«Әдеби сын» номинациясы: Қазақ әдебиетіндегі эстетика

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Император

 

Қазақ әдебиетіндегі эстетика: қазақ прозасы немесе Тұрсын Жұртбайдың көркемдік шығармашылығындағы сұлулық сыры

 

Мұхаммеджан Қаратаев «Әдебиет және эстетика» еңбегінде былай деген: «Эстетика әсемдікті зерттейтін ғылым десек, әсемдікті танытатын қоғамдық сананың ерекше саласы – өнер». Иә, орынды айтылған пікір. Ал, өнер атаулының басты объектісі – адам. Мен олардың ешқайсысын адамға берер ләззаты жағынан бөліп-жарып қарағым келмейді. Оның үстіне, әсемдік, сұлулық сияқты категорияларды тек әйел бейнесіне таңып қойып, қатып-семіп қалған қасаңқағидаға да бой ұрғым келмейді. Өнер атаулының ішінде, қай-қайсысы болсын да оқырманын, көрерменін, тыңдарманын сұлулыққа тәрбиелей алса, өнер дәрежесіне көтеріле алады деп ойлаймын. Киелі кітаптардың бірінде жазылғанындай, алдымен сөз пайда болған болса, бүгін мен осы тақырыпты, яғни сөз сұлулығы жайлы аз-кем қаузағым келіп отыр. Иә, сөзді біз, кие дейміз. Сұлулықтың бастауы – табиғат болатын болса, адам – сөзсіз табиғаттың жемісі. Сөз – қару. Онымен қан шығармай жаралауға да болады, яки, қансыз жараны емдеуге де болады. 

Арғы-бергі әдебиетте «сөздің сұлулығына» табынған қаншама адамдар болған. Сұлулықты сезіну үшін де талғам керек. Таласбек Әсемқұловтың айтатыны да сол: «Талғам – эстетикалық ар-ұят». Талғамға бұдан асқан өлшемнің де керегі жоқ. Сұлулықтың сырын алабөтен сезінетін де – өнер иелері. Оның ішінде, ақындар мен жазушылар. Мен оларды қоғамнан бөліп қарағым келмейді, десек те, адамның жаратылысының мәніне ұмтылатын, жоқты іздеп шарқ ұратын да осы топтың өкілдері.

Жоғарыда айтқанымыздай, бүкіл жаратылыстың бастауы – табиғат. Осы табиғаттың әсемдігіне үздікпейтін, сұлулығына табынбайтын ақын-жазушылар жоқ шығар!? Қарапайым адамдар мән бере бермейтін күнделікті өмір құбылыстары, олардың шығармашылығының арқауы. Ағаштан құлаған жапырақта бейне бір өлең жасырынып тұрғандай, барлық жерден сұлулық іздейді. Айтыңызшы, бетіңізден ескен желден, сарғайған жапырақтың үзілгенінен немесе ағаштың бүршік атқанынан, гүлдердің жайқалып өскенінен, көзіңізді байлағаннан тұманнан, сәбидің күлкісінен, адамдардың жүзіндегі мейірімді жымиыстан ләззат алып көрдіңіз бе?! Егер, ләззат алып көрсеңіз, демек, сіз – тірісіз. Жүрегіңіз өлмеген. Ал бұл аталған құбылыстар сөз иелеріне миллион есе әсер етеді. Себебі, олар құбылмалы көңіл-күйдің, «тентек желіктің» иелері.

Дидар Амантай бір сұхбатында: «Әдебиет дегеніміз – сағынышқа құрылған мөлтіл әңгімелер» деген еді. Мен бүгін осы сағыныш аңқыған «мөлтіл әңгімелердің» иесі – Тұрсын Жұртбайдың көркем туындыларына тоқталғым келіп отыр. Аты айтып тұрғандай, кез келген шығарма көркемдік дәрежесіне көтеріле алса, өнер болады. Автордың өзі айтқандай көркем туындылары жастық шағында, яғни, отыз жасына дейін жазылды. Одан кейін көркем шығармаға Тұрсын Жұртбай бет бұрмады. Меніңше де, көркем шығармалар жастық шақта жазылған дұрыс. Сезімге бой ұрып, аңғал да адасқақ кезде жазылған шығарма – шын шығарма.

Қаламгердің «Қар астындағы көбелек» (үштаған. І. «Ұш, маған, ұш, балалығым», ІІ. «Қар астындағы көбелек», ІІІ. «Күн – өмірдің жанары») «Мөлдір көз» (философиялық этюд), «Бесқарагер» («Жанарыма тұнған жасым ең», «Өртенген өлең», «О, сұм дауыс!..», «Жүрегімнің почтасы», «Соңғы нота»), «Түйешінің қызы», «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі» сияқты көркем дүниелері бар. Енді автордың тақырып қоюдағы шеберлігін айтсаңызшы! Әрқайсысы «Мені оқы» деп тұр ғой?! Әсіресе, атаулардан сезілетін поэтика қандай?! Тұрсын Жұртбайдың прозаға қалам тартпас бұрын поэзия жазғаны білініп тұр. «Прозаныңпатшасы – шоқтығы биік ақындық проза, екінші тараптан, ақындық проза дегеніміз ақ өлең немесе кәдуілгі әсем поэзия, жыр, қисса» (Дидар Амантай). Ал мен осы айтылған пікірді, поэзия- музыканың қағаз бетіндегі нұсқасы деп дамытар едім. Иә, Тұрсын Жұртбайдың шығармаларынан поэзияның иісі аңқып тұр. Егер, аталған прозаларды оқыған болсаңыз, әрқайсысынан еріксіз түрде әлдебір музыканы естіген болар едіңіз.

Ол сізді Johann Strauss-тың «Жаңбыр музыкасы», Mozart-тың «Періштелердің әуені», Beethoven-нің «Айлы сонатасы», Chopin-нің «Көктемгі вальсі» болып өзіне елітеді, баурайды.

«Бір уыс жусан» деген элегиялық әңгімесінде: «Мынау күзде түскен ағаштың жапырағы сияқты, менің өмірімнің де ерте сарғайып, үзілгені ме...білмеймін»- дейді. Адамның үзілер, соңғы демі таусылар шағын жапырақтың сарғаюымен салыстырып, әдемі бір жеңіл мұң сыйлайды. Енді әңгіменің соңындағы басты кейіпкеріміз Төлеудің ағасымен бақұлдасу сөзін қарайық: «Қош, енді елес болып көрінбеспін. Қазір жарыққа айналамын да, кеңістікке сіңіп жоғаламын. Сенің жүрегіңде тек қана естеліктер қалады. Мүмкін, оянғанда кірпігіңе ілінген сәуле болып, мүмкін, аязда тоңғанда бетіңді жылытқан шуақ болып төгілермін. Әйтеуір, саған жылу сыйлаймын. Мені іздеме, қош... Сәулең молайсын тіршіліктегі. Мен қазір ұшамын. Әне, құстар керуені келеді. Таң нұрын қанаттарымен ілестіріп келеді. Сәуле ғой. Өмірімнің сәулесі...Қош». Мінекей, дүниенің жарығы соңғы рет көрінер тұста, өз жанының сәулесін басқа адамдарға сыйлауға асық Төлеудің жаны, жүрегі неткен нәзік десеңізші?! Осы сөздерді кейіпкердің аузына салып отырған автордың жаны не деген сезімтал десеңізші?! «Оянғанда кірпігіңе ілінген сәуле, тоңғанда бетіңді жылытатын шуақ боламын» дейді ғой... Расында, «ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей» сөз.

«Жанарыма тұнған жасым ең» атты «Бесқарагердің» алғашқы бөлімінде: «Сен менің жанарыма тұнған тұнық тамшым, көз жасым екенсің ғой. Демің мен лебің, рухым мен жүрегімді мекендеп келіпті. Саған салған бір шым-шым топырағым – осы көз жасым». Бұл, заман өзгергенде жас отбасын, сүйген жарын тастап алысқа кеткен адамның зары. Көп жылдар өткеннен кейін сүйгенінің елесі қайта-қайта түсіне еніп, жаны жай таппаған соң жылаған кейіпкердің көз жасы. Көз жасым – саған салған топырағым дейді. Бұлкеудесін өксік кернеген, өкініш кернеген жанның наласы. Қасіретті болса да, осындай жүрегіңнің күл-паршасын шығаратын сөзге қалай табынбайсың!?

«Қар астындағы көбелек» үштағанынан мысал келтірейін: «Егер жарық дүниенің жалғыз тал сәулесі өшер тұста, кешкен ғұмыр, көрген тіршілігіңдегі жұбанышың не деп жанашыр жаныңның бірі сұрай қалса: - Балалығым! – дер едім». Расында, біз ауық-ауық өткенді еске аламыз. Сол бір «таза әлемімізді» аңсаймыз. Барлық кешкен ғұмырыңның мәні де сол балалық шақта. Роза Әлқожа орындайтын бір әннің сөзі есіме түсіп отыр: «Көзімді жұмсам көрінеді көш, Көшіп барады балалық шағым» - дейді. Екеуінің арасындағы гармония айтпаса да сезіліп тұрған болар. Сұлу ма, сұлу!

Хош, Тұрсын Жұртбайдың көркемдік шығармашылығы сәбидің іңгәлағанындай тәтті, бозторғайдың шырылындай әсем, таңның шапағындай шуақты,ежелгі кітаптардай дана, ананың алақанындай ыстық, әженің әжіміндей терең, құстың қауырысынындай жеңіл. Оны тек сезіну керек. Жұртбайдың шығармашылығынан сіз сағымға сіңіп кеткен өз бейнеңізді көресіз. Көресіз де жылайсыз. Ал автордың миссиясы да сол, жүректі жібітіп, шерді тарқату. Дидар Амантай айтқандай, «көркем әдебиеттен сіз білім іздемеңіз», сұлулық іздеңіз. Ал, сұлулықтың сыры – ол, Сіз!