Бүркеншік аты: Жауын
Қолаң шашты қыз!
(фантастикалық әңгіме)
Телефондағы оятқышы безек қағып жатқан Айару әрең оянды. Күндегі әдетімен төсегінен тұрып, жуынуға беттей бергені сол еді жұлқып қалған ерең күш тоқтатты. Басы кекжең ете қалған Айарудың құйқа шашы жанын көзіне көрсетті. Бұрыла берген қыз өз көзіне өзі сенбей тұрып қалды.
- Мүмкін емес! Мынау менің шашым ба? деген таңданысты шыққан даусын үйдегілердің барлығы естіді.
Алғашқылардың бірі болып жүгіріп жеткен інісі Айбатыр:
– Міне керемет, мынау енді нағыз жаңалық . Тик-токты жаратын болдым,- деп жалма-жан телефонға видео түсіре бастады.
- Тоқтат , түсірме ! Айбатыр тоқта деймін , деп екеуі бір смартфонға таласып жатқанда ата-аналары да жетті.
- Не жетті сендерге?
- Қойсаңдаршы, - деген сөздерді қатарласа айтқан олар алғашында ешнәрсені түсінбей қалды.
- Мынау сенің шашың ба, қызым?
- Қалай?
- Бір түнде осылай ...
- Сөздері шыймай-шатық , не айтып жатқанын ұқпаған ата-ана не істерлерін білмей қалды. Айару болса бірден «Қиып тастау керек» деген түйінді ойда тұр.
- Ауруханаға барайық.
- Жоқ. Қайдағы аурухана ? Мүмкін полиция шақырамыз?
- Оиии, сенде бір қайдағыны айтып.
- Қызым еш жерің ауырып тұрған жоқ па? Ыстығың бар ма?
Айару бөлме ішінде ирелеңдеп , ұзынынан шұбатылып жатқан шашына қарап тұрып, есін бірден жиып алды.
- Шығыңдаршы бөлмемнен, Шық ! Дауысы нық, қатты естілді.
- Қызым, бірақ біз саған көмектесеміз , қолдап... дей берген анасын елеместен есікті тарс жапты.
Есік сыртындағы үй ішіндегілердің күбір-сыбырына бас ауыртпастан Айару қайшы іздей бастады. «Құтылуым керек, елдің көзіне қалай көрінемін? Мектептегілер естісе шу болады» Ойына ой оралып, құлағы шыңылдап кетті.
Кеше ғана иығынан сәл асатын толқынды шашын одан әрмен қысқартып келгені есіне түсті:
- «Шашың сондай әдемі екен. Қимасаң жақсы еді. Мынандай шашты
өзгелер арман етуде»- деген шаштаразға қасарыса, қиып тастаңызшы, басқалардың арманында шаруам жоқ деген еді ғой.
Айна алдындағы ұсақ-түйек заттарының қорс-қопарысын шығарып, тартпа ішінен қайшыны әрең тапты. «Не болса да қазір құтыламын мына бәледен»,деп қайшыны шашқа сүңги берді. Бірақ қиылып түскен бір тал шаш көрінбеді. Одан әрмен қайшылады. Жоқ, шаш қиылмады.
Бұл таңғажайып істің соңында кешегі шаштараздың бір сыры тұрма екен? –деп ойлай үлгерген Айару шаштаразға баруды шешті. Шұбатылған шаш көшедегілердің назарын аударары анық. Қайтпек керек?
- Таптым ! деген қыз жалма-жан сабаққа ұстап жүрген арқа
сөмкесіндегі кітап дәптерлерін үстел бетіне төңкере салды. Ұзындығы екі құлаштан асатын шашты орап –орап сөмкеге салды. Сөмкесін арқасына асып алды. Айнаға қарап еді, күдік тудыратындай ештеңе білінбейді екен. Тапқырлығына риза кейіппен, үйден жүгіре басып шығып кетті.
- Қайда кеттің?
- Айару?
Ата-анасының уайымдауы әрине орынды. Алайда ең маңыздысы шаштың құпиясын ашу. Көшенің екінші бетінде орналасқан шаштаразға жылдам жету мақсатымен көшені тіке қиып өтті. Таңсәріден шаштаразда адам бола қоймас деп ,«АШЫҚ» деген тақтайшаны «ЖАБЫҚ» бетіне кері айналдырып өтіп, ішке кіріп келді. Салонның ішіндегі толы адамдарды көрген қыз алғашында аңтарылып қалды. Жұмыс уақыты енді ғана басталып жатқан таңғы мезгілде шаштаразға осынша тобыр жиналғаны таң қаларлық. Жұлқына кіргені үшін ұялыңқырап қалған Айару кері шегіне беріп еді, «Кел отыр Айару» деген шаштараз даусы саңқ етті. Мұндағылардың кескіндеріне көз салып өткен қыздың ұшқыр ойы « біздің жақтың адамдарына ұқсамайды екен» дегенді жүгіртіп өтті..
- Кел ! Отыр!
- Кезегімді тосайын.
- Жоқ біз сенің келетініңді біліп отырмыз.
- Қалай сонда?
Үрей билеген бойын әрең басқарған қыз шаштараз көрсеткен креслоға сылқ етіп отыра салды.
- Сен уайымдама Айару. Біздің барлығымызда өзіңдегі өзгеріске ұқсайтын құпияларымыз бар. Алғашында барлығымыз сасып, өзің секілді үрейленгеніміз рас. Бастысы қазір біздің айтқанымызды мұқият тыңдап алсаң болды.
- Алдымен танысып алыңдар, сосын айтасыңдар. Ол несі-ей, кішкентай қыздың басын ауыртып,- деп анадайда отырған қартаң адам күңк ете қалды. Бағанадан үндемей отырған ол кісінің сөзінен кейін мұндағылар сап тиылды.
- Мен Азикпін , мұндағылар мені «Асықшы бала» атап кеткен ,- деп өзі
шамалас бала алғашқы боп қолын созды.
- Мен Қуанышпын , «Көкпаршы» десең де болады дейді ұзын бойлы
жігіт.
- Мен өзің білетіндей шаштаразбын. Есімім Ділдә болады.
- Менің есімім Қасиет . Қасиет ата дей берсең болады шырағым, деді- қартаң адам.
«Мен Айарумын» дей бергені сол еді, асықшы бала шалт қимылмен ортаға домалап кеп орғып түсті. Қимылы сондай жылдам екен. Орнынан атып тұрып, көздерін қуландыра күліп алып:
- Бұл менің ең сәтті түсуім. «Алшы түсу» деп аталады.
- Оййй, Азик қойшы осындайыңды. Айаруды сөйлетпедің ғой. Қоя тұршы кереметіңді кейін көре жатар.
Ділдә сөйлей жүріп барып, есікті ішінен іліп алды. Бір сәтке мұндағылардың назары Айаруға қадалып қалғандай. Қыздың көңілі алай- дүлей, жүрегі болса алабұртып барады.
- Бүгіннен бастап Айруды «Қолаң шашты қыз» деп атайық. Бұған қалай қарайсыздар?
- Керемет ! Жарасымды атау екен.
Барлығы қолдап, қаумалап жатыр. Мың бір сұрақтың жауабын таппаған қыз орнынан атып тұрып:
- Не деп жатырсыздар? Не мынау? Ұқсам бұйырмасын. Мен мұнда шашымды қидыруға келдім. Қайдағы қолаң шаш ??? Кеше осында келіп шашымды сізге қидырдым. Таңертең тұрсам шашым осылай болып тұр.
Арқа сөмкесінде ораулы тұрған шашты алып шыққан еді ,ұзын шаш әдемілігі көз тартардай шұбатылып иығынан төмен сұлап тұсті.
- Ғажап! Қандай ғажап көрініс!!!
Ішін тарта таңданған Ділдә шашты ұстап көріп жатыр. Қалғандары да танданыстарын жасыра алмады.
- Сіз мені тыңдай аласыз ба? Менің қысқа шашым өзіме ұнайды. Мына шұбатылмаларыңды өздеріңе алыңдар. Құпияға да, сендерге де сенбеймін. Тез мені мына бір шаштан құтқарыңдар,- деді қыз .
- Айттым ғой сенбейді деп. Қазір жылап-сықтайды. Қыздар деген осындай. Босқа уақытты кетіреміз. Осылай деген асықшы бала тағы да орғып түсіп, түрлі қимылдар жасай кетті.
- Соны менде айтқанмын, қолаң шаштың қандай көмегі боларын түсінбеймін. Портал жабылмай тұрғанда жүре бергеніміз дұрыс. Ертең барлық құндылықтардан айырылып жүрмейік- , деп зор дауыспен сөйлеген Көкпаршы жігіт қолындағы қамшысмен еденді салып-салып қалды.
Орнынан асықпай тұрған Қасиет ата Көкпаршы жігіттің иығынан басып отырғызды. Тақиясын бір түзеп, сақалын салалай бір сипап өтті.
- Даурығып, асығып қандай іс бітірмек едіңдер? «Асығыста салмақты бол, Ашу қысса, ұстамды бол» деген мақалды білушіме едіңдер? Ақылға салмай құр айғайлай бермеңдер. Айару қызым сен аса қатты абыржыма. Мен саған қазір барлығын түсіндіремін. Бастысы мұқият тыңда , қызым !
Қасиет атаның салмақты, сабырлы даусы естір құлақты елең еткізердей екен. Шаштараз іші бір мезет тып-тыныш бола қалды. Назарлары ортадағы атада.
- Біз қазақ деген елміз! Тарихымыз сонау замандардан бастау алады.
Өзімізге тән діліміз бар, салтымыз бар, құндылықтарымыз бар. Ғасырлардан-ғасырларға, ұрпақтардан-ұрпақтарға беріліп келе жатқан осы үрдісімізге жаһандану заманында балта шабылмақ деген хабар алдық. Ұлымыз ұлдық қасиетін, қыздарымыз өз нәзіктігін жоғалтып алардай дағдарыс үстінде тұрмыз. Ата дейтін ақсақал азайып, әже дейтін салиқалы жандар азайып жатыр. Оның бәрін жаһандану патшалығындағы зұлымдардың құрығына түсіп жатыр деп естіп отырмыз. Осынау өзің көріп отырған Асықшы бала, Көкпаршы жігіт, ақылды Ділдә және Қолаң шашыты сен барсың барлығымыз бір жұдырықпыз. Жұдырықтай жұмылып, ғасырлар порталынан өтіп, әлгі зұлымдардан құндылығымызды құтқару міндетіміз. Ұлы Жорыққа шығамыз . Сені таңдаған біз емес, таңдау құқығы сиқырлы қайшының еншісінде болған. Ділдә шаштараздың алдынан жүздеген адам шашын қиғызды. Алайда бірде-біреуін қайшы таңдамады. Кеше сен келгенде таңдау тетігі іске қосылып, ғаламдық портал терезесі ашылды. Сенің таң ата келеріңді біз осыдан біліп отырдық.
- Ал мен сіз айтқан Жорыққа бармасам ше?
- Бармасаң , шара барма? Ойланып шешім қабылдауың үшін мына бір бейнебаянға зер сал.
Бөлме ішінен көгілдір кеңістік ашылып, болашақ заман көріністері көрініп кетті. Ары-бері асыққан қым-қуыт көліктер, биік зәулім үйлер. Көрінісі көз қызықтыратын, дамып –жетілген дәуір. Қызыға қарап тұрған қыздың көзіне ұлдардың шаш өсіріп алғаны көрінді. Жезтырнақтарын жалап, кірпіктерін сүрмеп отыр. Бірімен-бірі « аы,аы, аы, уу» деп үн қатысып отыр.
- Мыналар қай тілде сөйлесіп отыр ? – деді Айару.
- Бұлар тілін ұмытқан. Осындай бір жер бетінде жоқ тілдің құрбанына айналған . Бұл сорақыны қойып мынаған қара.
Экран бетінен дәу бір айдаһар пішіндегі құбыжықтың бейнесі көрінді . Аузынан іріңді сілекей ағып тұр. Бейне бір зәмзәм суындай әлгіден ыдыстарға құйып алып, жастар сораптап ішіп мәз.
- Фуу , мынау не сорақы?
- Қызым бұл әлгі зұлымдардың ойлап тапқан айласы. Бұны ішкен ел мәңгүртке айналмақ.
- Қасиет Ата! Мен сіздермен бірге барамын!
- Осылай деріңді білгенмін, Айналайын!
- Менен қандай көмек боларын әзірге білмесем де бойымдағы бір күштің баруға итермелеп тұрғаны рас. Нар Тәуекел ! -, деді қыз.
Осы мезет бөлме ішін көк түтінге ұқсас бу басып кетті. Дөңгелене айналған кір машинаның барабаны секілді кеңістік пайда болды.
- Аттанатын кез келді!
Осылай деген Көкпаршы жігіт бірінші болып барабанды айналмаға сүңіп кетті. Іле-шала қайшысын қолына алған Ділдә да кіріп кетті.
- Сәттілік болсын бізге !
Асықшы бала орғытып кеп ,асықша домалап жоғалды. «Мен сенен кейін барармын. Жүре ғой , қызым» - деген Қасиет Ата Айаруға жол сілтеді.
Көк түтінденген желмен шашы толқындана түскен Қолаң шашты қыз айналмалы порталға кіріп бара жатты.
Қас пен көздің арасында өзге бетке өткен жорықшылар биік таудың басында тұрды. Киімдері де ерекше көз тартарлықтай. Нағыз бір ержүрек батырлардың киіміне ұқсайды екен.
- Міне, біз болашақтың басталар жері Аспантауда тұрмыз. Сендер мұнда арнай тапсырмамен келдіңдер. Әр қайсыларың өз істеріңді жақсы білесіңдер. Түсінбегендерің іс үстінде үйреніп аларсыңдар. Уақыт тығыз . Сақтықты басты назарда ұстаңдар !
- Бейне бір «Сақиналар төресі» деген фильмдегідей болып тұрмыз. Дөп бір сондағыдай ие.
- Азик сенің осы бет-албаты сөйлеп кететінің-ай. Қасиет ата не деді ,сен не дедің?
- Мен не дедім сонша?
Осы сәт айнала жап- жарық болып кетті. «Тығылыңдар, тез»,- деп үлгерді Көкпаршы жігіт .
Алып тастың артына жасырынған бұлардың көргені үлген тәрелка іспеттес ғарыш кемесі. Әлде біздіңше ұшақ па екен? Жарық сәулесі көз қарықтырардай. Айналаны торып жүрген қарауылға ұқсайды қимылы. Ойқастап тұрып-тұрып басқа бағытқа ғайып болды.
- Мынау жүрген күзетші әскерлері. Байқап қойса біздің күліміз де қалмайды. Ендігіде дауыс көтеріп сөйлемеңдер,- деп сыбырлады Ділдә.
Көп жүрді ме, әлде азба әйтеуір күндік жерді артқа тастаған жорықшылардың алдынан жұмыртқа тәрізді зәулім сарай кездесті.
- Мынаның есігі бар неме ме?
- Бар шығар...
- Әй қайдам, «Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» екен тап бір.
Әлгі сарайдың сыртын сипалап жүрген асықшы бала абайсызда көзге көрінбес бір тетікті басып алды. Көлемі қос есіктей болып алдарынан терезе ашылды. Алғашында абдарып қалған бесеу кезек-кезек ішке ене берді.
Заманауи жабдықталған зауытқа ұқсас екен. Қайнап жатқан жұмыс барысы. Төп-төртбұрышты еңзегердей, киімдері бірдей бірнеше өзге жұрттықтар әлденені жасап жатқанға ұқсайды. Бұлардың кіргенін ешкім байқай қоймады.
Бұқпантайлай басқан бесеу жасырынып қалды. Бір-бірін ыммен түсінісіп, зауыт ішіне тереңдей берді.
Бір бөлмеден екінші бөлігіне ауысып жүріп үлкендігі кең даладай аймаққа кеп жетті. Бұл жерде де жұмыс қаурыт екен.
- Біздің іздегеніміз осында , - деді Ділдә.
Қайнап жатқан әлде бір сұйықтықты сапырып тұрған өзге жерлік айғай салып еді үстел бетіндегі тартпа ашылып ішінен жап-жас балалар шыға бастады. Ұлдарды қатарынан тұрғызып, сұйықтықты ішкізе бастады. Біресе күліп- біресе жылап жатқан ұлдардың шаштары ұзарып , тырнақтары жездене бастады.
- Болашағыма балта шауып жатыр , оңбағандар ,- деді Қасиет Ата.
- Ана жақта қыздар бар екен. Олар да әлде бір сусын ішіп жатыр.
- Біздің мақсат осыны тоқтату.
Өзге жұрттықтардың белгі беретін дыбыстары құлақ тұндыра ойнап кетті. Байқап қойғандары анық. Енді жасырынып қажет емес екенін ұққан бесеу шалт қимылға басты. Асықтың түсуіндей орғи қимылдаған асықшы баланы өзге жұрттықтар ұстай алмай жүр. Шалт қимылының арқасында бірнеше тетікті істен шығарып үлгерді. Көкпаршы жігіт болса білек күшімен өзге жұрттықтың жүздегенінін көзін құртты Дәлдә болса шаштары мен тырнақтары байланған ұлдарды қайшысымен босатып жатыр. Айару ғана тұрып қалды. «Мен не істей аламын»- дей берді. Қолынан қандай өнер келетінінін түсіне алмай дал.
- Қасиет шалды өлтірмесін десеңдер тоқтаңдар!
Қасиет атаны ұстап тұрған еңгезердей алып бале қазақша сөйлеп тұр. Қазір көмектеспесе бәрі бос әуре екенін ұққан қыз дереу қолаң шашын қос бұрым етіп өріп алды. Айнала тұрған өзге жұрттықтардың алдын кесе көлденен озып өтіп, Атаны ұстап тұрған еңгезердей балені қос бұрымымен салып өтті. Бұрымның көз ілеспес жылдамдығы мен өткірлігі оны сұлатып түсірді. Өзіне тақап қалған және бірнешеуін бұрыммен салып өтті.
- Жарайсың , Қолаң шашты қыз!
Азиктің айтқан сөзінен кейін , өзінің қолынан келетін мына бір өнердің бары шабыттандырып кетті. Бойын намыс пен бұла күш билеген қыз барын салды.
Шайқас алаңы құйынды желмен бұрқасындап кеткендей болды. Қазақ қызының қос бұрымы, асықшы жігіттің шапшаңдығы, Ділдәнің сиқырлы қайшысы алаңды қыздырып, өзге жұрттықтарға жеңілуден басқа амал қалдырмады.
- Енді менің кезегім, мына тұрған қарадомалақтарға өз қасиетіміз бен құндылығымызды сіңіріп кетейік. Болашағымыз жарқын болсын!
Қасиет Ата басындағы тақиясын шешіп, ерінбестен әрбір бозбала мен бойжеткендерге кигізіп шықты. Тақияның киесі болар барлығының көздерінен от ойнап шыға келді.
- Ата, осы асықпайтыныңыз-ай . Болсаңызшы, портал жабылуға шақ қалды.
- Асықпа десе де асығасың . Әй шыдамсызым-ау.
Көп ұзамай шаштараз ішінен табылған бесеудің көңілдері көкте еді. Есікті қағып тұрған әлдебіреудің тықылы естерін жидырып үлгертті. Ділдә жылдам басып, есікті ашты.
- Сәлеметсіз бе! Сегіз болып қойды ғой . жұмыс уақыты басталды . Мен бірінші болдым ба десем , адам көп екен ғой.
Сөйлей кірген келіншектің сөзінен ұққаны порталға барып келгендеріне көзді ашып-жұмғанша уақыт өткен екен.
- Келіңіз! Сіз алғашқы болып келдіңіз. Шашыңызды өзгерткіңіз келеді ме?
Қасиет Ата, Асықшы бала, Көкпаршы жігіт үнсіз қоштасып шығып кетті. Қолаң шашты қыз енді шыға бермек еді, Ділдә:
- Айару тоқтай тұршы. Мынаны тағып жүрсең деймін.
Көз тартарлық күміс шашбауды қыздың бұрымына тақты.
Құртақандай құрт батыр!
(ертегі)
Күннің көзіне қақталып, сүттің нәрімен бапталып жасалған құртақандай қатқан сүзбе құрт болыпты. Басқа сүзбе құрттардың пішімі келісті, домаланған, топ-томпақ келсе, мұның келбеті кіп-кішкентай, ап-арық. Бір сөзбен айтқанда құртақандай! Күннің көзінде елеусіз көп жатып қалғаннан болар, қаттылығы тіс сындырардай. Қазақы ауылдың іші күнде дүбірлі той, жиын, алқалы отырыстарға ұласып жататын .
– Қышқылын-ай!
– Нағыз малта екен!
– Құрттың құрты осы екен,-десіп жұрт құрт біткенді мақтап, мерейлерін өсіріп қоятын.
Ондай күндері құрттар жамырасып, күресіп, бірін –бірі құшақтасып өзара шулдап жататын. Құртақандай құртты ешкім көзіне ілмейтін еді. Құрт салынған дорбаны қозғаған сайын түбінде қала береді. Тырмысып, үстіне қарай ұмтылған әрекетінен түк шықпайтын.
Күндер өтіп жатты. Сыртқа шығып, дастархан басынан орын алармын деген үміті азайған Құртақан қап түбінде қала берді. Шуласып кеткен құрт пен салма дауыстары Құртақанды оятып жіберді.
– Не болып жатыр, не ? –деп сұраса да ешкім елей қоймады. Дәу қара құрт: «баршы –ей ары, саған не жоқ»-деп итеріп жіберді.
– Енді қайттік , енді не істейміз ? десіп жатыр барлығы.
Дорбаның тесігінен сығаласа, дастархан басында шікірейіп біреу тұр. Жо-жоқ біреу емес бірнешеу. Өңдеріне қараса бұрын көргендерге ұқсамайды. Ауыл-аймақ болып тамсана дәм татып, әлгілерді дәріптеп жатыр. Шіреніп алған олар әр дастархан басында екен. Солай құрт біткеннің дәуірі аяқталып, халық арасында ұмыт бола бастады.
– Ойбууу жұт келді , жұт!
– Немізді береміз енді?
– Барымызды тауыстық- десті абдыраған қара халық.
Бәленің барлығы алдындағы шеттен келген шікірейме, шытырлақтардан келген екен. Олар ауылдағы балалардың аранын ашып, жұта беретін тойымсызға айналдырып жатыр. Жігіт біткен домаланып, араңына ие бола алмай, жей-жей семіздіктен жүре алмай қалған.
Мұны көрген Құртақан ауылын шыртылдақ палелерден құтқармақ болып, дорбадан ақырындап шығады. Кішкентай болғандықтан ешікім елей қоймады.
Беліндегі белдігін тартып байлап, тақиясын шалқайта киіп , кішкентай болсын бірақ темірдей қатты жұдырығын түйіп алды.
Адымдай басып келіп, шеттен келген шытырлақтың денесінен жұдырығымен қойып қалды. Шытырлақ екіге бөлініп түсті. Байқап қалған өзгелері де жүгіріп келіп, Құртақанға қаптай жөнелді.Мыңдаған шытырлақтың ортасында қалған Құртақан сүзбе құрт қорқпады. Шеттерінен шыртылдата жарып жеңіске жетті. Шымыр құртты жеңе алмайтындарына көздері жеткен шыртылдақтар қаша жөнелді.
– Міне, нағыз батыр! Ауылын құтқарған Құртақан батыр жасасын! деп шуылдаған халық Құртақанды көтеріп алды.
– Дастарханның төрінде бол!
– Тағамымыздың дәмі бол!
– Ой,айналайын !
Бұзылмайтын, сынбайтын, мықтылығы темірдей құрт осылайша елін аман сақтап қалыпты.
Жоғалған ұйқы
(ертегі)
Ешкім-ешкімді ренжітпейтін, жауыздық пен қатігездік дегенді білмейтін, мейірім мен әділдік орнаған жер бетіндегі қарапайым бір отбасында Жалғас есімді бала болыпты. Еркетотай, шолжаң, тіпті тілазар екен. Әкесін де, шешесін де, атасы мен әжесін де тыңдамайды екен. Күндіз де, түнде де қолынан телефонын түсірмей ұстап жүреді. Телефон демекші, Жалғас тақауда жеті жасқа толған . Сол кезде әкесі мен анасы туған күніне сыйға тартқан. Күндер өтіп жатты. Жалғас болса телефоннан бір сәтке де бас көтермейтін болды. Көздері қызарып, басы ауырып, кәдімгі өмірден алшақтай бастады. Оны осы күйге түсіргеніне мәз болған жаман телефон миығынан күліп қойып, өз мақсатын жүзеге асыра берді.
Күнде ертемен тұратын анасы Жалғастың кереуетінде жоқ екенін байқады. Шошып кеткен анасы:
- Ұлым , балам қайдасың - деп айғай салды.
Еш дыбыс жоқ. Бұл дауысқа үй ішімен түгелдей оянып, бір минутта абыр-сабыр болып кетті. Ақыры тапты –ау. Кереуеттің астында телефон бетіне үңіліп Жалғас үнсіз отыр. Анасының жұлқығаны да, әкесінің сөздері де селк еткізбеді.
Сол күннен бастап Жалғас ұйқтамайтын күйге жетті. Көзін жұмса да ұйқтай алмайды. Анасы дәрігерге қаратты, әжесі бақсы- балгерге апарды. Еш емі болмады.
Ұйқысы қайда сонда ? Ұйқысы болса телефон ішіне еніп кеткен болатын. Жалғастың қолындағы телефон жай ғана телефон емес, балалардың ұйқысын ұрлайтын зат еді.
Алыс бір елде, зымыран қонбайтын, көз жетпейтін, адам қиялынан жырақ бір жерде осы телефонның миллиондаған түрі өмір сүреді екен. Олар жер бетіндегі ең керемет жандар балалар екенін біліп алыпты.
- Біздің ұйқы ұралайтынымызды адам баласы біліп қоймасын- деді телефондарды басқарушы Желібай .
Түрі суық, көзі от секілді жанып тұратын, айтқанын жасататын зұлым басқарушы осы.
- Білдірмейміз басеке- десті ,қалғандары бірауыздан.
Олар қатаң тәртіппен жұмыс жасайды. Түрлері де бірдей. Дауыстары да бірдей дыбысталады. Телефон ішіндегі балаларға арналған ойындар ұйқыны ұрлап кетуге арналған. Ұйқыны ұмытқан Жалғас өз үйінде қала берді. Ал оның ұйқысы осы уақытта алыста , әлгінде айтқан Желібайдың мекенінде болатын.
Жалғастың ұйқысы өзінің қайда келгенін ұқпай біраз уақыт мең-зеңі шығып, есінееп отырды. Айналасына қарап есінеп-құсынап отырған көптеген ұйқыларды көрді.
- Мен қайдамын ? – деді Жалғастың ұйқысы.
Ешқандай жауап жоқ. Ұйқылардың бірі енді оянып, бірі есінеген кейіпте жамырап өздерінің қайда отырғандарын сұрай бастады.
- Үйге қайтарыңдар, қайтқым келіп тұр - деп – қыз баланың ұйқысы жер тепкілеп жылай бастады.
Жалғастың ұйқысы осындай азан-қазан ортаға қалай келгенін ойлана бастады. Соңғы рет Жалғас ұйқтауға кіріскенде барлығы жақсы еді ғой. А-а-а есіне түсті. Ұйқтар алдында телефоннан шыққан ойында түнгі он екіде ойынға кір деген жазу шыққан болатын. Енді ұққан секілді. Сол жазудан соң Жалғас түнгі он екіде ұйқысынан оянып, ойынға кірді.
- Шуламаңдар. Тыңыш отырыңдар! – деді әлдеқандай төртбұрышты робот .
Жылап отырған қыздың ұйқсы оны елеген де жоқ.
- Кетемін үйге, кетемін, үйіме апарыңдар- дей берді.
Сол кезде қолдары сарт-сұрт етіп дыбыс шығарып әлгі робат қыз баланың жылауық ұйқысын көтеріп алып кетті.
-Қайда апарасыңдар, қайда – деп бара жатты.
Қалған ұйқылар үнсіз дір- дір етіп, бір бұрышқа жиналып қалды. Отырған жерлері тастай суық екен ғой енді байқады.
- Бізді не істейді, жәнегі ұйқыны қайда әкетті – деп тісі-тісіне тимей сөйлеген қорқақтау ұйқы жылап қоя берді.
- Ақырын- деп жылап жатқан ұйқының аузынан екінші біреу жаба қойды.
- Қазір жылап, шу шығарсақ барлығымызды алып кетеді.
- Ие алып кетеді.
- Мүмкін ол жақта жақсы шығар.
- Қайтарсын.
Осылай бірін-бірі ұқпай даурығысып жатқанда темір есік сарт ашылды. Төртбұрышты роботтар бірінен соң бірі кіріп келді.
- Сендер ұйқылар бұдан былай біздің басшымызға қызмет етесіңдер- деді.
-Қазір түгелдей бізбен бірге барып, басшымызбен танысасыңдар. Кімде-кім жыласа қараңғы жерге қамап қоямыз - деді.
Шошығандарынан ба , тоңғаннан ба барлық ұйқы қалш-қалш етіп тұр.
-Жүріңдер! Тез- Тез жүріңдер!
Ұйқылар есінеген кейіптерімен еріп келе жатыр. Үлкен бір қабаттан өтті, тағы бір қабаттан өтті. Осылай жалғасқан жеті қабаттан өткен кезде алдарынан ойын бетіндегідей екі смайлик жүгіріп шығып қақпаны ашты.
- Ооо , қош келдіңдер балақайлар! Сендерді тосқаныма көп уақыт болды- деп, орнынан тұрды тақта отырған Желібай .
Иығына жауып алған шапаны ғана көрінеді басқа жері түссіз, көзге көрінбейтін секілді. Бірақ дауысы зор.
- Жер бетіндегі тәтті ұйқы балаларда. Ал сендер сол балалардың ұйқысысыңдар. Ха-ха-ха-ха – деген жарқыншақ күлкісі одан да қатты екен.
Желібай: -Менің ұйқтамай жүргеніме жүздеген жылдар өтті. Небір айла-тәсіл ойлап таптым, болмады. Енді міне, телефон деген зат арқылы балалардың ұйқысын ұрлап жатырмын.
Өз ісіне риза болған Желібай:
- Сендер маған түн сайын ұйқы боласыңдар. Балалардың қандай түс көретінін біліп алатын болдым . Арманыма жеттім- деді.
Жалғастың ұйқысы жәнегі қыз баланың жылауық ұйқысын ойлап тұрды. Қайда екен. Қараңғы бөлмеде болса әбден қорқып қалды ғой. Қалайда сол ұйқыны құтқаруды ойластыра бастады.
- Мен бірінші ұйқыңыз болайын – деді Жалғастың ұйқысы қорқаннын жасыруға тырысып.
- Қайсың ? Алға шық
- Мен, мен ғой – деп алдыға шықты.
- Батыл екенсің. Неліктен бірінші болғың келді?
- Бір өтінішім бар, қараңғы бөлмедегі қыздың ұйқысын босатыңыз –деді.
Өз-өзінен кеңк-кеңк күлген Желібай Жалғастың ұйқысының қасына келді. Жалғастың ұйқысы әлдеқандай суық лепеті сезді. Қарап еді суық леп Желібайдың бойынан шығады екен. Аяқтары мен қолдары тарам-тарам болып, ұзын-ұзын бағаналарға жалғасып тұр екен.
-Сен өзіңді емес , өзгені құтқарғың келеді. Қандай себеп, неліктен олай?
Жалғастың ұйқысы Желібайды сөзге тартуға ден қойды. Осы кезде Жалғастың ұйқысының есіне жатарда Жалғастың әжесі айтып беретін әңгімелер мен өсиет сөздері түсті.
- Досыңды жауға тастамау керек. Досы көпті жау алмайды, білімі көпті дау алмайды – деді ойланбастан.
- Өзің сөзге шебер екенсің. Бірақ өтінішің орындалмайды деді. Түнді тосайын , сонда сен менің бірінші ұйқым боласың.
- Қамап қойыңдар!
Қатты шошып тұрған ұйқыларды Желібайдың қасындағы торлы бөлмеге қамап тастады. Терезеден түсіп тұрған күнге қарағанда әлі түн болуға ұзағырақ. Осы уақытта не де болса қашып шығуды ойлап табулары керек. Бірақ қалай? Желібай тақта отыр. Көңілі жай.
Алдында небір смайликтер би билеп, ән айтып жүр. Жалғастың ұйқысы болып жатқан әр қимылды жібермей қарап, бақылап отырды. Жалғас ойын ойнаған кезде көріп, танып алған элементтерін еске түсіріп отыр. Мындағы жүргендер ойындағыларға ұқсайды екен.
Әне, қуаттандыру тетігі келді. Желібайды қуат тетігіне жалғады. Енді түсінді мұнда қосу, ажырату, жою тетіктері де бар екен.
Ендігі мақсат қалайда, осы тетіктер арқылы Желібайдың істен шығуын ойластыруы керек.
Ұйқы бейбақтар есінеп, естері шығып отыр. Әрқайсының өз қайғысы өзінде.
Жалғастың ұйқысы ғана ойша жоспар құрып әлек.
Күн қараңғыланды. Төртбұрышты темірлер сап кезегінде қозғалмастан тұр.
- Ұйқтағым келді. Әкеліңдер жәнегі батырсымақ ұйқыны – деді Желібай.
- Құп болады- деді темірлер.
Шеткі тұрған екі темір Жалғастың ұйқысын дедектетіп Желібай отырған тақ алдына алып келді.
Жалғас болса көзімен жою тетігін іздеп тұр. Бағана ғана осы бір жерде еді ғой. Жоқ . Жылжып кеткен бе? Жүрегі атша тулап кетті.
- Жіберіңдер, Жібер, Қайтарыңдар! – деген дыбыс осындағылардың назарын аударды..
- Бұл қайсы тағы- деді Желібай қабағы қатуланып.
- Жылауық қыздың түсі, қараңғы бөлмедегі – деді темірлер. Бірі сөйлесе барлық темірлер сол сөзді бірдей айтады екен.
Осы аралықтағы сәтті пайдаланған Жалғастың түсі көзімен тез-тез жою тесігін тауып алды. Жүгірген беті барып тетік үстіне секіріп шықты. Басылмайды. Бар салмағымен үш рет секіріп-секіріп қалды. Бөлме ішінде құлақ тұнар дабыл дыбысы ойнап кетті.
- Жою, жою, жою деген дыбыстар шығып, айнала қып-қызыл болып кетті.
Сонда да тетіктен түспеген Жалғастың ұйқысы салмағымен секіре берді.
Бітті-ау. Дабыл дыбысы аяқталды. Қолымнан келді ме, әлде ... деген ойдағы Жалғастың ұйқысы Желібайдың орындығына көз салды. Желібай жоқ. Темір төртбұрыштар да жоқ.
Тордағы ұйқылар қуанып жатыр. Барлығы жүгіріп келіп, Жалғастың ұйқысына алғыс айтып жүр.
Қуаныштары қойындарына симаған ұйқылар өз үйлеріне, балаларға қайта бастады. Жалғастың ұйқысы да оралды.
- Тыныш, тыныш оянып кетпесін.
- Көрпесін жауып қояиыншы.
- Ұйқтасын, ұйқтай ғой- деп сыбырлаған Жалғастың үй-іші де Жалғасқа ұйқы оралғанына қатты қуануда.
Жалғас болса қатты ұйқыда. Осылайша жер бетіндегі барлық балалар ұйқылары қанғанша ұйқтап, тәтті түстер көріпті. Ұйқы ұрлаушы Желібайдың көзі жойылыпты. Ұйқыларың тыныш болсын балақайлар!
Жеті от және жеті ата
(фантастикалық әңгіме)
Күндердің бір күні теледидар қарап отырған Әділге бір дыбыс естілгендей болды. Теледидар дауысын бәсеңдетіп тыңдап көріп еді, тып-тыныш. Анасы мен әкесі жұмыста, ал інісі балабақшада . Кенет қатты дауыс шығып, үйдің іші түтінге айналып бара жатты. Есікке қарай жүгірген Әділді әлдеқандай қол көтеріп әкетті.
- Анашым -деп айғайлауға ғана мұршасы келген Әділ түтінге тұншығып қалды.
Қанша уақыттың өткені белгісіз, бір кезде көзін ашуға тырысқан Әділ қасында тұрған отты адамды көрді. Шынымен, жанып тұрған от. Көздері оттың ішінен тіпті алаулап көрінеді екен. Шошып кеткен Әділ екі көзін тарс жұмып алды.
- Ей, бала ! – деп дауыстады әлгі отқа оранған. Дауысы қарлығып шығады екен. Әділ үн қатпай отыр. Қолдары мен аяқтары қорқаннынан дір-дір етеді.
- Мені кім деп ойлайсың? –деді. Әділде үн жоқ.
Мен сені осы жерге әдейі алып келдім- деді. Менің атым Қызыл Алау!
Дауысынан үрей шашатын от шығып тұрсада, Әділ енді оған анықтап қарады.
- Анашым іздейтін болды ғой ... деген сөзді төрт бөліп, әзер айтты. Қызыл Алау болса, естімегендей сынай білдіріп, сөзін жалғастыра берді. Менің де сендердегі секілді ата-бабам бар. Олар да сендер секілді жеті тармаққа бөлінеді деді Алау. Сендер оны жеті ата деп атайсыңдар.
Түтін, От, Жалын, Қызу, Өрт, Шоқ, Алау – деп жіктеп шықты. Балақай сен атап берші жеті атаңды - деп еді, Әділ қызарақтап кетті. Өзінің жеті атасын жатқа білмейтініне қатты ұялып кетті.
-Үйіңе оралуыңа бір мүмкіндік бар деді . Қатты қуанып кеткен балақай орнынан атып тұрды. –Асықпа, мен саған өз аталарымды тегін атап шыққан жоқпын . Осы жеті күшке қарсы келетін сенің жеті аталарың болады. Яғни жеті атаңды дұрыс ретімен атап шықсаң, қалған тапсырманы сол аталған бабаларың орындап сені үйіңе қайтарады -, деді.
Үстінен мұздай су құйып жібергендей боп-боз боп кеткен Әділ сасып қалды.
Жеті атасын жаттауға келгенде мойны жар бермей жүргелі қашан. Тіпті, сол не үшін керек? – деп бұлданған кездері де болған еді.
Мүмкін «сули-фа» ойнармыз- деді Әділ. Аузына түскені осы еді.
Шіркін атам қасымда болғанда ғой, бәрін сұрап алып айтып берер едім. Алайда атам маған айтып берген болатын, есіме түсірейінші деп, көзін жұмып сол күнді елестетуге тырысты.
-Иә, есіме түсті..., Алақай!- деп айғайлап жіберуге шақ қалды.
Тоқтап қалса ұмытып қалардай болған Әділ аталарының есімін қатарлата атап шықты.
Мәә, осындай да болады екен ғой, - Әділдің тура алдында түр –әлпеттері өзіне ұқсас жеті атасы тұр екен.
«Біссіміллә»- деп қояды, оны айтқандағы себебі, сол сөз бар пәледен құтқаруға себеп болама деген ойы еді.
Алаудың дауысы бағанағыдан да қаттырақ шығып :
-Жалындаааа, шарпыыы, өртееее- деді. Алай- дүлүей отты құйын пайда болды.
Шошып кеткен Әділ аталарының ығына кеп, сауғалады.
-Енді, тапсырма мынадай осы тұрған жеті ата от туралы жеті мақал айтуы шарт. Жеті мақал айтылса жеті от та сөнеді деді.
Әділ болса тапсырманы басқадай елестетіп тұрған еді. Оның ойынша жеті атасы жеті отпен айқасқа шығып, алаңды шаңға толтырар деп топшалаған.
Ақ сақалды, түрі салмақты қарт сөзді бірінші болып бастады:
- «Отпен ойнама»,- алғашқы мақал айтылды,
- «Су мен от та татулық жоқ» , «Қорықсаң от жақ», « От арық- су семіз», «Жел қуалап-от жанар», «Өрт-тілсіз жау», «Ойын түбі- от».
Айтылды, бірден жеті от ғайып болды. Ал, Әділдің жеті атасы барлығы Әділге мейірлене қарап тұр екен.
- Ұрпағым Әділ, отпен ойнама ! Абай бол! – деді де ,оларда ғайып болды.
Қызыл Алау болса, - Енді жеті мәрте айнал деді. Айналып бара жатқанын біледі , көзін ашса үйінде сол бағанағы диванда отыр.
Өзінің соңғы кезде от, шырпы секілді жанғыш заттарға әуестеніп жүргенін, соңы жаман екенін түйсігі сезгендей ме,ойланып отырып қалды.
Көне кітап
(ертегі)
Жер бетін қара темір робот жайлаған заман болыпты. Адамдар тіпті бір-бірімен амандасудан қалып, техниканың құлына айнала бастапты. Роботтар адам санасын жаулап, ақыл-есін алып, өздеріне бағындырыпты. Сондай күндердің бірінде кітапхана атты сарайда көне кітап өмір сүрген екен.
Көне кітаптің сөреде тұрғанына көп болған. Беттеріне күн түспей, күреңсіз өмір сүріп жатты. Кітапхана іші күн санап өзгеріп, мұқабалары жалт-жұлт еткен небір жаңа кітаптар пайда болады. Онымен қоймай электронды кітап деген жаңашыл пайда болғаннан бері көне кітап өзін оқыр оқырманнан ада-куде үмітін үзген еді.
– Осындай ескі-құсқыны неге жоя салмайды екен? - деген сөздер де жанын шаңшып өтеді.
Кітапхана ішіндегі әр тілдегі кітаптар бір-бірімен жарыса сөйлеп, өз оқырмандарының көптігін айтып, шуласып жатты. Көне кітап ақырын ғана күрсініп тұр еді, бір қолдың көтеріп алмасы барма. Онымен қоймай шаң басқан ескі мұқабасынан жылы алақанымен бір сипап өтті. Сөредегі кітаптар шу ете қалды.
– Таптым, мен осы кітапты көп іздедім ғой, – деген оқырман жігіт сөзі тіпті электронды кітапты таң қалдырды.
Бейне бір бойына қанат біткендей көне кітап қуаныштан қалақтап бара жатты. Әр бетін аялай ашқан оқырман жігіттің қолдарында жаңа өмірге келгендей мәз.
Сол күннен бастап кітап қолдан-қолға өтіп небір ғұлама-оқымыстылардың алдына барған екен. Роботтанған мәңгүрт заманға дәру болар сөздер дәл осы көне кітапта екенін дәлелдеген жігіт заман ауруын жойған екен. Ал көне кітап болса мәртебесі артып, арманына жетіпті.