Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Мейірімді қарлығаш
192
оқылды

 Бүркеншік аты: Шуақ

Мейірімді қарлығаш

Жазғы демалыста ауылдағы нағашы әжем мен атамның үйіне қыдырып бардым. Ауылдағы демалысым қызықты өтіп жатты. Күнде түс ауа өзенге суға шомылуға барамыз. Атаммен бірге қой бағуға барамын, атқа мінуді де үйреніп алдым. Әжем ауылда өтетін барлық той-томалаққа мені өзімен бірге алып барады. Тәттіге тойып, қызықтың бәрін осы тойлардан көресің.

Бірде төрде шалқалап жатып үйдің төбесіне салынған екі ұяны көріп қалдым. Қаланың баласы болғандықтан үйдің ішінде салынған ұялар менің қызығушылығымды оятты. Әжеме айтып едім, ол кісі «Қарлығаштың ұясы ғой, балам тиіспе, үркітіп аласың. Қасиетті құс қой»-деді. Мен енді екі Ана қарлығаштың ұясына кіруін, балаларына қорек тасуын бақылай бастадым. Бір күні екінші ұяға келуі тиіс қарлығаш келмей қалды. Ана қарлығаш екінші күні де келмеген соң, бір жағдайдың болғанын сезіп, болашақ балапандары үшін жүрегім ауырды.

Міне қызық! Бірінші ұяға келіп жүрген ана қарлығаш қоректі екі ұяға кезек-кезек таси бастады. Арада айлар салып екі ұядан да балапанның шиқылы естіліп, мен қатты қуандым. Сол күннен бастап мен, қарлығаш ананың жүрегі де менің анамның жүрегіндей мейірімділікке толы екен ғой деген ойға қалдым.

Ерекше жаңа жыл

2-сынып  оқушысы Әкежан анасы мен әкесінің жалғыз баласы болғандықтан, өте ерке  болып өсті.  Ата-анасы да ерекше мәпелеп айтқанын екі етпейді. Міне көптен күткен жаңа  жыл да  келді.  Әкежан үшін  басқа мерекелерден  гөрі  жаңа жыл сыйлығы  мол, тәттіге тоятын ерекеше күн.  Ата-анасы былтырғы  жылы бағасы  қымбат тұратын ұялы  телефон  сыйлаған болатын.  Аяз ата беріп жіберді деп ата-анасы  алдаса да,  Әкежан сыйлықтың қайдан келгенін жақсы біледі. Биыл да ата-анасына  Аяз атадан  қандай сыйлық күтетінін алдын-ала ескертіп қойған еді.  

Бірақ, жаңа жыл күні түні ақ халатты дәрігерлер келіп, анасын алып кетті. Аң-таң  болған Әкежан  әкесіне: «Әке, менің сыйлығым қайда? Аяз ата мені биыл ұмытып кетті ме? Анам қайда кетті?  Қалай жаңа жылды қарсы аламыз?»-деді жылам- сырап.  Сәлден соң телефон шырылдады.  Қуана жымиған әкесі: «Сен биыл ерекше сыйлыққа ие болдың , Аяз ата саған іні сыйлады»-деді. Бауырлары бар өзге балаларға  ерекше  қызғаныш- пен қарайтын,  Әкежанның  қуанышында шек жоқ.  Қатты қуанғаны сондай, қолын шапалақтап секіріп жіберді.  Әкежан үшін бұл жаңа жыл ерекше болды. Ол тіпті армандаған сыйлығын ала алмағанына да өкінген жоқ.

 Су жаңа доп

Бүгін менің әкем базардан інім екеумізге су жаңа екі доп сатып әкеліп берді. Біз допты алып алаңға футбол ойнауға бардық. Біздің көрші достарымызбен бірге екі командаға бөлініп футбол ойнадық. Інім де қарсылас командада ойнады, бір қызығы ол өз добын үйде қалдырып кетті. Арада бір апта өтті, күнде кешкісін футбол ойнауға алып шығып жүрген менің добым байқаусызда желі шығып, жарылып қалды.

Біз ініміз екеуміз кешкісін тағы да футбол ойнауға шықтық. Тағы да достарымызбен бірге екі командаға бөліндік. Енді ойынды бастайық десек доп жоқ. Мен ініме қарап «Сен добыңды алып келші, бірге ойнайық»-дедім. Інім: «Ол су жаңа доп қой, қалай беремін. Сендер жарып тастайсыңдар»-деді. Мен оған  ренжіген  жоқпын. Жеке шақырып алып: «Інішегім, олай жасауға болмайды. Әкем допты саған ойнау үшін алып берді. Ал сен футбол ойнағанды жақсы көресің! Футболды жалғыз ойнамайсың, көп баламен ойнайсың,сондықтан да өз добыңды алып шығуыңа тура келеді. Келесі жолы басқа бала осылай өз добын алып шағады»-дедім. Інім  «Жақсы, ағатай, түсіндім»-деп су жаңа добын алып келуге үйге қарай жүгіре жөнелді.

Амал достық

Бахтияр 3-сыныпқа басқа мектептен ауысып келді. Ол келе сала өзіне дос табуға тырысты. Сынып ішіндегі оушыларды бақылап отырып өзіне дос болуға Бекзатты лайық деп тапты. Бекзат та өзі сияқты соңғы үлгіде киінген, ұялы телефоны бар, сабаққа машинамен келіп-кетіп жүреді. Басқа оқушылармен қарым-қатынас жасап уақытын бөлгісі келмеді.

Бір күні Бекзат екеуі сабақтан кеш шығып, ата-анасын далада күтіп тұр еді, бейтаныс бала  келіп: «Ұялы телефоныңды бере тұршы, анама хабарласып алайын»-деді. Бахтияр ештеңе ойламай бергені сол еді, ол бала телефонды ала салып, тұра қашты. Бахтияр телефонын алып қашқан баланың соңынан қуа жөнелді. Сол уақытта Бекзат өзіне келіп тоқтаған машинаға мініп кетіп қалды. Бахтиярдың басына түскен жағдайды көрген 3-сыныптың Арман, Болат есімді екі оқушысы ойланбастан телефонды алып қашқан бұзықы баланың соңынан қуа жөнелді. Арман мен Болат спортшы балалар еді. Олар бұзықы баланы қуып жетіп, Бахтиярға телефонын алып берді. Бахтияр өзінің осы балаларды менсінбей, араласпауға тырысқанына қатты ұялды.

Ұялғаным-ай…

Мен өзімнің досыммен бірге аялдамаға бірінші келген автобусқа міндім. Автобус толған ығы-жығы адам. Ине шаншар жер жоқ. «Сабақтан қалып қоймасақ болды»-деген ой мазалайды. Кенеттен қарсы алдымда отырған аға мен апа орындарын босатып автобустан түсіп кетті.

Досым екеуміз тез арада босаған орындарға жайғасып алдық. «Рахаттанып, кең отырып, сабаққа дейін демалып алатын болдым ғой»- деп іштей қуандым.

Қуанышымыз ұзаққа бармады, автобусқа кішкентай сәбиін көтерген апа кіріп, дәл біздің қасымызға кіріп тұрды. Мен көрмеген кейіп танытып, терезеге қарап отыра бердім. Ал, менің досым ойланбастан: «Апатай, отырыңыз!»-деп орнын босатып берді. Ол кісі бос орынға жайғасып жатып: «Айналайын, жомарт бала екенсің, өркенің өссін! Оқу озаты бол!»-деп алғысын айтты. Досымның мерейі өсіп жан-жағына масаттана қарады. Мен өзімнің қылығыма қатты ұялып, төмен қарап отырдым.

 Жалқау мысық

Ертеде мысық пен ит дос болыпты. Ит таңертеңнен кешке дейін еңбектеніп бір тыным таппайтын болыпты. Ал мысық болса тамағын жеп алып, терезенің көзінде ұйықтай береді екен. Бір күні ит келіп мысыққа айтады: «Жүр менімен бірге, маған көмектес! Қыс болса жақындап қалды, үй соғып алайық»-дейді. Бірақ жалқау мысық ұйқысынан тұрмайды. Ит өзі жаздай еңбектеніп үй соғып алады.

Қар жауып, қыс түседі. Жалқау мысық ұйқысынан оянып, баспана іздей бастайды. Далада боран, күн аяз. Ол қатты жаурайды. Әрі-бері жүгіріп бір мұржасынан түтін шығып жатырған үйге тап болады. Ақырын келіп тересесінен сығалап қарады. Сөйтсе ит өзінің отбасымен бірге, жылуы шашыраған оттың қасында, сүйектерін мүжіп жатыр екен. Мысық өзінің итті тыңдамай, жалқаулыққа бой алдырғанына қатты өкініп, бармағын тістеді. Жалқаулық жаман әдет, жалқаулыққа бой алдыру жақсылыққа әкелмейтінін ол енді түсінді.

 Ең сұлу...

Бүгін сабақта ұстазымыз бізге ерекше тапсырма берді. Бізге түрлі-түсті парақшалар үлестіріп, әлемдегі ең сұлу жан туралы жазуымызды сұрады. Барлық балалар өз ойларын айтып, сөз соңы үлкен пікірталасқа ұласты. Сыныптасым Аружанның ойынша әлемдегі ең сұлу жан ол Томирис ханшайым екен. Енді бір оқушы «Әлем ауры сайысының бас жүлдегері ең сұлу жан»- деп қоймады. Ұстазымыз пікірталастан соң «Өз ойларыңды қағаз бетіне жазып, оқып беріңдер»-деді.

Барлық оқушылар тақырып аясындағы ойларын қағаз бетіне түсірді. Сәлден соң ұстазымыз біздің жазған шығармаларымызды жинап алып: «Балалар, мен сендерге өзіме ұнаған жауапты оқып беремін»-деді.

«Мен үшін әлемдегі ең сұлу жан-ол менің анам. Өйткені оның мейірімді көзіндей, кеңпейіл жүрегіндей, аялы алақанындай  керемет зат әлемде жоқ»-деп жазыпты Арнұр.  «Жарайсың, Арнұр! Анаңнан артық ең сұлу жан болмайды.»-деді ұстазымыз үлкен сүйіспеншілікпен. Арнұрдың жазған жауабы бізге үлкен ой салды.

 Адал достық

Бастауыш сынып оқушылары үшін достық ұғымы сабаққа бірге келу, немесе ата-аналары таныс отбасының балаларының бірге ойнауы немесе аталмыш баламен көрші тұру сияқты ұғыммен байланысты. Ержасын мен Темірлан тату, дос. Екеуі бірге ойнайды, мектеп асханасына бірге барып,кітапханадан бірге барып кітап алады. Қашан көрсең де егіз қозыдай бірге жүргені. Сейсенбі күні матемеатикадан бақылау жұмысы болды. Неге екені белгісіз сол, бақылау жұмысынан кейін екі достың арасынан бір сызаттың түскенін, мұғалімі де оқушылар да тез байқады. Екеуі бір-біріне жоламайды Ержасын өзбетінше сабаққа дайындалып отырады, ал Темірлан қоңырауда өзге сыныптағы балалармен ойнайтын болды.Сабақтан кейін мұғалім екі досты шақырып алып, ұзақ сөйлесті. Темірлан: « Бақылау жұмысы кезінде Ержасын дайын есептерді көшіріп алуға дәптерін бермеді және өзің шығар деп қарамай қойды»-мен енді онымен дос болғым келмейді деді. Ал Ержасын болса шын кінәлі кісіше басын төмен салбыратып, досына кінәлі көзбен қарады.

Келесі күні оқушылар өз көздеріне өздері сенбеді. Ержасын мен Темірлан сабаққа бірге келді, сабақ соңына дейін жұптары жазылмады. Ал, Ержасын мен Темірлан адал достықтың мәнін түсіндірген ұстаздарына дән риза. Енді олар достықты қадір тұтатын болады.

 «Қасиетті бесік»

Саялы ауылдағы атасы мен әжесінің үйіне қыдырып келді. Күні бойы далада оййын ойнап, кешке ыстықтай піскен бауырсақ пен шай ішіп алып, басқа да бауырларымен бірге Әжесінің қасына ертегі тыңдауға жиналды. Әжесі немерелеріне қызықты ертегілер айтып берді. Балалар ұйып тыңдады. Кенеттен, Саялының көзі төрде тұрған ақ бесікке түсті.

-Әже, бесікті неге төрге қойдыңыз?-деді,таңғалып.

-Ботам, бұл жәй бесік емес, – киелі мүлік. Бесікпен сенің, әулетің өседі-деді де әңгімесін бастады:

Бесік — нәрестені бөлеуге арналған ағаштан жасалған төсек. Тек әр елде түрлі үлгіде жасалады. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады.

Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды.  Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Қазақта бесік қасиетті, киелі құтты мүлік болып есептеледі отқа жақпайды,сындырмайды,бетін ашық қалдырмайды.  

Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бұл бесікке сенің әкең жатты балапаным, сен де нәресте күніңде осы бесікте есейдің. Бұл бесік Атадан ұрпаққа аманат мүлік – деп, ақылды Қария сөзін аяқтады. Саялы бесікке қарап, ойланып қалды. Анасының әні құлағына келді. «Әлди, әлди ақ бөпем.......»

 Қарлығаш пен Торғай

Ертеде бір қарлығаш пен торғай дос болып, бірге өмір сүрді. Олар өздеріне ұя салмақшы болады.  Қарлығаш еңбекқор еді. Ол көлден-жерден тұмсығымен саз, су, сабан тасып мың мәрте ұшып ерінбей өзіне үйдің шатырының  астына ұя салып алады. Қаршығаштың көршісі торғайдың баспанасы қандай болды деп ойлайсыңдар? Ол өте жалқау еді. Терлеп, еңбектенгісі келмеді. Ол шатырда жатқан бір құбырдың кесіндісін өзіне баспана ретінде иеленіп алды. 

 Жыл сайын Қарлығаш өз ұясында балапандарын басып шығарады және  оларды ұшуға және ән айтуға үйретеді.Әлпештеп бағып-қағып ұясынан ұшырады екен.

  Ал Торғай болса қарлығашқа қызғанышпен қарады. Себебі, ашық-тесік, салқын құбырдан жұмыртқалары домалап сынады немесе мысықтар алып кетеді. Кейде бұзық, тәртіпсіз балалар құбырға тас лақтырып жұмыртқаларын жарады. Жалқаулығының кесіренен Торғай ешқашан балапандарын өсіре алмады.

Ұлттық құндылық Бесік туралы

Балабақша бүлдіршіндеріне арналған тақпақтар жинағы

Әлдилеген ақ Анам,

Ақ бесігім Ақ Ұям!

Әлдименен тербеліп,

Өсіп-өніп Ел болам!

 

Бабалардың мұрасы,

Ұрпағына сыйлаған.

Әр қазақтың төрінде

Ақ бесігі жиналған.

 

Ұлылардың ұрпағы да,

Ақ бесікте тербелген.

Анасының ақ батасы,

Әр балаға дем берген.

 

Анашымның ақ арманын,

Ақ бесікте естідім.

Бесігінде баппен өскен,

Атам қазақ текті Ұлың!

 

Ақ балапан қолын созып,

Бойын түзеп жазады.           

Ақ бесіктің ақ мамығы,

Әлпештейді баланы.

 

Ақ бесікте тербеткенде,

Әжем тілек тілеген.

Атам беріп ақ батасын,

Жол көрсеткен өмірден.

 

Бесігінде жайнап өскен,

Әрбір Қазақ баласы.

Әлдинен тәлім алған,

Анасының Данасы.

 

Қайнар көзі тәрбиенің,

Ата-баба із салдырған.

Әр отбасы ұрапағына,

Мирас қылып қалдырған.

 

«Бесік баласы бек баласы»,

Деп жыраулар жырлаған.

Батыр, Билеп,Хандар шыққан

Ақ бесік жүр  аман!

 

Көктем көрінісі

 

Күн нұрланып қысқы тоңды жібітті,

Көктем қыстың ақ пердесін түріпті.

Елең етер жан-жануар адамзат

Су сылдыры, қыз күлкісі қылықты.

 

Көктем желі желпіп жерді болған соң

Самарқанның ерітіпті көк тасын.

Екі құрбы татуласып, теңеліп,

Өргізгендей нұрлы күнге түн шашын.

 

Зәм-зәм суын сыйлап кетті қыс тағы,

Гүлге толы жер ананың құшағы.

Қоңыраулы бесігінде көктемнің

Тербетеді  табиғатты құс әні.

 

Көктем әнін шырқады сұлу аққу,

Қамыс біткен бишідей ырғалады.

Қандырып жердің шөлін еріген су,

Аралады сай-сала жылғаларды.

 

Өтірік өлең

Тышқанменен сауысқан байқаусызда

Көк теңіздің астында кездесіпті.

Жылынуға таласып сондағы отқа

Түкті кілем үстінде белдесіпті.

 

Қоян сұлу алмаға құмар болыпты,

Жан құрбысы момын сұр жылан бопты.

Шәй ішпек боп досына кетіп еді,

Інінен сұр жыланның жылап шықты.

 

Қой келді қос қасқырды жегіп алып,

80 жыл жүргеніне егін салып.

Ұзақ жыл жасағанын халқы біліп,

Бергенді хрустальдан алқа тағып.

 

Маусымда мұздан түлкі үй салыпты,

Үйіне шақырыпыт үш балықты.

Қақпанға тышқан түсіп қалған екен,

Ескі дос мысық келіп құтқарыпты.

 

Айнадан естіп әлем жаңалығын,

Кірпіштен ән естілді жаңа білдім.

Көрді де маймыл күлді өзіне-өзі,

Алғаш рет айтады саналымын.

 

Досым бар марғау аю оқымысты,

Айтпаймын өлтірсең де өтірікті.

Әр сөзіме сенсе де шыншыл Айса

Дейді Пушкин мені әйдік өтірікші.

 

Анашым

Балам көрсін бұл өмірдің қызығын,

Деп өсірген әлпештеумен қыз-ұлын.

Дау-жанжалдың себепкері болса да,

Жақтап алар, ақ тентегін бұзығын.

 

Сеннен туған ойшыл ақын, шешен де,

Сеннен туған ержүрек те есер де.

Аппағым деп аялайсың көзіңмен,

Бесігіңнен бөбегіңді шешерде.

 

Ана қымбат ақ сақалды қартқа да,

Ақындардың жырысың сен жақсы ана.

Ана атыңа, дара атыңа бас ием,

Басын иген қаһары ұлы патша да.

 

Анасың сен дос дұшпанға,қасқа да,

Саған қарап бой түзейді жас бала.

Күн көзіндей шуағым сен күле бер,

Көзіңдегі көрсетпе тек жасты ана.

 

Жібіткендей мейірімің тасты да,

Сен үшін жат ауыр қылмыс,лас,күнә

Кемдігіне мұңаясың балаңның

Қуанасың түймедейін жақсыға.

 

Анасы бар адамзатта бар ма мұң,

Сен қасымда мәңгі жүрші арманым.

Аналарға әлемдегі тілерім,

Тағдыр ауыр салмасыншы салмағын!

 

Жемқор аю

Сахналық қойылымға арналған ертегі

 1-бөлім

Автор: Ертеде қалың тоғай ішіндегі үлкен бір үңгірде жемқор аю өмір сүріпті. Ол түнімен тоғайды аралап, барлық аңдарды қорқытып тамақтарын, алтындарын тартып алып,  күн ысыған кезде үңгірге кіріп ұйқтайды екен. Қазандай тасты  допша домалатып ойнайтын, кез-келген аңды жекпе-жекте жеңе алатындай күшті аю екен. Ол күштілігіне мақтанып кішкетай аңдарға маза бермепті.

Аю: Бұл әлемде меннен күшті аң жоқ! (Билеп келе жатып, балаларымен сәбіз жинап жүрген қоянды кездестіреді, аю қоянды  құлағынан  ұстап алып айналдырады.)

Қоян: Аю аға жіберші! мені, сыйлап жүремін сені! Өтінемін! Құлағым үзіліп бара жатыр…..

Аю: - Қоян, сен мені онсыз да сыйлап жүретін боласың. Қазір маған жинаған барлық сәбіздеріңді бер. Мен үңгіріме апарып тамақ жасап жеймін. Бермесең өзіңді жеймін.

Қоян: Аю аға бұл сәбізден мен балаларыма тамақ жасап беремін. Бұл біздің азығымыз. Алыңыз. Мен сізді қатты сыйлайтыным соншалықты, бір күн аш отыруға көнемін. (Қояндар  жылап кетіп қалады.)

Аю: Бұл әлемде меннен күшті аң жоқ! Барлық аңдар мені сыйлайды. (Билеп келе жатып, қыдырып келе жатырған екі түлкіні кездестіреді, аю түлкілерді  құйрығынан   ұстап алып айналдырады.)

Түлкі: Аю мырза  жіберші! мені, сыйлап жүремін сені! Өтінемін! Құйрығым үзіліп бара жатыр.

Түлкі: Аю мырза! Не қаласаң соның бәрін орындаймыз, жіберші бізді.

Аю: - Түлкілер , сендер мені онсыз да сыйлап жүретін боласыңдар. Қазір маған алтындарыңды, ақшаларыңды  беріңдер. Мен ет сатып алуым керек. Бермесеңдер өздеріңдіі жеймін. Құйрықтарыңды жұлып аламын.

Түлкі: Аю мырза  бұл ақшаны біз кәрі ата-анамызға  апарып береміз, дәрі алу үшін. Алыңыз.

Түлкі:Мен сізді қатты сыйлайтыным соншалықты, ата-анама бір ай дәрі алып беріп  бермей ақ қояйын . (Түлкілер жылап кетіп қалады.)

Аю: Бұл әлемде меннен күшті аң жоқ! Барлық аңдар мені сыйлайды. (Билеп келе жатып, киім алып бара жатқан екі қасқырды  кездестіреді, аю қасқырлардың  біреуінің  аяғынан   ұстап алып айналдырады.)

Қасқыр: Аю аға жіберші! мені, сыйлап жүремін сені! Өтінемін! Аяғым үзіліп бара жатыр.

Аю: - Қасқырлар , сендер мені онсыз да сыйлап жүретін боласыңдар. Қазір маған киімдерді  беріңдер.  Мен қыста тоңамын, киім алуым  керек. Бермесеңдер өздеріңді  жеймін.

Қасқыр: Аю аға  бұл киімді балаларыма алып барамын. Алыңыз. Мен сізді қатты сыйлайтыным соншалықты, балаларымның қыстан киімсіз шығатынына көнетін боламын. (Қасқырлар  жылап кетіп қалады.)

2-бөлім

Автор: Аюдан жәбір көрген аңдар бір жерге жиналып одан кек алмақшы болады. Қасқыр, қоян екеуі торды құрып аңдып отырады. Түлкі аюды алдап  алып келуге кетеді.

Аю: Бұл әлемде меннен күшті аң жоқ! Барлық аңдар мені сыйлайды. Менің үңгірім қай жерде еді. Адасып қалдым ғой. (Билеп келе жатып, түлкілерді  кездестіреді.)

Түлкі: Аю мырза  не іздеп жүрсіз? Сізді көргеніме қатты қуаныштымын. Қалыңыз қалай? Көрмегелі көп болды. Сізді сондай сағындым.

Аю: Түлкі! Мен үңгірімді таба алмай қалдым. Сен маған жол көрсетіп жіберші.

Түлкі: Әрине, Аю мырза!  Бері қарай жүре беріңіз. Мен сізді үңгіріңізге адастырмай алып барамын. Бері жүріңіз, бері жүріңіз!

Түлкі: Аю мырза! Біз сізді қатты сыйлаймыз. Қазір үңгіріңізге  алып барамыз. Міне таптық! Секіріңіз! (Аюды алдап апарып құрылған торға  түсіреді.)

Түлкілер, қасқыр,қоян: Аю мырза қолға түстің бе? (Аюды ағаш бұтақтарымен сабайды.)

Аю: Мені кешіріңдерші. Мен енді сендерді қорғап жүретін боламын. Дос болайық!

Түлкілер, қасқырлар,қояндар,аю бірге :

Бағалайық  достықты,

Көмек беріп жоқтықта.

Жаман әдет бізге жау

Бізге енді соқтықпа!

Автор: Аю күшке сеніп, әлсіздерге күш көрсетудің дұрыс емес екенін енді түсінді. Жемқорлық жаман әдет. Біреудің затын рұқсатсыз немесе күшпен тартып алу жақсылыққа алып келмейді.

Назарларыңызға рахмет!