Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Драматургия» номинациясы: Өмір арбасын сүйреу
135
оқылды

Бүркеншік аты: Bella

 

Моноспектакль: «Өмір арбасын сүйреу».

Персонаж:

16 жастағы бала, 20 жастағы жігіт,25, жастағы жігіт, 45жастағы ер адам, 70 жастағы ересек адам. (кейіпкердің есімі еркін қойылады)

1-көрініс: Қараңғы сахна

Сахнаның барлығы қараңғыланған. Тек бір жарық нүкте — баланың бейнесі. Бала қолын жайып, құран оқып тұр. Қасында арба. Алдында жаңа ғана қазылған қабір тұр. Айнала тұманды, күңгірт көлеңкелер байқалады.

Бала (көз жасын сүртіп): (Ішінен күбірлеп, қолын жайып, құран оқиды. бетін сыйпап орнынан тұрады. Арбасын сүйреп, үйдің алдына барады. Есікті қағады.)

 Мен осы үйдің адамымын. Қалай енді бұл үйде тұрмаймын, осы жерде туылдым, осы жерде өстім.. Мен бұл үйге кіремін. (есіктің арғы жағынан әлдекім итереді, жігіт екпінмен артқа шегініп, есік алдына қайта барады.) Әке шешең қайда дейсіңбе.. (Баланың дауысы бәсең, бірақ ішінде қайнаған реніш пен мұң бар)

Әкем де жоқ, шешем де жоқ... Тұлдыр жетіммін. Менің енді ешкімім жоқ. Жалғыз ғана қалғаны — осы үй. Қабырғалары ескі, бірақ маған ыстық. Бұл жерде анамның күміс күлкісі мен әкемнің жылы құшағы бар сияқты еді... Мұны да маған көп көрдіңбе... Жетімдер үйі? Ол жерге барғаннан не өзгереді? Төсегім, тамағым, үстімде киім болғанымен, жүрегімдегі бос орынды ештеңе толтырмайды ғой...

Мына жалған дүниенің қатыгездігі адамды бір сынаса, еш аямастан қинайды екен. Анасыз таңды қарсы алу, әкесіз кешті шығарып салу қандай ауыр екенін білесің бе? Мен ешкімнен жылу сұрамаймын.

Ашыңдар қане есікті.(Бала есікті қаққылап, ешкім ашпаған соң ашуланып арбасын сүйреп кетеді. Тізесін құшақтаған күйі жылайды, қалтасынан әке шешесінің суретін шығарып қарайды)

Мені кім жұбата алады? Қабырғаға сүйеніп, жалғыз өзім әкемнің даусын елестетемін, анамның еркелеткенін еске аламын. Бірақ бәрі бекер. Қанша сағынсам да, олар қайтып келмейді. Сол шындықты мойындау... жанымды өлтіріп барады. (Көз жасын ішіне жұтып, үмітсіз дауыспен)
Әке, ана... Сендерсіз өмір сүріп үйренемін бе екен?

(Бала арбаға қисая өксіп өксіп ұйықтап кетеді. Тұман, гуілдей жел соғып әлдекім сыбырлағандай дауыс естіледі. Бала орнынан тұрып жан жағына қарайды.)

Бұл кім? Кім бар бұл жерде.. Әке бұл сенбісің.. Әке.. Әке.. (бос кеңістікті құшақтайды)

(Қиналыспен, жан дауысы шыққандай сөйлейді)

Неге жалғыз қалдырдың, әке? Неге? Мына жалғанда жетімдіктен ауыр азап бар ма? Кімге барамын енді? Кімге мұңымды айтамын? Енді қоғам түгілі, адамға да қажетім жоқ. Әркім өз тіршілігімен әлек, ал мен мұнда жалғыздықпен арпалысып отырмын. Тіптен үйімізді де үкімет иеленіп алды, ал менің барар жерім жоқ.

Сәбит ағаның үйіне ? Ол үйге де бардым.. Бірақ әке, мен тек сенімен бірге болған кезде ғана олар «балам» дейтін, қазір мен оларға ешкім емеспін. Әншейін бір артық зат секілдімін. Әйелі мені жақтырмады, күнде ұрыс, күнде айқай..

Мықты бол..  Сен барда ешкімнен қорықпайтынмын, тек сенің жанында...(басын әлдекімнің иығына қойып күрсінеді)

Сен менің қанатым едің. Ал енді... қанатсыз құс секілдімін. Қанша ұмтылсам да, ұша алмаймын. Қанатымды сындырып кеттің, әке. Мені жалғыз тастап, тым алыстап кеттің..

(Көздерін жұмып, күбірлейді)
 Сен мені жалғыз қалдырған жоқпын дейсің бе? Жаныңдамын дейсің бе? Бірақ сен жоқсың ғой... Менің қасымда — үнсіздік, бос қабырға, естеліктер. Қайда қарасам да, сенің елесің ғана. Саған қолымды созсам, ұстауға шама жоқ... Елессің. Бұл бәрі жай ғана түс. Менің түсім. Қашан аяқталады екен бұл түс? Оянғым келмейді..

(Ауыр күрсініп, үміті сөне бастағандай сыбырлайды)

Есіңдеме әке, сен маған үнемі ән айтқызушы едіңғой. Менен күміс көмей әнші шығады деп мені сендіретінсің. (Пауза. Ыңылдап ән айта бастайды.)

Жапырақ жайған бәйтерек

Тереңге тартқан тамырын

Сезбеппін, әке, ертерек

Жаныңның ыстық жалынын

Ертеңім үшін көз ілмей

Айтқыздың қайта таңыңды

Ахоу, ахоу, ахоу әке арманы

(көз жасын әрең ұстап әнді әрі қарай әуенмен жалғастырады.)
Әке, қайда кеттің.. мені жалғыз қалдырмашы.. әкее.. әке.. (жел гуілдеп, сахна тұманданады. Бала арбасының жанына тізесін құшақтап қайта отырады.)

 

 2-көрініс: Орындалмаған арман.

(Бала арбасын жанына қойып, терең тыныстап кезекте отыр. Кезек күтіп қобалжып, өзімен-өзі сөйлесіп кетеді)

Емтихан өтетін орын осы жер ме екен? Соңы кім? (Кезектегілерге қарап қойып) Әйтеуір дұрыс жерге келдім ғой деймін. Уф... Қобалжып отырғанымды қарашы. Егер оқуға түсіп кетсем, әкемнің арманын орындар едім..

(Есімі шақырылғанын естіп, орнынан тұрады)
Байшүкіров... Мен! Мен мұндамын!

(Залға қарай асыға кіреді. Сахнада өзін таныстырады, даусы сәл дірілдегенімен, сенімді болуға тырысады)
Сәлеметсіздер ме! Аты-жөнім — Байшүкіров Темірлан.

(Сәл кідіріс жасап, демін реттейді)
«
Бозторғай» әнін айтсам бола ма? (Күлімсіреп) Жоқ, мен басқа да әндерді білемін. Бірақ дәл қазір осы әнді айтқым келіп тұр. Себебі бұл ән менің жүрегімде.

(Сәл тыныстап, басын көтеріп, өзіне сенімді кейіп танытады)
Жақсы. Дайынмын.

Бозторғай, бозторғай

Айналайын жыл құсым,

Аман есен жүрмісің.

Ала таңнан шырылдап,

Қуантқалы тұрмысың.

Қанатыңды кердіңбе,

Қияндардан келдіңбе?

Жетімекпін мен неге,

Анамды сен көрдіңбе?

Қатпа қара баламын,

Тағдырыма..

Бірақ мен әнімді әлі аяқтамадымғой. Жеткілікті дейсізбе, сіздерге ұнамадыма? Маған толық айтуға мүмкіндік беріңіздерші өтінемін, егер қаласаңыздар басқа ән орындаймын, көңілді ән... Жақсы, түсіндім, сау болыңыздар..

(Ол арбасын сүйрей отырып, басы төмен салбырап, еңсесі түседі)

Әке... Мен оқуға түсе алмадым. Мені қабылдамады... Мүмкін өнерім жеткіліксіз болған шығар, мүмкін басқасы себеп болар... Білмеймін. Бар күшімді салдым, бірақ арманыңды орындай алмадым... Кешірші мені. (Терең күрсінеді, дауысы дірілдейді. Бозторғай әнінің әуені естіледі)

 Әке... Неге үндемейсің? Тыңдап отырсың ба? Жанымда екеніңді білемін... Сен әрдайым маған дұрыс бағыт көрсетуші едің ғой. (Көзін төмен салып, үнсіздікке шомады)

Иә, дұрыс айтасың... Әншілікпен күн көре алмаймын. Өнердің жолы қиын екенін сен бұрыннан білдің, солай ма? Өнерге ғашық болу — бір бөлек, ал сол арманмен күн көру — мүлде басқа. Мені қабылдамаса, демек әлі дайын емеспін.

(Жеңімен көз жасын сүртіп, өзін-өзі жұбатқысы келеді, жанында әкесі отырғандай қарап сөйлейді)
 Оқуға түспедім деп еңсемді түсірмеймін. Қарап жатпаймын, қара жұмыс істесем де, ешкімге алақан жаймаймын. Тырысамын. Өмірден жеңілсем де, ішімдегі үмітті өлтірмеймін.

(Кішкене кідіріп, күлімсіремек болады, бірақ жүзінен мұң байқалады)
Мүмкін, бір күні... әнші болмай-ақ та сен мақтанатын адамға айналармын. Қалай болғанда да, арманыңды ұмытып кетпеймін. Мен сенің ұлыңмын ғой, әке. Құласам да, қайта тұруға тырысамын. Міне қолым, уәде беремін.

(Бос кеңістікпен қол алысады. Ішінен өзіне сенім бере сөйлейді)
Бәрі жақсы болады, иә? Тек уақыт керек. Бірақ әке, жанымнан алыс кетпеші.. тым болмаса осылайша елесіңмен тілдесейінші.

 

3-көрініс: «Қарапайым тіршілік»

(Жігіт арбасына зат салып, оны түсіріп, қайта салып жұмыс жасап жүр. Есейген, сәл мұрт шыққан)

Жігіт: Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей. Әке, әнші болмасамда еңбек етіп, өз нанымды тауып жүрмін. Жақсы емеспе? Мен қиындықтан қашпаймын. (Арбасымен арлы бері зат тасып, шаршаған соң демін басуға отырады. Бас киімін шешіп, қолымен терін сүртеді

Өмір маған кейде тау сияқты,

Шыңына шыққым келеді.

Өмір маған кейде жау сияқты,

Аяғыма жыққым келеді.. Әке, есіңдеме, Тұманбай ағамыздың осы бір өлеңін айтушы едіңғой. Қазір менде осы өлең шумақтарын жаттап алып, үнемі айтатынды шығардым. (Жігіт шабыттана өлеңді оқиды)

Өмір маған кейде бір шөл сияқты,

Сусын бергім келеді.

Өмір маған кейде бір от сияқты,

Жылысын алғым келеді.

Мен үшін кейде бақыт жоқ

Өліп қалғым келеді.. (пауза)

 

Мен не үшін, кім үшін өмір сүріп келемін өзім де түсінбеймін. Жетіммін деп жылай беруге де болмас, бірақ әке мен үшін өмірдің мәні жоқ секілді..

Ұрыспашы әке.. Ішімдегі бар мұңымды саған айтпағанда кімге айтамын..

Мен үшін жақсы күндер әлі алда деймісің? Қайдам.. (Жігіт кепкасын киіп, орнынан тұрып арбасын сүйремек еді, сыңғырлаған қыздардың күлкісі естіледі.Кенет күн күркіреп, жаңбыр жауады. Қыздар шыңғыра жүгіреді. Жігіт тасаға тығылып тұр. )

Қарындас.. қарындас.. Мұнда келіңіз, мына жер ық, жаурамайсыз.. (жігіт костюмын шешіп, басына көтереді. Жауған жаңбырдың дауысы, арасында күн күркірейді.)

Жаңбырдың мезгілсіз жаууын қарашы.. бірақ табиғатта ештеңе мезгілсіз болмайды, солай емеспе?

Ұялмаңыз, бері тұрыңыз. (өз өзінен күлімдеп, кібіртіктейді)

Менің есімім Темірлан.. Қарлығаш? Қарлығаш... Неткен әдемі есім. Құлаққа сондай жағымды естіледі. Тіпті өзіңіздің болмысыңыз да есіміңізбен үйлеседі.

(Сәл тоқтап, жүзі жылы шыраймен жайдарланады.  )

Ал күлкіңіз ше... Әнебір көктемгі бұлақтың сыңғырындай. Таза, мөлдір, еріксіз тыңдай бергің келеді. Сол сыңғыр күлкіңіз жүрегіме тыныштық сыйлағандай. Қанша қиындық басымда болса да, сіздің күліп тұрған сәтіңіз бәрін ұмыттырады екен. Жо-жоқ, ұялмаңыз.. Мен рас айтамын.

(Кішкене тосылып, әңгімесін жалғастырады. Жаңбыр тоқтап, күн ашылады. Құстардың сайраған үні естіледі. Жігіт арбасын айдап, қызды шығарып салады)

Қарлығаш... Егер әр қарлығаш ұясын үмітпен салып, келер күнге сеніп ұшса, мен де сіздің күлкіңізге қарап, болашаққа сеніммен қарағым келеді. Сіз барда әлемнің қаншалықты көркем екенін ұмытпауға болады екен.

Бүгінгі жаңбыр... Білесіз бе, ерекше жаңбыр сияқты. Ақ жауын. Аспаннан жауған әрбір тамшы маған тағдырдың бір үміт сыйлағандай көрінді. Бұрын мұндай сезім болған емес. Ал сіздің күлкіңіз... жан дүниемді емдегендей, жаралы жүрегіме тыныштық бергендей.

(Кішкене үнсіз қалып, терең дем алады)

— Қарлығаш... Сізді көрген сәттен бастап жанымда әлдеқандай жылу пайда болды. Бұл сезімнен қашпаймын. Кездейсоқтық дейміз бе, тағдыр дейміз бе — бәрібір, табиғаттың өзі бізді жолықтырды емес пе? Олай болса, неге бұл мүмкіндікті пайдаланбасқа?

(Даусы сабырлы, бірақ ішкі толқынысын жасыра алмайды)

Өзіңізді көруге маған тағы бір мүмкіндік сыйлаңызшы... Жәй ғана бір кездесуге рұқсат берсеңіз. Басқа ештеңе сұрамаймын. Мүмкін, осы бір ақ жауынмен келген үміт бізге жаңа жол ашар... Мүмкін, өміріміздің ең әдемі сәттері осыдан басталар.

Ия.. Келістіңізғой? Эхехехеей, мен ғашықпын, әке естимісің..балаң алғаш рет өмірдің қиындығын ұмытып, сезімге берілді. Жүрегім кеудесіне сыймай барады. (Алыстан қыздың сыңғырлай күлгені естіледі)

Өмір маған шаттық сезім сияқты,

Мәз боп күлгім келеді.

Өмір маған өзім сияқты,

Өмір сүргім келеді..

 

4-көрініс: «Үй болу»

(Көше бойымен арбасын сүйреп келеді. Костюм-шалбары су жаңа, бірақ оның жүрегі алып-ұшып, тынышы қашқан. Қолындағы гүлдер аздап дірілдейді. Ішінен әлденені қайталап күбірлейді)

 Қарлығаш... Қарлығаш, мен сені көрген күннен-ақ сенің мендік екеніңді түсінген едім. Жоқ, олай емес... Қарлығаш, мен сені мәңгі сүйіп өтемін. Тек... Маған тұрмысқа шықшы... Жоқ, құдайым-ау, неге мұнша қиын?..

(Басын шайқап, іштей қайта түзеліп, тынысын қалпына келтіргісі келеді)

Қарлығашым, жүрегімнің тыныштығы өзіңсің. Сені алғаш көрген сәтте-ақ бойымды қуаныш кернеп, өзімнің шынымен тірі екенімді сезінген едім. Сен менің өміріме қараңғылықты қақ жарған сәуледей ендің. Менің саған деген махаббатымды сөзбен жеткізу мүмкін емес... Әйтсе де, мен бұл сөзді айтуға бекіндім.

(Гүлдерді қолына бекем ұстап, терең дем алады. терең күрсінеді.)

Маған тұрмысқа шықшы, Қарлығаш... Мен сені бақытты етуге уәде беремін. Менің өткенімен емес, бүгініммен бірге болшы.

(Басын төмен салып, көзіне мұң ұялайды)

 Білемін... Мен тұлдыр жетіммін. Басқалар секілді салтанатты той жасап бере алмаймын. Сенің ата-анаңның алдында қалың мал үйіп төге де алмаймын, құдаларды да күтіп ала алмаймын... Бірақ бір нәрсеге шын жүректен уәде беремін: мен сені шын бақытты етемін. Өмірдің қандай соқпағы болса да, сенің жаныңда боламын. Қандай қиындық келсе де, сенің күлімдеуің үшін барымды саламын.

(Қобалжыған күйі тоқтай қалып, бірақ көзінде сенімділік ұялайды. Тізерлеп отырып, әлдекімді құшақтағандай болады)

Сүйіктім, сен менің арманымсың. Сен барда менің өмірімнің мәні бар. Менімен бірге болуға келісші... Қарлығаш, маған тұрмысқа шықшы. Жанымның жарығы сенсің.. Ия деші күнім..

(Жігіт көңіл күйі түскен, теріс айналады. Тыныштық)

Ия.. Сен дұрыс айтасың.. Мен асығыстық жасадым, сезімге тым берілдім. Жүрегіме жұбаныш іздеп, өзіңнен жылулық іздедім. Сенің әке шешең дұрыс айтады, кім болса да қызын дұрыс адамға бергісі келеді. Ештеңесі жоқ қу жетіммен сен бақытты ғұмыр кеше алмайсың.. Бірақ таңдау.. таңдау өзіңде Қарлығашым..

(Арбасын бір жаққа сүйеп, тізерлей отырып жылайды. Көз жасын тия алмай, ішіндегі шерін төгіп әкесімен сөйлеседі)

Әке... Естідің ғой не дегенін? Ол менімен отбасын құруға ата-анасы қарсы дейді... Қарлығаштың өзі қарсы емес, бірақ ата-анасы... Мен оны түсінемін. Түсінемін ғой, бірақ жүрегім қатты ауырып тұр...

(Жерге көзін қадап, қолымен бетін басады. )

Әке, неге мына өмірде адамдар дүниені бірінші орынға қояды? Неге? Неге олар өз қызының сүйген адамымен бақытты болғанын қаламайды? Қалайша байлық пен дәулет махаббаттан жоғары тұрады?

 Мен оқуға да түсе алмадым... Енді сүйген қызыммен де бірге бола алмаймын... Неткен сорлы едім, әке. (сұрақ-жауап әкесіне бағытталады)

Мені жұбатудың д керегі жоқ. Мен мықты емеспін, мықты бола алмадым.

 Қашан жақсы болады, ? Қашан? Жақсы күн туатынына үміттеніп, сол үмітпен өмір сүріп келемін... Бірақ бәрі тек күту ғана. Бітпейтін, таусылмайтын күту... Тіршіліктің әр күні — жаңа сынақ. (ашулы )

 Мүмкін, бәрі бір күні жақсы болар. Бірақ сол күнге дейін қанша рет жығылып, қанша рет сүйретілерімді кім білсін... Тек сен барсың. Сенің елесің, даусың маған күш береді. Сен болмасаң, бұл өмірде жалғызбын...

Тшш, біреу келе жатқандай. Естідіңбе?  Ия менде естідім..

Апарте (қыздың дауысы)

Темірлан.. Қайдасың? Темірлан..

Әке, бұл Қарлығаш. Бұл жерге неге келді.. Сен көрінбе, мен қазір келемін..

Мен мұндамын.. Неге келдің? (Ренішті үнмен)

Үйден кеттім дейсіңбе.. Не үшін?

Рас айтасыңба.. Менімен бірге болу үшін... Қарлығашым, келші қане..(пауза) Ехехехей, әке естідіңбе... Біз үйленеміз, отбасын құрамыз.. (Арбасын айналдыра, өзі де қуаныштан айналады)

 

5 көрініс- «Үлкен өмірге қадам»

(Сахнада түрлі түсті жарықтар ойнайды. Әуен жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Жасанды түтін арасынан жігіттің бейнесі көрінеді. Ол ақ көйлекті құшағына алып, оны әсемдікпен вальс билейді. Жанында арбасы тұр. Жігіт жүзінде шаттық пен мұң аралас сезім.)

Қарлығаш, күнім... Бүгін мен үшін бақытты күн. Құдай да мені жылатудан жалыққан шығар, сірә. Бар тілеуім — сен едің. Мені сүйіп, менімен бірге боламын дегеніңе сенбей кеттім алғашында... Ата-анаң екеуміздің бірге болуымызға қарсы болғанда, кәдімгідей түңілдім. Бірақ сен... Сен жүрегіңді тыңдадың.

(Ол көйлекті шыр айналдырып, ерекше сезіммен билейді. Сахнаның сыртынан қыздың сыңғырлаған күлкісі естіледі. Жігіттің жүзіне мейірім төгіледі.)

Сені алғаш көргенде, дәл осы күлкіңе ғашық болған едім. Сенің даусың жүрегімнің түкпіріндегі барлық мұңды сейілткендей. Қарлығаш... Мен саған керемет той жасап бере алмадым. Зәулім сарайда емес, сән-салтанатсыз той болды... Бірақ сенің үстіңдегі ақ көйлегіңді көріп, бір арманым орындалды.

(Көйлекті құшағына қысып, жүрегімен сөйлегендей)

— Ұнай ма, айтшы? Тек шыныңды айт... Бұл ақ көйлек — сенің риясыз көңіліңнің, таза махаббатыңның белгісіғой. Сенің дәл осылай киініп, осы көйлегіңде жарқырағаныңды көргім келді... Тым болмаса, осы шағын тойда.

(Ол тоқтап, көйлекті нәзік қимылмен сипап өтеді. Даусы жұмсақ, бірақ терең сезімге толы.)

— Білесің бе, Қарлығаш, бұл көйлек те, бұл билеу де, тіпті осы сәттің өзі — мен үшін барлығынан қымбат. Сен барсың, мен бармын. Екеуміз біргеміз. Басқаның бәрі маңызды емес. Мен үшін ең керемет той — сенің жаныңда өткізген әр күнім...

(Сахна шамдары жұмсарып, мелодия баяулай түседі. Темірлан билей береді, жүрегі махаббатқа толы.)

 

7 көрініс – «Үміт пен қасірет»

(Сахна қараңғылыққа оранып, тыныштық орнайды. Бір сәтте сахна сыртынан әйелдің әлсіз, бірақ жанға батқан дауысы естіледі.)

Қарлығаш (әлсіз дауыспен):
— Темірлан... Темірлан...

(Темірлан абдырап, көздері алақтап жан-жаққа қарайды. Қолдары дірілдейді. Ол біресе арбасына сүйеніп, біресе әлдене іздегендей жан-жағына жалтақтайды.)

— Уақыты келді ме? Сәл шыдашы, күнім...

(Қарлығаштың даусы үзік-үзік естіледі. Оның ауыр күрсінісі сахна сыртынан естіліп, дыбыс күшейе түседі. Темірлан арбасына жүгіріп, қайтадан айналасына алаңдап қарайды.)

Темірлан (даусы абыржыған):
— Алло, жедел жәрдем ме? Тезірек жетіңіздер, мұнда кісі қиналып жатыр! Құдай үшін асығыңыздар!

(Ол арбаны жанынан сырғытып, жанұшыра әлдене істеуге тырысады. Қарлығаштың даусы әлсірей түседі.)

Қарлығаш (жұлынып шыққандай әлсіз дауыспен):
— Темірла-ан...

Темірлан:
— Сәл шыдашы, күнім... Бәрі жақсы болады! Мен жаныңдамын, Қарлығаш. Барлығы жақсы болады...

(Сахнаның сыртынан сиренаның ащы үні естіледі. Дәрігерлердің үйге кіріп жатқан дыбыстары шығады. Темірлан көздері алаңдап, қолдарын дірілдете түседі.)

Темірлан (жанталаса):
— Сендер оны қайда алып барасыздар?!

(Темірлан көзі жасаурап, дірілдеген дауыспен артынша айғайлап жібереді.)

— Қарлығаш! Қарлығаш!

(Сирена үні үдейді. Машинаның гүрілі алыстап бара жатады. Темірлан шарасыз күйде тұрып қалады. Жан дүниесін ауыр қайғы басып, ол үнсіз егіліп, көзі жасаурап арбасын сүйреп дыбыс шыққан жаққа беттейді.)

(Жарық бірте-бірте сөніп, сахнада тек қараңғылық қалады. Барлық дыбыс үзіліп, үнсіздік орнайды.)

(Сахна қараңғы. Сырттан терең тыныштықты бұзып, іңгәлаған сәбидің даусы естіледі. Жігіт арбасына сүйеніп, жүрегі лүпілдеп, әлденені күткендей алаңдап тұр. Сахнаға ақ халатты дәрігердің даусы естіледі.)

Дәрігер:
— Байшүкіров Темірлан?

Темірлан (әлсіз дауыспен):
— Иә, мен...

Дәрігер (жылы үнмен):
— Сіз ұлды болдыңыз.

(Жігіт бір сәт үнсіз қалады. Сосын сөзін түсінгендей көзі жарқ етіп, қуаныштан жүзі нұрланады.)

— Рас айтасыз ба? О, жаратқан! Мың алғыс саған! Әке, естідің бе? Мен де әке болдым! Сенің немерең дүниеге келді!

(Жігіт шаттыққа толы күлкісін жасыра алмай, арбасына сүйеніп тұрып күледі.)

Қандай керемет сезім! Ұлым!

(Бір сәтке көңілі орнына келгендей, бірақ бір нәрсе есіне түсіп, жанұшыра алаңдайды.)

— Ал Қарлығаш ше? Оның жағдайы қалай?

(Дәрігердің үнінде ауыр үнсіздік бар. Жігіт дәрігердің айтқан сөздерін ұға алмай бір сәтке мең-зең болады.)

— Не дейсіз? Қалай... Қалай өлді?

 (дауысы дірілдеп):
— Бұл мүмкін емес! Сендер өтірік айтасыңдар! Жіберіңдер мені! Қарлығаш... Қарлығааааш!

(Жігіт даусы қатты шығып, өз сезімін ұстай алмай, жылап жібереді. Жерге отыра кетіп, еңіреп жылайды.)

— Бұл өтірік! Ол тірі... Ол тірі!

(Ол тынысы тарылып, алқына бастайды. Қолдары дірілдеп, жерде жатып жылайды.)

— Неге... Неге бұлай? Енді отбасын құрып, бақыт дегеннің не екенін сезінген кезде... Бұны да маған көп көрдің бе?

(Кенеттен ол басын ұстап, жүрегіндегі ауыртпалықтан қиналып сөйлейді.)

— Мен ана алақанын көрмей өстім. Енді менің ұлым дүниеге келер-келместен анасынан айырылды. Ақ сүтінің дәмін сезбестен, анасының ыстық құшағын көрместен қалды...

(Ол жанұшыра аспанға қарап айғайлайды.)

— Неге? Мен сонша не жаздым тағдырға?

(Сахна қараңғыланып, ауыр мұңды әуен ойнай бастайды. Темірлан сол күйі жерге отырып қалады, қолдары дірілдеп, көзі жасаураған күйде сахна біртіндеп қара түнекке айналады.)

(Сахнада әлсіз жарық жанған. Ортасында арба мен оның жанында отырған жігіт. Құндақталған сәбиді құшағына алып, жүзінен мұң мен үміт қатар көрінеді. Сәбидің іңгәлаған үні бәсеңдейді. Жігіт  оны жұбатып, жай дауыспен сөйлей бастайды.)

— Ұлым... Сен біздің асыға күткен үмітіміз едің. Енді анаң жоқ... Ол бізді тастап кетті...

(Бір сәтке тоқтап, көздерін жұмып, ауыр күрсінеді.)

Мына жалғанда мен жалғыз едім. Ата-ананың мейірімін көрмей өстім. Сосын анаңды жолықтырдым. Ол маған бақыттың не екенін сездірді... Енді ол да мені қалдырып кетті.

(Сәбиге мұқият қарап, саусақтарымен оның бет-жүзін сипайды.)

 Есесіне, сен дүниеге келдің, құлыным... Сен менің өмірімнің мәнісің. Енді сен үшін ғана өмір сүремін. Сен үшін мықты боламын. Сен жалғыз емессің, жаныңда мен бармын...

(Сәби жеңіл қыңқылдайды, жігіт оны тербете түседі.)

Түшш... Қане, ұйықтай ғой, балам... Сенің тыныштығың — менің жалғыз тілегім.

(Жігіт баланы ақырын тербетіп, бесік жырындай жұмсақ үнмен сөйлеп отырады. Сәбидің жылаған даусы бәсеңдеп, тынышталады. Жігіттіңбетінде бір сәттік үміт пен мейірім нұры пайда болады. Мұңды әуен ойнай бастайды.)

Сен қорықпа, балам. Мен саған әке де боламын, анаңның мейірімін де беремін. Екеуміздің жолымыз қиын болса да, сені ешқашан тастамаймын...

(Жігіт баланы маңдайынан сүйіп, құндақты кеудесіне қысады. Сахнада үнсіздік орнайды, бірақ сол үнсіздіктен үміттің белгісі сезіледі.)

(Сахна қараңғыланып, әуен ақырын тоқтайды.)   

 

8 көрініс – «Жүрекке жүк»

(Жарық ақырын жанып, сахнада егде тартқан жігіт көрінеді. Бетіне түскен әжімдер мен шашындағы ақ талдар оның жылдар жүгін арқалағанын аңғартады. Үстінде бұрынғыдай костюм жоқ, бірақ жанында сол баяғы арбасы. Ол кішкентай баламен сөйлесіп отырғандай, қолындағы шашылған әріптерді бір-бірлеп көтеріп көрсетеді.)

 (ол мейірімге толы дауыспен):
— Мынау не, балам? Дұрыс алма, жарайсың. Ал мынау ше? Мысық... Дұрыс! Сен өте ақылдысың. Енді тақпағыңды қайталашы...

(Әріптерді қайта-қайта көрсетіп отырып, көңілі шаттанады. Бір сәт ойға шомып, алысты аңсағандай көзін жұмып алады.)

— Қарлығаш, бүгін ұлымыз бірінші сыныпқа барды. Оның қуанғанын көрсең ғой! Әріптерді жатқа біледі. Мен оған үйретуден жалықпаймын. Сен де мақтанар едің, солай ғой?

(Басындағы қуанышы біртіндеп мұңға ауысады. Жігіт бір сәт үнсіз қалып, үстелге сүйенеді. Кенет ауыр күрсініп, әлсіз дауыспен сөйлей бастайды.)

Бірақ... Ол әлі күнге дейін «Анам қайда?» деп сұрайды. Әр сұраған сайын жаным қиналады... Не айтамын? Қалай айтамын?..

(Даусы дірілдей түседі.)

 «Анаң бізді тастап кетті» деуге жүрегім шыдамайды. Тек «Ұзақ уақытқа кетіп қалды» деймін. «Бізді сырттай бақылап жүр» деймін... Қарлығаш, расында солай ғой? Сен бізді көріп, қорғап жүрсің ғой, солай ма?

(Темірлан көзін аспанға көтеріп, сағыныш пен үмітке толы жанарымен әлдебір жауап күткендей тоқтайды.)

 (сыбырлап):
 Маған тек сенің бар екеніңді сезіну керек... Сонда ғана бәріне төтеп беремін.

(Ол қолындағы әріптерді жинап, үстелге қояды. Бір сәтке басын төмен салып, сосын қайтадан еңсесін тіктейді. Ұлының болашағына деген сенім оны алға жетелеп тұрғандай.)

 (өзіне-өзі серт бергендей):
— Ұлымды сенің арманыңдағыдай үлкен адам етіп өсіремін. Бізді тастап кеттің демеймін. Әлі де сен біздің жанымыздасың деп сенемін.

(Сахнада жұмсақ жарық біртіндеп бәсеңдеп, жігіт пен арбаға бағытталған шырақ қана қалады. Оның бойындағы үміт пен сағыныш әлі күнге дейін тірі. Сахнадағы көрініс сәлден кейін қараңғылыққа шомады.)

(Сахнада қараңғылық. Арбаға сүйеніп ұйықтап отырған Темірлан көрінеді. Бір сәтте сырттан баласының қуанышты дауысы естіледі.)

Ұлының даусы (сахна сыртынан):
— Әке! Әке!

(Темірлан шошып оянып, жан-жағына алақтап қарайды. Ол ұйқыдан енді оянғандай абдырап қалады.)

 (белсенді дауыспен):
— Ұлым? Не болды? Әкеңді сонша шошытқаның не?

(Кенет сырттан ұлының қуанышты даусы естіледі.)

Ұлы:
— Әке, мен оқуға түстім!

(көзіне жас үйіріліп):
 Ой, айналайын құлыным менің! Әрине, түсесің! Сен менің ұлымсың ғой!

(Сахна сыртынан: «Үмітіңді ақтадым, әке!» деген ұлының қуанышты дауысы естіледі.)

Темірлан (мақтанышпен):
— Әрине, ақтайсың! Сенің қолыңнан бәрі келеді!

(Ол басын шайқап, бір сәтке ойға батады. Көзінде бір тамшы мұң байқалады.)

 (сыбырлап):
— Анаң тірі болғанда ғой...

(Кенет ол жүрегін ұстап, демігіп қалады да, арбаға сүйене қисаяды.)

Темірлан (уайымдатпауға тырысып):
— Жоқ, ұлым, алаңдама. Ештеңе болған жоқ... Жай ғана қобалжу... Әкең қатты қуанғаннан толқып кетті.

(Сахна сыртынан ұлының дауысы шығады.)

Ұлы:
— Дәрігер шақырайын ба, әке?

Темірлан (шалт жауап беріп):
— Жоқ! Қажеті жоқ, мен саумын.

(Ол қалтасынан дәрі шығарып, асықпай аузына салады. Терең демалып, өзін сабырға шақырады.)

(ақырын):
— Үфф... Қарлығаш... Маған сенің жаныңға баруға әлі ерте. Әлі бұл баланы үйлендіріп, қызығын көруім керек. Асықтырма мені...

(Ол дәрісін жұтып, көзін жұмып біраз отырады. Жүрегін ұстап, ауыр сезімдерді жеңіп шығуға тырысып отыр.)

Дәрігер жүрекке ауыр салмақ түсіруге болмайды деген. Қатты ренжуге де, қатты қуануға да болмайды... Бірақ қалай қуанбайсың, а? Ұлымыз қызылмен мектепті бітірді, ақысыз оқуға түсті. Енді Еуропада білім аламын деп жүр. Мақтанышым сол... Тек сол күнге жетейін...

(Темірлан арбасына сүйеніп, терең күрсінеді де, басын сәл шалқайтып, жымияды).

 

9- көрініс – «Ақталған үміт»

(Сахнада қараңғылық сейіліп, жарық біртіндеп ашылады. Темірлан стол басында отыр. Жанына сүйенген арбасы әлі де сол қалпы. Шаршаңқы жүзі, бүкірейген денесі оның өмір жолындағы ауыртпалықтардан қалған іздерді көрсетеді. Стол үстінде екі кесе тұр. Темірлан екеуіне де шәй құяды, күбірлеп сөйлей бастайды.)

 (сәл жымиып):
— Ұлымыздың арманы орындалды, Қарлығаш. Өзі армандаған Еуропасына жұмысқа кетті. Тәжірибе жинау керек дейді... Сонау қиянға жібергім келмеген, бірақ барам деген баланың жолын байлап қайтемін?

(Ол қолына кесесін алып, бір ұрттайды, артынша күбірлеп сөйлесуді жалғастырады.)

 «Әке, сені жалғыз қалдырмаймын, бармай-ақ қояйын» деген еді... Бірақ бала кезден бергі арманы екенін білемін ғой. Бармай қойсын ба енді...

(Ол бос тұрған кесеге көз тастайды, содан соң күлімсіреп сөзін жалғастырады.)

— Шәйіңді іш, Қарлығаш, суып қалмасын...

(Басын төмен түсіріп, ауыр күрсінеді. Даусы мұңды, бірақ сабырлы.)

Ех, өмір... Сен кеткен соң, мен осы бала үшін мықты болуға тырыстым. Сенің орныңды жоқтатпаймын дедім... Бірақ, Қарлығаш, менің де күш-қуатым кетті...

Сен де мені сағынып жүрсің бе? Шақыра бересің... (Өзін өзі тоқтатып күледі.) Жо-жоқ, сәл шыда, Қарлығашым. Ұлымыз аяққа тұрды, енді бір жақсы адам жолығып, отбасын құрып, немере сүйгізсе, сол кезде асықпай-ақ кете беруге болады.

(Темірлан кенеттен жөтеліп қалады, жөтелін басуға тырысып, арбасына сүйенеді.)

 (жымия, бірақ шаршаңқы дауыспен):
Ал қазір ерте, Қарлығашым...

(Ол көзілдірігін киіп, қалтасынан ұялы телефонды шығарады. Суреттерді ашып, көзіне жас ала отырып көрсетеді.)

— Кеше ұлымыз суреттер жіберген. Міне, қарашы... Біз көрмеген жерлерді көріп, біз баспаған тауларды бағындырып жүр... Жап-жас қой өзі, арман қуып жүр. Бізден қалған жалғыз тұяқ ... Бұдан артық бақыт бар ма?

(Телефон экранынан көз алмай, ұзақ қарап қалады. Даусы бәсеңдейді.)

— Көрмегелі бір жылдың жүзі болды... Өзін қатты сағындым... Бұйырса, келіп қалар...

(Ол көз жасын сүртпек болып, бетіне қолын апарады, бірақ жасы еріксіз ағуда. Көзінен аққан тамшыларды сүртпей-ақ қояды. Темірлан өзіне ғана естілердей сыбырлайды.

— Саған да жетермін, Қарлығаш... Тек әлі емес...

(Ол арбасына сүйеніп, қайтадан шәйінен бір ұрттайды. Сахнада баяу музыка ойнап, жарық біртіндеп сөніп, қараңғылыққа оранады.)

 

10- көрініс – «Соңғы үміт»

(Сахна қараңғы. Кенет ұялы телефонның шырылдаған үні естіледі. Қараңғылықты телефонның жарығы ғана жарықтандырады. Креслода бүк түсіп отырған Темірлан ұйқысынан шошып оянады.)

Темірлан (қобалжып, әлсін-әлсін телефонына қарап):
— Алло, ұлым...
Ұлым! Естілмейді, қаттырақ айт... Алло...

(Темірлан телефонға құлағын тосып, қайта-қайта сөйлейді, бірақ ештеңе анық естімейді. Ол абыржып, телефонын қоя салып, жүрек тұсын ұстап отырып қалады.)

 (қиналып, ауыр тыныс ала):
— Шыда, жүрегім, шыда... Саған әлі тоқтауға болмайды...

(Телефон қайта шырылдайды. Темірлан қалтырап телефонын көтереді.)

(қуанышын жасыра алмай):
— Алло! Ұлым... Иә, естілді, естілді! Не дейсің, жақын арада келесің бе? Ой, айналайын... Амандығыңды тілеймін, балам. Елге аман-есен жет...

(Ол қуанышын тежей алмай, бірақ жөтел қысқандай, даусы бәсеңдей түседі.)

Мені қойшы, мен... жүрмін ғой. Ой... (Жөтеліп қалады, бірақ өзін ұстап, сабырға шақырады.)

Алло? Ұлым? Алло?!

(Телефон үзіліп кетеді. Темірлан күйзеліске түсіп, алақанына телефонды қысып, кеудесін қысқандай болады. Сәлден соң ауыр тыныстап, қиналып орнынан қозғалмақ болады.)

 Қарлығаш, естідің бе? Ұлымыз... елге ораламын деді... Жақын арада келемін деді...

(жүрек тұсын уқалап, орнынан тұруға тырысады, бірақ ентігіп, шамасы жетпейді.)

(жан-тәнімен жалынып):
— Қарлығаш, өлсем де ұлымды көріп өлейін... Маған сәл ғана уақыт бер, жаным... Мен оны көруім керек...

(Оны тағы да жөтел қысады. Темірлан бар күшін салып тыныс алуға тырысады. Сахнада тыныштық орнап, тек оның ауыр демі мен жөтелі естіледі.)

( Телефонның таныс шырылы естіледі. Темірлан шамасы келгенше телефонын көтереді.)

(қуанып, дауысы дірілдей):
— Алло... Иә, келдің дейсің бе? Қалайша... Мен саған тосынсый жасағым келді..?  Құлыным... Айналайын...

(Темірланның жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап кетеді. Ол арбасына қарай екі қадам жасағаны сол еді, кенет жүрек тұсын ұстап, ауыр күрсініп, арбасының жанына құлайды.)

(Телефонның тұтқасының ар жағынан ұлының дауысы үзік-үзік естіледі.)

Ұлы (жанталаса):
— Әке! Әке! Алло, әке! Не болды, әке?!

(Темірланның демі үзіледі. Оның қолынан телефон сырғып түседі. Кенет сахнада бәрі тоқтап қалғандай бір сәт тыныштық орнайды.)

(Сахнада мұңды әуен ойнай бастайды. Жарық біртіндеп сөнеді. Соңында тек Темірланның бейнесі көрінеді — жансыз денесі арбасының қасында құлаған күйде жатыр.)

(Кенет сахнада баяу жарық жағылады. Қолын жайып, сүре оқып тұрған Темірланның ұлы көрінеді. Дауысы сыбырлай шыққанымен, әр сөзі анық естіледі. Ол Құран сүресін аяқтап, бетін сыйпап, үнсіз дұға жасайды.)

(Сәл кідірістен кейін ұлы орнынан тұрады. Ол әкесінің арбасын қолына алып, үнсіз сүйреп, сахнаның қараңғылығына қарай кетеді.)

(Сахнаның жарығы біртіндеп сөніп, мұңды әуеннің соңғы ноталары естіледі. Көрермендерде үнсіздік пен тағдырдың ауыр салмағын сездіретін әсер қалдырып, көрініс аяқталады.)