Бүркеншік аты: Tunyq
«Наурыз батыр» ертегісі
Ертеде Хан Тәңірінің түнерген суық тауында қаһарлы Боран деген қарт өмір сүріпті. Оның Ызғар, Мұзбике деген екі қызы мен Айсұлу атты немересі болыпты. Айсұлуға мұзды өлке емес, жылы жақ ұнайды екен. Сол үшін атасының немересіне көңілі жібімепті. Себебі, ол ерекше сұлу, мейірімді және көңілді қыз болыпты.
Боран мен екі қызы қыс мезгілі болғанына қуанып, шаттанып билейді. Бірақ немересі Айсұлу оларға қосылмай, оқшауланып, таудан түсіп, жылы жаққа кеткісі келеді.
Айсұлу: Мен суықты ұнатпаймын. Тау бөктеріне түсіп гүл тергім келеді. Құстардың үнін, бұлақтың сылдырын естігім келеді. Ендеше мен ешкімге көрінбей тау бөктеріне барып келейін!
Айсұлу, Боран атасы ұйықтап қалғанда жолға шығып кетеді. Келе жатып тау бөктерінен жылқысын суарып жүрген Наурыз батырды көріп қалады.
Наурыз батыр: Жол болсын, ару қыз! Қайдан келесіз? Кім боласыз?
Айсұлу: Мен Хан Тәңірі тауын мекен еткен Боран атаның немересі Айсұлу боламын.
Наурыз батыр: Ал мен осы өңірдің ұланы – Наурыз батыр боламын.
Айсұлу: Қызық. Наурыз айында туған болдыңыз ғой?
Наурыз батыр: Әлбетте. Самарқанның көк тасы еріп, ауылда наурыз тойы болып жатқанда туған екенмін.
Айсұлу: Шіркін, мен де осы жерде тұрсам ғой....
Наурыз батыр: Оған не кедергі?!
Осы сәтте жел ұйытқып, алай-дүлей боран соғып, дүниенің астан-кестеңін шығарады. Боран ата екі қызы Ызғар мен Мұзбикені жібереді. Олар Айсұлуды алып кетіп, Орман патшалығына жасырады да Айдаһар патшаға аманаттайды.
Ызғар: Орман патшасы Айдаһар! Менің қызым, Айсұлу өзінің мұзды өлкесін ұнатпай, адамдар тұратын жылы жаққа кеткісі келеді. Оны өздеріңе тапсырамын.
Мұзбике: Иә! Айсұлу біздің сан ғасырлық тәртібімізді бұзды. Біз жылы жақты, көктемді, ыстықты ұнатпаймыз! Боранның ұрпақтарының мекені анооооу таудың шыңы! Ха-ха-ха (күледі)
Айсұлу:Анашым! Анашым! Кешіріңіз! Мені бұл жерде қалдырмаңызшы! Өтінемін!
Айсұлуды орман сақшылары – қасқырлар, жылағанына қарамастан қамауға алып кетеді. Наурыз батыр оқиғаның мән-жайын ормандағы достарынан естіп Айсұлуды қапастан құтқаруға талпынады.
Ақсақалдар қызды құтқару үшін Наурыз батырға ақ батасын беріп, сапарға шығарып салды.
Ақсақал: Айналайын батырым! Талабың оң болсын! Қайда барсаң да жол болсын! Әумин!
Наурыз батыр өзінің жүйрік тұлпарына мініп қызды іздеуге аттанады. Боран өзінің інілеріне Наурыз батырды тоқтатуды бұйырады.
Бірақ Наурыз батыр қаймықпай келе жатып, бес қаруын ауылға тастап кеткенін аңғарады. Сол кезде есіне Желаяқ досы түседі. Наурыз батыр желге қарсы сөйлеп Желаяқ досын шақырады.
Наурыз батыр: Бес қаруым.... Қалайша ұмытып кеткенмін.... Тоқта, тоқта! Желаяқ досым қайда екен! Желге айтайын. (Желге құшағын жайып сыбырлап, көзін жұмады. Көзін ашса, алдында Желаяқ тұрады).
Желаяқ : Құп болады, досым! (Зу етіп жүгіріп кетеді)
Әп-сәтте қасына Желаяқ жетіп келеді. Оған сыбырлап, тапсырма береді. Желаяқ зу етіп, жоқ болады да, батырдың «бес қаруын» жеткізеді.
Наурыз батыр «Орман патшалығына» келеді. Алдынан Орман сақшылары - қасқырлар кездеседі. Осы сәтте Наурыз батыр қасқырларды берен мылтығымен атып тастаймын деп қорқытады. Қорыққан қасқырлар батырға жол беріп, өздері орман сыртына қашып жөнеледі. Наурыз батыр, Желаяқ досымен Айсұлуды іздеуді жалғастырады.
Бір кезде қараңғылықтан Орман бегі Қабан шығады. Наурыз батырды көрген қабан артқа қарай шегіншектеп, жігітті жарып тастауға бар күшімен алға ұмтылады. Жігіт еш саспастан қақпанды ұрышықша үйіріп, қабанның аяғына лақтырып үлгереді. Қабан қақпанға түсіп бақырады. Жігіт қақпанның қазығын қағып, қабаннаннан жөн сұрайды. Жігіт қызды тапқаннан кейін босататынын ескертіп, өзі ары қарай жүріп кетеді.
Қабан: Ааа-ай, көмектесіңдер! Аяғым ауырып барады, ай, аяғым-ай! Ей, батыр! Мені босат!
Наурыз батыр: (Батыр күледі) Қалайша? Қазір ғана мені жарып тастамақ болып едің ғой.
Қабан: Кешір, байқамай қалдым.
Наурыз батыр: Сен одан да маған мынаны айт. Орман патшалығының ордасы қайда? Неше күн жүремін? Күзетшілері кімдер? Жауап бер, қане?
Қабан: Ағатай, бәрін де айтамын. Тек мені босатшы. Патшалық бір күндік жерде. Патшалықты аң патшасы арыстан күзетеді. Оны жеңсең, кәрі еменнің ұшар басында айдаһар отырады. Ал айдаһарды жесең ғана іздегеніңді табасың.
Наурыз батыр: Айтқаныңа сеніп қалды деме! Мен Айсұлуды тұтқыннан босатқаннан кейін ғана сенің қақпаныңды ашамын. Әзірге басың жетпейтін нәрселерді ойламай жата бер. Мені күт!
Күн жүреді, түн жүреді. Шаршаған Наурыз батыр демалмақ боп жайлы жер іздеп келе жатқанда, арыстанның апанына тап болады. Бөтен адамның үңгірге рұқсатсыз кіргеніне ашуланған арыстан батырға тарпа бас салып жемекші болады. Арыстан мен батыр арасында айқас басталады, батыр найзасын алып арыстанға сұқпақшы болғанда арыстанға тіл бітіп, батырға шарт қояды. Батыр оған келісіп, ары қарай жүріп кетеді. Бір кезде Желаяқ пен Наурыз батыр жолдан адасып қалады. Не істерін білмей тұрғанда Наурыз батырдың есіне Саққұлақ досы түседі. Қалтасынан мүйіз сырнайды алып үш рет үрлегенде жанына Саққұлақ досы жетіп келеді. Саққұлақ үлкен құлағымен жерден тың тыңдап, жақын маңда айдаһардың жатқандығын және Айсұлу мен Жыланды қалың ағаштың құрсауында жатқандығын, айдаһарды қалай өлтіру керектігін айтады.
Арыстан: Батыр, сен мына үңгірден аман шыққың келсе менің шарттарымды орындауың керек?
Наурыз батыр: Ол қандай шарт?
Арыстан: Менің патшалығымнан биылғы жыл иегері Жыланды қатыгез Айдаһар ұрлап кетті. Ол тау шыңындағы Емен ағашының саясында. Сен іздеген ару мен жыл иесін қамап ұстап отыр. Менің патшалығыма Жыланды қайтарып беремін деп уәде берсең, мен сені босатамын және жаныңа көмекші ретінде ескі жыл Ұлуды жол көрсетуге қоса жіберемін.
Наурыз батыр: Арыстан патша, шарттарыңмен келісемін. Ал, Ұлу, маған жол көрсет?
Ұлу: Жақсы. Батыр сен менің баяулығыма қарама. Мен міндетті түрде көмегімді көрсетемін. Біз кәрі еменнің түбіне баруымыз керек!
Діттеген межеге жете сала Наурыз батыр кәрі еменнің түбіне келіп мүйіз сырнайын тартады, Желаяқ пен Саққұлақ улап-шулап Айдаһарды ұйқысынан оятып жібереді. Ашуланған айдаһар батырды жекпе-жекке шақырады. Осы сәтті көп күткен Наурыз батыр бес қаруын сайлап, өзіне төніп келе жатқын айдаһардың жүрегіне найзаны сұғып жібереді. Айдаһар сұлқ етіп жерге құлайды. Наурыз батыр жеңеді.
Аспан жарқырап, орманның ішіне күн сәулесі түседі. Айсұлуды қоршауға алған ағаштар құшақтарын жазып, Айсұлу мен Жыланды босатады.
Осы сәтте түн орап, кейіпкерлер беймәлім күй кешеді. Сол кезде күн алай-дүлей болып, күн мен түн айқасады. Біресе қараңғы, біресе жарық болады.
Бір кезде екеуі теңеседі. (Айшуақ пен Күшуақ бір-бірін құшақтайды) Осы кезде Наурыз айы туады.
Айсұлу: Не болып қалды? Күн тұтылды ма? Қорқамын.
Айшуақ: Қандай керемет түн, қараңғылықты жаным сүйеді. Түн күннен басым болуы керек. Жарықты жарылқағанымыз жетеді.
Айсұлу: Мен ештеңе көрер емеспін, сен кімсің, неге қараңғылықты жақсы көресің?
Айшуақ: Мен қараңғылық ханшайымы - Айшуақпын.
Күншуақ: Ал мен жарық ханшайымы – Күншуақпын! Жоқ, Айшуақ, сен қателесесің. Түнге қарағанда күн ұзақ болу керек. Көрдің бе жан біткеннің көзі қараңғылықтан көрмей қалды. Олар қараңғыда қалай өмір сүреді?
Айшуақ: Ал маған бәрібір! Түн ұзақ болса болғаны! Адамдар көп ұйықтағанды жақсы көреді.
Күншуақ: Жоқ, күн ұзақ болу керек!
Айшуақ: Жоқ, түн!
Күншуақ: Жоқ, күн!
Наурыз батыр: Тоқтатыңдар, тоқтатыңдар! Екеуің де адамзат баласына керексіңдер! Бірің Ай, бірің Күн болып табиғатты қалпына келтіріңдер! Мен «Күн мен Түнді» теңестіргім келеді. Сендер келісесіңдер ме достар?
Айсұлу, Жылан, Желаяқ, Саққұлақ: Иә келісеміз!
Дәл осы сәтте Айшуақ пен Күншуақ бітімге келіп «Күн мен түн» теңеледі.
Наурыз батыр: Уа, Халайық! Сүйінші!
Наурыз келді, жыл келді! Күн мен түн теңелді!
Сәлем, Жаңа күн! Сәлем, Жаңа өмір!
Ауылға келіп Наурыз батыр мен Айсұлу табысады. Наурыз мейрамы тойланып, шашу шашылады, аталар бата беріп, балалар асық ойнап, ләңгі теуіп, шыбықтан садақ жасап ойнап жүр. Ауыл жастары арқан тартысуда.
Ұмай ана «отқа май» құйып, наурыз көжелер таратылып, ет тартылады.
Ұмай ана: Армысың, қайырымды Күн-Ана!
Шығар күнге, тәу-тәу!
Басымызға амандық,
Асымызға адалдық,
Елімізге береке дарыта көр! Тәу-тәу!
Айсұлу: Жиналған халайық, баршаңызды жаңа жыл Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!
Биылғы жаңа жыл – Жыланды ортаға шақырайық!
Жылан: Армысыздар, достар! Жылан жылы- жайлы жыл болсын! Халқымыз аман болсын!
Ортаға Қыдыр ата шығып жастарға бата береді.
Қыдыр ата: Бір Аллам есендігін берсін,
Көсемдікпен бірге шешендігін берсін.
Көл-дәрия пейілін берсін,
Көрегеннің зейінін берсін.
Достың адалын берсін,
Ғалымның талабын берсін.
Байдың бақытын берсін,
Білімнің жақұтын берсін.
Ердің көңілін берсін,
Елдің сенмін берсін.
Мұқалмас жігерін берсін,
Құлатпас тірегін берсін.
Ең бастысы адам бол,
Қайда жүрсенде аман бол!
«Әумин»
Осылайша, Наурыз батыр мен Айсұлу табысып отбасын құрады. Айсұлудың Боран атасы мен анасы Хан Тәңірінің түнерген «Мұзды өлкесінде» қалып қояды. Айшуақ пен Күншуақтың достығы ұзағынан болып әр жылы наурыз айында «Күн мен Түнннің» теңелуін назарларында ұстайтын болыпты.