Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Екі әңгіме
127
оқылды

Бүркеншік аты: Almauyt

 ЕКІ ӘҢГІМЕ

ЖЕРАСТЫ БАЙЛЫҒЫ

Күнде таңертең арбасын сықырлатып жерасты жаяу өткеліне келетін еді. Алдымен қақиып тұрған, сақалы қауғадай, қара көзілдірікті Петровичке сәлем береді. Бәрінен ерте келетін сол. Соқыр шал басын изеп, қысқа қайырған соң үйреншікті орнына барады. Тізеден шорт кесілген екі аяғын күртешемен қымтап, қолын жеңіне тығып, тұнжырап отырады.

Іле-шала таяғын тықылдатып, сүрініп-қабынып Васька жетеді. Несіне жетісіп жүргенін кім білсін, ылғи көңілді жүреді. «Здорово, доходяги!» Басында ыза болушы еді, қазір көндікті. Үйреніп алды. Бір-екі күн жоқ болып кетсе, әлгі ит қайда кетті деп, алаңдап қояды.

Біраздан соң қазанның түп күйесіндей Шоттыбек келеді. Екеуін иығынан қағып-қағып, бұған қол беріп амандасады да, төменірек жайғасады. Түннен қалған арағын қойнынан шығарып жұтып жіберіп, жеңін иіскейді.

Осы кезде адамдар ары-бері жүре бастайды. Екеуі отырған, екеуі тұрған – төрт бейбақ үн-түнсіз тына қалады.

Адамдар әр түрлі. Көбі таныс. Жүздері жатталып қалады. Кім берді, кім берген жоқ, бәрін біледі. Мынау кеше берді, бүгін берген жоқ, уақа емес, ұсағы жоқ шығар, деп ақтап алады. Ал мынадан мүлдем қайыр жоқ, он тиынға бола не жетті, деп ренжіп қалады.

Бейтаныстарға не өкпе, не алғыс жоқ.

Алдында тұрған ыдысқа әлдекім баппен еңкейіп, теңгені ақырын ғана тыңқ еткізіп салса, ой, бір рақаттанып қалады. Не айтқаны өзіне де белгісіз, күбір етеді. Тұла бойы шымырлап, ләззат күй кешеді. Көпке дейін арыла алмай қояды.

Керісінше, сылдырлатып лақтыра салған адамдарды иттің етінен жек көреді. Жинамайды. Қаны басына шауып, әлгінің жағасына жармасқысы кеп кетеді. Өзінің кембағал хәлі есіне түсіп, қатты қорланып қалады. Дірілдеп, өз-өзіне келе алмай, біраз отырады.

Кейде, сылқ-сылқ күліп, еркелей, кейде ойлы, маңғаз қалыпта сұлу әйелдер өтеді. Бұл көзі жасаурап, ұзақ қарайды. Бастан-аяқ, киген киімі, ұстаған сөмкесіне дейін бажайлай қарайды.

Жайшылықтағы ұстамынан айырылып, жас баладай әбігерге түседі. Олардың оңға, не солға бұрылып, баспалдақпен көтеріліп кеткенше дейін көз алмай қатып қалады.

Нәзікеш өтіп бара жатқандай көрінеді.

Өтіп бара жатса ғой, дейді. Мені танымас. Мен танимын. Күмәнсіз. Мен… танимын. Жылдар қалай өзгертсе де, танып қоямын.

Түске таман адам қарасы көбейе бастайды. Асығып жүреді. Толастамайды.

Осы кезде, баласын бауырына басқан, не гүржі, не әрмен, білмейді, қысқасы – тау қызы көрінеді. Бұларға басын изеп, Шоттыбектен төмен орналасады. Түсініксіз тілде ыңылдап, баласын тербетіп отырады.

Бейтаныс көбейеді. Теңгенің сылдыры да көбейеді. Сылдыр көбейген сайын, жаны кіреді. Уыстап алып, жанқалтасына салады.

Кейде, білдіртпей, қағаз ақша түседі. Көзі жарқ ете қалады. Оны бірден қалтаға тықпай, кешке дейін сақтайды. Тағы біреу тастайтын шығар, деген ой. 

Кешке, абыр-сабыр басылғанда ғана қалтасына салады. Әйтпесе, желіккен бозбала, ақылын ішкен алқаш ұрлап қашуы мүмкін.

Кейде, жасөспірімдер жандарына келіп, қарқ-қарқ күліп, гитара ойнап, тыныштықтарын бұзады. Сіркесін су көтермей отырған бұлардың жынына тиеді. Қарсы сөз айтса, боқтап-иянаттап кетеді.

Адамдар, адамдар, адамдар... Өтіп жатқан адамдар. Өтіп жатқан уақыт тәрізді, адамдар легі де тоқтамайды.

Тек араларында Нәзік жоқ.

Өткенін ойлауды, өкінуді қойғалы өмір сүру де жеңілдеді. Қазір ұялмайды. Біреудің несібесін жеп отырған жоқ. Садақа болса да, адал ақша. Ұрлап алған жоқ, тартып алған жоқ.

Ара-тұра, еркінен тыс, өткен өмірі де қылаң береді. Күн шығып келе жатқанда буланатын таңғы шық тәрізді.

Рас, қан майданда өзі өлтірген әрбір адам есінде. Қырық үш адам. Қалай, қандай жағдайда екені де есінде.

Сандырақтап жатып, ақталатыны бар. Бұйрықты орындады. Сәбет одағының адал жауынгері болды. Антын бұзған жоқ.

Түнде түсіне кіреді. Түрлері емен-жарқын. Кінә тақпайды, өкпе артпайды.

Бәрі бұны о дүниеде күтіп жүр. Өйткені, Құдайы бір – Алла, бәрі – мұсылмандар.

О дүниеде де осылай арбамен сықырлап жүрем бе, деп ойлайды.

Одақ құлаған соң, бұлар қажетсіз боп қалды. Ант бергізген мемлекет адал жауынгерлерге мұқтаж емес екен. 

Кезінде, жолдас Сталин де сөйткен, деп еді Петрович. Ұлы Отан соғысынан кейін Мәскеуде қаптап кеткен мүгедектердің көзін жойып жіберді. Шет елден делегация келе жатқанда, көз алдау мақсатымен. Қысқа уақыттың ішінде жер аударған, неше түрлі жындыханалар мен ауруханаларға тыққан. Атылып кеткендері де жоқ емес.

Тағы да адамдар асыға өтіп бара жатады. Кішкентай балалар таңдана қарап, үлкендердің қолын тартқылап, бұларға саусағын безеп, әлденені сұрап бара жатады.

Өзі де алғаш қалаға келгенде таңғалып еді. Көпке дейін садақа беруге ұялып жүрді. Әскерге кетер қарсаңда, түн ортасында жолдастарымен ішіп жүріп, бір аяғы жоқ мүскінге берді.

Соны текке бердім, деп көп ойлайтын.

Бір кезде адам ағыны тоқтай бастады. Түн батты деген сөз. Баласын бауырына қысқан тау қызы ақырын жылыстап кетеді. Бұлар ақшаларын қалталарына тығып, дайын отырады.

Бірер сағаттан соң екі дәу келеді. Амандаспайды, қал-жағдай сұраспайды. Тек қолдарын созады. Целлофанға салынған ұсақ теңгелерді алып, үңіліп қарайды.

- Петрович, сенде аз. Тағы сал.

- Васька, сенің қарызың бар, ұмытқан жоқсың ба? Ертең дайын болсын.

- Жоғалшы-ей, сасымай, - деп Шоттыбекті ыңқылдатып бір тебеді. – Келе берсең, аяғыңды сындырам сенің.

- Берік, сен қашан қайтарасың қарызыңды? – Жағадан алады. – Өй, неше күн болды?

- Үш күн. – Екіншісі күңк ете қалады.

- Үш күн өтті, әне! Екі аяғыңа қосып, бір қолыңды да жоқ қып жіберейін бе?! А?

Бұл үндемейді. Сен үшін қанымды төгіп келдім, дегісі келеді. Өтірік екенін де біледі. Айтпайды. Боғымен жасты баланың жағадан алғаны қинайды. Тістене қатып қалады.

- Мен зауытта істегем. Токарь станогын көрген шығарсың? Қолыңды тығып кеп жіберсем, әп-сәтте шолақ боп шығасың.

- Ертең жап, - дейді екіншісі. - Әйтпесе... өзің білесің.

Біледі. Түк істемейді. Қойны-қонышын ақтарып, тапқанын тартып алады да, жөніне кетеді. Бұның бір қолмен жүріп-тұра алмайтынын, клиенттен айырылған – ақшадан айырылғанмен бірдей екенін, олардың содан қатты қорқатынын жақсы біледі.

 СЕРУЕН

 Алдымен, тулақтай болып аспан көрінді. Біртін-біртін кеңейіп, кілегей бұлттар жүзген, ауық-ауық құстар ұшқан баяғы асқақ қалпына келді. Зәулім теректердің жалаңаштанған ұшар басы мен көп қабатты мекемелер көзге шалынды. Басы, оң жақ шынтағы, жамбасы, оң жақ аяғы тызылдатып ауырып барады. Уақыт баяу жылжыған сайын екілене үдей түсті. Қабағын шытып, жан-жағына қарады. Жаяужолда, мұзға тайып жығылған жерінде жатыр. Таяғы жанында. Бірен-саран адам тайғанақтап, мұны айналып өтіп кетті. Басын көтеріп еді, зілдей екен. Оңбай құлаған-ау, шамасы. Шынтақ тірегеннің өзінде. Әйтпесе, басын жарар ма еді. Қайта, шынтағын шығарып алмаған. Бала кезінде, еркін күреске қатысқанда, жаттықтырушысы талай ескертіп айтып еді. Жазылған соң, бәрібір, қиын болады, қорғалақтап күресе алмай қаласың, деген. Зорлана жымиды. Қазір... күрес қайда, бұл қайда. Бастан шынтақ садаға. Чеховтың науқас кейіпкерлері бірінен соң бірі есіне түсті. Өзі дәрігер болған соң, кейіпкерлері де шынайы ауырады. Қарманып, таяғын оң қолына ұстады. Басын көтеріп, серейген ұзын аяқтарын бауырына жиып, тізесін бүгіп, сол қолымен мұз тірей тұрмақшы болғанда, қолы тайып кетті. Қайтадан сылқ ете түсті. Әкиң, деді тістеніп. Дайындалып, тағы тұрмақшы болғанда, қайдан келгені белгісіз, сол жақ қолтығынан бір қол әлсіз демеп, тұрғызып жіберді. Жалт қараса, жирен шашы иығына төгілген аққұба қыз екен.

- Қалайсыз? Қатты жығылдыңыз ғой, еш жеріңіз ауырған жоқ па?

- Жоқ, рақмет. – Жөпелдемеде не дерін білмей қалып, үсті-басын жорта қаққылай берді. – Көктен түстің бе, жерден шықтың ба?

- Көктен түскен періште, жерден шыққан жік емеспін, ағасы, - деді қыз қуақылана. – Өзіңіздей адаммын.

- Иә, - деді бұл да күліп. – Екеуміздің арамызда, кем дегенде, бір айырмашылық бар.

- Анадайдан көрдім, екі аяғыңыз екі жаққа кетіп, ебедейсіз құладыңыз, - деді қыз. – Бойшаң адамдар солай құлайды, бірақ. Менің алдымда кетіп бара жатқан адамдар көмектесе ме деп едім, мен жеткенше.

Бұла, еркін өскен ақжарқын қыз екен, бір үйдің кенжесі ме.

- Көмектің керегі жоқ еді, өзім тұрар едім.

- Көрдім, қалай ұмтылғаныңызды. Мен болмасам, әлі жатар едіңіз.

- Мүмкін.

- Мына таяқ... – Қыз мұның қолындағы қоңыр таяқты көрсетті. – Аяғыңызға не болған?

Кәдімгі сорбуын, тізеден жармасқан. Жиырма үш жасында аттан құлап, оң жақ тізесін қатты жарақаттап алған. Ауруханаға бармай, ақсаңдап жүрді, өз бетінше дәрі жағып, емдемек болды. Жастығы болар, бір айда шауып кетті. Алайда, сырқат адамды ұмытпайды екен. Мүшел айналғанда сәлем беріп, алдынан шықты. Алдынан шықты да, жанын көзіне көрсетті, қолына таяқ ұстатты.

- Ескілікті жауым ғой, - деді. – Жас ұлғайған сайын бәрі анталап қоршайтын көрінеді. – Аттан құлағанның, қыз шымшығанның бәрі дей жаздап, тілін тістеді. – Дәрігердің кеңесі. Күніне 3-4 сағат серуенге шығу керек.

Қыз үнсіз қалды. Таяғын тықылдатып ақырын келе жатқан бұдан не озып кетпей, не кейін қалмай, қатар жүріп келеді. Шойын жолмен сартылдатып ескі трамвай өтті.

- Ал, көктен түспеген, жерден шықпаған, жоқтан пайда болған қамқор қарындасым, - деді бұл қызға күле қарап. – Жөніңді айт, қайдан келесің, қайда барасың, асығып тұрсаң, жолыңнан қалма.

- Студентпін, облыстық кітапханадан шықтым. Тарих факультетінде оқимын, - деді қыз. – Дипломдық жұмысымды жаза бастадым. Тақырыбым – айдыны асқан Жошы ұлысы.

- Сән-салтанаты Батысқа таң болған Алтын орда ғой... – Көз алдына жер қайысқан, мұздай қаруланған атты әскер, жүз түмен еркін сиятын ұрыс даласы келді, қиқулаған айғай-сүрең, көбебұзар, қозыжаурын, күшіген жүнді сай кез жебелердің ажал ызғарын сездіре ысылдаған, мың сан қарудың қайтпай қаржысқан дауысы естілді. – Ауыр тақырып таңдапсың ғой.

- Иә, ертерек дайындалайын деп, кітапханаға барып жүрмін. Кеше емтихандар бітті, сонымен бірге студенттік жылдар кетті. Көңіл-күйім жоқ, сол үшін. Қайтадан бірінші курсқа түссем ғой.

- Жаңа жылдық, мерекелік көңіл-күй ше?

- Ол жылда болады ғой. Сіз студенттік шағыңызды сағынасыз ба?

Әрине, сағынады. Ізденіске толы жылдарын, топтас қыз-жігіттерді сағынады. Бірақ қайтып оралғысы келмейді. Сондықтан қысқа қайырды.

- Иә, сағынамын. Мә, таяқты ұстай тұршы. – Қалтасынан темекі қорабын шығарып, бір талын ерніне қыстырды. Сіріңке жағып, тұтатқан кезде, қою түтін бұрқ етті. 

- Таяққа сүйеніп әрең жүрсіз, үстемелеп шылым шегесіз, - деді қыз наразылықпен.

- Достоевский жарықтық, күні бойы үйінде отырып, темекі орайды екен. Бәлембай тал орайды, ойла, күндізгі ісі сол. Түнде сол ораған темекілерін бұрқыратып, аядай бөлме ішін қою көк түтінге толтырып, шығармаларын жазады, дейді. – Мұнысы жалғандау шықты. Темекі толтыратыны рас, түнімен тартып бітіретіні де рас, бірақ өзі жазбайды, әйеліне, Анна Григорьевнаға айтып, стенограммаға жаздырады. Бұл, кейінірек, әрине. Жас кезінде өзі жазды. Федор Михайловичтің бір бақыты да осы, әйелі стенограммашы болды, яғни, әдеби құл. Два в одном. Бір түрлі естіледі екен, өзі күліп жіберді. – Оның жанында темекі орауға уақытымыз кетпейді, тек тартамыз.

- Денсаулығыңызға зиян.

- Зиян, енді қайтем. Бәлембай жыл болды. Уақыты келгенде, тастаймын.

- Бәрібір тастайсыз. О дүниеде темекі жоқ шығар.

- О жақта не бар, не жоқ, ешкім білмейді.

- Қасиетті кітаптарда айтылған нәрселер ше?

- Оны сол жаққа жеткенде көреміз. Дегенмен, біздікі бос әңгіме, - деді қызға күле қарап. – Басымызды қатырмайық. Әлем осы қалпында ғажап.

Қыз жымиып күлді. Таяқтың тықылдағаны естіліп тұр. Қасқайып Абай мүсіні, оған қарама-қарсы әсем безендірілген биік шырша көрінді. Жаңа жылдың алдында қала өзгеріп, сәнденіп кететіні қызық. Адамдар да мәре-сәре. Күнтізбе күндеріне орай қуану дегенді түсінбей өтетін шығармын.

- Қайда жұмыстайсыз?

Бұл тосылып қалды. Қаламгермін. Бірақ ол жұмыс емес қой. Өзі де кәсіби айналысқан жоқ. Тіпті, қазір қаламгердің ешкімге керегі жоқ, жан-жаққа жалтақ-жалтақ етеді.

- Жұмыссызбын.

- Бұрын кім болдыңыз?

- Журналист болдым. Газетте.

- Не жаздыңыз?

- Әр түрлі ұсақ-түйек.

- Журналист болам, деп армандадыңыз ба?

- Жоқ.

- Бала кезіңізде кім болғыңыз келді?

- Ешкім болғым келген жоқ. Ойынымды ойнап, кітабымды оқып жүре бердім. Сен ше?

- Әкем тарихшы болды, содан соң мен де тарихшы болғым келді. Жай ғана тарихшы емес, мифология мен мәдениеттану ғылымын да терең меңгеру үстіндемін.

Бесенеден белгілі, қыз баласы ғылымға жақын келеді. Аналитикалық ойлау қабілеті еркектерден қарағанда әлдеқайда жоғары.

- Дұрыс екен. – Екеуі кинотеатрға жақындады. Көліктер толып жүр. Бірін бірі ығыстыра жол беріп, кіріп-шығып... маза жоқ.

- Жаңа жылда осы алаңға келесіз бе?

Жоқ, келмеймін. Қаңтар оқиғасынан соң бұл жаққа аттап басқым келмейді.

- Көреміз.

- Мен мына сол жақта, 12 қабатты үйде тұрамын.

- Келіп қалыппыз ғой.

- Иә.

- Айналайын, көп рақмет, - деді бұл разылықпен. – Теңіңді тап, бақытты бол.

- Рақмет, ағасы, - деді қыз. – Құлап жатқан адамды көрсем, көмектесіп, тұрғызып жібергім келеді. Қазір адамдардың бойынан мейірім, рақымшылық, жанашырлық жоғалып бара жатқандай. Құлап жатқан адамды ішіп алған деп ойлайды, қол ұшын беруді намыс көреді. Сондайлардың кесірінен атамнан айырылғам. Он жыл бұрын, қақаған қыста, базарда жүргенде жүрегі қысқан. Құлаған. Сол беті жатқан ғой. Ешқайсысы келіп көтеруге жарамапты. Қайтыс болып кеткен. Сол сәтінде біреу басын сүйеп, алғашқы медициналық көмек жасаса, жедел жәрдем шақырса атам әлі тірі жүрер ме еді, кім біледі. – Көкшіл көзіне шүпілдеп жас толды. Бұл ыңғайсызданып, не айтарын білмей, төмен қарады. – Тым құрыса үстіндегі тәуір киіміне қарамай ма. Ғаріп емес қой. Киімін қойшы, ол да адам баласы ғой, не болғанын білсін, кім екеніне көзі жетсін. Шығысқа әйгілі азамат еді... Жарайды, ағасы, - деді көз жасын бет орамалымен сүртіп. – Аман болыңыз. – Бұрылып, ұзай берді.

Бұл азғана тұрды да, Абай ескерткішіне қарай беттеді. Ар жағынан асау Ертіске бармақ.

Аспанда манағы кілегей бұлттардың орнын тұнжыр тартқан сұр бұлт жаулап алыпты. Қар жауатын шығар.