Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын» номинациясы: Урбанизацияның әдебиетке әсері
145
оқылды

Бүркеншік аты: Батыр Бауыржанұлы

 

УРБАНИЗАЦИЯНЫҢ ӘДЕБИЕТКЕ ӘСЕРІ

немесе

СӨЗБЕН САЛЫНҒАН ҚАЛА СУРЕТТЕРІ

 

Француз классигі Оноре де Бальзак (1799-1850) шығармаларында Парижді мұхитқа теңейді. Бұл таңғажайып шаһардың «әр түкпірін, әр бұрышын білемін, барлық көшесін аралап шықтым» деген кісі қателесетіні анық. Өйткені, Бальзак: «Париж атты алпауыт мұхиттың сіз сүңгімеген шұңғымалары, сіз көрмеген кереметтері таусылмайды. Париждің сізді таңғалдырар ғажайыптары шексіз көп» – деп жазады. Сәулетін сипаттауға сөз жетпейтін әсем қаланы ғаламат мұхитқа балау – біздіңше, әдемі метафора.     

Әлемнің әр пұшпағында көркі көз қарықтырар шаһарлар бой көтеріп, дамыған сайын қаламгерлер де кітаптарында қала суреттерін сиқырлы сөзбен түрлентіп, салып келеді. Бұл мақаламызда солардың бірқатарына тоқталмақпыз.

Мәселен, француздың тағы бір сөз зергері Мишель де Серто (1925-1986) «Күнделікті өмір тәжірибесі» («The Practice of Everyday Life») атты кітабында Нью-Йоркты бейнелейді. Ол үшін автор Дүниежүзілік сауда орталығының 110-қабатына көтеріліп, төмендегі қазандай қайнаған қапылыстан алшақтап, бәрін жоғарыдан бақылапты. Сонда оған шаһардағы бір-бірімен бой таластырып, көкке ұмтылған зәулім ғимараттар алып бір тарақтың тістеріндей елестейді. Қаламгердің қиялы  ұшқыр ғой. Біресе, қала оған біртұтас мәтін секілді көрінеді. Биік-биік нысандардың әрқайсысы – сол жазбадағы бір-бір әріп іспетті. Тізілген ғимарат-әріптер әуелі сөздерге, кейін қатарласқан сөйлемдерге айналып, әлдене айтқысы келетіндей. Оны енді көру, оқу үшін көкірек көзі керек шығар... Осыны меңзеген Мишель де Серто төменге қараса, құмырсқадай құжынаған қарақұрым жұртты көзі шалады. Бәрі де әлдеқайда асығыс. Қаламгердің ойынша, әр адам жүрген ізі, жолы арқылы әлдебір мәтінді жазып барады. Бірақ оны өзі оқи алмайды. Себебі тым қарбалас, өте асығыс. Яғни, қаладағы әр кісі – өзі оқи алмайтын жазбаның авторы. Төл туындысын оқу үшін, де Серто секілді биікке көтеріліп, «терең ойдың телміріп соңына еру» (Абай) керек болғаны ғой...

Қаланың әрқайсымыз күнде куә болып жүрген қарбалас тіршілігінен де осындай көркем бейне, тағылымды түйін көре білген жазушылардың шеберлігіне, кемеңгерлігіне таңғаласың әрі сүйсінесің. Сондай майталмандардың бірі – британиялық әдебиетші Айн Синклейр (1943 жылы туған). Оның 1997 жылы шыққан «Lights Out for the Territory» (тікелей аударсақ – «Аумақта шамдар сөнді») деген кітабы бізге айрықша ұнады.            

Аталған туындысында А. Синклейр Лондонның тыныс-тіршілігін суреттейді. Сөз зергерінің жазуынша, шаһар көшелерінде бұқара сеңдей соғылысып, ары-бері ағылады. Бірақ бәріне де ортақ сипат – ешкім басын көтермейді. Яғни, тұрғындар төңірегіне мүлде қарамастан, діттеген жеріне апыл-ғұпыл асығып бара жатады. Құдды бір аңыздар мен мифтердегі небір қанатты құбыжықтар, зұлым күштер көкте қалықтап, күзетіп, аңдып жүргендей. Егер кімде-кім басын көтеріп, айналасына көз салар болса, лезде соның жанын алатындай. Таңертең үйден жұмысқа, кешке жұмыстан үйге асығып, ешкіммен араласпай, ештеңеге бас қатырмай зымырап өтіп жатқан шаһар өмірін автор осылай жеткізеді.

 Сонымен қатар, британиялық қаламгер қалалықтарды құмырсқаға теңейді. Бұл жәндік түрін ұрпақ өрбітетін, дене тұрқы басқаларына қарағанда анағұрлым ірі аналық құмырсқа илеуде жатып басқаратыны энтомологиядан белгілі (энтомология – жәндіктерді зерттейтін ғылым). Қалалықтар да сол әлдебір көзге көрінбейтін ханшайымға бағынып, құлдық ұратын құмырсқалар сияқты, Синклейрдің пікірінше. Өйткені, құмырсқалардай олардың да есіл-дерті – қызметте, жұмысынан басқа ештеңені ойлауға уақыты да, мұршасы да, зауқы да жоқ.

Біз талдап отырған кітабында Айн Синклейр темекі шегетіндерді сынға алады. Себебі шылымқорлар никотинге тәуелді. Олар темекі тартып тұрғанда, ішкі әлемінде рахатқа батып, тұңғиық ойларға сүңгіп, төңірегіндегі жәйттарды байқамайды. Қақ алдынан тіпті отқа оранған жылқы шыңғыра кісінеп шауып өтсе де, оны көрмес, естімес еді. Автор темекі тартатындардың абақты тұтқыны болу үшін жаралғанын жазады. «Түрмедегілердің бәрі де шылым шегуі тиіс. Олар қатерлі ісікке шалдығады. Абақтыға сол үшін түсті. Олардың өзі – обыр. Ал түрме – обырдың ошағы» («All prisoners have to smoke. They are supposed to get a cancer. That is what they are there for: they are a cancer. Prisons are cancer factories»)дейді Синклейр. Бұл жерде қаламгер ойын образды түрде жеткізгенін ескеруіміз керек. Оның түрме дегені – қала, қала өмірі, қалалық қоғам. Түрмеде тұтқындар темекі шегіп обырмен ауыратыны секілді, шаһардың қым-қуыт тіршілігі де адамды ештеңені байқамайтын «немқұрайлылық» дертіне шалдықтырады. Яғни, әрқайсымыздың ішімізде бір «шылымқор» бар. Темекі шегетін адам шылымының түтінін будақтатып тұрғанда, алдынан шауып өткен өртенген атты көрмейтіні секілді, біздің де сондай бір «шылымымыз», әлденеге тәуелділігіміз бар. Сол тәуелділік бізге елдегі, тіпті, дүниедегі ушығып тұрған мәселелерді байқатпайды...

Сондай өзекті проблемалардың бірі ретінде жазушы экологияның бүлінуі, жаһандық жылыну тақырыптарын қозғайды. Оның сөзінше, ауаның ластанғаны соншалық – қазір көшеде күн сайын «дизель-сорпасы мен түтін-коктейлін «ішіп» жүрміз». Яғни, табиғат біздің немқұрайлылығымыздың кесірінен сырқатқа шалдықты. Қоршаған ортаның ластануы, экожүйенің бұзылуы адамдардың өзіне де орасан зиянын тигізуде. Қан қысымы, жүрек аурулары, аллергия, қатерлі ісік т.б. көптеген дерттің шектен тыс көбейіп кетуі де сол Табиғат-Ананың ластануынан емес пе?! Денсаулықтың нашарлауы ғана емес, күйзеліс, ашушаңдық, тез шаршау секілді кісінің ішкі жан дүниесіндегі жағымсыз өзгерістерге де әсер ететін осы себеп екені шүбәсіз.

Демек, Айн Синклейр шаһардағы ығы-жығы, қарбалас ғұмырды түрлі метафоралармен суреттей келе, қалалықтардың аса маңызды мәселелерге мән беруге шамасы жоқ екенін түсіндірген. Оның жазушылық шеберлігіне тәнті болғаннан болса керек, британиялық тағы бір қаламгер Роберт Макфарлейн Синклейрдің осы кітабы туралы «The Guardian» газетіне мақала жариялады. Онда «Синклейр культтік автордан ұлттық қазынаға айналды» – дейді Макфарлейн.

Экология, жаһандық жылыну тәрізді адамзаттық масштабтағы, ғаламдық деңгейдегі түйткілді дүниелерді айтпағанда, өз мемлекетімізде де проблемалар шаш етектен, негізі. Әйтсе де, қаладағы бітпейтін күнкөріс қамы, қауырт тірлік, ың-шың тіршілік бізге соларды еске алуға, сезінуге мүмкіндік бермейді. Жоғарыда жазылған кітаптар осы мәселені ұқтырады, бір сәтке болса да күйбең тірлікті қоя тұрып, елдің, адамзаттың қамын ойлауға жетелейді.

Шығармаларында бұл тақырыпта қалам тербеуден қазақтың ақын-жазушылары да қалыс қалмаған. Бірер ғана мысал келтірелік.

Ақын Фариза Оңғарсынова:

Қаланың тас көмкерген тірлігінен,

жаныма жай таба алмай зыр жүгірем.

Биікке талпынсам да, тырп еткізбей

әйтеуір тұмшалайды түрлі жүген, –

деп жырласа, ал Күләш Ахметова «Қалалар мен адамдар» деген өлеңінде былай дейді:

Жылдар өтсе,

Алынады жаңа асу,

Бірін алсаң,

Алдан шығар жаңасы.

Бірте-бірте келе жатыр жақындап

Қалалар мен қалалардың арасы.

Жылдар өтіп,

Жаңаруда бар асу,

Бірін алсаң,

Алдан шығар жаңасы.

Бірте-бірте бара жатыр алыстап

Адамдар мен адамдардың арасы.

Расында да, бүгінгі қаладағы өмір салтын, тіршілік ағынын осы шумақтардан-ақ көруге болатындай.

Алайда халықтың жаппай үлкен шаһарларға көшуін, яғни, урбанизацияны енді ешкім тоқтата алмайтын шығар. Себебі кім-кім болса да, сәулетті, жайлы әрі өркениетті жерде тұрғысы келеді. Одан бөлек, қазір жас буынның түсінігінде қалада өмір сүру – танылудың, табыстың болудың, кәсіпті дамытудың немесе қызмет бабында өсудің шарты. Сондықтан шаһарларға ағылған жұртты кінәлай алмаймыз. Бірақ далалық дархан болмысты, ескен самалдай аңқылдаған мінезді, жұпар шашқан гүлдей тазалықты жоғалтып алмасақ екен дейсің. Күн сайын үй мен жұмыстың арасында сабылып, өзге дүниенің бәрін ұмытқан құлтемір-роботқа айналмасақ екен дейсің. Ал бұл үшін шаһардың у-шу тіршілігін суреттеген шығармаларды оқып тұру артық етпейді.