«Балаларға арналған шығарма»: Ақгүлдің аппақ әлемі

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: kztalshyn

Ақгүлдің аппақ әлемі

 Тәңір жолы – ақжүрек,

Сайтан деген – қиянат.

Ақжүректі ертерек

Ескер дағы қыл әдет!

 

Шәкәрім Құдайбердіұлы

 

Жадыраған жаздың жарқын да жайсаң күндерінің бірі. Маңдайдан ескен қоңыр салқын жел өзіне елітеді. Бозарып атқан таңмен таласатын халық жұмысқа кірісіп кеткен. Тау бөктеріндегі ауа райының өзі ерекше еді. Жаздың аптап ыстығы мен қапырық ауаны кейде қоңыр қара бұлт, салқын жел мен сіркіреп жауған жауын басып өтеді. Ауыл халқы арқаны кеңге салып, құстар үні мен піскен жемістің иісіне құмарың қанатын жайбырақат күй кешуде. Бір жағынан тынымсыз тіршілік қайнап тұр. Бау-бақша мен үй маңының жұмысы да күтіп тұр. Тазалықты жаны сүйетін Ақгүл үй тазалығына аса қатты көңіл бөлетін еді. Шаң мен қоқыстан жиіркенетін бұл қыздың ерке де мәз-мейрам күлкіге толы күндері алдағы уақытта жүз пайызға өзгеретінін өзі де білмеген. Күн ұясына батып, қарабарқын тартып қараңғылана бастағанда Күмісай апа да астан келген еді.

«Ақгүл, қайдасың, қарағым?» - деді үйге кіре сала. Дәмді асын әзірлеп: -Бес саусағынан бал тамған қызыңыздың тамағы дайын, апау! -деді көтеріңкі, көңілді үнмен. 

Апасының тәтті қызы, ерке қызы, ешкімде жоқ бал қызы осы жазда 12 жасқа толып, туған күнінде жақсы жаңалық естіді. Өзі аңсаған “Арман қала-Алматыға” мектеп интернатқа оқуға түсуге тест тапсыратын болды. Естігенде қуанғаннан көз жанарына жас тығыла, рақмет айтқан Ақгүлдің төбесі көкке жеткендей сезімде. Сол үшін де бүкіл жаз бойы жаңа қаламен, жаңа ортамен, жаңа достармен қауышатын сәтті асыға күтуде. 

Ақгүл әкесін қатты жақсы көрді. Сезім мен махаббаты шексіз еді. 10 жасында теңіздей сезімі бір жұдырық жүректің түбіне орнағандай күй кешті. Әкесі қаладан келе жатып, жол апатына ұшырағап мерт болып, Ақгүлдің әлемі күңіренген, қара бұлт төнген айналадан таса жеке өмірге ұласты. Анасының жұмысы да қиындап, үйде көрінбейтін жағдайда еді. Ақгүлдің жанына жұбаныш, көңіліне сая апасы ғана. Апасының алтын қызының гүлденген, мөлдір әлемін түнек басқандай. Осы сәтте Ақгүлдің аппақ әлемін қайта жандандырған анасының сөздері еді.

«Қызым, әкеңнің орны жаныңда білінбесе де, ол сенің жүрегіңде. Жүрегіңе қолыңды қой, әкең үн қатады. Саған деген әкеңнің махаббаты сенің тұла бойыңда. Әр нәрсенің өз орны, уақыты болады. Әсте әкең сенің мөлдір, таза әлеміңді кір шалғанын қаламас еді. Себебі сен әкеңнің ізісің, көзісің. Сен мына әлемге қалай қарасаң, әкең де дәл солай көреді. Өміріңді жарқын ету өз қолыңда, алтыным. Жабырқаулы көңілің мен құлазыған күйің әкеңе де ұнай қоймас. Сенің әлемің-әкеңнің әлемі» -деді анасы Ақгүлге. 

Ақгүлдің жанын тебіренткені де, көзіне жас толтырған да анасының осы сөздері еді. Осыдан кейін Ақгүл өзін қолға алып, өмірге бұрынғыдай көзбен қарап, гүлденген әлемін қайта жандандырған болатын. 

Апасының сары қызы десе жанын беретінін бүкіл ауыл біледі. Қызының арманын орындап, жол сілтеу, өмірге үйрету, қанаты талмайтындай қайсар қызды тәрбиелеу Күмісай апаның өмірінің соңына дейінгі басты мақсаты еді.

Кішкентай Ақгүлдің арманы Алматыға бару емес, білім алу, қала тіршілігіне бейімделу, жаңашылдықты үйрену болды. Осылайша күндер өтіп, Ақгүлдің де қалаға аттанар уақыты таяды. Жаздың соңғы күндері. Әр түн сайын Ақгүл ауыл көшелерімен жүріп өтетінді шығарды. Бұнысы ауылды қимағаны болар…. Қалаға барсам, бұндай адамдарды жолықтырмаспын деген ой да болар, бәлкім. Ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл кетпейтіндігін Разия апа Ақгүлге талай айтқан. 

«Қызым, тұра ғой! Бүгін мектептегі бірінші күнің, кешігесің» -деді анасы.  1-қыркүйек. Сан алуан гүлдер мен жүздерінен бірде мейірім, бірде қорқыныш көрінетін оқушылар. Қорқынышты жүздердің себебі, бұл мектеп табалдырығын оқушылар бірдей енді ғана аттаған. Абай атындағы мектеп-интернаты Ақгүлге жылы қабақ танытқандай, ауа-райы да, мұғалімдері де жып-жылы қарсы алды. Ақгүл интернаттың не екенін, мұнда қалай өмір сүретіні жайлы жаз бойы мың толғанған. Десек те, нағыз қайнаған өмір екенін Ақгүл қалаға кіре салысымен ұқты. Сабылған көліктердің өзі Ақгүлдің басын шыр айналдырды.

«Құрметті оқушылар! Жаңа оқу жылын, жаңа мектепте бастағалы отырған жас бүлдіршін! Қадамдарыңызға нұр жаусын. Дарынды балалар жиналған бұл мектепте арман-мақсаттарың орындалады деп сенемін» -деп мектеп директоры өз құттықтауын жеткізді. Ақгүл 7 “Ә” сыныбына келіп, кіргені сол еді сынып жетекшісі мен тәрбиешісі қарсы алып, өздерін таныстыра бастады. «Қош келдің, Ақгүл. Сыныбымыздың бетке ұстар оқушысы боласың деп үміттенеміз» -деді сынып жетекшісі Бағдат  Байғалиқызы. Сыныптастарымен танысты. Сынып старостасын таңдады. Ендігі кезек интернатқа орналасу. Кезек бойынша Ақгүл 24-ші бөлмеге Жансая, Аяулым, Жанар есімді қыздармен кірді. Бөлме жарық, жайлы. Қыздардың да мінезі жұмсақ болып көрінді. Дәл осы күні Ақгүл және қыздар қалған күндері де осындай жайлы болады деген сеніммен 24-ші бөлмеде ұйқыға кетті. 

Таң. Шыр еткен қоңырау дауысы. Қыздар селк етіп оянып, әлденеден қалып қойғандай киіне бастады. Сүйтсе уақыт 6:30-ды көрсетіп тұр. Интернат тәртібіне бәрі осылайша үйренісе бастады. Ақгүл қасындағы қыздардың жылап алатынын да көріп жүр. Бірақ өзі берілген емес.

Интернат асханасы ерекше орын. Барлық оқушы бірге, бір жерде, бір уақытта тамақтанып, 1 бөлкені 4-5-еуі бөлісіп жейтін жер. Бір күні Ақгүл интернат асханасына жалғыз өзі кірді. Түскі асын алып, бір үстелге отыра кетті. 

Түскі асқа берілген картоп езбесі мен сиыр етінен котлет және сорпасын көтеріп Ақгүл бір үстелге жайғасып, тамақтана бастады. Бір сәт жан-жағына назар аудара қалып еді, өзіне сұқтана қараған көздерден, гүбір-гүбір сыбыстан бас көтере алмайтындай хәлге түсті. Өзі не болып жатқанын түсінбеген Ақгүлдің көзіне жас тығылды. Тамағын тауыспастан шыдай алмай өз бөлмесіне жүгіріп кетті. Бөлмеде ешкім жоқ. Жан сырын айтатын құрбысы да жоқ. Апасы мен анасына деген сағынышын осы 1 аптада көрсете қоймаған Апасының қайсар қызы Ақгүл көз жасына ерік берді. Бөлмеге бейтаныс ару кіріп келіп, Ақгүлді құшақтай жөнелді. «Есімің кім?» - деді. Ақгүл деп дірілмен тіл қатқанда еңіреп жылап жіберді.  Бейтаныс ару Ақгүлге оқиғаның мән-жайын түсіндірді. «Ақгүл, сіңілім, басыңды көтер. Бұл тек бастамасы ғана. Сен мықты болуың керек. Әлі-ақ үйренісіп кетесің. Ата-анаңның жаныңда жоқтығы жүрегіңе батқанмен, интернат өте ыстық жер. Сен бұны алда түсінетін боласың. Апаң мен анаңның қайсар қызы қалаға келіп, білім алып, биіктен кқрінуі тиіс. Өмірің алда ғой. Мақсат қой, арманда, әрекет ет, қателесесің, үйренесің, дамисың, үлкен жетістіктерге қол жеткізесің алда» Бейтаныс арудың жігерлі сөздері Ақгүлдің жарасына ем, сынған қанатына демеу болды. «Интернат асханасының қалыптасқан заңы осы, жалғыз өзің үстел басына отыра алмайсың, кем дегенде 2 адам бір-біріне қарама қарсы отыруы қажет» - екенін айтып, «үстел басына жалғыз отырған адам мектепте оқушы деген атағы жоқ ең сорақы адам» деп түсіндірді.

Интернатқа енді бейімделіп келе жатқан Ақгүлге бұл ауыр соққы болғандай. Ауылда жүріп бұндайды естімеген бейкүнә қыз мектеп-интернаттың заңдарына үйренісе алатынына күмәндана бастады. Өткен 2 аптаның ішінде Ақгүл осыны түсінді. Егер 2 сыныптың арасында араздық пайда болса, «байкот» жарияланатынын, қыздар арсындағы жиналыс ай сайын болатынын, ұлдар мен қыздар арасындағы қарым-қатынас әрдайым назарда жүретінін, ауылдағыдай сабақтан соң бос уақыттың көп еместігін, тек белгіленген режиммен жүріп, интернат сыртына шығу тек рұқсатпен жүзеге асатынын түсінген Ақгүл сәл қиналғандай.

Ақгүл ауладағы орындықтардың бірінде отырды. Жанары мұңлы. Терең ойда. Интернат Ақгүл ойдағандай сабақ оқып, қаланы көріп, шаттанып жүретін жер емес екендігіне налығандай күйде. Кенеттен «Ақгүл, қызым» - деген жылы дауыс естілді. Әрине Ақгүлдің анасы келді. Құшақтап, мауқын басып, сағынышын айтп жеткізе алмаған Ақгүл алғашқы 10 минуттай уақыт өксігін баса алмады. Жылағаннан көз ашпаған қызына анасы былай деді: «Қызым, сен барда мен мықтымын. Әкең біздің мықты болғанмызды қалайды. Білемін, қиналасың. Бірақ бәрі уақытша екенін ұмытпа. Арманыңа жетер жолда қанша қиындық болса да тайсалма, берілме. Сенің аппақ әлеміңді кір шалмасын. Жүрегің кірлемесін. Асқақ армандарың аласармас үшін қазірден еңбек ет. Жеңілсең, қайта тұр, қызым. Сен менің үмітімсің. Менің жүрегімдесің, тілегімдесің. Әкеңнен айырылсақ та, әкең мақтанатындай өмір сүрейік. Сол үшін артқа шегінбе. Біздің қолымыздан бәрі келеді.»

Ақгүл интернат өз өмірінің бастамасы  ғана екенін енді ұғынғандай. Бүгінгі өжет қыз, кешегі аңғал қыздан әлдеқайда бөлек. 1 күннің ішінде бар жігерін бойына жинап, қайсар мінезін жоғалпаған кішкентай ғана қыз. Қаршадай қыздың арманы биік, мақсаты таудай. Келер күндерге сенімі мол.           

Интернатқа келіп, аппақ жүрегіне кір шалдырмай, жақын дос-құрбыларынан көмегін аямайтын, білімді де ақылды қыз  бүгінде интернат қабырғасынан ұшқалы отырған түлек. Ақгүл үшін 5 жыл 5 секундтай өте шықты. Өз үйіне айналған интернат Ақгүлді шыңдады. Қатал өмірге бейімдеді. Құламауды үйретті. Ақгүлдің қанатын қатты қағып, еш мүдірмейтін қадамдар басып, мейірімді адам болып болашаққа аттанары сөзсіз. Себебі айналасын жүректері ақ адамдар қоршаған ортада өсті. Апасы мен анасы да бұған кәміл сенеді.

Ақгүлдің ақ ниеті аппақ қардан да ақ. Ақжүрек атанғаны да сол себепті.  Қанша жерден бүкіл әлем Ақгүлге қарсы тұрса да, оның аппақ әлемін кірлететін жан табылмайтындай... Ал Ақгүл болашақта мейірімге толы жүректерді кездестіре ала ма екен?