Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Адалдықтың  жолы
140
оқылды

Бүркеншік аты: Үрбибі

Адалдықтың  жолы

(әңгіме) 

Айбар ауылдың ең белсенді, білімге құштар, достары өте көп, ашық-жарқын балалардың бірі. Ол ауыл мектебінде оқып, тарих пен әдебиет пәндерін ерекше жақсы көретін. Әсіресе, Айбарға қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрі, өткені мен қазіргі кезі туралы әңгімелер ерекше әсер ететін. Мектептен кейін ол жиі кітапханаға барып, тарихи  кітаптарды оқып отыруды ұнататын. Әр кітап оның көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, бойына жаңа білім дарытып, болашаққа жетелейді.

Айбардың ауылда  ата - анасы, екі кіші  бауыры мен  атасы тұрады.  Атасы Айбардың жанына жақын адамның бірі. Ол Айбарға әрқашан терең ойлар айтып, өмірдің маңызды сабақтарын үйрететін. Кешке ауыл ақсақалдары Айбардың атасының  үйінің алдына жиналып, өткен-кеткен ел әңгімелерін, шежіре айтып отырғанды ұнатады.

Кейбір ел ақсақалдары немерелерін ерте келетін кездері де жиі болады.

-Қабең, біз де немеремізді ертіп, балаларды жанымызға отырғызып, насихат айтқанымыз қандай керемет,- дейтін ел ақсақалдары.

-Әрине, біз айтпағанада бұлар ел тарихын, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді қайдан біліп өседі? Кішкентайынан бойларына халқымыздың өткенін айтып, болашаққа бастар бағытты көрсетіп отырсақ, ертеңіміз жарқын боларына сенімдімін.

Немерелері асық ойнап, «Хан талапай» ойынының қызығына түскенде, ақсақалдар да немерелерін қызықтап, біраз жасап қалады. Асықтан шаршаған кезде әр бала өз атасының тізесіне жантая кетіп, қызықты хикая-әңгімелерді, ел тарихын, шежіре-дастандарды тыңдауды ұнатады. Бұл сәтті аталары да құптап, немеренің маңдайынан құмарлана  иіскеп қойып, небір қызыққа толы, тәрбиелі әңгімелерін жалғастыра түседі.

Бір күні атасы Айбарға шыңға шығуды ұсынды.

-Бұл сапар саған жаңа нәрселер үйретіп, өмірге басқаша көзбен қарауға мүмкіндік береді,- деді атасы. Айбардың көңілі толқып, бұл сапарға шыққысы келді. Ол өзінің атасы айтқан даналық мектебінен басқа тағы да көп нәрсе үйренетінін бірден сезді.

Шыңға сапар жолында олар ауылдан шығып, ескі үйдің маңына  тоқтады. Бұл жер ауыл тарихының бір бөлігі болатын. Атасы Айбарға бұл  үйдің маңында бұрын түрлі оқиғалар болғанын айтып берді. Бірде бұл жерде жергілікті адамдардың өз құқықтары үшін күрескені туралы баяндады.

-Балам, адам құқығы – әр адамның дүниеге келуімен бірге берілетін ең басты құндылық. Бұл адамға берілген ең бір үлкен сый. Біз қазақ халқы әрдайым әділдік пен теңдікті бағаладық, бостандықты сүйіп, адалдықты ту еттік,- деді атасы.

Айбар өз атасының айтқандарына ой жүгіртіп, «Әділдік неге соншалықты маңызды, ата?» - деп сұрады.

Атасы ұзақ уақытқа ойланып қалып, баяу дауыспен әңгімесін бастады.

-Қазақ халқында әділеттілік әрдайым бірінші орында болған. Біздің батырларымыз бен билеріміз өз халқына әділ қызмет етуді ұмытпаған. Әр іске әділ баға берген. Сол дәстүрді біз де сақтауымыз керек,- деді атасы. Сол әділдіктің туын әрі қарай көтеретін сендер, балам. Әрқашан біреуге қиянат жасама. Жолдастарыңа да соны үйрет. Сен өз ата-анаңның көз қуанышы болсаң, сен секілді басқа балалар да өз ата-анасының қуанышы, келешегі болады. Төбелесу, сыртынан ғайбат айту, мазақ ету - бұл үлкен жаман дүние. Адал жолмен жүру, тату болу, әрқашан көмекке дайын, жанашыр бола білу  болу - адамдықтың белгісі.

Атасының сөздері Айбарға терең әсер етті. Ол адам құқықтарының, әр адамның бақытты өмір сүре білуге құқығы барын, өмір маңыздылығын сезіне бастады. Оның ойында әділеттілік пен теңдік туралы жаңа көзқарастар пайда болды.

Олар ауыл ішінен өтіп бара жатқанда, әрбір үйдің алдында кішкентай бақшалар мен жеміс ағаштары өсіп тұрғанын көрді. Ауыл тұрғындары қолдарында бар нәрсені басқалармен бөлісуге дайын еді. Айбар осындай береке мен бірлікке куә болып өсуде. Атасы оған: «Шынайы құндылықтар - тек материалдық байлықпен өлшенбейді. Адал еңбек, мейірімділік пен көмек беру- нағыз байлық», - деді.

Ең бастысы - адал еңбек. Біз ата-бабаларымыздан осыны үйрендік. Қандай қиыншылық болса да, олар әрқашан адалдықты сақтап қалуға тырысты. Бұл біздің ұлы аманатымыз,- деп әңгімесін жалғастырды атасы.

Айбар атасының сөздерінен өмір сүре білудің неғұрлым маңызды екенін түсінді. Адамдарға көмектесу мен мейірімділік жасау оның да бойындағы басты қасиеттерге айналатынын  ұқты.

Жолда атасы мен Айбар ескі бекіністің жанына келіп тоқтады. Атасы бұл бекініс қазақ батырларының қорғаны болғанын айтып берді. «Бұл жер бұрын батырларымыздың елді қорғау үшін күрескен мекені болған»,- деді атасы мақтанышпен.

-Біздің тарихымыз - ең бай әрі қымбат мұра. Оны әр қазақ азаматы білуге, құрметтеуге міндетті,- деп атасы тағы біраз әңгімесін айтты.

Айбар атасының айтқан әңгімелерін тыңдап, өткен өмірдің маңыздылығын түсінді. Ол өз халқының ерліктерін еске алып, олардың рухын сезінді. «Олар да мен сияқты балалар болған шығар»,- деді Айбар күлімдеп. Атасы басын изеп: «Әрине, балам. Бірақ олар уақыт өте келе нағыз батырларға айналды. Тарихты білмесең, болашақты құру қиын»,- деп жауап берді. Бұл сәт Айбар үшін ерекше болды. Ол өзінің де болашақта халқының мақтанышы болғысы келетінін түсінді.

Атасы мен Айбар сапардың бір кезегінде тілді сақтау туралы әңгімелесті. Атасы қазақ тілінің құндылығы мен оның маңыздылығын түсіндіріп берді.

-Тіл - біздің жанымыздың айнасы. Ол арқылы біз өзімізді және халқымызды танимыз. Егер тіліміз жоғалса, онда халқымыздың рухы да солай жоғалады,- деді атасы. Кешегі өткен Абайдың өлеңдерін оқып, Ыбырайдың «Атымтай жомарт» әңгімесін айтып берді. Әңгіме немересіне қатты әсер етті.

-Ата, біздің ауылда да «Атымтай жомарттар» бар ғой,- деді. Атасы мәз болып: «Әрине бар. Әй, байқағыш немерем-ай»,- деп маңдайынан сүйді. Айбар өз атасының әрі қарай да  айтқандарын  тыңдап, ана тілін сақтап қалудың маңыздылығын ұғынды. Ол тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың мәдениеті мен рухын білдіретін басты құрал екенін түсінді. Ана тілін сақтау – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын аманат екенін білді.

-Мен ана тілімде мақтанышпен сөйлеймін, ата!,- деді Айбар.

-Сен секілді жастар қазақ тілін сақтап, оны дамытады,- деп атасы қуана жауап берді.

Атасы Айбарға кітаптардың құндылығы туралы әңгіме қозғады. «Кітап-ақылдың асыл қазынасы. Оқыған сайын сен өзіңе жаңа әлем ашасың. Білім - ең құнды байлық, оны ешкім тартып ала алмайды»,- деді атасы.

Айбар кітап оқудың маңыздылығын бұрыннан білетін, бірақ атасының сөздері оған жаңа шабыт берді. Ол кітап оқу арқылы білімін кеңейтіп, болашақта үлкен жетістіктерге жетуді көздеді.

-Мен көп кітап оқығым келеді, ата!,- деп Айбар шабыттана сөйледі.

-Әр кітап - жаңа бір әлем,- деп атасы оны қолдады. Кітап оқу арқылы сен өміріңді байыта түсесің. Кітаптардан үйренген білімің болашақта саған үлкен көмегін тигізеді,-деді атасы.

Айбар өзіне алдағы уақытта кітап оқуды өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруды мақсат етіп қойды.

Шыңға шығар жолда атасы Айбарға адалдықтың маңыздылығы туралы жаңа ойларымен  бөлісті. Ол адал адам мен адал еңбек, адал табыс табу  қағидасын да айтып берді. «Балам, бүгінгі күнде біздің елімізде адалдық, әділдік және еңбек басты орын алуы тиіс. Елді басқарып отырған ел азаматтарымыз да, біз ,үлкендер,  айтқанды  олар да жиі айтады. Ол адал адам болудың ең басты қасиет екенін баса айтады. Адамның жүрегі таза болса, ісі де таза болады. Ал адал еңбекпен келген табыс ешқашан құнсыз болмайды»,- деді атасы.

Айбар атасының айтқанын тыңдай отырып, ойға шомды. Ол әлі кішкентай болса да, өзінің де ер жеткенде  еңбек етіп, қоғамға пайда әкелгісі келетінін сезінді. Ал қазіргі уақытта өзінің міндеті білім алу, ғылым үйрену екенін ол әбден біледі.

-Ата, адал табыс дегеніміз не? - деп сұрады Айбар қызыға.

-Адал табыс дегеніміз - еңбегіңнің шынайы нәтижесі. Егер адам маңдай терімен, шындықпен, адал еңбекпен табыс тапса, ол ең қадірлі табыс. Бұл табыстың негізі - еңбек, күш-жігер, білім мен қайсарлық. Ешқашан басқалардың  еңбегін  жаман жолмен пайдалануға болмайды,- деп түсіндірді атасы.

Айбар атасының сөздерінен адал еңбектің тек жеке пайда әкеліп қана қоймай, елге де, қоғамға да зор пайда әкелетінін түсінді. Ол болашақта адал жолмен еңбек етіп, өз еңбегінің нәтижесін көруді армандады. Атасы теледидар көргенді ұнататын, содан көрген, білгенінің бәрін өз білгеніне қосып, бүгін міне өзіне үйретіп жатқанына Айбар іштей қуанып тұр әрі мақтанып та тұр. Атасы сөзін жалғастырып: «Біздің елде әрбір азамат адалдықты, еңбекті басты құндылық етіп ұстанса, еліміздің болашағы жарқын болады. Адал адам -  қоғамның тірегі. Адам адал болмаған жерде әділдік жоқ, ал әділдіксіз ел дамымайды», - деді.

Айбар бұл сөздерді жүрегіне жақын қабылдап, адал еңбек пен шынайы табыстың мәнін түсіне бастады. Ол алдағы уақытта тек адал жолмен еңбек етіп, өзінің күш-жігерін халықтың игілігіне бағыттайтын азамат болуға талпынатынын сезді.

-Мен де адал еңбек етіп, өз табысымды адал жолмен алғым келеді, ата. Еңбек етіп тапқан табыс әрқашан маңызды, - деді Айбар сеніммен.

-Әрине, балам. Адал еңбекпен келген табыс саған да, елге де тек пайда әкеледі. Сол арқылы сен өзіңді құрметтей аласың, басқалар да сені құрметтейтін болады,- деп жауап берді атасы.

Айбар атасымен шыңға шығып, біраз сырласып, әңгіме тыңдағанына риза болып келді. Кешке достарын шақырып, осы құндылықтарды оларға да айтып бермекші  болып шешті. Ел келешегі өздерінен бастау аларына сенімді.