Бүркеншік аты: Zhako
15 ҚАРАША
Аяулы биыл филология факультетінің 2-курс студенті. Аяулы өз мамандығын жақсы көреді. Болашақ мұғалім. Аяулы тік мінезді, өзін көпшілік ортада еркін ұстайтын, қызу қанды, ақ жарқын қыз. Отбасында 4-қыз. Артынан ерген үш сіңілісі бар. Аяулы қаланың шетіндегі ауылдан қатынап оқиды. Күнде әкесі көлікпен сабағына апарады. Әкесі Манат 43 жасты еңсерген, тау тұлғалы, аздап өлең шығаруға қабілеті бар, гитарамен ән айтатын өнері бар, әлемдік жаңалықтардан хабардар, әр баласының білімді болғанын қалайтын азаматтардың бірі. Қыздарына әрдайым дастархан басында болсын, жол-жөнекей өз ақылын, кеңесін айтып отырады. Аяулы кейде еркелікпен әкесіне қатты сөйлейтін кездері бар. Бірақ әкесімен өте ашық сөйлеседі. Тіпті кейбір сөз айтқан жігіттері жайлы қызықтарын айтып күліп алатыны бар.
Әдеттегідей, Аяулы таңертең сабаққа дайындалып жатыр. Бірақ күнделікті ерте тұратын әкесі әлі оянбаған секілді. Әкесінің бөлмесіне кіріп:
- Туу, папа, неғып әлі ұйқтап жатырсыз? Сіз ақ осы асықпайды екенсіз, қазір сіздің кесіріңізден кешігемін. Өмірі, осылай жүресіз, болсаңызшы, қазір кешігемін, - деп қатты жекіре сөйледі.
- Қазір тұрамын, Аякош, - деді салмақты үнмен.
Аяулыға басқа күндерге қарағанда әкесі басқаша кейіп танытқандай болды. Бірақ көңіліне алмай өз тірлігін жасап жүре берді.
Әкесі тұрып сырт киімін киіп, апыл-ғұпыл сыртқа шықты. Дала суық. Күздің ең суық айларының бірі – қараша. Әкесі сыртта күрегін алып қар тазалап кетті. Жапалақтап жауған қар, есік алдын ақ мамыққа орапты. Қыздарының сабаққа баратын жолын ашып, есік алдын ары-бері тазалап жүр.
Үй ішінің қалған жандары оянып сабаққа дайындалып, киініп, жуынып, таңғы астарын дайындап абыр-сабыр болып жатыр. Бұл сәт осы отбасының күнделікті күйбең тіршілігі. Аяулының екі сіңілісі бастауыш сыныпта оқиды. Анасы екеуінің астарын беріп болды. Аяулының анасы ойында ештеңе жоқ, қыздарын сабаққа шығарып салайын деп сыртқы есікті ашып қалса, әкелері ек бетіннен түсіп жерде жатыр.
- Ойбай, деп шошып айқайлаған анасының даусынан Аяулының жүрегі зырқ ете қалды.
- Не болды, мама? деп есікке қарай жүгірді.
- Манат, Манат, не болды саған, тұрсаңшы, - деп, құшақтап көтеріп, жүзін өзіне қарай аударды.
Қорыққаннан, айқайлап жылап жатқан жарына, папам:
- Қорықпа, қорықпа, жылама Сәуле! деп бар күшін жинап айтты. Бұл сөз анама бір зілді, бұйрықты сөз болып көрінді.
Өмірінде мұндай оқиғаны көрмеген балалар үнсіз жылап, қорқып тұр. Кішкентай сіңілілерін үйге қарай алып кеткен Аяулының есі шығып, не болып жатқанын түсіне алар емес. Бір сезері, жаман жағдай боларын біліп тұрғандай. Адам баласы өмірден өтерде кішкене ауырып, төсек жастанып жатса да артында қалатын жақындарының көңілі суыр еді ғой. Мына жағдай тіпті, Аяулының ешқашан ойламаған да, үш ұйықтаса түсіне кірмеген жағдай болып тұр. Осындай түрлі ойларды ойлап кеткен Аяулы өз бетін қатты қағып, сипалап жіберді де, «не сандырақтап тұрсың» дегендей есін жиып алды. Анасына қарай жүгірді.
- Жедел жәрдем шақыр, тез, - деп анасы айқайлады.
Аяулы үй телефонына жүрігіп барып, жедел жәрдемнің номерін терейін десе, тере алмай, тіпті қолы дірілдеп, сандарды ұмытып қалған. Өзіне жыны келіп, тез, есін жиып, сандарды тере бастады. Әп сәтте жедел жәрдемді шақыра салып, анасының қасына қарай жүгірді. Әкесі әрең демалып жатыр, анасы суық жерден көтеріп, үйге қарай кіргізейін десе, өте еңселі азаматқа күші келмей жатыр. Бір сәтте айқайлап шуылдап жатқан сәтті естіген көршілер де жүгіріп келді. Үш төрт азамат, екі-үш әйел әрең дегенде әкесін көтеріп, үйдің табалдырығына жатқызды.
- Тілі кетіп барады! Тілін ұстаңдар! деп айғайлап, әкесінің тілін ұстап жатты.
Көзі аларып, жаны шығып жатқаны білінді. Бәрі қасында еш шарасыз, жылап тұр. Әкесінің жаны бас жақтан бөлініп-бөлініп шығып жатқандай болды. Ең соңында аяғы жыбыр етті де, тып-тыныш болып қалды. Бәрі айқайлап, бақырып, жылап жатыр. Жедел жәрдем жетіп, тез арада бір ине салды. Тамырын ұстап, қарап тұрды да, басын шайқады. Үнсіз басын шайқады. Дәл осы сәтті көрген Аяулы, не сенерін, не сенбесін білмей, жылап тұра берді. У-шу. Әкесінің денесін бір бөлмеге кіргізіп жатқызып қойды. Өмірді енді ғана бастап келе жатқан жас жауқазын Аяулының өмірі бір-ақ сәтте күл болды. Іші жанып, не істеп не қоярын білмей дел-сал болып тұр. Бұл болып жатқан оқиға өз өмірінде болмай қойса ғой деп ойлап қояды ішінен. Бір кезде жылап жатқан анасының қасына барды.
- Азаматым, бұл қалай болғаны, еш жерің ауырмай жүріп қалай ғана бізді тастап кеттің, балапандарың болса әлі кішкентай ғой, неге ерте кетіп барасың, қыздарыңды қияға қондырып, енді осылардың қуанышын бірге көреміз деген сәтте жоқ болып кеткенің қалай? Мен енді сенсіз қалай өмір сүремін? Мен сенсіз бұл жалғанда жалғыз қалғандаймын..., тастамашы мені,- деп жылап жатыр.
Аяулы да анасының қасына отырып, үнсіз екі көзінен жас парлап жатыр, тоқтар емес, бұл қаралы күн дәл өзінің басынан өтіп жатқанына сенер емес.
Көршілер:
- Қарақтарым, қайтқан адам келмейді, тірі адам тірлігін жасайды, арты қайырлы болсын, иманы салауат болсын, еңселеріңді көтеріп, туыстарыңа хабар беріңдер, - десіп жатты.
Аяулы бүкіл туыстарына хабарласып, жылап жатып хабар берді.
Екінші сіңілісі әкесіне жақын еді. Ол қалада жатақханада тұрып оқитын. 1-курс студенті. Нағашы ағамаларына өтініш жасап, еш хабар айтпай, үйге алып келуін өтінді.
Үйдің іші бозарып тұр, тіпті дала да жылап тұрғандай. Осы отбасының басына түскен қаралы күнді барлық әлем сезгендей...
Ағайын-туыс, бауырлар, көрші-қолаң бәрі жиналып әкелерінің жан азасын шығарды. Мұсылманға лайықты барлық шаралар жасалды.
Осы күннен бастап Аяулының өмірі түбегейлі өзгерді. Аялайтын әкесі жоқ. Анасы болса жылаумен күні өтеді. Қимастық сезім. Үй ішіндегі нәзік арулардың бәрі солған гүлдей қайғыруда... Ең қиын күндер әкесіз өткен күндер екен. Бәрінен де бастауыш оқитын кішкентай сіңілілері нағыз әке махаббатына зәру екенін сезеді.
Бірнеше күннен бері, Аяулы ой үстінде жүр. Ондағы ойы, әкесі өмірмен қош айтысатын күні де ауыр сөздер айтқаны үшін өкініш. Тірі кезінде, қадірін білмей, өмірден өткен соң өкініш өзегін өртеп бара жатқанына өзіне қатты ренжулі. Өзімен-өзі болып жатқан арпалысты ешкім де білмейді. Неге осы адамдар, бір-біріміздің қадірімізді тірі кезімізде білмейміз деп жылап әкесін есіне алып отыр. Егіліп жылап отыр, жылағаннан не пайда, әкесі енді жоқ. Жылап отырып, әкесінің қойын дәптерін ашты. Анда-санда өлең жазатын, өткен күндерін күнделік ететін әкесінің бір өлеңіне көзі түсті:
Өмір деген дария,
Адам оның кемесі.
Батып кетпе, абайла,
Лақтырып тастар, жағаға.
Дария мен Ер толқын,
Бірігіп өзі шешеді.
Кім жағада қалады,
Кімдер оның кемесі.
Дария кейде кеңейер,
Кейде шөл боп тартылар,
Қателссең сен егер,
Тастар кетер жағаға...
Аяулы тағы жылады...
Жылап отырып, өкінді. Кешірші, әке, енді сізге дөрекі сөйлемеймін. Сіз менің диплом алып маман болғанымды да көре алмадыңыз. Қыздарыңыздың үлкен маман иесі болғанын көру – арманыңыз еді ғой. Кешіріңізші мені, әке...деп жылады.
Міне, сол қаралы күннен бері он үш жыл өтті. Аяулы қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз. Әкесі армандағандай белгілі маман иесі. Аяулы сол әкесін жоғалтқан күннен бастап адам жанын жаралайтын дөрекі сөздерді сөйлемеуге, жақын жандарына ренжімеуге, ешқандай ауыр сөздер айтпауға өзіне уәде берді. Өзінің шәкірттеріне ылғи да ата-аналарын сыйлауға, жүрекке ине болып қадалатын ауыр сөздер айтпауға, қазіргі жастық шақтарын тиімді пайдаланып, оқуға, ізденуге, өз-өзін тәрбиелеуге, өмірде өз орындарын табуға шақырады.
Жақында ғана әкесінің бейіт басына барып қайтты. Маңдайында аты-жөні жазылған тақтайшаға көзі түсті. Кезінде өзі шығарып жаздырған бір шумақты дауыстап оқыды:
Өшірмеспіз әке жолын шуақты,
Ұмытпаспыз әке сөзін салмақты .
Бар пендеге өлшеп берген ғұмыр бар,
Бір Алланың әмірі ғой қуатты. (12.10.1968-15.11.2011)
Аяулы күндегідей жұмысына келді. Оқушыларына жақындарымызға хат жазамыз деген тапсырма беріп тұрған ұстазға бір шәкірт қолын көтеріп:
- Ұстаз, сіз үшін ерекше әсер еткен хат жайлы айтып бере аласыз ба? деп өтініш білдірді. Аяулы ойланып тұрып қойын дәптерін ашып оқи бастады:
Әкеме сағыныш хаты
Әке, сіз кеткелі біресе күліп, біресе жылап есейдік, ес жидық. Кей кезде балаларыма қарап отырып, сіз бір сәтке келіп немерелеріңіздің қызығын көріп кетсе ғой деп армандаймын. Әттең... ондай күндер ешқашан келмес, өкінішті...Сіздің тірі кезіңізде көп жылы сөздер айта алмадым, үлгермедім, қазір қасымда болсаңыз, еш қысылмастан, сізді құшақтап отырып айтар едім...
Сіз жаттатып кеткен сүрелерді оқып, құран бағыштаймын!...Сіз мен үшін ең үлгілі әкесіз! Сіздей ер азаматтың нәзік қызы болғаныма қуанамын! Қандай да бір, жарыстарда мені марапаттап шақырғанда бәріне Аяулы Манатқызы деп шақырыңыздаршы деп өтініш білдіремін. Сізді қатты сағындым, сізге мәңгілік алғыс айтамын! Қазір барлық қыздарыңыз бір-бір үйдің отанасы болып отыр. Сіздің айтқан әрбір сөздеріңіз, ақылыңыз жадымызда мәңгі сақтаулы. Өмірдің қиын сәттерінде құлап, сүрініп жатқанымда сіздің сөздеріңіз мені тұрғызды, сіздің махаббатыңыз жел болып келіп көзімнің жасын сүртті, сіздің ақылыңыз мені алға қарай жетеледі. Сіздің тегіңіз, қаныңыз менің мақтаныш тұлпарым болды! Сіздің тірі кезіңізде көңіліңізге қаяу түсірген сәттерім үшін кешірім сұраймын. Өкінемін...Сол үшін де әкелері тірі жандарға әрдайым, «әкелеріңізді ренжітпеңіздер, жылатпаңыздар, сыйлаңыздар!» деп айтамын!
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын. Жаныңыз жәннатта болсын.