асыпты. Ұйқының мең-зеңімен жүріп бір ожау суық суды қылқылдатып жатып, түпкі бөлмеге көз тастаған. Әйелі жұмыстан келген екен. Сол баяғы әдетінше киімшең күйі қорылдауда. Көзінің қиығымен жақтыртпай бір қарады да, кешкі қой келетін жаққа  кетті.

     Ұзын бойлы, шардақ қарын, қақпақ жауырынды, бақа көзді, талыс мұрын, қою қара мұртты көршісі де мал күтіп алуға ауыл шетіне шығыпты, соның  қасына келді.

    – Ооо, көрші қалыңыз қалай? – деп шіңкілдей сөйлеп, үстіндегі кең желбегей күртесін қусыра бүрісіп, қасына жақындады. Мұртты қара темекісінің түтінін мұрнынан  будақтатып, үнсіз басын изеді. Құмар  жөткірініп қойып сөйлей бастады: - Сол баяғы қызыл тұсақ. Іздемеген жерім жоқ. Жер жұтып кеткен бе дерсің. Өзіңіз былай бөтен ештеңе байқамадыңыз ба? Көрсеңіз айта саларсыз, оң құлағының арты ойық, сол құлағының ұшы тілік, ені осындай... Осы сөзді бұған кездескен сайын айтады. Әбден мезі болған көршісі: – Қайда кетер дейсің, табылар! – деп шаң боратып келе жатқан бір қора қойға көз салып тұрып, - Оу өздері бөлінеді, алдына шықпаңдар! – деп жуан даусымен қора қойдың алдын тосқан ауыл адамдарына айғай салған-ды. Әр көшенің қойы өз бағытына қарай бөліне бастаған шақта Құмардың қырағы көзіне қызыл тұсақ оттай басылды. Қуаныштан айғай салды.

   – Таптым, таптым, ақырын айдаңдар, - деп, қойға түскен қасқырдай килігіп кеп  үйірілген қойдың ішіндегі қызыл тұсақтың артқы сирағына құлай жармасты. Қой бық-бырт боп үрікті.  Айнала ақ шаң. Көршілер аздап күңкілдесіп, араздасып жатты: «Оу, Құмар малды үркітпе», «артынан еріп барып, қай қораға кірсе, сол жерден ұстамайсың ба?!» деген сияқты түрлі дыбыстар шығып жатты. Жұрт сөзіне мән бермей қызыл тұсаққа назар салды. – Дәл өзі, енін өзгертіп жіберіпті ғой ақымақ немелер. Кім екен, әкең...? –деп таңданып тұрғанында, асау қызыл тұсақ қолынан бір жұлқынып,  сытылып кетті. Далақтап артынан қуа жөнелді.  – Ұстаңдар ананы! – деп айғай салды бар даусымен. Осы кезде әкелерінің даусын естіген тақыр бас қыздар  ауладан атып шығып, ұялас бөлтіріктер тәрізді қойларға қарай тұра жүгірген. Көше азан-қазан боп кетті. Көшенің басындағы бір үйдің дарбазасына  барып кірген қызыл тұсақты қыздарымен бірге қаумалап ұстап, үйіне алып келіп, қамап тастады. Қызыл тұсақ бөтен қораға келгендей дамылсыз маңырайды. Әбден жат боп кетіпті. Құмар маңдайынан саулаған терді жеңімен сүртіп, ауладағы ескі құдықтың қауғасынан қылқылдатып су жұтты да, үйге кірді. Әйелі шай қайнатыпты. Бұл сирек болатын құбылыс. Қуанып кетті. Оның үстіне қызыл тұсақ табылды. Шәй ішіп отырып әйелімен әңгімелескен ол, қанғыбас тұсақты сойып, күздікке жейік деп шешті.  Кешкі салқынмен қызыл тұсақты бауыздап, етін мүшеледі. Қураған ағаш қиқымдарын  жағып бас-сирағын үйітті. Әйелі кеше ғана жапсырған тырнағым түсіп қалады деп  ішек-қарын аршымады. Құмар өзі аршып, мұнтаздай ғып жуып, бәрін ыңғайлап болған соң, бала-шағасына қызыл тұсақтың өкпе-бауырын қуырып берді. Әйелі болса: – Өкпе бауыр жемеймін! - деп тыжырынып, екі кесе қара шай ішіп, жастыққа бас қойған. Ал тақырбас, сатпақ қыздары шала піскен өкпе-бауырды ашқарақтана жеп, жүздерінде күлкі ойнап, шырайланып қалған-ды. Тіпті  әкелеріне көмектескен болып қасында жүрді. Қарындары тойған қыздар көңілді. Түннің бір уағы болса да, біреуі үй сыпырған болса, енді бірі ыдыс жуған болып кеш жатты.

       Қызыл тұсақ табылған күні Құмардың ұйқысы тыныш болды. Таңертең асықпай тұрып, әйелін жұмысқа, балаларын сабаққа аттандырып, қара сиырын сауып, өріске шығарды. Көңілі орнығып, «ысқырығы жер жарып» бес-алты қой-ешкісін айдап  келе жатып, кешегі мұртты көршісімен тағы есендесті де:

– Ой, көрші аузыңыз дуалы екен, айтқаныңыз айдай келді, жоғалған қызыл тұсақ табылды, әйтеуір. Ең бір жаман жері менің салған енімді өзгертіп, үстінен ен салыпты, бір оңбағандар. Енді өріске шығарсам, оралмайтын түрі барын сезіп, кештетіп сойып тастадым! –деп, кеудесін қуаныш керней, өктем үн қатты.

Алып денелі, бақа көзді, мұртты көршісі таңданысын жасыра алмай:

 – Мәссаған, енін өзгерткені қалай? Бұл масқара ғой. Ұят емес пе бір ауылда тұрып, - деп кіжінді. Сөзін қостай жөнелген, денесі тыртиған Құмар қасындағының иегінің астына жақындап тығыла түсіп:

 – Көрші, қазір абайламасаңыз біреудің малын біреу иемденіп кете беретін заман, - деп сыбырлады. Осы сәтте көңіл хошы болмай тұрған мұртты көрші: – Менің де кеше бір қойым келмей қалды,  – деп жан-жағын барлай қарап, бір отар қойдың ішіне кіріп кетті. Құмар көршісінің жоғалған қойын қарасқан болып, қатарласып, жанында жүр. Бір ұзын, бір қысқа боп өрістегі қойды аралап ұзақ жүрді. Кенет Құмардың көзі қызыл тұсаққа түсті. Дәл сол. Көптен бері іздегені. Өз көзіне өзіне сенбеді. «Мынау менің тұсағым ғой»,- дей жаздап, дереу тілін тістей қойып, сасқанынан қасындағы мұрттыға:           - Іздегеніңіз  мына біреу емес пе?- деп сұқ саусағын шошайтып, өзінің қызыл тұсағын көрсетті.

 – Жоқ. Бұл емес. Негізі тұрпаты осыған ұқсайды. Аумайды десе де болады. Жарайды, ертең тағы іздестірермін... Бұйыртса табылып қалар! - деп сөзін қысқа қайырған мұртты қара, қолын артына айқастырып үйіне қарай кете барды. Құмар кешегі сойған қызыл тұсақ мұртты көршісінікі екенін осы сәтте аңғарды. Көршісіне қарауға бет жоқтай қызыл тұсағына жалтақтап қарай берді...

       Бұның алаңғасарлығын әшкере етіп мазақ қылғандай алқызыл шапақты күн, шығыстан көтеріліп келе жатты. Кеше ғана  көрген түсі өңінде  керісінше боп келгеніне таңданды.  Не істерін білмеген ол әңкі-тәңкі күй кешіп, қаққан қазықтай қаздиып бір орында көп тұрды. Ол  бірінші рет өз тірлігінен  жеркеніп бұл ортадан өзін бөтен сезінді...