Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын»: «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы кеңестік жүйеге деген қарсылық
309
оқылды

Бүркеншік аты: Sakharzada

 

«Өлгендер қайтып келмейді» романындағы кеңестік жүйеге деген қарсылық

 

Бердібек өз көзімен көрген нәрсені ғана жазатын.

Қағазды бекерден-бекер шимайламайтын.

Бұл – Бердібектің шырайы, Бердібекке ғана тән нәрсе.

© С. Шәймерденов

Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары жазылған қазақ әдебиетіндегі кесек шығармалар ұлттың мәдени жадындағы алып импульс іспеттес болды. Бір сөзбен айтқанда, әдебиетте де ащы шындықтар айтылатынын, ұлттың өз «Менін» қалыптастару жолындағы қадамның жалғаса беретінін дәлелдей түсті. Сондай шығарманың бірегейі Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы еді. Тілі қарапайым, ойы шымыр туынды «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Он алты жасар чемпион» шығармалары сияқты, әдеттегідей автордың өзі көрген, білген, түйсінген оқиғалардан, сезімдерден, сәттерден сыр шертті. Бірден айта кеткен жөн, романның көтерген әлеуметтік, психологиялық, философиялық жүгі соншалық ауыр болғанына қарамастан, оны көбіне әдебиеттанулық әрі әлеуметтанулық теориялармен байланыстырып, талдап көрдік. Әрине, кез келген шығарма мәтіннен, сондағы белгілі бір композициядан, сюжеттен тұрғанымен, аталған роман туралы сөз қозғағанда, оқиғадағы кейіпкердің образы жақсы я жаман дейтін антагонист пікірден, «бұл жердегі автордың айтпақ ойы осы ғана» деп кесіп-пішіп сөйлемнің «нүктесін қоюдан» аулақ екенімізді айтуды жөн көріп отырмыз. Себебі бұл – біздің қазақ әдебиетіндегі классикалық шығармаларды талдаған кезде қолданылатын ескі ғадет. Біздіңше, романдағы атмосфера, кейіпкердің жан күйзелісі, екеуара диалог яки әртүрлі «дауыс» – міне, бұлар шығарманың негізі, өзегі деп білеміз. Сондықтан Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы әлі жаңа көзқарасты, жаңа танымды керек етіп отыр. Бұдан бөлек бізден кейін де терең зерттеуді, зерделеуді қажет ететінін еске салғымыз келеді.

Романға келер болсақ, 350 беттен тұратын көлемді шығармада басты кейіпкер Еркіннің өн бойынан өткізген оқиғалар арқылы соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің қиындығы мен қоғамдағы өзгерістер көрсетіледі. Әңгіме Еркіннің көзқарасымен баяндалып, жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген буынның тағдыры сипатталады. Еркіннің ағасы майданға аттанып, енді оның мойнына отбасына қамқор болу жүгі мен түрлі ауыртпалық түседі. Соғыс тек майдандағы ұрыспен шектелмейді. Ауылдағы қиындық мен моральдық мәселелерді де қоса қаузайды. Еркіннің ауылда басқарма басшысы Нұрәлімен арадағы күресі оның өз принципіне адал тұлға екенін айшықтайды. Соғыстың кесірінен Еркін ауылдан шалғай жерге барып, мұғалімдік қызметке орналасады. Мұнда да оның жанын жаралаған сәттер аз болмайды. Осылайша, ол соғыс пен жоқшылық жылдарында еңбек етіп, тіршілік тауқыметін кешеді. Студенттік жылдары мен ұстаздық жолындағы сынақтар оның болмыс-бітімін қалыптастырады. Бұдан бөлек бала кезгі ғашығы Ғалияға, өзінің жары Зағипаға деген кіршіксіз сезімі – барлығы да шынайы суреттеледі. Жалпы романның ұзын-ырғасы осындай сюжеттерден тұрады.

Енді біздің айтқымыз келгені – басқа мәселе. Міне, сол Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романында айтылатын мынадай бір «қызық» дүние бар. Романдағы басты кейіпкер Еркіннің (қажет болса, кейіпкерді автордың өзі деп ұқсаңыз да болады) белгілі бір басылымға шыққан өлеңін оқып, әріптестері оған тиіспек болады. Олар қатардағы жай мұғалім емес. Кіл атақ-лауазымы бар «мықты» педагогтер (бәрі де қазақ) редакцияға хат-сын жазып жібереді. Автордың сондағы болған жағдайды баяндайтын сәтінен үзінді келтірейік:

–  Дәптердің төрт бетіне әдемі жазумен тасқа басқандай етіп жазылған, ұзақ хат. Ынтығып, көзімді жылдамдата жүгіртіп, оқи бастадым. Біз пәлен ауданның педагогтері, пәлен дейтін ақынның балаларға арнап басылған пәлен дейтін кітабын оқып таныстық. Кітап бізді таңғалдырды. Балаларға ешқандай тәлім-тәрбие бермейтін зиянды кітап екеніне көзіміз айқын жетті. Қай өлеңін алсақ та, идеялық қатеге толы. Біздің советтік өміріміздің, бақытты өміріміздің, бақытты оқушы-пионеріміздің образы көрінбейді...

Әлібековтер жамандайтын жинақта бас-аяғы екі шумақ «Маса» дейтін әзіл өлең бар-тын.

Болаттың бетіне

Бір маса қонды.

Тырсиып, тойып.

Қып-қызыл болды.

Тістеніп тұрып.

Шертіп кеп қалдым.

Маса өлді.

Болатты

Жылатып алдым.

Пәлеқорлар осы өлеңді былай талдайды: Болат – ол совет баласы. Ал оның, совет баласының қанын сорушы кім? Кәдімгі жай маса ма? Жоқ, жай маса емес. Автордың маса деп, бүркеп айтып отырғаны қанаушы тап – капиталистер. Екі беті торсықтай совет баласының қанын ақын жауыз капиталистерге сорғыздырып қойған. Өлең Болаттың жылауымен бітеді. Осында қандай тәрбиелік мән бар? Совет баласын жайнатып, күлдіріп көрсетудің орнына оның көзінен сорасын ағызып, ботадай боздатып қою авторға не үшін қажет болғанын біз, педагогтер, түсіне алмадық, – дейді. Бұл – кешегі кеңестік жүйенің бас идеологі Ленин айтқан «санасы орыстанған ұлттар орыстан да бетер шовинист болады» дейтін сөздің жарқын мысалы. Әйтпегенде адамды мұншалық қорлауға болар ма еді?.. Сөз жоқ, Б. Соқпақбаев шығарманы көбіне, тіпті үнемі десек те болады, бірінші жақпен жазады. Сол себепті шығармаларындағы көп оқиға, көп деталь өз өмірінен алынған. «Өлгендер қайтып келмейді» романы да дәл солай. Бірақ мұнда оқып отырғаныңыздай, кейіпкер диалогқа түспейді деп айта алмайсыз. Себебі романның негізі диалогтік концепцияға құрылған. Тек бұл жерде диалог адам мен адам арасында ғана болмайды. Мәтін мен мәтін ішіндегі ой, кейіпкер мен оның санасындағы сұхбатқа негізделіп жасалады. Шығармада басты кейіпкер Еркінге өшіккен бір топ мұғалім оның өлеңіндегі Болатқа «совет адамы», ал масаға «капиталистер» деп ат таңады. Осылайша бір-бірімен еш қабыспайтын түсініктердің тартысы, күресі осы «диалогизм» негізінде жүріп отырады. Сонымен айтқымыз келгені мынау, біз сол мысал қылып келтірген: «Ал оның, совет баласының, қанын сорушы кім? Кәдімгі жай маса ма? Жоқ, жай маса емес. Автордың маса деп, бүркеп айтып отырғаны қанаушы тап – капиталистер. Екі беті торсықтай совет баласының қанын ақын жауыз капиталистерге сорғыздырып қойған. Өлең Болаттың жылауымен бітеді. Осында қандай тәрбиелік мән бар?» дейтін кеңестік жүйедегі мәтінді «оқу» немесе «талдау»: бәлкім артық айтып отырғанымыз шығар, бірақ біздің кейбір қазіргі мәтін талдауымызда да кездеседі. Шығармадағы ұғымдар мен субъектілерге нақты атау беріп, одан саяси һәм идеологиялық астар іздеу әлі де толастаған жоқ. Ал сол үдерісті жан-тәнімен сезінген Б. Соқпақбаев мұны жақсы біледі. Сөйтіп, романда осы  бір детальді жазушы шебер пайдаланады.

Естеріңізде болса, бұл жердегі мәтіннің негізгі концепциясы «диалогизмнен» тұратынын айтқан едік. Әрі ол – қарапайым диалог емес, кейіпкер мен оның санасындағы ойдың диалогы. Бұл – көркем шығармада жиі қолданылатын тәсіл. Енді осы жерден сәл аялдап, романдағы оқиғаны әдебиеттанушы Михаил Бахтиннің диалогиялық концепциясымен түсіндіріп көрейік. М. Бахтин «диалогтық контексте ешқандай шекара жоқ» дей отырып, «ол шексіз өткенге не шексіз болашаққа да жөн сілтейтінін» айтады. Егер М. Бахтиндік таныммен қарасақ, романдағы осы бір мәтін талдауда қолданылған идеологиялық, саяси астары бар диалогизм Бердібек Соқпақбаев өмір сүрген уақытқа дейін де, одан кейін де әлі жалғасып жатқанын байқауымызға болады. Бұл – шын мәнінде, кеңестік жүйе жасаған пропаганданың «жемісі» ғана. М. Бахтин мәтіннен мұндай «астар іздеу» үнемі өзгеріп, кейінгі, болашақ диалогтың дамуы процесінде жаңарып отыратынын жазған. Себебі біз тек «мәтін» деп санайтын объект те, субъект те ешқашан толығымен өлмейді. Мүмкін емес. Әрбір мағынаға, мәнге қайта өмірге келу қасиеті тән. Сонымен қатар М. Бахтин, жазушының тек шындықпен ғана емес, оған дейінгі және сол кезеңдегі әдебиетпен де, яғни әдеби формалармен үнемі «диалогта» болатыны туралы ойды айтқан. Демек романдағы осы тақілеттес үзінді, Еркіннің қарапайым өлеңінен совет адамы мен капитализмдік астарды «тауып алуды» айтып тұрмын, Бердібекке дейін де болған. Мысалы, Алаш қайраткерлерінің әңгімелерінде де сол кездегі қоғам, халық пен билік, партия туралы ащы шындықтар жазылды. «Мәтіннен» өзіне қажет «астар» тауып алатын яки буквалист кеңес адамының тұрпаты суреттелді. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын алайық. Шығармада тек қазақ әйелінің тағдыры жазылмайды ғой?.. Оған қоса «Ақбілекте» ең маңызды тұс, кеңес адамының бойындағы «идеологияға сай» өзгерген мінез-құлық, ойлау жүйесі, кеңестік саясаттың қалай енуі, қанауы, отарлауы сияқты көріністер бар.  Айтпағымыз, Бердібек те сол кеңес адамының (оның қай ұлттан екені маңызды емес, қазақ та, орыс та болуы мүмкін) шын мәніндегі ақиқатты ұғына алмайтынын, ол тек өзіне қажет ақпаратты іздеп отыратынын жақсы білген және шебер жазған. Мұны М. Бахтиндік теориямен ұштастырсақ, интерпретатор тек өзіне қажет мәтінді, өзіне қажетті позицияны таңдайды дер едік. Енді аталмыш тенденция қайдан әрі қалай пайда болды деген сұраққа жауап іздейік.

Шыны керек, Кеңес үкіметінің қалыптастарған ең сұрықсыз «дәстүрінің» бірі – бюрократия. Себебі сол бюрократия тарихта «идеологияға бейімделген» кеңестік-қоғамдық сананы қалыптастарды, ал сана адамдарды «жасап» шығарды. Біздің пайымдауымызша, жазушы Бердібек Соқпақбаев сол кездегі бюрократиялық санаға үнемі қарсы шығып отырады. Және романда сол бюрократ кейіпкерлер үшін өмірдің қай кезеңі де қандай «несібеге толы» болғаны былайша суреттеледі:

«Соғыс біреуге соғыс болса, біреуге ырыс.

Нұрәлі, Жүністер үшін ырыс:

Басқарма мен бас бухгалтер екеулері бұл күнде көкте құдай, жерде өкімет бар екенін мүлдем ұмытқан. Колхоздың қоң ет, майлы сүбесіне тұмсықтарын қадап қойып, сорып жатқан сүліктер. Екеуі де әбден байып алған. Дүние-мүлікті бірімен-бірі жарысып, бәсекелесіп жинайтын болған. Шаладан Нұрәлі кілем сатып әкелсе, Жүніс те кілем сатып әкеледі», – дейді. Сұм соғыс қашанда елдің берекесін алып, халықты арытып, ашықтырары анық. Бірақ Нұрәлі мен Жүніс секілді бюрократияны өз пайдасына жарататын кеңес адамдары үшін олай емес. Ұжымдастыру болсын, соғыс болсын, қай-қай науқан – олар үшін пайда.

Кез келген қоғамның дамуы немесе құлдырауы сатысында түрлі процесс орын алады ғой. Жалпы бюрократияның табиғатын жіті зерттеген бір адам болса, бұл – белгілі мәдениеттанушы, әлеуметтанушы Пьер Бурдье. Ол жалпы бюрократияның табиғатын терең зерттей келе, бюрократияның логикасын заңнан ғана емес, оған ықпал ететін заттар мен ережелерден іздеу керегіне баса мән береді. Бурдье мұндай күнделікті, яғни тұрмыстық элементке кабинет, қолтаңба, мөр, аттестация, повестка сияқты заттарды жатқызған. Бұл элементті Бердібек Соқпақбаев та «Өлгендер қайтып келмейді» романында пайдаланған. Мәселен, жаңа ғана басқарма басшысы Нұрәлі мен бас бухгалтер Жүністің соғыстан да қалай пайда көріп отырғанын сөз еттік. Романда бас кейіпкер Еркін басшылардың осы тірлігіне ашық қарсылық танытады. Сөйтеді де, басқарма бастығы Нұрәлінің құрығына ілінеді. Оқиғаның бұл тұсы романда былай баяндалады:

«Қыс басында біздің колхоздан ФЗО-ға Әкпар дейтін бала алынған. Нұрәлі Әкпарды жек көретін. «Бұзық немені әдейі жібердім. Барсын, көзі жойылсын» деп, айызы қанып, айтып отыратын. (Нұрәлі ол кезде бізден сыр жасыра ма?)

Сонда Нұрәлі мен Ырысты Әкпарға да:

— Сені аудан шақыртып отырса, біз не істей аламыз? Біздің қолымыздан келері жоқ, - деп сылтау айтқан.

Әкпар қоржынын арқалап кете барған.

Енді мен де Әкпар болғалы отырмын. Бұл Нұрәлінің ісі екенін бірден білдім. Нұрәлімен ақылдаспай Ырысты бұл ауылда ештеңе де шеше алмайды.

«Аудан саған повестке жіберіпті» деулері өздерін арашалап қалу үшін айта салған жадағай, арзан айласымақтары», – дейді. Оқырманға түсінікті болуы үшін айтайық, ФЗО (школа фабрично-заводского обучения) дегеніміз – КСРО-ның төменгі типтегі кәсіби-техникалық мектебі. Былайша айтқанда, қарапайым шаруаның баласын кеңес адамы қылып жастайынан даярлайтын мектеп. Міне, осы жердегі «Сені аудан шақыртып отырса, біз не істей аламыз?» немесе «Аудан саған повестке жіберіпті» дейтін мәтін – Бурдье жазған бюрократияға ықпал ететін заттар мен ережелердің көрінісі. Бюрократиялық элемент – «повестке» болса, бюрократиялық ереже – «ауданның шақыртуы». Бірақ романда сол ФЗО-да оқыған Еркін ол жерден қашып шығады. Кеңестік ережеге, тәртіп пен заңға көнбейді. Бір таңғаларлығы, Бердібек Соқпақбаевтың көзін көрген замандастары кезінде Бердібектің де ФЗО-да оқып жүріп, ол жақтан қашып кеткенін айтады.

Жазушы жайлы айтылған естеліктер өте көп. Мәселен, ол туралы жазушы Төлен Әбдік: «Бұл қоғамда өмір сүріп жүрген адам емес еді. Бердібектің ойы, дүниеге көзқарасы ерекше болатын. Бердібекті оқыған адам оның заманға, қоғамға риза емес екенін аңғара алады», – дейді. Немесе жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай: «Ол – Кеңес Үкіметінің адам тағдырына деген саясатына іші жылымаған адам. «Шындықты жазбаған адам жазушы емес» деп 1966 жылдан кейін қолына қалам алмады. Себебі Бердібектің қолжазбасының ізіне түсті», – дейді. Иә, жазушының шынымен сондай болғанына ешқандай шәк келтірмейміз. Себебі бұл көрініс «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы Еркіннің бейнесінде жиі кездеседі.

Әлеуметтік-психологиялық ғылымдарда «конформизм» деп аталатын ұғым бар. Бұл тұлғаның қоғамдағы жүйеге, реттілікке, өзіне «бұйрық» беріп отырған ережеге бағынуымен өлшенеді. Яғни көптің істеп жүрген іс-әрекетін қайталауға бейім адамды әлеуметтануда «конформист» деп атайды. Ал ережеге бағынбайтын, өз пікірі мен ұстанымына адал тұлғаны «нонконформист» дейді. Осы тұрғыдан қарағанда романдағы бас кейіпкер Еркін – нонконформист тұлға. Ол өзінің айналасында болып жатқан жағдайды көптің санасымен емес, өз санасы арқылы бағамдайды. Мәселен, мұны романдағы мына мәтіндерден анық байқауға болады. Романдағы Еркін шынымен, өзінің есімі айтып тұрғандай, еркін, азат тұлға еді. Оны басқармадағылар ФЗО-ға алып кетсе де, ол сол жақтан қалай қашып кетуді ғана ойлайды.

Көңілім қаламайтын, сүймейтін іспен шұғылданғаннан да соғысқа бару маған мың есе артық көрініп тұрады. Онда не болса да тез болады, тез шешіледі, дейді. Немесе:

Оңбағандар, еркегі жоқ үйді, соғысқа кеткен азаматтың әйелін басынғандары ғой. Мен оларға көрсетемін әлі! Әділдік таппай қоймаймын! – дейді. Көрдіңіз бе? Тек нонконформист тұлға ғана осындай сөз айтады. Романдағы кейіпкер Еркін өз басынан өтіп жатқан теперішке қарамастан, кеңестік жүйенің жасаған шаблондарына қарсы шығады. Бірақ кейде жүйе жасап шығарған «Дәулетбаев» сияқты образдарға конформист сипатында қарап, нонконформизмін астыртын бейнелейді. Мәселен, Еркін оқуда жүргенде, оған Дәулетбаев дейтін мұғалімі сабақ береді. Өзі өлеңге әуес ұстаз, бірақ жазған-сызғаны тұтас халтурадан тұратын мұғалім образы романда былай суреттелген:

Ол жайлап өзіндік мәнерге салып, оқи бастады. Шынымды айтсам, бірінші өлеңнің бірінші шумағынан-ақ ұнамады маған. Жақсы өлең, ағып тұрған ақындық талант бірден белгілі. Ал мынау болса, қара дүрсін бірдеңе. Көңілге қона кетер әдеміліктен жұрдай. Ұйқастары шалажансар. Не болса, соған арнап жазылған арзан өлеңдер.

Дәулетбаев өлеңді, өзінше, Абайға еліктеп жазатын көрінеді. Бірақ онысы анау жаман, мынау жақсы, анадай болма, мынадай бол деген тәрізді жадағай құр ділмарсу. Терең ой, терең пікір кездесе қоймайды. Бала екеш бала білетін тым арзан қағидалар.

–  Мынау міне, сендерге, жастарға арнап жазылған өлең. Жөндеп тыңда, құлағыңа құйып ал:

Жас адамға әуелі талап керек,

Содан кейін тырмысып оқу керек.

Халқыңа, отаныңа қызмет қыл,

Құр далада қалмайсың болсаң зерек.

Әр өлеңді оқып болып, менен пікір сұрайды.

–  Қалай?

Мен, әрине, мақтаймын. Жақсы өлең, терең философияға құрылған өлең деймін. Өйткені ол мені мақтасын деп ертіп келді,-дейді. Байқасаңыз, бұл жерде Еркін конформист образда болып (өзінің нонконформист екенін жасырып), «мен, әрине, мақтаймын, ол мені сол мақтасын деп ертіп келді» деген принципті ұстанады. Егер тереңдеп кетсек, конформист болу, яғни «көп айтса, көнді, жұрт айтса болды» деу Шығыс қоғамының деспоттық түсінігі үшін үйреншікті, ал Батыс қоғамы үшін ыңғайсыз жағдай. Осы жағынан талдағанда, Еркіннің образы Батыс құндылығына еліткен образ ба деп те  қаласыз. Бірақ өзі қазақ бола тұра, ағайынан біршама жасқа кіші бола тұра Еркін мұғаліміне қарсы келсін бе?! Әрине, жоқ. Енді мұндай көзқарас бізге қайдан келді? Осыны түсіндіріп көрейік.

Романдағы және жалпы қазақ қоғамындағы жеке адамның пікір білдіру құқығының шектелуін түсіну үшін Макс Вебердің «мәртебе» ұғымын қолдануға болады. Әлеуметтік мәртебесі жоғары тұлғалар, бұл біздегі билік өкілдері, беделді ақсақалдар, жасы үлкен педагогтер болсын, қоғамдағы басым дауысқа әуелден ие болып алған. Себебі мұндай адамдарға қарсы пікір айту мәртебесі төмен тұлғаларға «қауіпті» саналды. Салдарынан мәртебелік иерархия жас пен қарттың, оқушы мен ұстаздың арасындағы диалогты бұзып, тек біржақты қолдауды күшейтті. Иә, сонымен қатар романдағы Еркіннің  «Мен, әрине, мақтаймын. Өйткені ол мені мақтасын деп ертіп келді» деуіне Кеңес Одағы тұсындағы қоғамдық сананың ықпалы айтарлықтай ересен болды десек, қателеспегеніміз шығар. Өйткені Кеңестік кезеңде қоғамның саяси және әлеуметтік құрылымы халықтың ой-пікірін шектеуге, билікті сынауға тыйым салуға бағытталды. Сөйтіп, қазақ қоғамында авторитарлық қатынас пен біржақты диалог мәдениеті қалыптасып үлгерді.

Сөз жоқ, әсіресе Кеңес дәуірінде білім беру мен мәдениет, әдебиет арқылы да партияның лозунгы, коммунистік идеология күшейе түсті. Мәселен, шығармадағы Дәулетбаев образы және оның өлең деуге келмейтін халтурасының өзінде: «Халқыңа, отаныңа қызмет қыл, Құр далада қалмайсың болсаң зерек» делінеді. Енді бұны коммунистік пропаганданың ұранынан туындаған «жыр» демей көріңіз... Егер осы екі жолға интерпретация жасасақ, «партияға, коммунистік идеяға адал бол, ол сені далада қалдырмайды» деген мәтінді оқыр едік. Десе де Еркін – шығарманың өн бойы сол кездегі қоғамдағы лас түсініктерге, жалаң қағидаттарға іштей қаны қас, антикеңестік образ. Автордың немесе кейіпкер Еркіннің мұғалімі жазған сол бір өлеңді «анадай болма, мынадай бол деген тәрізді жадағай құр ділмарсу» деп қабылдауы да содан. Иә, ол кезде мектептер мен жоғары оқу орындары коммунистік партияның ұстанымдарын насихаттауға бағытталып, тәуелсіз ойлау мен сыни пікірді қалыптастыруға мүмкіндік бермегені – бесенеден белгілі жайт. Бұл «идеологиялық тәрбие» адамдардың қоғамдағы шынайы мәселені көтеріп, өз пікірін еркін білдіруіне кедергі жасады. Осы бір тұстағы Еркіннің әрекеті де, сол кездегі жастың арасында беделді тұлғалар мен партия ұстанымына қарсы пікір айту ерсілеу саналып, тек «бас ию» мәдениеті әбден қалыптасқанын аңдатып отыр. Анығын айтсақ, Кеңес Одағында барлық әлеуметтік және экономикалық басымдық партия қолында болып, бұл жағдай таптық иерархияны рөлін қатты күшейткен.

Енді қазіргі қазақ қоғамына оралайық. Жай ғана Дәулетбаев образын алайықшы. Бақсақ, мұндай өміршең образдар қазір де біздің қазақ қоғамында бар. Тіпті толып тұр. «Менің өлеңім әлемнің бірнеше тіліне аударылды», «менің романымның тұсауы әлемнің мына қиырында кесіліп жатыр», «мен мұхит асып, қазақтың әдебиеті мен мәдениетін түгендеп келдім» дейтін комплексі көп образдар сол Бердібек Соқпақбаев жазған мұғалім Дәулетбаевтың жұрнағы емей немене дерсіз?.. Міне, кейде осыны жазушы қалай біліп жазған деп, еріксіз бас изейсіз...

Жалпы Бердібек Соқпақбаев – жазушылық қырынан бөлек, адам ретінде де ғұмыры қарама-қайшылыққа толы, тағдырдың тауқыметін көп көрген, сөйте жүріп кеңестік жүйенің «қызыл көз» режимімен қарсыласқан тұлға. Тіпті Мәскеуден білім алып келген кезінде де кеңестік жүйеге деген қарсылығын іштей тоқтатпағанын замандастары жақсы біледі. Мәселен, бұл туралы ақын Қадыр Мырза Әлі, «Иірім» кітабында: «Бекең ол кезде Мәскеудегі жоғары әдеби курсты бітіріп, жақында ғана елге оралған. Жай ғана оралған жоқ, жаңа бағыттағы жаңа жазушы, балалар әдебиетінің классигі болып оралды. Бүкіл Кеңес әдебиетінің, соның ішінде қазақ-кеңес әдебиетінің жалған бағыттағы жәдігөй әдебиет екенін түсініп келді. Республиканың «республика» емес, колония екенін ұғып келді. Сол жылдары Ташкентте Азия және Африка жазушыларының халықаралық конференциясы өтті. Міне, осы конференцияға Нұрсұлтан Әлімқұлов деген ақын екеуі бізді арнайы шақырыңыздар, біздің айтатын уәжіміз бар, біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз деп телеграмма жіберіп, біздің саққұлақтарды біраз састырған. Бұл заман үшін мұның өзі барып тұрған ерлік болатын. Жай ғана ерлік емес, көзсіз ерлік. Ол кәдімгі қан қақсаған сорлы әдебиеттің ышқына шыққан жан дауысы еді...», – дейді. Және романда автор кеңес режимі үшін адам тағдырының құны көк тиын болғанын былай суреттейді: «Елдің хәлі жүдеу, тым жүдеу. Кешегі тыныштық кезде қолдың саласындай болып, көшеге сыймай жүретін жігіт-бозбалалар қазір көрінбейді. Бәрі дерлік әскерде. Қайтқандары аз. Cay кетіп, ақсақ-тоқсақ мүгедек болып қайтқандар. Ауылда бұралқы иттер көбейген. Адам тұрмайтын жаман тамдарды мекендеген, кісі көрсе безіп жөнелетін жабайыланған мысықтар пайда болған», – дейді. Зұлмат жылдардағыдай қорқынышты картинаны көз алдыңызға әкеледі. Әрі сонау жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары жазушы мұндай тақырыптарды ешбір режимнен тайсалмай, қалай батылдық танытып жазды дерсіз... Иә, Бердібек Соқпақбаев әлемі әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Біз талдауға тырысқан «Өлгендер қайтып келмейді» романы да сол кездегі кеңестік саяси жүйе айтуға мүмкіндік бермеген тақырыптарды дәл Бердібек Соқпақбаевтай шебер жазған жазушы кемде-кем екенін дәлелдеп отыр. Сонымен сөз соңында, Бердібек Соқпақбаевтың жазушылығы да, тұлға ретіндегі қайраткерлігі де – бізге, соның ішінде енді ғана постколониалды тақырыптарға дендеп келе жатқан ұрпақ үшін таптырмас темірқазық дегіміз келеді.