Нұркен Шәрбиев мемлекеттің ақбөкендер популяциясын сақтаудағы еңбегін халықаралық қауымдастықтың мойындағанын айрықша атап өтті.
Биоалуантүрлілікті сақтау мәселесіне арналған экологиялық кеңестің отырысы өтті
273
оқылды

Қазақстан даласы әлемдегі ақбөкендердің 99 пайызын қамтып отыр. Алдағы уақытта аталған жануарлардың саны 4,1 миллионға жетуі мүмкін деген болжам бар. Мұндай ақпаратты экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«AMANAT» партиясының орталық аппаратында биоалуантүрлілікті сақтау мәселесіне арналған экологиялық кеңестің отырысы өтті. Кеңесте сөз алған сарапшылар Қазақстандағы популяцияларды сақтаудың маңызына, әдіс-тәсілдеріне тоқтап, келешекте қолға алатын шаралар жөнінде айтты.

«Ақбөкендер популяциясын тұрақты пайдалану бойынша жоспарлы жұмыс атқарылып жатыр. 2024-2026 жылдарға арналған арнайы қорлар бағдарламасында Бетпақдала мен Үстірт аймақтарындағы ақбөкендерді тұрақты түрде пайдалану бойынша нақты қадамдар қарастырылған. Мемлекеттік шаралар арқасында ақбөкендер саны айтарлықтай өсті: 2003 жылы олардың саны небәрі 21 мың болса, 2024 жылы 2,8 миллионға жетті», – деді вице-министр.

Сонымен қатар Нұркен Шәрбиев Қазақстанның ақбөкендерді сақтау ісіндегі табысын халықаралық қауымдастықтың мойындағанын ерекше атап өтті.

«2022 жылы Монреальде өткен COP 15 конференциясында «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасы биоалуантүрлілікті қорғаудағы әлемдегі үздік 10 жобаның қатарына кірді. 2023 жылдың желтоқсанында Халықаралық табиғатты қорғау одағы (IUCN) ақбөкендерді «жойылу алдында тұрған» санаттан «қауіп төнуге жақын» санатына ауыстырды, бұл Қазақстанда олардың санының күрт өсуіне байланысты», – деп атап өтті Шәрбиев.

Сондай-ақ вице-министр «Іле-Балқаш» резерватында екі жолбарыстың жерсіндірілуі жөнінде айтты.

«Қыркүйекте Нидерланд зообағынан екі жолбарыс әкелініп, қазіргі уақытта олардың жағдайы жақсы. Жануарларға арнап кең қоршау мен паналар дайындалды, ал азық ретінде 200-ден астам бұғы жіберілді. Министрлік WWF Орталық Азия бағдарламасымен, БҰҰ Даму бағдарламасымен және резерватпен бірлесе отырып, 2022-2027 жылдарға арналған жолбарыстарды қайта қоныстандыру жоспарын бекітті. Ресейден Қиыр Шығыстан 3-4 амур жолбарысын әкелу бойынша да келіссөздер жүріп жатыр», – деді Шәрбиев.

Вице-министр биоалуантүрлілікті қорғау, қалпына келтіру және экологияны сақтау бағытында кешенді жұмыстардың жалғасып жатқанын атап өтті.