Қазақ «жүргенге жөргем ілінеді» дейді. Ұлт танымындағы бұл ұғым әдетте белсенді болуға, алыс-берісті нығайта беруге үндейтіндей көрінетіні бар. Мемлекет басшысының сапарларына қатысты да осылай деуге болады.
Президент ұшағы: салымы мол сапарлар
513
оқылды

Айталық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы он күнде екі мемлекеттік сапарға шығып, бір саммитке қатысты. Ресми кездесулер мен ірі басқосуларда 6 елдің президентімен, бір елдің премьер-министрімен жолықты. Біздің пайымдауымызша, Мемлекет басшысының әр сапары Қазақстанның дамуын жеделдетіп, ел ішіндегі һәм аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған қадам болса керек.

Атың барда желіп жүріп жер таны

Әрине, Мемлекет басшы­ла­ры шетелге сапарға жер та­ну үшін шықпайды. Асын бе­ріп ел тану­ды да мақсат тұт­пай­ды. Алыс-жа­қын шетелдерге ат­та­­на­тын бас­шылардың өз мас­қат­тары болады. Ел­дің мүддесі үшін әре­­кет етеді. Қа­зақстан да дәл осы ере­жеден ауыт­қымақ емес.

Аптаның басында Қасым-Жо­ма­рт Тоқаев Францияға мем­ле­­кеттік сапармен барған бола­тын. БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты мү­шесі, ядролық қаруы бар, атом энер­ге­тикасы саласын­да әлемдегі же­тек­ші елдер қа­та­ры­на кіретін Фран­ция – Қазақ­стан­ның страте­гия­лық серік­тес­­терінің бірі. Ірі инвестор әрі жаһандық сая­сатта өзіндік орны бар мем­лекет ретінде Франция еліміздің көпвекторлы ұстанымда айрық­ша орын алады. Мамандар Фран­ция­ның Қазақстанға салған ин­вес­тициясының көлемі 2025 жыл­дың басына қарай 20 млрд дол­ларға жететінін болжап отыр. Одан бөлек, биылғы 9 айдың өзін­де өзара тауар айналымы 4,2 млрд долларға жеткен. Осы жол­ғы сапар барысында тараптар жал­пы сомасы 2,2 миллиард дол­ларды құрайтын 24 ведомст­воа­ралық келісім мен коммер­ция­лық шартқа қол қойды. Бұл кел­сім­дер­дің игілігін бұқара ал­да­ғы жылдары көреді. 

Франция Қазақстаннан мұ­най, астық, фосфор сияқты өнім­дер алса, біз француздар өндіретін тех­никаларға мұқтажбыз. LSM сай­ты Қазақстан бір жыл ішінде Франциядан 11 ұшақ, 820 дана буль­дозер, жүк көтеру техниксы тәрізді өнімдерді, 1 100 транс­фор­­­­матор, 195 трактор алғанын жазды. Қазақстанға Франциядан жет­кізілген косметика өнімдері­нің салмағының өзі 921 тонна бо­лыпты. Одан бөлек, Фран­ция­дан дәрі-дәрмек те сатып аламыз. Елімізде француз капиталы бар 200-ден астам бірлескен кәсіп­орын жұмыс істейді.

Қ.Тоқаев Франция президенті Э.Макронмен кездесуінде осы жай­ды айтқан еді.

– Қазір мемлекеттеріміз ара­сын­да белсенді және сенімді сая­си диалог бар. Қазақстан мен Фран­ция халықаралық сахнада ты­ғыз байланыс орнатып, көп­жақты құрылымдар аясында бей­бітшілік пен орнықты даму қа­ғи­даттарын ілгерілетуде. Фран­ция – біздің аса ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Сіздің еліңіз – Қазақстан экономикасына мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Бүгінде Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге ынталы француз бизнес өкілдеріне шынайы ризашылы­ғым­ды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Олардың арасында Alstom, Total Energies, Air Liqui­de, Orano, Vicat, Danone, Lactalis секілді алпауыт компаниялар бар. Әдетте, азаматтық өнеркәсіп салаларында жұмыс істейтін осы­нау компаниялармен қатар, Қа­зақстан қауіпсіздік саласында да француз кәсіпорындарымен ын­­ты­мақтастық орнатауға мүд­делі. Осыған дейін Thales ком­па­ния­сымен бірлесіп радиоло­ка­ция­лық стансалар құрас­ты­рыл­ған еді. Бұл бағыттағы ынты­мақ­тас­тық да жалғасатын сыңайлы. Ай­­­­тал­ық, Президент сапары ба­ры­­­сында Қазақстанның Цифр­лық даму, инновациялар және аэ­роғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Парижде бұлт­тық тех­нологиялар саласындағы же­текшілердің бірі – Clever Cloud, ғарыш және авиа техноло­гия са­ласындағы алпауыт Airbus, жа­санды интеллект бағытында жұ­мыс істейтін Synchrotron Soleil тә­різді компаниялардың өкіл­де­рімен кездесті. Бұл кездесулерде кө­біне қауіпсіздік саласына қа­тысты мәселелер талқыланған еді. Бір сөзбен айтқанда, Пре­зи­денттің Францияға сапары Қа­зақ­станның дамуына ғана емес, қауіп­сіздігіне де қызмет ететін ке­лі­­сімдерге қол жеткізуге мүм­кін­дік берді деген сөз. Әрі ресми Астана жақтайтын халықаралық жобалардың толық жүзеге асуына да ықпал ететіні сөзсіз.

Халықаралық жобалар де­геннен шығады, Қазақ­стан үшін бүгінде Орта дәліз ата­латын транзиттік бағыттың маңызы орасан зор болып тұр. Қы­тайдан басталатын заманауи «Жі­бек жолы» Қазақстан жері арқылы Әзербайжанға, одан әрі Еу­ропаға жетуі керек. Осы бағыт­ты «Орта дәліз» деп атап жүрміз. Қ.Тоқаевтың Францияға сапары кезінде «Орта дәліздің» өзектілігі де ес­керілгені анық. Айталық, фран­­цуздарға уран керек. Ал оны Ор­талық Азияның бірнеше елі, соның ішінде Қазақстан өндіреді. Біз­дің уран өндірісіміздің үлесі өз­гелерден біршама жоғары еке­ні тағы бар. Осы өнімді Фран­ция­ға жеткізуде «Орта дәліз» айырықша рөл ойнайды. Ал «Орта дәліздің» бойында түркі мемлекеттері ор­на­ласқан. Содан да шығар Пре­зидент ұшағы Парижден тікелей Бішкекке қарай ұшты. 

коллаж: Елдар ҚАБА

Бішкекте Түркі мемлекет­тері ұйымының ХІ сам­ми­ті өткен еді. Түркілер бас қос­қан жиында да «Орта дәліздің» маңыз­дылығы назардан тыс қал­ған жоқ. Қазақстан Прези­ден­ті ТМҰ-ны дамыту, ынты­мақ­тас­тықты тереңдету, ортақ ақ­парат­тық кеңістік қалыптастыру тә­різ­ді мәселелерді көтерген. Әріп­т­естерінің түрлі ұсынысын да тыңдады. Жалпы, ішкі өнімі 1,9 трлн долларға жеткен ТМҰ-ға мүше елдерінің мүмкіндігі зор еке­нін Мемлекет басшысы жақ­сы біледі. Ынтымақтастық ар­қы­лы инвестицияны ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өн­дірілген тауарды шетелдерге оңай сатуға болады. Сонымен бір­ге бауырлас халықтардың ара­сындағы рухнаи жақындықтың өзі өзекті. Қазақ аңызында айты­ла­тын, Шыңғыс қағанның ұлда­ры­на жебе сындыртатын тәмсі­ліндегідей, берекенің маңызын осындайда көреміз.

Айтпақшы, Президенттің он күн ішінде барған елдерінің бірі – Моңғолия еді. Томаға-тұйық күй кешіп жатқандай бол­ғаны­мен, тарихи тамырластығы бар ел­де 100 мыңнан астам қан­да­сы­мыз мекен етеді. Саясаттанушы Асхат Қасенғали ондағы қазақ са­ны 120 мыңнан асуы мүмкін еке­нін де жазған еді. Әрі страте­гия­лық тұрғыда бұл ел де Қазақ­стан үшін маңызды екенін атап өт­кен. Ал Қазақстан басшысы бұл елге 16 жылдан соң мем­ле­кет­тік сапар жасапты. Осы сапарда Қазақстан мен Моңғолия ара­сын­да стратегиялық серіктестік ор­нату туралы декларацияға қол қойылды. Арадағы сауда-сат­тықты 150 млн-нан 500 млн дол­лар­ға жеткізу мақсаты да айтыл­ды. «Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Екі ел Үкіметі нақты шаралар қа­былдайды. Сауда-эконо­ми­ка­лық байланысты арттыру жөнін­дегі Жол картасына қол қойдық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшы Айбар Олжаев Пре­зиденттің Моңғолияға сапары Қазақстан үшін пайдалы екенін атап өтті. «Қазақстан алдағы уа­қыт­та Моңғолияда вакцина өн­дірісін ашпақ. Бұл қазақтың ве­те­ринарлық вирусология са­­­­­­ла­сындағы үлкен жеңіс. Со­ны­мен бірге Моңғолияның қазба бай­­лықтарына есік ашылды. Біз­дің көздеп отырғанымыз бок­сит еді. Енді отандық инвес­тор­ларға Моңғолияда жұмыс істеу жеңілдемек», – деп жазды ол.

Қысқасы, он күн ішінде Қа­зақ­стан басшысы жасаған са­пар­лар мемлекет қазынасына қо­сым­­ша қаржы түсіретін, елдің ха­лықаралық сахнадағы ықпалын арт­тыратын мүмкіндік жасап бер­ді. Кей сарапшылар бұл са­пар­лардың пайдасы 3 млрд дол­лар­дан асуы мүмкін екенін ай­тады.

Дипломатия олжа салады

Негізі, кез келген мемле­кет­­­тің басшысы шете­л­дер­ге бағытталған сапарларға мұ­қият назар аударады. Қазақ­стан да солардың қатарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ше­тел­ге сапарларын, халықаралық жиын­дарға қатысқан сәттерін ой елегінен өткізгенде сыртқы сая­сат­тың жүйелілігі бірден көзге тү­седі. Президент БҰҰ-ны ре­фор­малау идеясын қолдайтынын бірнеше мәрте байқата жүріп, осы ұйымдағы жетекші елдермен қа­рым-қатынасты да нығайтуға барын салып келеді. Шығыстағы Қы­тай да, теріскейдегі Ресей де, осы аптаның басында ат ізін сал­ған Франция да – БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінде шешуші рөл атқаратын мем­лекеттер. Олардың ешқай­сы­сымен жүз шайысуға мүдделі емес­піз. Айталық, осы айдың ішін­де Ресей президенті В.Путин мем­лекеттік сапармен Қазақ­стан­ға келеді. Ал келесі аптада Баку­де COP29 деген атпен БҰҰ-ның климат жөніндегі саммиті өте­ді. Қазақстан тарапы бұл сам­мит­ке қолдау білдіретінін бірне­ше мәрте мәлімдеген. Тіпті, бас­қо­­­суға Президент те баруы мүм­кін. Біздің пайымдауымызша, мұн­дай басқосуларда ресми не­месе бейресми кездесулердің, әң­­­гімелесудің болуы қалыпты дү­ние. Әрі мұндай жиындарды қолдау арқылы Қазақстан БҰҰ-ны реформалап қана қоймай, оның жұмысын жетілдіруге мүд­делі екенін де байқатады. Мұны Қа­зақстан сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі ретінде бағалаған дұрыс. 

БҰҰ нормаларының сақ­талуын жақтау сөзден ғана емес, нақты істен де көрініп тұруға тиіс. Айталық, Қазақстан БҰҰ-ның әр мем­лекеттің аумақтық тұтас­ты­ғына кепілдік беретін ұстанымын қолдайды. Демек, өзінің сыртқы саясатында бұл нормаларды бұзатын қадамдарға бармауы керек. Дипломатия деген осы. Ал дип­ломатия қазір Қазақстанға олжа салып тұр. Әрі ел дамуына да, мемлекеттің қауіпсіздігіне де қыз­мет етіп келеді.

Ардақ СҰЛТАН