Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Тумаған немере
186
оқылды

 

 

Бүркеншік аты: Ребекка

 

Тумаған немере

(әңгіме)

 

Бала кәдімгі бала еді. Үлкендердің арасында не жағдай болып жатқанын анық білмесе де, әйтеуір, әкесі мен шешесінің кикілжіңінің соңы  әдеттегіден ұзаққа созылғанын байқаған. Тоң-торыс қабақтың салқыны аядай пәтердің ішін де суытып жіберген.

Үлкендер оның бала екенін, миы жетіліп үлгермегендіктен көп нәрсені онша түсіне бермейтінін ескермейтін. Ал оның түсінбегені көп. Ол тіпті  папасының бұның мамасына не үшін ашуланып «талақ» деп айқайлағанын, сол сөзден кейін шешесінің  неге ұзақ жылаған себебін ұқпаған. Әйтеуір, «талақ» деген сөз баланың көңілінде сұп-суық бір жаман сөз сияқты қалды да қойды. Өйткені, сол сөзден кейін бұлар үйлерінен кеткен еді.

Бұрын-соңды есігін ашып көрмеген бөтен бір үйге келер алдында шешесі оған: «Айдос деген аға сенің жаңа папаң болады, ал ол үйдегі әжені «әже» дейтін  бол», – деп үйреткен. Ал баланың бөтен үйге барғысы келмеген. Оған Әмина екеуі еркін ойнайтын өз үйлері ұнайтын.  Оның өзі танымайтын, көрмеген Айдос ағайды да «папа» деуге зауқы жоқ, оған салса,  тек бір ғана папасын папа деп атар еді. 

- Ал өз папам ше? – деп сұрады бала. Оның пәктігі ұйыған жүзінен шын жауап күткені көрініп тұрды.

- Біз одан кетіп қалдық қой, оның басқа үйі бар.

- Ол бізге қайтып келмей ме?

- Жоқ, келмейді. Біз енді басқа үйге барамыз.

- Ал Әминаға папа кім болады сонда?

- Әминаның папасы да сол Айдос ағай болады.

- Сонда өзіміздің папаны ше? Оны енді  папа демейміз бе?

Шешесі ойланып қалды да, жауабын тапты:

- Ол – бұрынғы папаң, ал Айдос аға  – қазіргі папаң.

Ол әлі кішкентай болса да көп нәрсені түсінетін ересек адамша ойланып кетті. «Бұрынғы папасы, қазіргі папасы...» Бала түсінігінде папа дегендер көп болмауы керек сияқты, бәрібір бұл жерде түсініксіз бірдеңе бардай.

Бала шешесіне жақын еді, үйде жиірек болмайтын папасын көп жоқтай бермесе де, бәрібір ол келген кезде іштей қуанатын, кейде «уағыз тыңдатпадыңдар» деп қасында ойнап жүрген Амина екеуін орысшалап боқтап жіберсе де, бұл бірдеңе бүлдіргенде ашуланып қолына түскенін жіберіп қалып, не басынан нұқыса да папасына өкпелемейтін. Тек папасы мамасына әлденеге ашулана төніп келіп, кейде қолын жұмсап жіберген кезде шешесін аяғаннан да әкесіне іші суып қалатыны болмаса, бәрібір жек көрмейтін. Папасы кетіп қалғалы беске тола қоймаған бала бұйығы тартқан.

Біраз күннен соң бала мамасы, кішкентай Әмина үшеуі нағашыларының үйіне барды. Нағашы ағасы мен жеңгесі дауыстары қаттырақ шығып бірдеңе айтып, оған мамасы жылап, соңында бір-бірін жұбатып жатқандарын келесі бөлмеде теледидар көріп отырып естіген баланың кішкентай жүрегі алабұртып, алдағы өмірлерінде болатын үлкен өзгерісті сезетіндей тулай берді.

Ертеңінде бұлар нағашысының үйінен шыққанда кішкентай Әмина түкпір бөлмеде ұйықтап жатты.

- Мама, біз Әминаны ұмытып кеттік қой! – деді бала көзі шарасынан шыға айқайлап.

- Біз оны осында қалдырып бара жатырмыз ғой, Ислам.

- Әминаны ма? Неге? Ол оянған кезде бізді іздеп жылайды ғой.

- Жыламайды. Алма тәте оны қарайды. Жыласа жұбатады.

- Жоқ, жоқ, Әмина бізді сағынып жылайды, бақырып жылайды. Сен не білмейсің бе, ол бізді іздейді ғой, «қайда, қайда?» деп... Мама, Әминаны алып кетейікші.

Бала қарындасын қимай жыларман болды.

- Кейін алып кетеміз.

- Мам...

- Болды, қойшы, балам!  – дегенде шешесінің даусы қатқыл шықты.

Мамасының көліктің терезесінен алысқа көз салып, өзінен-өзі мұңайғанын көрген бала бұдан әрі сөйлемей қалды.

Ертеңінде бұлардың үйіне бір қарап қалғанда бұның папасына ұқсайтын сақалы бар ағай келді. Ол бұны үлкен адам сияқты көріп қол беріп амандасты. Бала қолын жасқана ұсынды.

- Айдос деген ағамын, – деді ер адам.

Бала үндемеді.

- Сенің атың кім?

- Ислам.

- Ислам дейсің бе, атың жақсы екен!

Ол бұның қолына мың теңге ұстатты да, «бар, дүкенге барып балмұздақ жеп, шамалы ойнап қайт», – деді.

Бала балмұздақ пен «кола» алып, аулада әрі-бері жүріп қайтып келгенде, заттар буылып-түйіліп тұрған еді.

***

Бұлар жаңа папаларының үйіне күндіз келді. Үйде бір әже, орамалды екі-үш апай мен екі ағай бар екен. Келін келді деп ұйқы-тұйқы болған әбігершілік байқалмаса да, олар өзара көңілді көрінді, бұған жылыұшырай қарап, тіпті біреуі басынан сипап, шай үстінде нешетүрлі конфеттер мен тортты бұның алдына қарай ысыра берді.

Пәтер бұлардың пәтеріне қарағанда әдемі екен. Төбесі аппақ, қабырғасындағы суреттері де ашымды, төбелерінде самсаған майда шамдары бар, бала бір тетікті басып көріп еді, шамның бәрі тегіс жанды, бір тетікті басып еді, тек ортадағы аспалы шамның жарығы шашырай түсті.

Бұлардыкіне қарағанда бөлмесі де артықтау болғанымен,  бала бәрібір өзін еркін сезіне алмады. Мамасы болса келгеннен бері  ас үй жақтан шықпай, бұған көрінуді қойды. Бұл мамасын көріп отырайын деп ас үйге барып еді, шешесінің картоп турап, Айдос ағаймен сөйлесіп отырғанын көріп, жақындауға бата алмай, қайтадан теледидар жаққа келіп бұрышта отырды.

Шашы қысқа қиылған әже балаға назар аудармады. Өзімен-өзі бет-ажары суықтанып, түпсіз терең ойдың түйінін шеше алмай отырған кейіпте. «Бұның мамасы басына орамал тартып жүреді, ал мына әже өзі қарт болса да, неге жалаңбас жүреді екен?» деп ойланып отырған күйі ұйықтап қалған бала өзін мамасының көтеріп ас үйдегі кішкентай диванға салғанын да, шешіндіріп, үстіне көрпе жапқанын да білмейтін. Осы күннен бастап алғаш рет мамасынан бөлектенген.

***

Түн ортасына дейін кірпігі бір-біріне жуымаған кемпір күрсіне берді.  Ол баласы келіншек әкеледі дегенде қатты қуана қоймаған, келген келінге де қошеметсіз көз салған. Ұлының бұл әкелгені – үшіншісі. Олар үшін бұның артық машақаты жоқ, мешітке барып некелерін қидырып, үйлі-баранды болып шыға келеді. Бұның алдыңғыларының да жамандығын көрмеген, мынаусы да жөндем секілді. Аты да алдыңғылардыкіндей емес, қазақша, Сайра. Өзінің қалыбы мен мінезі де қазақы көрінді. Тек келіннің өзімен ерте келген баласы бар екен. Ұлының қатын ауыстырғыш берекесіз тірлігіне мойынсал болғаннан басқа амалы жоқ еді кемпірдің...

Бұл түні ұйқысы қашқан адамның бірі Сайра болды. Осы болып жатқанның бәрі  – бірінші күйеуімен жолы екіге айрылып, екінші ретте екі-ақ рет көрген адаммен некесін қиып, басқа үйге келін болып түсіп жатқаны оған өңінде емес, түсінде болып жатқан сияқты көрінгені де бар.

Бұл күнде жаулығын жағынан тартып, ұзын көйлек киіп жүретін Сайра жасында бір қарағанда домалақ басы талдырмаш денесіне үлкендеу болып көрінгенімен,  ұзынша қалыңдау қасы сәуле шаша жарқыраған жанарына үйлесе біткен, кішкентай қыр мұрынды, ажарлы қыз еді. Өзін біреуден артық не кем санамайтын, айрықша ақылымен де таңғалдырып көрмеген қарапайым қызды мектеп бітіргеніне екі  ай өтер-өтпесте бірінші күйеуі алып қашқан. Балалар үйінде өскен жігіттің мінезі біресе күліп, біресе ән салатын, бірдеңе айтса қас-қабағы бірге сөйлейтін жайдары Сайраға мүлдем кереғар тұйық, ожарлау болып шықты.

Екеуара мың сезімнің тілі айтылмаған болса да, Сайра мен күйеуі бір-біріне тез бауыр басқан. Тағдырының қалау-райына көнген Сайра арада жыл өткенде күйеуінің айта беруімен, дамылсыз үгітімен басын түгел тұмшалап, қара көйлекке оранып шыға келген. Тіпті құлшылығы жоқтарға салқындау қарайтын әдет  тапты. Дүниеге ұл келді, одан кейін қыз көрінді. Бұлар көнелігі мен күйсіздігі бірінен-бірі өткен сан түрлі пәтерге көшіп жүріп жатты. Арзан пәтер іздеумен діңкелейтін. Күйеуінің тапқанын созғылап-тартқылап жеткізді дегеннің өзінде ақшаның көбі пәтерақыдан артылмайды. Кірі бес елі кезекті пәтерді тарақаннан тазалап отырып Сайра: «Шіркін ай, өзіміздің пәтеріміз болса ғой» дегенді армандай береді. Күйеуінің ондай арманы жоқ секілді, вахтадан келген бетте шалқасынан түсіп жатқан күйінде: «Ей, күнәһар пенделер, адаспаңдар, естеріңді жиыңдар», – деп бүгін-ертең тірілей тозаққа түсердей күңіренетін де жататын біреудің уағызын тыңдаумен болады.

Ертеден қара кешке дейін тозақпен қорқытатын молданың уағызының  әсері ме, әлде басқа бірдеңе болды ма, келе-келе күйеуі өзгере берді. Ештеңені ұнатпайды, ештеңеге көңілі толмайды. Сайраны ешқайда, тіпті дүкенге шығарғысы келмейтін болды. Бұларды сыртынан кілттеп, жөнін айтпастан кете беретін әдет тапты, үйде қалғандардың ас-сулары бар ма, жоқ па, не ішіп-жеп жатыр, онда шаруасы жоқ.

- Балалар ертең-ақ өседі, тезірек өз баспанамызды алсақ екен. Елдің бәрі ипотека алып баспаналы болып жатыр ғой, – деді бірде келіншек күйеуімен жарасып отырар сирек сәттің бірінде.

- Сен мені күнәға итеріп отырсың ба?  Қарыз алып оны өсіммен қайтару күнәнің үлкені емес пе? Сен надан, жарымес, оны білмейсің ғой, – деп бұрқ-сарқ еткен күйеуі.

Келіншек оған өкпелеп жатпады, өзінің надан да, жарымес те еместігін ол білетін. Күйеуінің мінезінің томырықтау екені де өзіне аян.

Кейде күйеуі тамаққа жұмсайтын ақшаның аз екенін біліп тұрып, «етсіз тамақ жасадың» деп ашуланып:

- Не тамақ істегенсің, ботқа ма, быламық па мынауың?  Қолыңнан дым келмейді, пісірген асың дәмсіз, – деп қырыстанып, тарс-тұрс етіп тұрып кететін.

- Сен ет пен тамақ әкеліп, мен оны пісірмей отырмын ба? – деп  келіншек те бұрқылдайтын.Осы кезде күйеуі қолына іліккен нәрсемен Сайраны салып-салып қалатын.

Бірде бірі қызулап, бірі мазасы қашып жылай берген балалармен алысып шаршап жүрген Сайра күйеуі келгенде:

- Балалар ауырғанда дәрі алуға ақша бермедің, ең болмаса қолың боста бағысуға көмектеспейсің, – деп өкпесін білдірген.

Іші толып қалған келіншек соңғы жиырма күнде бір көрінген күйеуі енді кешіккенде жарылғандай екен, айтып жатыр, айтып жатыр.

- Саған шыққалы не қызық көрдім, айтшы? – деп тоқтағанда ып-ыстық жасы бетін күйдірген.

Күйеуі оған әуелі таңғала қарап қалғандай болды да:

- Саған керегі қызық па? Қызық іздеп жүр ме едің? Ал, ендеше, қызық керек болса! Мен саған талақ айтам. Енді еркіңше қызықтай бер! Талақ!  – деп дүңк ете түсті.

Үш рет «талақ» десе болды екен. Сонымен екі кештің арасында Сайраның тағдыры шешілді. Талақтың шарты бойынша, олар енді бір-біріне ерлі-зайыпты емес. Тек бұрынғы күйеуі, бұрынғы әйелі болып қалды.

Сайра тағдырына көнді. Көнбеске амалы жоқ еді. Оның араласатын «сестраларының» арасында да бұл сынақтан өткендер барын білетін, ондай жағдайларды өз орталарынан жиірек естіп те жүрген.  Бірақ, «кім талақ айтпай жатыр» дегенімен, бұл жағдайдан қатты жасып қалды, жаны құлазып, оның артынан келген алданған сенім мен көңілдің жарақаты кетпестей көрінгені де бар. Жоқ, ол бірдеңені қиратып, лақтырып, не «балконнан секіріп өлем» деген жоқ, бірақ, «екі баланы қалай асыраймын, бұлармен жұмыс та істей алмайсың» дегенді қатты уайымдап кетті.  Күйеуімен заңды некеге тұрмағасын алимент те талап ете алмайтын. Өз орталарындағы «сестраларының» бұған жаны ашығаны ғана аздап болса да күйігін жеңілдеткендей болды. «Сестраларының»:  «әйел ұзақ уақыт жалғыз жүрсе оны жын иеленеді, талақ болған әйел тезірек жөнін табуы керек» дегендеріне иланып ұйығаны сондай, бұрынғы күйеуі «өзіміздің братанға шығасың» деп көрсеткенде ол жігітті кеудесінен итермеген, оның үстіне Айдос дегендері сымбатты, тілі майда жігіт екен, арада тосаңдық байқалмады. Екі-ақ рет кездескенде ынтызар сезімі, тақымдаған құмарлығы көрінбесе де, ол да Сайраға ептеп ықыласты секілденген. «Екі балама пана болса» деген түпкі ойынан бөлек, жігіттің өз баспанасы бары да Сайраның көңіліне медет болған. Сөйтіп, бұдан бұрын әйел жіберген Айдосқа жар болуға келісім берген еді.

Сайра орнынан тұрып, асүйде ұйықтап жатқан ұлының қасына келді. Пыс-пыс етіп ұйықтап жатқан баласына ақырын еңкейіп, шекесінен иіскеген кезде қарадан-қарап көкірегі ашып қоя бергендей болды. «Кешір, балам, затым әйел болғасын жалғыз жүруге болмайтын болды. Осы үйден жаңа өміріміз басталады. Бұрынғыдан жақсырақ өмір. Әйтеуір, сенің қарның ашпайды, киімің бүтін болады ғой...». Терезе алдына барып, сыртқа көз салып тұрып кірпігінің арасына ілінген жасты саусағымен іліп тастады. Таң алдындағы шығыс жақ қызғылт-сары, күлгін жолақтарға боялған ғажайып реңкке ене бастаған екен, жан-жағы ағара түскен үлпілдек ірі бұлттар мен жарыққа жұтыла жаздап тұрған ұсақ бұлттар арасындағы ауа да екінші рет тұрмыс құрып, жаңа өмір бастаған Сайраның үмітіндей  мөлдір көрінеді.

***

Адамдарды абайлап, ақырын ғана жақсы көру керегін ерте түсінгендей кісіге бірден жуымайтын, тым салмақты әрі өз жасынан ересек көрінетін бала жаңа үйге үйрене алмай, жатырқай берді. Бұл үйдегілердің бәрі бала үшін бөтен еді. Жаңа үйге келгелі балаға шешесі де бөтен біреу сияқты көріне береді. Бұрынғыдай бұның қасына жатпайтын болды. Бұны еркелетуге де мұршасы жоқ, бірі кіріп, бірі шыққан адамдарға шай беруден босамайды. Ас үйден шықпайды.

Бала өз үйлерін сағынды, өздерінің үйінде болғанда шешесі бұған жақын еді, қасына алып жататын. Айналып-толғанатын. Әкесі жоқта екеуі балмұздақ әкеліп жейтін. Қасықпен аздап Әминаға да беретін. Мына үйге келгелі мамасы бұрынғы мамасы емес сияқты.

Келгеніне бірнеше ай өтсе де жаңа папасын «папа» деп көрген емес. Ішінде мамасының бұдан алыстап, соның қасынан шықпай қоятынына өкпесі де бар. Папа демек түгілі әуелі қабағынан жасқанып тұрады. Бала бәрінен бұрын мамасының бет-жүзін бағатын, мамасы бұған көп жақындай бермесе де, бала оны баяғыша жақсы көретін. Мамасының көңілді жүргенін көрсе, бұл да арқа-басы кеңіп жүрер еді. Кейде мамасы үй жинап жүріп ыңылдап әндететін де. Сонда бала кішкентай жүрегі соған қуанып, ыржиып келіп  мамасын құшақтай алатын. Ал жаңа папасының көзінше өйтпейді, оның бұндайды жаратпайтынын біледі. «Өй, мынасы несі, қыздар құсап, шешесіне жармасып? Шешеңді қазір көрдің бе, әрі бар!» – деп жасқап тастаған кезде бала кінәлі жүзбен төмен қарайды. Мамасы жуып-шайған болып алдарқатып жатса да, баланың көңілінде бірдеңе қалып қоятын.

Осы үйдегі кемпір болса ішінен «баланың не кінәсі бар дейсің» десе де, жанары үркіп қарайтын қара балаға бәрібір елжірей алмаған. Өз туған немересін көріп жарытпаған адам біреудің баласына қайдан емірене қойсын, бары сол, оған салса, баланың аты «әй, бала» сияқты, Ислам деген атын да атамайды. Шайға барарда, «әй, бала, жүр» дейді. Бала ілеседі. Тамақ үстінде баланың ашқарақтана қол созғанын жаратпаса да, онысын білдірмей, баланың алдымен кешегіден қалған құтқан-құтқан тамақты жеп қоюын қадағалайтын шаруа тауып алды. «Айналдырған екі бөлме, оның біреуінде өздерің. Өз үйімде отырып, бөлмемде баяғыдан оңаша жатып келіп, енді келіп біреудің баласымен бір бөлмеде ұйықтай алмаймын, баланың төсегін ас үйге сал», деп нұсқау берген де өзі болатын. «Әй, бала, жуынып жат», «әй бала, қолыңды шайдың ба», «аядай бөлмені кезіп әрі-бері жүре бермеші, не деген мазасыз бала едің», «теледидардың даусын жайлат деймін, құдай ай, мына мультфилімнен тойдық-ау»!

Кемпір зарлаған сайын бала тәртіпті бола түседі. «Әже» деуден танбайды. Әжесінің көңілінен шықпақ болып бойын жинақтай береді. Уақыт өте келе ол әжесінің қас-қабағынан нені ұнатып, нені жаратпай отырғанын ұғатын да болды. Кейде екеуі тіркесіп аулаға шығады. Бала әжесі кіріп-шыққанша есікті ашып тұрады. Әжесі жеткенше жүгіріп барып орындыққа кішкене көрпешесін төсейді. Үйге келген соң әжесінің аяқ киімін сүрткілеп жинап қояды. Ол осының бәрін сондай ыждағатпен, балалық ықыласын салып істейді. Кейде кемпір мен бала жақын маңдағы дүкенге барып келе жатар еді.  Қашанғыдай үнсіз. Әркім өз ойымен. Үлкен кісінің ойлайтыны өзіне шақ ой шығар, кішкентай баланың да ойы өзінен әлдеқайда үлкендеу еді. Ол, әсіресе, аулада ойнап жүрген кішкентай қыздарды көрген сайын нағашысының үйінде қалған Әминаны ойлайтын. Мамасы кішкентай Әминаны «кейін қасымызға әкелеміз» десе де, қарындасы әлі нағашыларының үйінде. Не өздері бармады. «Әмина неғып жүр екен, сөйлеп жүр ме екен, бұны ұмытып қалған жоқ па екен өзі» дейді. Кейде бала  түс көреді, түсінде Әмина кішкентай кезіндегідей еңбектеген күйі біресе терезе жабынын ашып қарап, біресе есіктің артына үңіліп, бұны іздеп жүр екен дейді. Бұл оған: «Әмина, мен мындамын» десе де бөпесі түсінбейтін сияқты.

Күндер өтіп жатты. Шешесі мен екеуінің арасына қозғалмайтын тас қабырға секілденіп тұрып алған Айдос ағай бұның шешесін бір жаққа, өзін бір жаққа ажыратып, енді қайтып жуыспас құрдымға алыстата түскендей, әйтеуір, баланың шешесіне бұрынғыдай арсалаңдап еркелеуі де сирей берген.

***

Бір күні жаңа папасы бір жаққа кетті де, үйге келмей қалды. Үш күн, бес күн... оншақты күнге жақындағанда телефон шалды. Ол хабарласқанда әжесі, мамасы үшеуі кешкі тамақ ішіп отырған. Жаңа папасы мен мамасы ұзағырақ сөйлесті. Шешесі сөйлесіп жатып біресе тұрып кетті, біресе келесі бөлмеге барып сөйлесіп, одан қайта келіп отырды.

- Талақ бердім! Талақ! – деп ызбарлана үн қатты телефонның әр жағындағы дауыс.

Бала бұл сөзден селк етті. Ол «талақ» деген сөзді осымен екінші рет естіген еді. Бұл сөздің мағынасын түсінбесе де, осы сөзді жек көретін болған.

- Мені талақ қылғанда алайын деп жатқаның қырықтан асқан әйел екен ғой, – деп ызалана жауап қатқан шешесі.

Жаңа папасы ар жағынан тоқтамайды.

- Болды, жетер!

- Жетер деп қояды, жетер дейтін сен кімсің маған? Қысқасы, үйден кететін бол!

- Өзім білем.

- Білмейсің, балаңды ал да үйді босат!

Бала сол түні шешесінің іштегі қайғысынан тұншығып, жастығын сулап шыққанын сезген. Бірақ, қасына барып жұбатуға батылы жетпеді.

***

Ертеңінде кемпір ұлымен видеоқоңырау шалып сөйлесіп жатты:

- Әй, Айдос, сен бері қара! – деді кемпір ұлы қарсы алдында отырғандай.

- Осы сендер кілең естеріңнен ауысқан шығарсыңдар, жүдә? Ана қатыныңның аяғы ауыр, сен оған талақ дейсің, сонда не болды, ал? Сенің балаң біреуге керек пе? Ол әйел осы күйімен қайда қаңғиды, мына тіркемесі тағы бар, бұл жетімектер кімге керек?

- Мам, сен араласпа. Бәрі Аллаһтың қалауымен шешілетін нәрсе.

Исламның жаңа папасы туған шешесіне де өктем сөйлейтіндей.

- Әй, ақымақ бала, Аллада не шаруаң бар, шамалы ойлансаңшы!

- Мам, бұл сіз араласатын шаруа емес дейм. Бәрібір түсінбейсіз.

Ұлы шешесіне өз діндерінің қағидасына қатысты тағы бірдеңелерді шұбыртып айта бастап еді, онысы құлағын емексітпей, қолымен «қажет емес» дегенді аңғартқан кемпір әңгімені үзіп, көзінің жасын сүртті. Ұлына сөзі өтпейтінін анық білгесін енді келініне шүйлікті.

- Өзің таза ақымақ қатын екенсің! Байың талақ айтты деп енді тағы кетпекшімісің, далбасалап? 

- Мен не істей алам, апа ау, ол бизнесі бар үлкен әйелдің қолына кіріп кетіпті ғой, – деп егілді келіні.

- О, қараң қалғырлар! Қартайттыңдар-ау, әбден. Байым талақ қылды деп тағы біреуге өте беретін шығарсың енді, сорлы қатын! Бір тозақтан шығып, екінші тозаққа өз аяғыңмен баратын қандай адамсың! 

***

Талақ айтылғалы да үш ай өтіп кетті. Маңдайынан көктемі ерте сусыған Сайраның тағы бір оты суып,  бықсығы басылды. Бағы ойнамалы келіншек белгісіздікке толы тұманды күндеріне тағы қадам басты.

Бұл екі арада үлкендер арасында жаңа келісімдер жасалып, қаншама өзгерістер күтіп тұрғанын, көп ұзамай бұл үйден кететіндерін есейіп қалған бала да түсінген. Баланың ешқайда барғысы келмеген еді...

Ақыры мамасымен еріп тағы бір бөтен үйге келді. Ол үйде ересек екі ұл бар екен, олар Исламды  келген бетте қағып-түйіп, шеттете берді. Оңашада ұнатпайтындықтарын ашық көрсететін.

Кейде тапсырғанды ұқсатпай қалса мамасының жаңа күйеуі оған «Иттің күшігі» деп тістеніп кіжінетін.  «Бұл иттің күшігінің әкесі қайбір оңған адам дейсің?»

Жапанда жалғыз қалғандай күйдегі балаға бұл үй де, қабағы қатыңқы адамдары да ұнамайтын. Баланың жанарындағы мұң сейілмеді.  Кіп-кішкентай болып іш еті ауырып,  есеймей жатып ең мықты тегершігі сынып қалғаннан да қиналыстың не екенін білетін баланың жанында түнек орнап келе жатқанын, оны тездетіп емдемесе, о бастағы таза жаратылыстың мүлдем өзгеріп кетерін аңдайтын да ешкім жоқ еді маңда. Кейде бала жәбірленіп, қыстығып жылап, шешесіне «бұл үйден кетейік» дейтін, сондайда мамасы оны: «олар ағаларың ғой, ештеңе етпейді, әлі-ақ үйреніп кетесіңдер», – деп жұбататын. Ол осы сөзімен мейір тілеген бала жанына жалау болып, ұлының тоңып жүрген кішкентай жүрегін жылытудың орнына, оны өзінен алыстата бастағанын ойлап жатпайтын, өйткені, осы жолы келген жағыма қалайда сіңіп кетуім керек, әйтпесе жалғыз әйел, жетім баламен қайда барып, қалай күнелтем деген үрейі мен жанталасы, жалғыз қалудан қорыққаны келіншекті  тым көнбіс те  көнтерілі қылып жіберген. Кейде адамға есейген сайын, уақыт өткен сайын ақыл кіріп, сол кезде адам өзінен-өзі салиқалы мінезге билетіп, өткен жолында тасқа тиіп жараланған маңдайдың тыртығын ұмытпағаннан да ақыл тоқтатып, даналыққа да жетуі мүмкін, бірақ, кейде ақыл ілеспей, тек жасыңа жас қосыла береді, ештеңені болжау мүмкін емес. Сайра да уақыт өткен сайын өмірден түйгенін кеңірек саралаудың орнына алдағы күніне сенбегеннен, өзіне деген сенімсіздіктен шығып жатқан үрейіне жеңдіріп, тар шеңберге ғана қамала берді. Содан да есік жаңартқан жеріне, жаңа күйеуі мен оның екі ұлына ұнауға тырысып, ал өз баласына көңіл бөлуге мұршасы бола бермейтін.

Жауын ұрған жапырақтай сөлбірейіп, қалқан құлағы көрініп, кішкентай жүрегіне тікен қадалған қара бала жүдей берді. Ол мамасын жақсы көретін, мамасын көрмеуге шыдамайтын, бірақ, мына үйде де қалғысы келмейтін. Оған жүзі суықтау болса да, бұны айналып-толғанып жатпаса да әжесінің қасы жақсырақ, жайлырақ болып көріне береді. Күндіз кеудесі шұрқ-тесік күйде жүретін бала түсінде көгілдір аспан астында жалаңаяқ билеп, кейде машинамен де жарысатын. Жарысып отыратын да әжесіне жететін. Оның әжесіне барғысы келетін.

***

Екіқабат шешесінің ауруханаға жатуы жиілеген сайын Исламның күйі де қаша берді. Өгей әкесінің қабағынан жасқанып, оның ересек ұлдарының әлімжеттігінен зәрезап болған баланың тезірек осы үйден, мына қаладан қарасын батырып, әжесіне құстай ұшып жеткісі келетін. Бала көңіл «кәрі адам бұны қалай қарсы алады, тіпті қарсы ала ма» дегенді де ойлап жатпайтын. Қарағандыдан Астанаға баратын такси ақысының қанша сома екенін де біліп алған бала енді жатса-тұрса «жолға ақша тапсам» дегенді ойлаумен болды.

Үй астындағы шағын дүкенге келіп,  «жұмыс істейін деп едім» дегенде қолындағы телефонға кіріп кетейін деп отырған жас келіншек ләм-мимсіз отыра берген, тек бір кезде барып, құлағы қалқиып сөлбірейген күйі өзінен әлі де бір жауап күтіп тұрған селеу шаш балаға назар аударған:

- Кішкентай балаларды жұмысқа алмаймыз, ол үшін бізді жауапқа тартады.

- Мен кішкентай емеспін, қоқыс төге алам, еден де жуам...

- Балмұздақ жейсің бе? Жас келіншек мейірленген кейіппен балмұздақтың сөресіне қол созды.

- Жоқ, рахмет, апай, балмұздақ жемейм, жұмыс іздеп едім... Баланың даусы жуаси шықты.

- Өзім әперем, жесейші, әлде... мармелад берейін бе?

- Жо-оқ. Қажет емес. Мен тек жұмыс болса деп...  – бала есікке беттеді.

- Қарай гөр, балмұздақ жемейм дейді, жігіт болған түрін! Сенен үлкендер жұмыс таппай жүргенде... Сен бүйтсейші, бала, көлік жуатын жерді білесің ғой, соған бар, ол жерде машинаның фарын сүртсең де... сен ұялмай сұрап көр әуелі. Өзің ұялшақ екенсің. Бар да, жұмыс істейін деп едім де. Бургер алып жеймін де.

Теңдесі жоқ керемет ақыл берген адамның түрімен келіншек қайтадан телефонына үңілді.

Бала шынымен де ұялшақ еді. Бірақ, «өзіне, жанына  суық үйден кетсем екен, әжеме барсам екен» деген бір тілегі оны дедектетіп май құю бекетіне әкелген. Ол жасқаншақтай бір көлікке жақындады.

«Ағай, фарыңызды тазалап сүртіп берейінші, – деді. Оның даусын естіген-естімегені белгісіз, иегіне сақал қойған ер адам бұрылып та қарамады.

Ол тағы бір көлікке жақындады. «Жолға тұрма, ей бала, қағып кетіп, пәле боларсың. Былай шық дейм».

Айналсоқтап жүрген балаға кепкасын басып киген бір жігіт жақындады.

- Неғып жүрген баласың?

- Жұмыс істейін деп...

- Не істей аласың?

- Машинаның фарын...

- Бұрын жуып көріп пе едің?

- Жоқ...

- Бәсе... жігіт езу тартты. Қолыңда не шүберек жоқ, не басқа жоқ... жүр бері...

Ол баланың қолына керек-жарағын ұстатты.

- Ал, әуелі мына біздің терезені жуып көрші, қолыңнан келе ме екен? Егер жақсылап тазарта алсаң, жұмысқа алам.

Аласалау будканың шағын терезесі жаңбырдан кейін топырақ қарсы алдынан тіке борағандай қарауытып көрінеді.

Бала оның бетіне қарады. «Тазалай алам, тек шын айтып тұр ма?» Ағай алдап тұрмаған сияқты.

Ол шүберекке кір сабын жағып, әуелі терезені бір айғыздап алды, жиектерін ысқылап жіберуді де ұмытпады. Одан кейін шүберекті суға шайқап алған күйі қайта сүртті. Ерегескендей сабынды іздің үстінен шүберекпен жүріп өткен сайын терезе айғыздала берді. «Дұрыс жуа алмасам жұмысқа алмай қояр» деп ойлаған бала, терезенің айғыздалған тұсын күртесінің жеңімен сүрте бастап еді, терезе тазарып, кірі ашылып, тегіс жарқырай түскендей болды.

- Ей, болды, жетеді,  жеңімен сүрткені несі?

Жігіт күлген күйі басын шайқады.

- Онсыз да жақсы тазалайды екенсің. Ұқыпты екенсің өзің! Жарайсың!

Бала жарқыраған терезеге қарап, өзінің ісіне сүйсініп, жігіттің сөзінен қабағы жазыла берді.

Бір кезде тағы бір көлікке бензин толтырған жігіт бұны қол бұлғап шақырды. Бала жүгіріп жетті.

- Кел, міне, фарын тазалап жіберші. Сосын көліктің иесіне бұрылып:

Ағасы, баланың еңбегін бағаларсыз,  – деді де жігіт ішке кіріп кетті.

Бала жұмысын жанын салып істеп жатты. Көлік иесі қолына тиындармен 200 теңге ұстатқанда көзі жайнап, ішінен  қуанып тұрды.

Ол осылай кешке дейін тағы екі көліктің фарын жалтыратып сүртіп берді. Ағайлардың бірі «майда ақша жоқ, каспийің бар ма?» деді. Балада «каспий» жоқ еді. Ал екіншісі тиын-тебен емес, жап-жаңа 500 теңге ұстатты. Бала оны алар-алмасын білмей тосылып қалды.

- Ал, ал, осындай жұмыс істеп жүрген баладан айналмайсың ба? Тек сабағыңнан қалма, – деді бөтен ағай.

Бала ертеңінде тағы келді. Бұл күні кешегі жігіттің орнында атқа шабатын шабандоз секілді киінген келіншек тұр екен, ол бұны қасынан қумады, назар да аудармады. Кешегідей емес, көліктерге жақындап барып, қызметін ұсынуға да бойы үйрене бастады. Кейбіреуі «керек емес» деп қысқа қайырады, тек біреуі ғана «машинамды түгел тазалап бересің бе?» деп сұрады. «Тазалаймын» деп елп етті бала. Бұрын-соңды мұндай үлкен шаруа атқарып көрмесе де, қолынан келгенше тырысып жатты. Көлік иесі оның әр ісін бағып тұрғандай, осыдан бірдеңені дұрыс істемесе жекіп тастайтындай көрініп, бала қара терге түсіп жүріп қимылдап, өзінің үстін де әбден бүлдірді.

- Ай, жарайсың! Жігіт екенсің! Атың кім?

- Ислам, – деді ол ұялшақ баланың әдетімен төмен қарап.

- Нешедесің?

- Жетіге толам.

- Өй, сен әлі мектепке де бармағанбысың? Бойың ұзындау болғанға...

- Биыл барам ғой.

- Жарайды, Ислам, енді айта қойшы, сенің жұмыс істеп жүргеніңді мамаң біле ме?

- Жоқ...

Ол айтсам ба, айтпасам ба деп ойланып қалды да,

- Мамам бәлнесте, бөпе әкеледі, – деп жауап берді.

- А-а, түсінікті. Әкең ше?

- Әкем...

Бала тағы кідіріп қалды. Ол өгей әкесін әкем дегенге әлі үйрене алмаған еді. Ал көлік иесі бұны өзінше түсінген.

- Жарайды, Ислам, өзің еңбекқор жігіт болады екенсің, мінеки, еңбегің!

Ол баланың қолына қағаз ақшаны қыстырды да, өзі тездетіп көлігіне отырып, бұған қол бұлғады.

Бала қолына қарап еді, көкшіл бояулы ақша алақанын қыздырып бара жатқандай болды. Ішегін тартты: он мың! Баланың қуанғаны сондай, сол тұрған күйінде билегісі келді. Ол көп ұзамай әжесіне баратынын білді. Соны ойлағанда жүзі күлімдеп қоя берді.

***

- Бала, сен жалғыз жүрмісің? Ата-анаң қайда? – дегенде бала өзінен-өзі тығылып қалғандай болды да, бір кезде:

- Билетке ақшам бар, міне, – деп ұшып түрегеліп, қолындағы ақшасын такси жүргізушісіне ұстата берді.

Жүргізуші ақшаны алды да, балаға қайта көз салды.

- Сен Астанаға жалғыз барамысың? Күтіп алатын біреу бар ма? –дегенде баланың жанары  тап қазір жылап жіберетіндей болып жәудіреп тұр екен.

- Ия, күтіп алады, – деді бала сендіре сөйлеп. – Мені әжем вокзал жанынан күтіп алам деді.

Қарағанды мен Астана арасы соншама алыс болмаса да, балаға бұлардың көлігінің жүрісі мандымай, тым ұзақ жүргендей көрінді. Әйтеуір астанасы бар болғыр жеткізіп болмады. Баланың ішін кеулеген тымырсық уайымы бар еді, сонысы ішін тоңдырғандай болып, сырғыма күннің шуағы молайып, көлік ішін қыздырса да бойы бір жылынбай қойды.

Ол әжесін, әжесінің екі бөлмелі пәтерін, әжесі екеуі шығып ауа жұтатын ауланы түгел көз алдына әкелді. «Бұны көргенде әжесі қайтер екен?»  Бала шешесі екеуі әжесінің үйінен біржола кетер алдындағы оқиғаны ойында қайтадан аударып-төңкергенде, сол көріністен ішін бірдеңе жылытып, әжесінің бейнесі де жарқырап жақындай  түсетіндей.

Сонда ғой, шай үстінде қатуланып алған әжесі жүзіне бір үлкен тәуекелге тоқтаған  сағым орнығып тұнған күйі бұның мамасына:

- Қарағым, келін, мен сендердің тірліктеріңді түсінбеймін. Сендерге қосылу да оңай, «талақ» деп кете беру де оңай... Ана ессіз ұл да көзіме көрінер емес. Саған «үйден кет» деп зіркілдеп жатқанын естідім. Не дейін? Не істей алам оған? Қала алсаң, байың қалдырса осында отыра бер, осы үйдің ақы иесі өзім, маңдай терімді сығып жүріп алған баспанам, ешкімнің шатағы жоқ, сиямыз, ал енді  «кет те кет» деп дігірлеп қуаласа, амалың жоқ... Бірақ, мына баланы... төркініңде қызың тағы  бар екен, оның бәрімен қайда сиясың? Ішіңдегіні де бірдеңе қылып өзің бағарсың, оныңды баламдыкы десем де омыраудағы баланы баға да алмаймын ғой. Ал мына бала осында қалады, әрі бері сүйремеңдер!, – деген.

Әжесі тап осылай деп Исламның басынан сипаған. Ислам бала болса да кәрі адамның айтқанының бәрін түсінген сонда. Түсінгені ғой, тап сол сәтте іші біртүрлі өзінен-өзі бүлкілдеп, арқа-басы ысығандай  болған. Бұл оның әжесінің қасыма алып қалам дегеніне қуанғаны ма, «әжем мені жақсы көреді екен ғой» деп толқығаны ма, әлде әжесіц алып қалса, шешесінен көз жазып қалармын деген қорқынышы ма, оны тап сол сәтте өзі де айыра алмаған.

Сонда мамасы басын төмен салып:

- Жоқ, апа, Ислам келер жылы мектепке барады, сабағы бар, әрі  оны сізге бермейді, ол сізге ешкім емес қой, туған немереңіз болмағасын... деген.

- Сен өзің барған жағыңа қалай сиятыныңды ойласайшы, бәтшағар!

«Сонда әжесі бұны неге алып қалмақшы болғанына қарағанда Исламды жақсы көретін  болып тұр ғой» деп ойлаған бала өзі үшін ұмытылмас оқиға көрінетін осы сәтті есіне алған сайын, «сол кезде әжемнің қасында қалуым керек еді» дегенді әредік ойлап қойса да, бірақ, мамасы ше, оны сағынады ғой!» – деген ойдан шешесін де қимаған кішкентай жүрегі біртүрлі тоңып та кететін. Енді, міне, мамасына айтпай әжесіне кетіп қалғанын көрмеймісің... Мамасын ойлағанда біртүрлі жылағысы келді оның.

Әншейінде кісіге көңілі біте бермейтін таксист айнадан балаға біртүрлы жылыұшырай қарап қояды. Жүдеу жүзді қара баланың жүзінде мұң бардай көріне берді.

Астананың ескі вокзалына келіп тоқтап, жолаушылардың бәрі түсіп жатқанда бала да көліктен түсті. Бірақ, оны күтіп алған ешкім жоғын таксист байқап тұрды. Бала екі қолын қалтасына салып вокзалға қарай беттеп барады.

- Сен бала, бері келші, – деп қолымен шақырды осы кезде таксист. Бала оған жасқаншақтай жақындады.

- Жүрші, екеуміз бір жерге барайық.

«Бала үлкендерсіз жалғыз жүр деп полицияға апармақшы ма бұны?» деген ой баланың іші-басын қарып кетті.

- Қорықпа, шай ішеміз, шыққалы ештеңе татқамыз жоқ қой.

Таксист баланы ертіп, шайханаға кірді.

- Ала ғой. Іш, же. Ұзақ жол жүрдік, қысылмай ауқаттанып ал, мен де сөйтейін, Қарағандыға кері жүруім керек қой. Кәне, беләш жеймісің?

Баланың қарны ашып қалған екен, шелпекті бұралақтап соғып, сорпасы мол кеспені тауысып ішті, картоп езбесін де бір қасық қалдырмастан жеп алды.

- Ал, енді айта қой, сенің Астанаға кеткеніңді үйдегілер біле ме?

Осы кезде баланың құлағына дейін қызарып, лезде түйдектеліп шыққан төрт бес тамшы жас столға тамып кетті.

- Өй, не болды саған? Әжеңді қатты сағынған сияқтысың ғой өзің. Жә, адресін білесің бе?

- Білем,  – деді бала.

Оның айтқан мекен-жайы осы маңнан қашық емес еді.

- Онда болды, неғып отырмыз?

***

Сөйтіп қазанның алғашқы қылауы түскен мезгілде,  кешқұрым көз жетер жерге дейін  тартылған қызғылт-сары бояудың қаланың мың жарқырауығымен жағаласып, көкжиекке тірелмеген күйі аспанмен араласып кеткен шағында бала әжесінің пәтерін іздеп келді. Есікті ашқан кемпір әуелі таңғалып тұрып қалды да, келе бір шөліркеген мейір іздеп, бұның кеудесіне тұмсығын тығып жіберген баланың жанарына көзі түскенде көз құйрығы суланған күйі ол да балаға құшағын ашқан. Тағдыры қатайтып жібергені болмаса, кемпір задында жүрегі қатты емес еді, кәрі адам қарсы алдындағы жұдырықтай баланың  қанаты талып оралған құстай болып, жүрегі бұлқынып қатты тулап тұрған күйін таныған. 

Сол күні әжесі кішкентай Исламның алдына бар тәтті-дәмдісін қойып  жатып. «Мамаң аман-сау ма?» деп жалғыз сұрақ тастады. «Мамам бәлністе, бөпе әкеледі» – дегеннен өзге бала ештеңе айтпады. Барған үйлеріндегі адамдар жайлы, өзін жәбірлейтін адамдар туралы айтқысы келмеген еді оның. Әжесі де артық ештеңе сұрамады.

Сол күні әжесі алғаш рет атын атады. 

- Ислам, ау, Исламжан, кел, төсегіңді қасыма салдым. Келе ғой, балам.

Кемпір мен бала  ұйқыға жатты.

«Байғұс баланың не жазығы бар?» деп ойлады. Шешесі талақ болып, одан қайта байға тиген сайын артында осылай сүметіліп жүре бере ме? Оны кім жақсы көреді? Осында келгелі Айдостың да бір рет болсын өгей әкесі болса да, бала ғой деп маңдайынан сипап, жылы сөзін айтқанын көрген емес. Өзі жақсы бала, «әже, әжелеп»... бұны өзі іздеп келгенін көрмеймісің...

Сосын қайтадан өз жайын ойлап кетті.

«Бай қатынның қолына кіріпті дейді, осы кеткені кеткен шығар дейді ұлын. Бұл болса қартайып келеді, ол соны ойлады ма екен? Күйеуі ерте қайтқанда да қызық көксеп, бақыт аңсайтын мұршасы болмай, осы жалғыз баланы жеткізсем деп тыным көрмеген. Жұмыстың соңында жүріп баласының тәрбиесіне мән бермей қалды ма деп өзін кінәлайды. Ұлының тірлігі о бастан ұнамаған өзіне.  Елдің баласы құсап бітірген оқуы бойынша жұмыс істемей, бір діни ұйымға тап болды, уағында жұрт алдында беделді болғаны не керек, өз баласына сөзі өтпеді. Және бұлар ақыл тыңдай ма, өз білгендерімен дана... Кемпір күрсінді. «Жалғыздық деген ешкімнен кем қылмай өсірген балаңның құлшылығың жоқ деп жатсынып, сапситып сақал қойып, кісі болып ақыл айтып, ақыры бөлек кеткені ме, әлде басқа ма?» дегенді ойлағанда  көмейіне келіп төрттағандап жатып алатын өксігін тежегісі келмей емін-еркін жылағысы келген, тек қасындағы баланы шошытып алмайын деді. Балаға қарап еді, тәмпіш танауы пыс-пыс етіп алаңсыз ұйықтап жатыр екен. Кемпір аяқ астынан еріген мыңжылдық мұздықтай ағыл-тегіл болып, іші-бауыры елжіреп жақсы көріп, ұйықтап жатқан баланың маңдайынан сипады. Осы кеште тумаса да, қаны бөтен болса да, бала оған  бәрінен жақын әрі сүйкімдірек болып көрінді.

Қаны көтерілді ме, шекесі қыса бергесін тұрып дәрі ішіп келді. Жатқаны сол еді, манағы ойлары қайтадан төңіректеді.

«Бұлар неге неке дегенді осынша мәнсіздендіріп жіберді? Еркек үшін әйел заты жұмбақ болып, әйел үшін еркектің орны биік болуы тиіс еді, еркек өзін кімнің қасында ең мықты қорған, нағыз еркек сезінсе, соның қасында қалып, ғұмырын бірге өткізіп, әйел кімнің қасында өзін  нәзік те сүйікті, керек сезінсе соның етегінен ұстамай ма? Ал мына  бүгін алып, ертең талақ қылып жатқандар бұл заңдылықты неге бұзды? Мына бала қайбір жетіскенннен келді дейсің? Әй, сормаңдай Сайра, бағың ашылмайын десе, қалай қылайын... мен де арғы тегі әйелмін ғой, мен де сені түсінгім келеді ау...кез келген әйелдің ер адамға арқа сүйегісі келеді, бірақ, қалай ғана көзсіз таңдау жасайсың? «Талақ» деген сөзге бола бүкіл өміріңді астын үстіне шығарудың, «жалғыз жүрген күнә болады» деп басқа біреуге тие салудың керегі де жоқ еді ғой. Соған миың жетіп, ақыл кіруі үшін қырықтан әлде елуден асуың керек пе? Енді бір оншақты жылдан соң өмірді көріп, танып, жылап және жұбанып, өзіңе өзің келгенде бәрі кеш болмай ма? Әйелдің әлдекімдер өз қанағаты үшін ойлап тапқан ережелер арқылы емес, өзінің жанының қалауымен махаббатты сезініп, өзінің сүйгеніне ғана адалдық таныта алатын бақытқа лайықпын деп есептейтін кезге сен қашан жетер екенсің?»

Баланың өзін іздеп келгені кемпірді өзгертіп жіберген. Ол баланы ешқайда жібергісі келмеді. Өзінің мойнына осындай міндет алғаны дұрыс бола  ма,  қате бола  ма дегенді кемпірдің ойлағысы келмеді. Өзі де кәрі сүйегі кеміс тартып, болдырып жүрген адам болса да, баланы бұдан әрі бөтен үйге жаутаңдатып қойғысы келмеген. Күн оздырмай бұрынғы келінінің үйіне барып, бетпе-бет сөйлесті.

- Сайра, сен бұл баланы әрі-бері сүйреме. Маған қалдыр. Тірі болсам, өлтірмеспін, – деді.

«Уәдем – ақыретім» дегенді айтпаса да, кәрі адамның бір тәуекелге мойын беріп тұрғаны анық еді.

Сайраның бұрынғы енесіне өкпесі жоқ, үйден кетпе дегенде де, балаңды қаңғытпа дегендегі әр сөзі жанына тисе де о баста «жоқ, кетпеймін» дегенді өзінің айта алмағанын біледі. Өйткені «сестралары» мен «бауырлары» өзін жайына қалдырмасына көзі жететін, миына жастай кіріп, қауашағының қыртыс-қыртысын жайлаған діни шарттардан өзі де қорғанар шамасы жоқ келіншек «балам бар ғой» деп жұбанып мият тауып, соларды жеткізерлік мұрат табар қайратқа әлі жетпеген де еді. Балалы әйелдің келген жеріне сүйкімі аз, ұлының осында келгелі сүтке тиген күшіктей болып жүргенін өзі де білетін Сайра кемпірдің шешіміне келісті. Ол Исламның әжесіне бауыр басқанын, жақсы көретін білетін. Кемпірдің де оған ықыласты бола түскенін анық аңғарған.

Уақыт өтіп жатты. Әжесіне келгелі жанына жаз орнағандай болған бала да ашыла түскен. Жайраң мінез тапқан.

- Әже, сен осы көйлекті кигенде әдемісің. Осыны киіп жүрші.

- Әже, дүкеннен айран әкелейін бе?

- Әже, тағы ауырып қалғанбысың, дәрі ішесің бе?

- Әже, сен көретін сериал басталды, – деп айналып-үйіріліп жанынан шықпайды.

Бала мен кемпір бір-біріне тығыла берді. Мына әлемде  ешкімге керексіз болып қалудан қорқатын екеуіне де бір-бірінен басқа ешкімге керек емес еді. Кемпір жанында ұйықтап жатқан баланың жастығын түзеп,  бетінен сүйді.

Бала келгелі құса мен жалғыздықтың түнегі әрі қаша түскен. Осы кезге дейін талайды көрді ғой, адам-шіркін бүгін өліп-өшіп жақсы көріп жатады, ертең жек көріп кетуі мүмкін, адамнан өткен тұрақсыз жоқ шығар. Кейде біреудің сені соншама жақсы көретінін сезініп жымиып ұйықтап кетуің де, сосын ертеңінде дәл сол адамның нағыз сатқын екеніне көзің жетіп, ішің удай ашып оянуың да мүмкін. Ал, қара баласы ондай емес. Ол әжесінің қабағына қарайтын, оған көңіл бөлуге уақыт табатын, ешуақытта «бос емеспін» дегенді айтпайтын елгезек болып өсіп келеді. Кемпір кейде «осы бала не деген сезімтал» деген сұрақты өзіне-өзі қоятыны бар.

Өзінің бұрынғыдан сабырлы бола түскенін, әлденеге көңілі жайлана түскенін де байқады. Жанында салқын сабыр, кең сенім бар. Кемпірдің ертеңгі өмірді бұдан жақсырақ сүргісі келеді. Мына бала үшін. Өмірінің көбі кетіп, азы қалғанда жанында қалатыны –  өзінің бір кезде сыйлаған және қабыл алған мейірімі екенін кемпір түсінген. Келесі жаққа алып өтері де сол. Бұл өзінің соңына мейірімнен басқа ештеңе қалдыра алмайды екен. Және оған керек адам айдалада емес, дәл жанында, ол осы қара баласы, Исламжаны.

Бастан дәурені бұлтша көшкенде кім-кімің де не боларын біле алмас. Жалғыздық – мойындатпай қоймайтын қатал шындық. Оны көбі жасырып, үстінен бірдеңемен көлегейлеп, көрсеткісі келмейді. Өзінің жалғыз екенін қабылдағысы келмей, жалғыз еместігін дәлелдеумен жанталасып жүргендерді көрген сайын кемпір өзімен салыстырады. Баяғы сұрағына ақыры жауап тапты. Егер бұл қайтыс болып кетіп, денесін мүрдеханадан алатын ешкім болмаса, міне, нағыз жалғыздық сол болар еді, ал қасында Исламжаны барда, бұл жалғыз емес.

Тек мейірімді жүректер ғана бір-бірінен бас тартпайды...