Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Балауса махаббат бейнесі
97
оқылды

 

Бүркеншік аты: Temirqazyq

 

БАЛАУСА МАХАББАТ БЕЙНЕСІ

 

Шекара шебі.

Иректеліп, дөңгелек пішінде оралған темір тікенді шекара сымдары, оны көмкеріп тұрған қарлар арқылы ол, сым емес, тура бір аппақ жуан арқандар тұрған сияқты көрінеді.

Жауға шабатын батырларша жасанып, бес қаруын асынып аязға да қарамай тұрған шекарашылардың қасында арнайы жаттығулардан өткен шекарашы иттер де, күн демей, түн демей ел іргесін күзетуде.

Әлімжанның жасы жақында жиырма жетіге толады. Осыдан екі айдай бұрын жүк көліктерін тексеру бөлімшесінің аға жетекшісі болып қызметі жоғарылады. Қазақстан мен Қытай елінің арасында өтіп жататын ауыр жүк көліктері түгел осы Әлімжанның басшылығымен өтеді.

Соңғы үш-төрт күннен бері оның телефонына маза болмай тұр. Нұрлан деген біреу өзінің жүк көлігімен тауарларын салық төлемей өткізбекші, және жүкті тексермеуін өтініп болар емес. Жастайынан адал болуға тәрбиелеген ата-ана өсиеті Әлімжанның жадынан бір сәтке де кеткен емес. Осы жолы да адалдықтың ақ туын құлатпақ емес.

Нұрлан соңғы рет қоңырау шалған кезінде, оған қатты ескерту айтқан еді. Егер тағы да осы мәселемен хабарласар болсаң, ары қарай мәселеңді құзырлы орындармен шешетін боласың, – деп ескерткен.

Қанқұйлы тобыр, бұл жолы да айламен іс тұтпақ. Айла арқылы ғана өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырмақ.

Жұмыстан үйіне оралған Әлімжанды ата-анасы және өзі жақсы көретін қарындасы Зейнеп қарсы алды. Барлығы бірге отырып, арқа–жарқа әңгіме айтысып, келер күндер туралы әңгімелер айтты. Бұйырса Әлімжанды үйлендіру туралы әңгімені, дағды бойынша анасы Нұрсұлу бастады.

– Әкесі–ау, сіз де үндемей отыра бермей, мына ұлыңызға отау көтеру, үй болу туралы айтсаңызшы. Өз дегенімен жүріп отызға да келіп қалды. Егер қызы болса, оны айтсын, егер болмаса, оны айтсын. Менде жоспарлап жүрген бір қыз бар. Ұлыңыздан бір жауап болса, мен қашанда әзірмін.

– Әлімжан-ау, мына қарындасың да осы көктемде ұзатылады. Кейін мына үйдің шаруасын анаң дөңгелете ме? Сенімен жастылар, қазір кемі бірді–екілі перзенттері бар. Мына бізге де немере сүйгізсеңші. Анаңның сөзінде жан бар. Өзіңнен осы бір жетінің ішінде нақты жауап болмаса, анаңа ұнап жүрген қызбен кездесуге барасың.

– Иә, әке, жұмыс деп, оқу деп отызға да келіп қалыппыз. Бұйырса, осы жылдан қалмаймыз, – деп қарындасына қарап бір көзін қысты.

– Әне, мен сіздерге айтпап па едім, ағамның сүйген қызы бар. Осы жылдан қалмаймын дегеніне қарағанда... Қап, мен сол жеңгемді ұзатылмай тұрып көрсем ғой шіркін!

– Зейнеп, сен қорықпа, қыдырып келіп–кетіп жүріп жеңгеңді әлі талай жұмсап үлгересің.

Осы кеште бұл отбасыға кез–келген адам қызыға да, қызғана да қарайтын еді. Себебі, сүліктей сымбатты ұлдары Әлімжан бастауыштан  жоғары оқу орнына дейін үздік оқып, кейіннен қызметте де жолы болып, міне, бір бөлімшені дерлік өзі басқарып отыр. Бала күнінен армандаған  мамандығы – шекарашы. Әке–шешесі де бұл күндеріне дән риза. Бұйырса, Зейнебін аман–есен ұзатып, ұлын үйлі етіп алса арқалары кеңейетін еді. Ата–анасы Нұрпейіс те, Нұрсұлу да, бүкіл өмірлері ұстаздықпен өтіп жатқан зиялылар. Нұрсұлу осылай ұйып отырған отбасына кімнің де болсын көзі өтпесін деп біреулерге оқытқандай болып жүреді.

Бірақ, Алла сынақ жіберемін десе, тәуіптерің мен бақсыларыңа да қарамайды екен ғой.

Дәл осы кеште Нұрландар да өздерінің астауластарымен бір аулақта бастарын қосып, арам пиғылдарын жоспарлап жатыр еді. Бұлардың араларына Әлімжанның бала күннен бауыр болып өскен, осы күнде қызметтес болып жүрген Ринат та келген. Басында ол бұл жерге Нұрланның шақыртуымен келді, бірақ, шыны керек, әуелінде нақты қандай оймен шақырылғанын білген жоқ.

– Ринат, сенің досың бізді әбден қинап бітті. Досыңа тосқауыл қоя аласың ба? Егер қоя алмасаң, бізге көмектес. Байқауымша, сен әлі күнге дейін пәтер жалдап тұрады екенсің. Жас бала–шағаңды, әйеліңді аямайсың ба? Ауылдағы ата–анаңды ойла. Қолда қызмет болып тұрғанда пайдаланбайсың ба? Ертең мұндай мүмкіндік болмайды. Егер бізбен бас қоссаң, сенде үй де, көлік те бәрі ақырындап болады.

Ринат Нұрланның сөзін тыңдап, ойланып қалды. – Шынында да сөзінің  жаны бар. Ақырындап, ептестіріп жүргендер аз емес қой. Соларды да тергеп, тексеріп жатқандар жоқ қой, – сынды сапырылысқан, әуелі жоқшылық пен қанағатсыздықтан туған жауабын берді.

– Жарайды, жігіттер, бірақ бұл туралы Әлімжан білмесін. Мен не істеуім керек.

– Ооо, міне нағыз отбасын, ата–анасын ойлаған азаматтың сөзі осындай болады. – Ммм, онда негізгі жұмысқа көшейік. Ертең түнде жүк көлігін тексермей, Қытайдан кіргізу қажет. Сен қорықпа, оның ішінде жаман зат жоқ. Жай ғана киім кешектер ғана. Былай өткізейін десек, салығы бар дегендей. Өзі там–тұмдап қана тиын–тебен қосып сатамыз. Ал, былай өткізсек өкіметке төлер салық мөлшері көбейіп кетеді. Содан ғой, әйтпесе жасырын өткізіп нем бар дейсің.

– Нұрлан, жүк көлікті тексермей өткізе алмаймын. Қазір шекара бекеттерінде бейне бақылаулар күшейтілген. Бірақ, ертең Әлімжан тек күндіз ғана болады, ал кешкісін ол болмайды. Жүк көлікті тек өзім тексергендей боламын. Іші бос деп құжатқа тіркеп берейін. Қалай келістік пе?

– Жарайды, бірден түсініскенімізге қуаныштымын. Мынау жұмыс алды сый, – деп мың доллор салынған конвертті ұстатты.

Келесі күні кешкісін жұмыстан кейін Әлімжан аяқ асты кезекшілікке қалатын болды. Оны қанша сылтау айтып қайтарғысы келсе де, ол жұмыстан қайтпады. Ал, Ринатты уайым мен дегбірсіздік басты. Жүк көлігінің келетін уақыты жақындағанда қалайда, Әлімжанның назарын басқа нәрсеге аудармақ болды. Әйтеуір бір амалын тапқандай етті.

Жүк көлігі бекетке келіп тоқтады. Қасында арнайы жаттыққан итін ертіп, Ринат та шықты. Жүк көлігінің ішіндегі заттарға ит ерекше жақындағысы келіп, үрсе де, оған оны жібермеді. Тездетіп құжатқа қол қойды. Осы сәтте иттің үрісінен секем алып сыртқа шыққан Әлімжанды көріп, Нұрлан да, Ринат та сіресіп қалды. Жарты сөзден жай ұғып кететін Әлімжан лезде бәрін түсіне қойды.

– Бұл көлікте есірткі тиелген ғой, Ринат. Сен неге бұған кірістің, – деп айтуы мұң екен. Нұрландар тарапынан Әлімжанға қарай оқ жауды. Мұны көріп тұрған Ринат иығында ілулі тұрған мылтықты кезеп жатқанда, оны тура жүрек тұсынан Нұрлан атып түсірді. Сол жерде тілге келмей Ринат о дүниеге аттанды. Басына оқ тиген Әлімжан мұзға сұлап түсті.

Бұл кезде жүк көлігімен Нұрландар да шекарадан өтіп кетті. Алайда оларды көпке ұзатпай қолға түсірді. Тінту барысында көліктен үш жүз келі есірткі және қызыл кітапқа енген аң терілері мен мүйіздер тәркіленді.

Әлімжанның басынан тиген оқты алып тастаған соң, жан сақтау бөлімінде он күн, ауруханада жиырма бес күндей жатты. Дәрігерлердің айтуынша, ол есін түгел жоғалтқан. Тіптен өзінің де кім екенін білмейді. Бұл оқыс оқиға бәрінен бұрын ата–анасына өте ауыр тиді. Үйіне келгенде, мынау кімнің үйі, сіздер кімсіздер? – деп отбасын ерекше күңірентті. Ата–анасын былай қойғанда өзі өте жақсы көретін қарындасы Зейнепті де мүлде танымай қалды.

Ата-анасы мен қарындасы күнде жылап жаратқанға жалбарынумен күн өткізетін болды. Әлімжанның жадын тіктеу мақсатында медицинаның әлсіз екенін біліп, оны шетелге де апаруды қойды. Расында да, басынан тиген оқ  оның миына әсер еткен. Ол мәселеде әлі күнге медицина әлсіз. Ұлының қасында болуы үшін анасы Нұрсұлу да мектептегі жұмысынан шықты. Бала күнгі суреттерін көрсетіп, кейбір оқиғаларды айтса да, оның есіне ештеңе түсер емес. Өзінің бала күнінде сүйіп ойнаған ойыншықтарын да алдына қойып еді, одан да пайда болмады.

Бір күні Нұрсұлу ұлы ұйықтап жатқанда базарға барып келуді жөн санайды. Нұрпейіс мектепке жұмысына кеткен. Нұрсұлу базарға кеткен соң ұйқыдан оянып, қарны ашып ас бөлмесіне барып үстел үстіндегі асты ішіп алған Әлімжан үйдегі бөлмелерді аралайды. Сөйтіп өзінің қарындасының бөлмесіне кіреді. Сөйтсе бұл бөлмеде бір қыз жатыр. Яғни Зейнеп.

Өзіне өзгенің қолы тиіп жатқанын көріп оянған Зейнеп қуанып кетеді. Ағасының жады оралды деп ойлайды да, ағасын бұрынғыдай құшақтап алады. Оны да Әлімжан құшақтайды. Бірақ ол басқа ниетпен. Ағасының ниетін сезгендей Зейнептің зәресі қашады. «Аға, саған не болған, мен сенің қарындасыңмын ғой, бұл не қылғаның», –деп қарсыласса да әуелгі арам ойымен оны зорлайды. Әрине сайтан түрткендіктен ғой. Бұл ісіне бек қуанған ол талып жатқан Зейнептің бетін көрпемен жауып тастайды. Өзі Зейнептің қасына жатып ұйықтап кетеді.

Базардан қос қолы үзілердей болып Нұрсұлу да үйіне жетті. Үйге кіріп, ас бөлмесіне барып азық–түліктерді қойып жатып байқады. Қараса өзі дайындап кеткен асты біреу ішкен сияқты. Ұлы болар деп ойлады. Базардан шаршап келген ол Зейнепті шақырып жатты. Бірақ ол келер емес. Ұлының бөлмесіне кіріп еді ол да жоқ.

Зейнептің есігін ашып қалып еді, басына жәй түскендей болды. Жартылай жалаңаш жатқан ұл-қызын көріп не дерін білмей қалды. Әрең қалшылдап Зейнепке жақындап бетіне су шашты, шүкір тірі екен. Ояна сала ол да еңірей кетті. Лезде есін жинап Зейнепті бөлмеден алып шықты да, ұйықтап жатқан Әлімжанды сыртынан кілттеп қойды. Ерні кезеріп әрең Нұрпейіске қоңырау шалып, үйге тез жетуін айтты да, өзі еденге құлап түсті.

Сол кезде басына қан құйылған екен. Содан ауруханаға жетпей бақилық болды.

Арада екі-үш ай уақыт өтті. Зейнепті айттырған тарап та бұл әңгімеден хабардар болып құда болуды тоқтатты. Айналдырған үш-төрт айдың ішінде шаңырақтары ортасына түскен бұл шаңырақтан бақытсыз отбасы, бұл тарапта болмаса керек.

Әкесі бейшара сонда да ұлының бұл істі есі жоғалғаннан кейін істегенін толық біліп, оған әсте ренжіген жоқ. Қандай қарғыс айтса да түрмеге жабылған ұлын осы хәлге жеткізген Нұрланға айтты. Ол да осыдан үш күн бұрын түрмеде есірткіге уланып өліпті. Содан кейін оған да қарғыс айтпайтын болды. Өзі жұмыс істеп отырған мектептен де Зейнептің оқиғасынан кейін бас көтеріп жүре алмай шығып кетті.

Нұрпейіс ұлының жады тіктелу үшін отбасылық естеліктері өткен барлық жерге алып барды. Сонда да оңалар емес. Керісінше күннен күнге нашарлап бара жатқандай.

Жақында Зейнеп өз достарымен шетелге жұмыс істеуге барғысы келетінін айтқан. Әкесі оған бірден келісті. Бір жағынан әлгі оқиға қайталанбасын деген ой ғой. Қызы да өзге жерге барса шамалы мына қайғыларды біршама ұмытар ма, кім білсін.

Шаңырақтары шаттыққа толған бұл отбасына келген қара бұлт әлі шыр айналдыруда. Шетелге кеткен Зейнептен де қаралы хабар көп өтпей бір жеті дегенде келді. Он бесінші қабаттан өзін тастап мерт етіпті. Өз туған перзентін өз қолымен жерлеген Нұрпейіс бұл жолы қатты есеңгіреп қалды. Туған-туыстар да бұл шаңырақты қарғыс атты санап, өз іргелерін аулаққа салды.

 

*** 

Соңғы кездері күші бойына сыймай жүрген Әлімжан көшеде жас балаларға, ересектерге жұдырық көтеріп жүр. Жындыханаға беруін қанша ауылдастары сұраса да, әке байғұс баласын әлі ол жерге қияр емес. Оның көңілінде ұлы әлі–ақ жазылып кететіндей.

Енді Әлімжанды байлап ұстаудан өзге айла қалмай барады. Сондай күндердің бірінда көшеге шығып бара жатқан Әлімжанды аяқ қолын байламақ болды. Бірақ өзіне арқанмен келе жатқан Нұрпейіске қарсы шығып итеріп жіберді де, құлап жатқанына қарамай шығып кетті. Жерде құлап жатқан Нұрпейісті көршісі Ақберді көріп үйіне кіргізді. Жедел жәрдем шақырды.

Әлімжанның марқұм анасы да марқұм қарындасы да жадының қайта орнына келетініне қатты сенді. Сол үшін олар қолдарынан келгенінің бәрін жасап көрді. Бірақ барлығы нәтижесін бермеді. Ал бүгін екеуі де жердің астында. Ал жердің үстінде қалған әкесі Нұрпейіс қана. Ол да әбден шаршады. Не істесе де болар емес. Басында дәрігер айтқан дәрілерді небір айламен беріп жүр еді. Енді ол да көмектесер емес. Тынышталдыратын дәрілер де бүгінде Нұрпейіске әсер етпейді. Қаншама адам Әлімжанды жүйкесі ауытқыған жандарға арналған арнайы орындарға жатқызуды айтқан. Бірақ Нұрпейіс әлі көнер емес. Онда  тіптен жынданып кететін сияқты. Молдалар мен әулиелі жерлерге де барып ел істеп жүрген әрекеттерді жасамай қалмады. Қандай да бір үміт сәулесі қылаң берсе, соны жасап бағуда.

Әлімжанның итеріп жібергенінен қатты құлап қалған Нұрпейістің де жағдайы қазір мәз емес. Оның да жайына қарайтын біреу керек. Бірақ ұлы үшін амалсыз, аяғын сүйретіп жүр. Кейде бұрынғы бақытты отбасы кезінде түгел түскен суреттерін қарап отырып еріксіз еңкілдеп жылайды. Аллаға мұң зарын шағады. Енді ғана көрініп келе жатқан зейнеттің де саңылауы қара түнек болып келгеніне налиды. Қыз Жібектей қызының да тағдыры анадай болды. Ұзатылғалы отырған жерінен бағы байланды. Жолдасы Нұрсұлу да осы күйіктерге төтеп бере алмай, бар ауыртпалықты бұған тастап кетті. Намысқой Зейнеп те ар алдында қиналып өзіне қол жұмсады. Кейде осыншама ауыртпалықтарға қалай төтеп беріп келе жатқанына да таң қалады. Сонда да осы болып өткен, болып жатқан келеңсіздіктерге мүлде Әлімжанды әлі күнге кінәлаған емес. Керісінше, оның әлі сауығып, отбасын құрып, әулетін жаңғыртатынына кәміл сенеді. Бірақ жасаған істерінің нәтижесіз болып жатқанына қапаланады. Бірақ өкінбейді.

Ата–ана деген қашан да өз өзегінен жарып шыққан ұрпағына жамандық тілемейді ғой. Анда–санда айтқанынан аулаққа кеткен кезде бірен–сараң реніш сөздерін айтады. Бірақ оны шын ниетімен айтпайды. Тек ізгілік тілейді. Ұл–қыздарының ізгілігін көрсе оларға ешқандай өзге бақыттың керегі жоқ. Ал керісінше Нұрпейістің шаңырағына келген Алланың жазуы, тағдыр толқыны кез–келген пендені жасытатыны сөзсіз.

Дегенмен, солардың бәріне төзіп, трагедияларға төтеп беріп келе жатқан Нұрпейіс өз–өзіне кейде таң қалады. Құдай тағала, мұндай төзімді етіп жаратар ма?

Әлімжан оны соңғы рет қатты итеріп жіберген екен, ол содан кейін қатты мазасызданып кетті. Бір күні қолында шарабымен үйге кірген оны көріп шошыды. Себебі, осы күнге дейін Әлімжан арақ–шарап былай тұрсын, шылымды да аузына алған емес. Енді мына әрекетіне қарсы шықпақ болды. Еңсесін әрең көтеріп, теңселіп қолында арағымен келе жатқан оның алдына барып, қолдығысын тартып алып, жерге лақтырып жіберді. Онысына қатты ашуланған Әлімжан Нұрпейісті табанына алып тепкілеп тастады. Бұл жолғы соққысы қатты тиген соң әкесі ауруханадан бір–ақ шықты.

Не де болса өз үйіме келіп көрейін деді. Өзгелер іргесін бөлгенмен жақын көршісі Ақберді ғана ірге бөлмеген. Соны қоңырау шалып қасына шақырды.

– Айналайын, ақ көршім, саған Тәңір жар болсын. Біздей қырсық шалған шаңыраққа әлі күнге дейін қол ұшыңды беріп келесің. Енді саған пенделік аманатымды айтайын деп шақырдым. Мынау Нұрсұлудан, менің анам Зейнегүлден қалған алтындар. Бұдан былай бұл сенде болсын. Ал мынау Нұрсұлу екеуміздің балаларымыздың тойына деп жинаған азды–көпті қаражатымыз. Сен ие бол. Мен әлі–ақ Әлімжанымның сауығып кетеріне сенімім кәміл. Оның жады бір күні қалпына келіп есіне бәрін түсіреді, Иншалла. Ал енді мен оңала қоймайтыныма көзім жетіп тұр. Егер мен олай-бұлай болып кетер болсам, сенен өтінерім Әлімжанымды әлгі жындыханаға өткізбеңдерші. Ол егер онда болса жағдайы одан әрмен тереңдеп кетеді ғой, – деп көзіне жас алып, кемсеңдеп қалды. Әрі қарай көңіліне шырмалған шерді тоқтата алмай өксігін шығарды. Оны көріп әуелден көңілі бос Ақберді де қосылып жылады. Оның берген ақшалары мен алтындарын бұйырса, Әлімжан жазылған соң соның қолына тапсыруға уәде етті.

Сол күні кешкісін Нұрпейістің жаны тәнінен үзіліп кетті. Көңіліне шер–шеменді жинаған күйі Нұрсұлу мен Зейнебінің артынан аттанып кетті. Ақберді де айтқан сөзінде тұрды. Құзырлы орындар Әлімжанды алып кетпек болғанда, бар жауапкершілікті өз мойнына алып оны алып қалды.

Арада уақыттар зымырап өтіп жатты. Күндердің-бір күнінде Әлімжан  үйінен бір ескі шабадан тауып алады. Өзінің мектеп кезінде ұстаған шабаданы еді. Оны ашып жатып бір кішкене суретті тауып алды. Суретке қарап тура бір мүсіндей қатып қалды. Бірақ ештеме есіне түсер емес. Бірақ еміс–еміс бала күнгі мектебі, сөмкесі анасының тандыр наны есіне түсіп жатты. Әлгі суреттегі жас қыздың суретінің артында «Нұрсарам» деп жазып қойған жазуына көзі түсіп кетті. Абыз Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дегені осы жолы рас екені тағы да анық болды.

Құдайдың құдіретімен барлығы санасына құйылып кеп жатқандай болды. Бастауышта ғашық болған «алғашқы махаббат бейнесі». Сол бейне арқылы барлығы есіне түсті. Басын ұстап отырып есеңгіреп далаға жүгіріп шықты. Оның алдынан Ақберді шыға келіп, тоқтатпақ болды. Бірақ Әлімжанның сөзі оны таң қылды.

– Ақберді аға, бәрі есіме түсті. Не болып кетті. Зейнеп қайда? Әкем қайда? Анам қайда? Жо-жоқ, олай болуға тиіс емес. Расымен де, менің ойыма келген бейнелердің болғаны ма? – деп айқайлап жылады.

– Қарағым, болар іс болды. Өткенге салауат. Не де болса тағдырдың жазуы ғой. Жазмыштан озмыш жоқ. Сен біздің үйге жүр, бүгін демалып ал, ертең асықпай сөйлесеміз. Кеш те болып қалды. Үйге барып тамақтанайық.

– Ақберді аға, мен үйге барайын. Менде бәрі дұрыс. Уайымдамаңыз. Әлімжанның жүзіне біраз қарап тұрды да: – Жарайды, балам дегенің болсын. Қай кезде де үйге келе бер. – деп бір–бірімен құшақтасты.

Әлімжан үйіне барып, ұзақ түн ойланумен отырды. Соншама келеңсіздіктерді қалайша жасағанына іштей күйінді. Әрине сол іс–әрекеттердің барлығын есін білмей істегенін білсе де, бәріне өзін кінәлаумен болды. Енді алдағы бар мақсаты Нұрсараны табу. Бірақ, ол әлі Нұрсараның жесір қалғанын білмейді.

Тағдырдың тәлкегіне төтеп бере алмай, жоғалған жадын қалпына келтірген, алғашқы саф махаббат бейнесінен сынды құдірет бар ма екен сірә?!...