Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын» номинациясы: Мәңгілік қоңыр күз
306
оқылды

Бүркеншік аты: Жазғы қар

 

Мәңгілік қоңыр күз

(Қалиханды еске алу)

 

«Қайдан келесің? Қайда барасың?»... Әңгіменің басында Алтынның жарқ еткен қоңыр дауысы жаңғырып барып тұманмен бірге сейіле бергендей...

Қазақ прозасының классигі Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» атты әңгімесі дәл осы сөздерден басталып, осы сөздермен түйінделетінін бала оқырман бірден түсіне қояр ма екен? Бұл шығарманы тәуелсіз елдің ұрпағы мектеп қабырғасында оқыған болар. Қазақ әдебиеті оқулығының бағдарламасында міндеттелген шығарманың салмағын қаншалықты саралай білдік екен деген ойдың шырмауында жүргендейміз. Қалиханның қазақ прозасындағы дәрежесіне қаншалықты мән бере алдык екен? Осындай сауалдардың ізімен жүргенде кітапхана сөрелеріне қанша рет қолымызды созып, батыспен де, шығыспен де тілдесіп үлгергендейміз. Әлем әдебиетінің классикасына, әсіресе проза бағытында ізденген бізге Қалиханды мектеп қабырғасындағы бала көңілмен бірге қалдырып кеткеніміз сын болар. 2014 жылы (осыдан он жыл бұрын), тамыздың тамылжыған күндердің бірінде жазушы Қалихан Ысқақ өмірден өтті деген суық хабардың жеткен сәті әлі есімде. Тамылжыған тамызды соңына ерткен Қалихан мәңгілік қоңыр күзге аттанып кетіп еді...

«Қоңыр күз еді. Ақжауын себелеп тұр». Әлем әдебиетінде шығарманың шымылдығын ашатын сөйлемде қаламгер қуатын ашатын шығармалардың ең аз дегенде бірнешеуі есіңізге түсетін болар?! «Все счастливые семьи похожи друг на друга, каждая несчастливая семья несчастлива по-своему» дейді Лев Толстой «Анна Каренина» романының басында; Альбер Камю «Бөгде» романын «Сегодня умерла мама. А может быть, вчера – не знаю», деп бастайды. Әуезовтың «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды» деп әңгімені тарқатуы да ойлы оқырман көңілінде ерекше жатталып қалатыны сөзсіз. Осы іспеттес Қалиханның шығармашылығында бір төбе деп белгілеп отырған шағын ғана повесінің алғашқы сөйлемінде, жазушы өзі айтпақшы: «...Алтай өңірінің ең бір жүдең шағы, көңілсіз шағы» оқырманды бірден меланхолиялық сапардың алғашқы аялдамасында дем бастырғандай күйге бөлейді. Повестің сюжеті мен фабуласына үңілмей тұрып, мәтіндегі түстер палитрасының талдауына тоқталсақ, жоғарыда байқалған қоңыр, ақ (ақжауын, ақ түбіт шәлі), сонымен бірге сары (сарғайған ағаш, сары күшік, Алтын есімі), қызыл (қызылшақа тыртық), қара (қара қожалақ пеш, қара қан) түстері оқиғаның басынан аяғына дейін қылқаламмен салынған суреттей әңгіменің тұла бойына созылып, Алтайдың қоңыр күз пейзажын бейнелеуде төл шеберлікті байқауға болады. Шығарма сюжетінің синтездік сипаты осындай сөзбен зерленген бояу арқылы картина сомдауынан  байқалады. Сонда «Қоңыр күз еді» повесі қазақ сөз өнері галереясының бір қабырғасынан орын алатын теңдесіз картина екенін түсінеміз.

Әрине, Қалиханның суреткерлігі, тілі талай зерттеулерге арқау болып, талай оқырманның тамсануына ілігіп келеді. Алайда қазақ сөз өнерінде кімдердің жұлдызы жанбаған? Классикалық шығармалар үшін тіл көркемдігі аздық ететінін білуіміз қажет. Оның үстіне Қалихан қалам тартқан кезең қазақ прозасының алтын дәуірі еді (Ғабит Мүсіреповтың (Аналар тақырыбындағы әңгімелері), Мұхтар Мағауиннің (Өмір жыры), Төлен Әбдіков «Тозақ оттары жымыңдайды), Бердібек Соқпақбаев (Өлгендер қайтып келмейді...), Оралхан Бөкей (Өз отыңды өшірме), Сайын Мұратбеков (Жабайы алма), Шерхан Мұртаза (Интернат наны), Тынымбай Нұрмағамбетов (Жыланның уы) т.б.).  Сонда көлемі шағын ғана повестің көп ішінде бөлектеніп, жапан даладағы шамы өшпейтін жалғыз үйдей болмысын ашатын дүние не? Әңгімеде орта жастан асқан жігіттің қаладан ауылға оралған қысқа бір сапары баяндалады. Бас кейіпкердің есімі Қасым, прототипі автордың өзі – Қалихан. Лайсаң жол мен шөккен таулар туралы сөз бастаған кейіпкердің араға көп жылдар салып, туған елге ат ізін салуы – оның көңіл сағынышының қарсы алдында жылдар таптап өткен уақыттың бейнесі көрінеді. Шөккен таулар бала Қасым үшін кезінде заңғар көрінген шығар, лайсаң жол бала Қалиханның шаң шығарып жүгірген жолдары шығар... Уақыттың ізі шығарма тілінде табиғаттың бейнесі арқылы берілген. Осындай мұңлы-қоңыр пейзаждың ортасынан жарқ етіп Алтын шығады. Алғашында бірін-бірі бірден тани алмаған кейіпкерлердің кездесуі іштен кілт ете қалған сезімді де байқатып қойғандай. Сонда Алтын: «Қайдан келесің? Қайда барасың?», деп сөз бастайды. Алтынның осы сөздерінің салмағына тек жылдар өткен сайын ғана жақындай алатын сияқтымыз. Тіршілік күйбеңі үлкен қалада қалып, дәл осы жол үстінде өмірге қайта оралтатын сауал да осылай қойылса керек. Осы тұста Дантенің «Құдіретті комедиясын» еске алып, лирикалық шегініс жасасақ. Итальяндық ақын Данте «комедиясында» өмірінің орта жолына жетіп, ну орман арасында адасып қалған сәтінен бастайды. Орманды кезіп жүргенде алдынан Вергилий шығып, жер асты патшалығана саяхат жасауды ұсынады. Алигьеридің шығармасынан түртіп отырғанымыз, Қалиханның повесіндегі саяхат мотиві әлем әдебиетінде дәйім салмақты ой тудыратын сауалдармен үндестігін көруіміз шарт шығар. «Құдыретті комедияның» ескірмейтін өзектілігі пәлсапалық, дүниетанымдық, діни, саяси, әлеуметтік, көркемдік сияқты көп бағыттардың бірінде адам баласы өмірінің орта жолында йығына қонатын, мәңгілікке ұмтылған толғаныстар мәселесінде ашылады. Дәл осы керуен көшінде Қалиханның да өзінше үн қосуын байқамау мүмкін емес.

Қалихан оқырманды өз сапары арқылы өзімізді көруге шақырады. «Қайдан келесің? Қайда барасың?» - Алтынның осы сөздері құлақта әлі жаңғырып тұр. Әрине, Алтынды көрген сәтте автор ретроспектива арқылы өткен күндерді жандандырады. Қазақ прозасындағы ең танымал көркем кеңістіктердің бірі бар болса, ол – интернат. Интернат тіршілігін сипаттау Қалиханның заманына тән дүние, бір жағынан. Абайдың «Интернатта оқып жүр», Ш.Мұртазаның «Интернат наны» сынды көп мәтіндер арқылы қазақ оқырманына етене жақын кеңістіктердің біріне айналған интернат Қалиханның да балалық естелігінің күміс қорабындай көңіл сандығының ең түбінде сақтаулы болар. Автор жадынан ақтарылып шыққан естеліктер бір жағынан алғашқы махаббат, достық сезімдерімен көмкерілсе, екінші жағынан заманның шалалығын сынға алады. Сөзімізді дәйектеу үшін келесі үзінділерді толық бергеніміз жөн болар:

«Достық, адамгершілік жайында өсиет оқыған көптеген қадірлі ұстаздарымыз қыздар мен ұлдарды екі ұдай етіп, күнәдән пәк балғын жүректерге сезік пен жек көрушіліктің, эгоизмнің қоламтасын сепкен екен де. Сол бір өткен балалық шақты еске түсіріп отырсам кеудемді кейде өкініштің запыраны қысқандай болады.

Іштей қаншама жақсы көргенмен, іштей елжірегенмен біз қыздарды кекетіп-мұқатып, дөкір мінез көрсетіп, қағып өтіп, соғып кетуге даяр тұратынбыз, әдейі кемсітіп, түртпектей беретінбіз. Қыздар да ұлдардың алдында именіп, өтірік те болса ұялған болып, беттерін басып, кісі киікше үрке қарайтын еді. Осының бәрін қадірлі оқытушыларымыз бен тәрбиешілерімізге жағыну үшін, солардың көңілін табу үшін, немесе күдік тудырмас үшін қасақана істейтінімізді ішіміз сезетін де. Осы бір жасандылықтың, осы бір қылымсушылықтың ар жағында көміліп, қаншама тұтанбаған от кетті? Сол бір жаутаң көздердің ішінде қаншама ақтарылмаған сыр қалды екен?! Тәтті сезімнің, ұшқыр қиялдың арқауы кесілмеді ме?! Мүмкін кейбіреулер өзінің махаббаттын тепкен шығар, болашақ жар болар жақсы адамынан айырылмағанына кім кепіл болар екен?!».

Осы бір ғана үзіндіде автордың үні жаңғырып шыққанын қараңызшы! Сөзге тиек болып отырған повестің тағы бір қырын ашатын дүние – жоғары дәрежедегі гуманистік көзқарасты балалық шаққа саяхат жасау арқылы білдіріп, қазақ қоғамының белгілі бір кезеңге тән сипатын сынға алып, көркем тілмен дидактикалық ойларға жол берілген. Осы орайда Қалиханның мәтінінде қазақ сөз өнеріне мезі болып жабысқан тәрбиелік мән емес, педагогикалық иллюстрация орын алатынын анық байқауға болады. Және бұл ойдың бүгінде өзектілігі артып отырғанын бәріміз де жақсы сеземіз.

Қалиханның «Қоңыр күз еді» повесімен бірге Оралханның «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесін бала оқырман шамамен бір уақытта ашқан болар. Осы екі әңгіменің арасындағы үлкен қаладан елге оралу мотивіндегі өткенмен бетпе-бет кезігетін қос кейіпкердің өкініші жалпы қазақ прозасына тән образдардың қатарын молайта түскен сияқты. Оралханның өкініші – Тортай болса, Алтын – Қалиханның өкініші. Әңгімені күзгі пейзаждан бастап, қырау қабақ қыс күндерін еске алып, соңына қарай автор жазғы естелікті де өрнектей кетеді: «Әлі есімде, шілденің шағы еді»... Оқиғаның осы тұсы Дантенің фабуласына салсақ тозаққа теңелетінін байқаймыз. Шілде айы да көркем тілде дәйім шындықты шарықтау шегіне жеткізетін көріністің драмалық қасиетін үстей түсетіндей (Раскольниковтың қылмыс туралы ойы да Петерборды сарғайтып, күйдіре түскен шілдеден басталып еді). Өмірді мағжанша саналы адамның абақтысы деп білсек, адамның жады мен өткеннің өкініші – саналы жан үшін тозақ болар. Әр адам өз тозағын солай өзінше кешетіні де рас шығар. Повесте жазғы демалысында қара жұмысқа салынған интернат баласы, жетім Қасымды ауылдың завхозы аямай соққыға алады. Оған араша боламын деген ақсақ, жесір Кәмилә апайды да оңдырмайтыны бар. Қалихан қаламын жасына малып жазғандай, оқырманның алдында өткеннің тозағын осылай ақтарса керек... Ақыры арашаға түскен Алтынның алдында намысы тапталған Қасым сол сәттен одан да қол үзеді. Дүниенің ең жарығынан бас тарта кеткенін бала Қасым сезді ма екен, әлде жазушы Қалихан уақытпен бірге түсінді ма екен?

«Қайдан келесің? Қайда барасың?»...

Ерте есею мен кіршіксіз бала көңілдің ортасында қалған бір шындыққа іздеу салынған болса, Қалихан сол ақиқаттың тұманына айналған сияқты: «Қоңыр күз. Мен терезенің алдында отырмын. Ақ жауын толассыз себелеп тұр...», деп өріледі соңғы түйін де. «...Биікте қиқулаған құстың дауысы естіледі. Менің ауылымнан келе жатқан тәрізді...», дейді Қалихан сөз соңында...

«Қайдан келесің? Қайда барасың?» деген Алтынның дауысы тағы естілген болар сол сәтте. Лайсаң жолдың бойына тағыда шықты Қалихан. Бұл жолы тұманға еніп барады, Алтынның соңынан еріп барады... Мәңгілік қоңыр күзге сіңіп барады Қалихан... Дантенің соңына жеткеніндей, өкініштің өртіне шалдықпаған мекенге аттанып барады...

Қош, Қалихан!

P.S. Қайдан келеміз? Қайда барамыз?