«Балаларға арналған шығарма»: Өзіңсіз бәрі өзгеше, әже...

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Qazaq qyzy

 Өзіңсіз бәрі өзгеше, әже...

- ... Менің бір өкінішім бар. Бәлкім ол заматта есейіп үлгермедім бе... Әжемнің соңғы демі үзілер шақта қолынан ұстап, маңдайынан сүйе алмадым. Сол әлі күнге дейін өзегімді өртейді. Енді бәрі кеш... Тым кеш...

Бұл өзі армандаған өнер саласында талай жетістікке жетіп, танымал тілшіге сұхбат беріп отырған Жансаяның сөзі еді. Ауылда әжесінің құшағында  ақ маралдай еркелеп, еркін өскен Жансаяның қолында қазір сол кезден қалған жалғыз ғана құнды жәдігер бар. Ол – әжесінен қалған жасыл оюмен өрнектелген сұр сандық. Ол Жансаяның үйінің төрінде тұр. Сол сандықтан әжесінің қызғылт сары орамалын алып, тер сіңген иісін иіскеп жатып, ұйқыға кетеді. Түсінде әжесін көреді. Әжесімен өткізген тәтті балалыққа қайта оралады.

 

***

- Әже, көрші үйдегі дүкенге жаңа заттар, киім келіпті. Барып көрсек қайтеді?..

Жансая әжесінің дүкенге барса, өзіне киімнің ең қымбатын, ұнамдысын әперетінін біледі. Әжесіне еркелей қарады.

- Жарайды, құлыным. Жүре ғой, барып көрелік.

Әжесі де немересінің бетін қақпайды. Қолынан жетектеп, екеуі дүкенге қарай аяңдады. Жансаяның әжесінің үнемі қайталайтын сөзі бар.

- Еее, құлыным. Сендер аман болыңдар. Сендердің алдарыңда кетсем, арманым жоқ.

- Төөх, әже, неге үнемі осылай айтасың? Сен өлмейсің. Ұзақ жасайсың.

- Осылай деп тілеңдер, қарақтарым. Бұл – жақсы сөз. Бой жеткенде түсінесің.

Екеуі дүкенге беттеді. Жансаяның көзі бірден жарқ-жұрқ еткен әдемі тастары бар шашқыстырғышқа түсті. Әжесі еш ойланбастан қалағанын алып берді. Қуаныштан жүрегі жарылардай қуанған сәби жүрек пен немересінің бақытты жүзіне тамсанған әже екеуі дүкеннен қажет заттарды алып, үйге қарай жол тартты.

(Қайда жүрсе де, бір-бірінен айрылмайтын осы аялы ыстық алақанды Жансая бұл күні қатты сағынады. Маңдайымнан сипаса дейді. Бірақ ол орындалмайтын арман. Әжелеріңді бағалаңдар, балалар...)

 

***

Сарша тамыз таяған кез. Күн бірде шуағын төксе, бірде сұрланып, аспанды қара бұлт торлап, жаңбыр төпелейді. Сондай күндердің бірінде Жансая көрші үйдің қызымен ойынның қызығына батып жүрген. Кенет жел тұрып, күн суытып, найзағай ойнай бастады. Ойын баласы емес пе, Жансая бір уақытта қалай болғаны белгісіз, абайсызда су толтырылған үлкен ыдыстан су аламын деп, ішіне күмп етті. Үсті малмандай су болып, «Әже, әже» деп үйге қарай жүгіре жөнелді. Алайда дәл алдынан күн түсті ме, өзіне де белгісіз, жарқ еткен сәуледен шошынып, үйге қалай жеткенін сезбей қалды. Әжесі немересінің түрінен шошынып, бірден үсті-басын шешіп, уқалап-суқалап, бәйек болып жатыр. Әйтеуір үсті басына әжесінің аузымен су бүркіп, күңкілдеп бірдеңелерді айтқанын еміс-еміс естіп жатыр.

Жансая көзін ашты. Қара терге шомылғандай, киімі де, төсек жаймасы да шылқып тұр. Үстінде зіл-батпандай боп тоғыз киім жабылған. Сөйтсе, әжесі жылы сумен ұшықтап, үстіне тоғыз киім жауып, дұға-тілегін оқып, немересі демалсын деп сыртқа шығып кеткен екен. Жансая орнынан жаймен тұрып, айнаға қарады. Шашын қалпына келтіріп, киімін ауыстырып, тысқа шықты. Манағы буырқанған ауа райының жұрнағы да жоқ, аспан шайдай ашық. Сағат кешкі бестер шамасы болуы керек, әжесі самаурын қайнатып, үйдегілер әжеміздің қою шайы мен ыстық бауырсағын күтіп отыр. Немересін көріп:

- Жарығым, ояндың ба? Жағдайың қалай? Басың айналып тұрған жоқ па? - деп сөздің астына алды.

- Жақсымын, әже. Сен барда маған ештеңе болмайды, – деп еркелеп, мойнынан құшақтады да, бетін сүйді.

- Айналайын, құлыным! Жарығым! Айналдым сенен... Сендер ауырмаңдар.

Қазір Жансая қаланың қым-қуат тіршілігінде арпалысып жүріп, қатты суықтап қалса, әжесінің қой майымен сылаған, суфілеп ұшықтаған сәттерін сағынады.

- Шіркііііін, әжем болғанда қазір-ақ жазып алар еді мені. Тіпті шаршап келгенде де, әжемнің алдында жатып, оның ыңылдаған үнін естіп, ұйқыға кетсем, бар шаршауым басылар ма еді...

 

***

Әке-шешесі жеке отау болып, бөлек тұрса да, Жансая атасы мен әжесінің үйінде жүреді. Бүгін де сол жаққа зуылдап келеді. Әне... есік аузындағы көк пештің жанында күйбеңдеп әжесі жүр.

- Әже!.. Әжетай!..

Жансая жүгіріп келіп, өзімен қатарласа жарысып келе жатқан күшігінен озып кетіп, әжесінің мойнына асыла кетті.

- Мен сенен бұрын жеттім, Ақкөжек. Әже менікі!

- Жарығым... Алтыным...

Ақкөжек те әжесінің еркелеткенін дәметкендей, құйрығын бұлғаңдатып қояды. Әжесі оны да бір бала көреді. Оны да еркелетеді.

- Әже, сен пісірген таба нанның дәмі ерекше. Тіпті көршілер де сенің наныңды жазбай таниды. Бағдат әжемнің нанының дәмі тіл үйіреді ғой, шіркін, - деп тамсанып отырады жұрт.

- Жарығым, сен күте тұр. Қазір атаң келеді. Үшеуіміз шай ішеміз.

Әжесі пештен қызыл күлге аунап піскен оннан аса биік-биік нарттай нанды айырымен бір-бірден алып, қаз-қатар алып тізеді. Немересі болса, оны үйге тасиды. Әжесі бір ыстық нанды ортасынан қақ бөледі де, адал еңбек сіңген қолымен ұсақтап бөліп-бөліп, сары майға араластырып, немересіне ұсынады.

- Ала ғой, құлыным. Ас болсын! Ыстықтай же...Жансая сары майға шыланған жаңа піскен нанды құшырлана иіскейді де, аузына салып, тамсана жейді. Осылайша Жансаяны «мыжымамен» алғаш таныстырған да аппақ әжесі еді. Бүгінде сол мыжыма дәмін, әжесінің ыстық нанын Жансая сағынады. Үй жанындағы наубайханадан жаңа піскен нан алып, жүгіре басып үйге келді де, «мыжыма» жасамақ болып еді, дәмсіз көрінді. Бәрібір әжесінің көмбедей-көмбедей ыстық наны мен бауырсағына жетпейді. Бірақ оның дәмін енді ол қайтып татпайды. Әжесімен қайта бір дастарқан басында отырмайды. Самаурыннан ыстық шай құйып, күлімсірей қарап отырған аппақ әжесінің аппақ бейнесін енді тек түсінде көреді.

 

***

Уақыт көшін алға сүйреп, өмір жылжып өте шықты. Қанша жаз, оның артынан сары күз, қасқырша ұлыған қыс артынан жылғаларынан су сылдырап көктем келді. Жыл мезгілдерімен бірге адамдар да есейіп, жас қосып, ғұмыр шіркін өте берді. Жансая да оқуын аяқтап, қызметке енді қадам басты. Алайда ол есейіп үлгермеген еді. Жансаяның өмірден бір түйгені бар – бір жақынын жоғалтқан сайын адам есейеді екен. Оны әкесі мәңгі сапарға аттанғанда, оның артынан екі жыл салып ағасы өмірден өткенде және аппақ әжесімен қоштасқаннан кейін сезді. Сол сәтте емес, кейін... Жансая оқу бітірсе де, балалығы қалмаған бойжеткен еді. Есейіп үлгермегені – соңғы сәтте, әжесі өлім аузында жатқанда, оның қасына жақындай алмады. Тек бір рет қолынан ұстап, көз жасын тыя алмағаны болмаса, жаны қиналып жатқанда оған демеу бола алмады. Қазір жүрегінде өкініштің күйі сарнайды. Неге? Неге сол мезетте ешкім маған әжеңнің маңдайынан сүйіп қал, әжеңмен қоштас демеді... Тек іштей «қидым» деген сөзді Жансая үнсіз, өз жасына өзі тұншығып, амалсыз айтқан еді.

Жансая қазір есейді. Өмірдің қызығын да, сүреңін де көріп келеді. Өзі армандағандай танымал ақын болды. Шіркін, әжесі немересін мақтан тұтар ма еді... «Әжесінің қызы» үмітін ақтады деген ел сөзін естір ме еді... Бірақ амал қанша... Сексен бес жасқа таяғанда өмірден өтсе де, Жансая әже құшағын, тәтті балалығын, лашықты үй етіп, ойын ойнағанын, әжесімен бірге өріске барған кешкі самал салқынын, қап-қап қи тасыған сәттерін, ақ көбікке араласып піскен аппақ әжесінің ақ құртын, ағаш қасықпен тоқпақтатып созылта ішкен ақ айранын, әжесінің ғана емес-ау, атасының «алтыным» деген жылы лебізін жиі еске алады. Ол күндер оралмайды. Өткеннің ақ кемесімен өмір айдыннан жүзіп өте барды. Сағым болып қалды. Сағым жылдарды сағынады қазір Жансая.

 

Өзіңсіз бәрі өзгеше, Әже!

 

Балалық дәурен өткен үйімнің,

Есігін үнсіз ашамын.

Сездірмей мұңлы көңілдің күйін

Өзімнен өзім қашамын.

 

Қарсы алып қазір тұрад (ы) біздерді

Қабырғадағы суреттер,

Қалай жұбатам мұңды көздерді

Сағыныш толы жүректер...

 

Ыстық алақан, маңдайдан сүйген

Сәттерің – мәңгі естелік.

Еркелеп жүріп алыстап бізден

Кетеріңді, Әже, сезбедік.

 

Сағынып тұр ғой, қарашы, үй де,

Күңіреніп тұр сен жүрген көше...

Өзіңсіз бәрі өзгеше, Әже!

Өзіңсіз бәрі өзгеше, Әже!

 

- Жансая, қалқам, қайтайық! Көлік күтіп тұр.

Бұл Жансаяның әжесімен қабір басында сырласып тұрған сәті еді. Ақын болып бой жеткен соң, өлең мен әжесі егіздей болып көрінеді оған. Себебі бала күнінен әжесі айтқан ертегімен, әжесі оқыған өлеңмен, әжесі шырқаған бесік жырымен өсті емес пе...

- Келер жылы тағы келем, Әже... Өзіңе арнап оқып жүретін дұға-тілегім сені қараша күзде жауратпас деп сенемін. Сағындым сені, Әже...

Жансая әжесінің басына қойылған мәрмәр тасты тағы бір алақанымен сипады да, кері бұрылды. Жансаяның алынбас қорғанындай болған аппақ әжесі бір төмпешік болып қала берді...

Сол сәт бұлт арасында күн жымыңдаса да, Жансаяның қолына жаңбыр тамшысы себеледі. Бәлкім, бұл немересін сағынған әжесінің көз жасы ма, кім білсін... Ал жымыңдаған күн әжесінің күлімдеген аппақ жүзіндей көрінді Жансаяға...