Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Айжан
191
оқылды

Бүркеншік аты: Munsyz

Айжан

(әңгіме)

 Айжан үйінің кенжесі еді, ата-анасы еркелетіп өсірген қыз. Оның өмірге келуінде ертегіге тән ешқандай ерекшелік болмады, төрт баладан кейінгі бала. Өзінен кейінгі бала шақалақ кезінде бұ дүниемен қош айтысып, ата-анасы жүректері қарс айырылып зар еңіресе де қолдарынан еш нәрсе келмесін мойындап, қайғысын бар балаларына шүкіршілік етулерімен басты. Әкесі «Осы қызым асырайды» деп табанынан сүйіп, мойнына отырғызып өсірді. Аяғын әткеншек етіп, кешке жұмыстан соң ойнататын. Солай кішкентай ерке Айжан санауды да үйренді. Жазды күндері түнде далада жатып, жұлдыз санау ермектеріне айналды. Жеті қарақшы жұлдызы туралы аңызды ең алғаш әкесінің айтуымен білді.  Ертеде қылыштары жарқыраған алты алып батыр өмір сүріпті. Олар ештеңеден қорықпайтын батырлар екен. Ақылына көркі сай, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу жалғыз қарындастары болыпты. Сұлу қызға қызықпаған жан болмапты. Бірақ ағалары қарындастарын қорғап, ешкімді жолатпайды екен. Солай олар қаққан қазықтай боп аспан төрінде әлі күнге дейін тұр. Расымен де кішкентай жұлдыз екінші ағасының қасында жымыңдап, еркелеп тұрғандай. Қызық, аңыз рас па екен деген ой Айжанды баурап алып, аспан әлемінің құпиясына еріксіз тартатын. Аспан әлеміндегі батырлардың қасында болып, ерке қарындастарымен ойнап жүргендей сезімде болушы еді.

Балаларының есте сақтау қабілеті жақсы болсын деп әкесі кей күндері кешке қысқа шумақты өлеңдерді әуенімен айтып, қайталатып, жаттатқызатын. Кім білсін, мүмкін бұл әкесінің ән-күй сабағында жаттаған әндерінің бірі шығар, мүмкін өз әкесі жаттатқан шығар. Бірақ бұл жағына сұрамапты.

Үстінде үйдің отыр ед(і) мысық,

Қасына келді бір торғай ұшып.

Тап берді мысық

Торғайың кетті пыр етіп ұшып,

Мысықтың қалды жамбасы ісіп.

Торғайың кетті пыр етіп ұшып,

Мысықтың қалды жамбасы ісіп.

Бәрі әуенімен қызықты етіп айтып, торғайдың қулығы мен аңқау мысықтың қылығына күлуші еді. Анасы бұл кезде үй шаруасымен айналысып жүретін. Әкелері сабаққа дайындық кезінде өзгеріп, талапшыл боп кететін. Әр баласының күнделігін ашып қарап, бестік бағасы болса, үлгі етіп мақтап, марқайтып қоятын, үйге берілген тапсырманы жеке тексеріп, дұрыс, бұрыстығын қарайтын. Жазуы жамандары ұрыс естіп, тіпті кейде жылап та жататын. Аналары балаларына қол көтермек түгілі айғайлап та көрмепті. Содан болар мектептен келе сала үйге кіріп, аналарын іздеу әдетке айналған.

Айжан мектепте де жақсы оқыды, зерек болды. Жақсы баға алуына алдында үздік оқыған үлкендердің әсері зор болды. Ұстаздар оның туғандарындай үздік оқитынына сенді. Ол аяулы ұстаздарының сенімін ақтап, алтын ұя мектебін жақсы аяқтап, үлкен өмір жолына да аяқ басты. Арман қуып жоғарғы оқу орнына түсті, сабақтарына тыңғылықты дайындалып жүрді. Таң атса, кеш батып, күндер жылжып өте берді. Көзді ашып-жұмғанша уақыт зымырап өтіп, университетті аяқтайтын уақыт та жетті. Жоғарғы оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, еңбек жолына араласты. Университеттік жолдамамен ауылдық жерге мұғалім боп орналасты.

Өміріндегі қызықтың бәрі енді басталды. Жас маман боп келген қызды мектеп директоры қуана қарсы алып, өткен оқу жылы мектепке тексеріс келіп, жаңа маман алу керектігі қорытынды шешіміне жазылған екен, сол себепті Айжанның барлық жағдайын жасады: сабақ сағаттарын толықтырып берді, 5-сыныпқа сынып жетекші етті, сынып кабинетін берді. Үздік дипломмен келген жас маманның жұмыс жасауына бар жағдайды жасады. Тұратын үйін де шешіп, өзі бастап апарып, үй иесімен таныстырып, табыстады. Үй иесі де жалғызбасты келіншек екен, Айжанды құшақ жая қарсы алды.

Мектеп ұжымында жұмыс істейтін жас ұстаздармен араласып, бірлесіп жұмысқа да кірісті. Сағаты азайып қалған ұстаздар Айжанның бетіне реніштерін айтпаса да, барлық жағдайы жасалған жас маманның жұмысына сын көзбен қарап жүрді. Оны Айжан сезбеді де. Жастықтың буымен бәрін өзі сияқты қабылдап, ашық-жарқын қабақ танытып жүр. Жұмыстарын да тыңғылықты орындайды. Мектеп әкімшілігі мықты екен, жас маманның білікті маман болып қалыптасуы үшін өз күштерін аямады. Сабақтан тыс уақытта оқу ісінің меңгерушісі сынып құжаттарын толтыру, сабақты өткізу, оқушы, ата-анамен жұмысты үйретіп, жеке жұмыстар жүргізді, әдістемелік көмек алуы үшін бастауыш сынып ұстаздарының сабақтарына ертіп апарып, бірге қатысты. Айжан «Білім негізі бастауышта» дегендей, бастауыш сынып ұстаздарының күнделікті сабақтарын ашық сабақтай өткізетіндігіне көзі жетіп, оқушылармен байланысты үйренді. Тәрбие ісінің меңгерушісі сынып сағатына баса көктеп кірмей, есікті жәймен ашып, сығалап, тақтаға ілінген көрнекіліктерді, сабаққа қатысып отырған оқушылардың тәртібін, мұғалім іс-әрекетін бір көз жүгіртіп байқап жүрді. Түстен кейінгі уақытта кабинетіне шақырып, ақыл-кеңестерін айтып, көмегін аямады. Міне нағыз өз ісінің жанашырларын осы мектептен көріп, сол кісілердің айтқандарын бойына сіңіре берді. Әрине барлық жағдайдың үнемі оң болуы мүмкін емес сияқты сыныбы бастауыш сыныпты жаңадан аяқтап, орта буынға өткен себепті, бала саны өте көп, шулы сынып болып шықты. Сыныбында ата-анасыз, әжесінің қамқорлығында өмір сүріп жатқан оқушылар да көп болды. Шуылдап, Айжанның айтқанын тыңдамай, сабаққа дайындықсыз келетін, тіпті сабақта орындауға берген тапсырманы мүлдем жазбай отырып алатын оқушы да болды. Ол баланың үйіне барып, ағасына айтып еді, істі мүлдем ушықтырды. Ағасы інісін тәрбиелеймін деп ұрып, оның мінезі тіптен өзгерді. Жазалы оқушы өзін жамандап келгенінен таяқ жегені үшін ұстазына ренжіді, бетіне айтпаса да сабақта дәптерге тек сызып отыратын болды. Енді бір оқушысы сабақтан себепсіз көп қалатын. Баланың ата-анасы да мұғалімге себебін айтып, сұрап алмайтын. Бұл жағдайды мектептегі бір әріптесіне айтып еді ол ауыл әкіміне барғаны жөн екендігін айтты. Өзі жалындаған жас, шаруаны тез шешуге білек сыбана кірісіп тұрған Айжан ауыл әкімдігіне келіп, себепсіз сабақтан қалатын бала туралы айтып, көмек сұрады. Ауыл әкімі баланың аты-жөнін, сыныбын қалың дәптеріне жазып алып, ата-анасына барып бұл сұрақты анықтайтынын айтып, кабинетінен шығарып салады.

Бірде мынадай қызық болды: сабақ мектептептің түкпір кабинетінде өтіп, қоңырау естілмей, сынып та шулап, келесі сабақтың басталғанына жарты сағат уақыт өтіп кетіпті. Оқу ісінің меңгерушісі келесі сабақтың мұғалімін ертіп кабинет есігін тақылдатты. Іштегі Айжанды шақырып, ертіп келген мұғалімге: - Бұл кісі жас маман, сіз неге сыныпты сабағыңыздың уақытында  іздемедіңіз?- деп  сұрақтың астына алып, ескерту жасады. Ұрыс естімесе де Айжан өзінің ағаттық жасағанын, сағатқа бір қарамағанын есіне түсіріп қатты ұялды. Осындай шуылдақ сыныпты қалай тәрбиеге келтірсем болады, бұл шуылдан қалай құтылсам болады деп жүргенде, ойламаған жерден көрші ауылдың балалары үйіне қайтып бара жатқан жерінен алып қашты. Алып қашқан жігіт өзі бір-екі рет көріп сөйлескен танысы екен. Сыртынан ұнатып жүріпті, сезімін білдіре алмай, нар тәуекел деп, қызды енді алып қашпасам, айырылып қалам деп бір-екі достарымен ақылдасып алып қашуға бел буыпты. Сөйтіп Айжан бір күнде ойламаған жерден шуылдаған сыныбымен қош айтысып, бір үйдің келіні боп шықты. Өзі танымайтын орта. Тек танитыны күйеуі Самат қана. Самат - жоғарғы оқу орнын аяқтаған, ұзын бойлы жігіт, үйінің үлкені. Әйелін үйімен таныстырып, өз қамқорлығына ала бастады. Жас жұбайлардың қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмірі осылай басталып та кетті.

Қыс айының бір күнінде үйге тазалық жасап, киіз, кілемдерді далаға жайып, қаағып жүрген. Бұларды көріп көрші бала киіз қағысты. Күтпеген жердеен қалжың, шыны аралас ол: «- Айжан, Самат сенің бақытың ба, әлде сорың ба?» -деп қалмасы бар ма. Айжан жымиып: «-Бақытым!»,-деді. Бұл сөзді періште «Әмин!» деді ме, олар расымен де бір-бірін жақсы түсінетін бақытты жұптар болды.  

Енесі келінін тәрбиелеп, бар білгенін үйретті. Бөтен үйге тез сіңісіп кетуі үшін бір жағына шығысты. Қонақ күту, табақ тарту, үйді таза ұстау, т.б. «Ай жаз, ет аз», «Тарта жесең тай қалады, қоя жесең, қой қалады», «Аманатқа қиянат жасама» деген мақалдар енесінің аузынан түспейтін. Үстелдегі  астың бетін жауып жүру, үлкенді сыйлау, алдын кесіп өтпеу, аттарын тура атамау,  тағысын тағылар.  Үш жыл бірге тұрған соң балаларының еншісін беріп, бөлек шығарып жіберді.

Күндер зулап өтіп жатты. Жұмыс, үй деп шапқылап жүріп ай артынан ай, жыл соңынан жыл тоқтамай сырғыды. Олардың отасқандарына да төрт жылдай уақыт өтіпті. Басында достарымен басқосуларға барғанда қыздар жағы Айжаннан «Бірдеңе көтердің бе?» -деп сұраушы еді, уақыт өткен сайын ол сұрақ та қойылмайтын болды. Сұрақ қойылғанда Айжан ыңғайсызданатын, осы сұрақ қойылмаса екен деп іштей тілейтін. Кей достары кішкентай сәбилерін өздерімен әкелгенде көзім тиіп кете ме деп қарауға да қаймығатын. Кейіндері ондай жанұялық басқосуларға барғысы да келмейтін болды. Самат үндемейтін. Бұндай уақыттарда енесінің:

«- Шақырған жерге бірге барыңдар, Алла баланы біреуге есеппен, біреуге төсекпен береді, әлі бәрі жақсы болады, сен олардан бір саты жоғарысың, оқыған-тоқығансың, табақтай дипломың бар. «Құдай деген құр қалмайды», Алладан сұра, емделіңдер» деген  жұбату сөздері Айжанға демеу бола білді.   

Бірде ауыл мейірбикесі тоқтатып алып, неге бала көтермей жүргенін сұрады. Бұл Айжанға оның осал тұсын бетіне басқандай көрінді. Онсыз да мұңайып жүргенде жараның бетін одан саман тырнап, оған тұз сепкенмен тең болды. Не деп жауап берерін білмей, ертең ауруханаға баратынын айтып сытылып шықты. Осы уақытқа дейін каникул күндері қаладағы дәрігерлерге қаралып ем алған, бірақ ауылдық дәрігерлерге бармағаны есіне түсті.

Ауыл дәрігері Айжанды тексеріп, отбасылық дәрігерге барған жөн, нәтижесі мол болатындығын айтып, қолына қағаздарын ұстатты. Содан бастап Самат пен Айжан жұмыстарын тоқтата тұрып, бірге ем-дом алды. Расымен де әрекеттері нәтижесіз болмады. Бойына бала біткенін білген олар бақытты еді. Аллаға сансыз шүкіршілік айтып, баланың өмірге келу сәтін тағатсыздана күтті. Ол күн де туды. Дүниеге сәби келді! Көптен күткен сәбиін төсіне жатқызғанда, бұл жалғанда одан бақытты жан болмады. Өзімен бірге мол бақытты ала келетін кішкентай ғана тырбиған жан өмір есігін ашты. Қандай  зор қуаныш! «-Бала аңсаған барлық анаға менің қуанышым жұғысты болса екен!»,- деп іштей күбірледі.

Айжан босанған кезде қатты қиналды, көп қан жоғалтты. Қан құйып, палатаға шығарғанда өзін жақсы сезініп, терезеге қарамақшы боп тұрғаны сол еді, есінен айырылып құлай жаздады. Екі бұтынан қан саулап ағып тоқтамай барады. Айжан қолына орамал алып, бар дәрменімен сүрткіштеп жатыр. Қасындағы қыз дәрігерді шақыру керек деп жүгіріп ол кетті. Сол күні ауруханаға жоғарыдан тексерушілер келетін боп, медицина қызметкерлері тазалық жұмысын да қоса жасап жатқан: бірі бөлмені ақтаса, бірі аурулар тұтынатын құрылғыларды жуды. Оларға кедергі болдым-ау деп Айжан іштей қынжылды. Дәрігер келіп, тоқтамай ағып жатқан қанды көріп, Айжанды каталкаға жатқызып, реанимацияға алып кетті.

- Өте көп мөлшерде қан кетіп жатыр, қанды дереу тоқтатуымыз керек, -деді бас дәрігер. -Қазір сізге дәрі егеміз, ұйықтайсыз, -деп системасын қосты. Айжанның көзі ұйқыға кетіп, денесінен жаны бөлектенгендей алдынан ұзын дәліз көрінді. Осы дәлізбен оны біреу қолынан ұстап жүгіріп келе жатқандай, жүгіріп емес, екеуі ұшып келе жатқандай. Бір уақыт аралығында барып, қайтып келу керек сияқты. Бір бөлменің алдында көп адамдар тұр екен, кіре берісте бір апа жылап тұр. –Неге жылап тұрсыз, апа?-деп сұрап қояды Айжан. Бірақ апа жауап бермеді. Арғы бөлмеге кірді, бір қонақ күтуге дайындалып жатқан қарбалас сияқты. Өзінің марқұм боп кеткен көршілерін танып, бәрі мәз-мейрам болды. Айжанды көріп олар да қуанып жатыр. Марқұм Райгүл тәте тамақ пісіріп жүр, атасының тақиясымен тамағының бетін жауып қойып жатыр. Атасы ар жағында жүр. Авариядан қайтқан Ләззат тәте де сампылдап әңгімесін айтып жатыр, қолында егіз ұлы бар екен, екі қолына ұстап алыпты. – Кел, менің қасыма отыр,- деп орын беріп қояды. Қасына отырып жатқаны сол еді ұзын дәлізде сүйрелеген қол қайта сүйреп, келген жолмен кері қайтып ұшып барады. Сол кезде « -Оянды, оянды!» деген сөздерден есін жинады. Айжан өзінің басынан кешкенін оқиғасын қайта есіне түсіріп, сенер-сенбесін білмей, о дүниеге барып келгенін, әлі де көретін жарығының бар екенін түсінді.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген ата-бабамыздың қанатты сөзін балалы боп түсіне бастады.  Баланың да Тәңірдің пендесіне берген сыйы екенін, зор аманатты жауапкершілікпен асырап, бағу керектігін ұғынды. Айжан мен Саматтың тұңғыштары көз қуаныштары боп өсіп жатты. Бес жасқа толғанда ойнайтын бөпе сұрап, қылқылдай бастады. Ата-анасы тұңғыштары ұйықтағаннан соң, жаңа жылдық шыршаның асты жағынан Аяз атадан сыйлыққа бөпе сұрап жазған хатын тауып алып оқып, бір күлді. Сәби туса, қарайтын адамы өсіп келе жатқанын аңғарып тәубе деді. Кішкентай періштенің тілеуі қабыл болып, Айжан мен Самат тағы бөпелі болды. Үлкендерінің қуанышында шек жоқ. Тұңғыштары інісінің қасынан бір елі шықпай, үлкен боп қарап жүр.

Бақытты отбасы деген міне осындай болар, сірә! Қысқа ғана ғұмырда бір-бірін түсініп, сыйласып өмір сүргенге не жетсін?! «Ең бақытты жан – жұмысына қуанып барып, үйіне қуанып қайтатын адам»,- деп бекер айтылмаған ғой. Отбасының ұйытқысы  Самат - үйінің берекесі, мәуелі бәйтерегі, асқар тауы. Айжан – мөлдір, тап-таза бұлақ, балалары – бұлақ жанындағы жасыл құрақ. Алла тіл, көзден сақтасын, өсіп, өркендесін қазақ отбасы!