Цифрлық теңге төлемді жеңілдетеді

Елімізде бірнеше жылдан бері мемлекеттік қыз­мет­тердің қолжетімділігі ар­­тып, цифрлық инновациялар белсенді түрде енгізіліп келеді. Әсіресе, соңғы үш жыл­да мемлекеттік қаржы ресурстарын тиімді басқаруға және ыңғайлы сервистер құ­руға бағытталған көптеген цифр­лық шешім іске қо­сы­луда. Жақында Астанада өткен Digital Finance Day шеңберінде таныстырылған жобалар – сөзіміздің жарқын мысалы.

Атап айтар болсақ, шара аясында Са­лықтық әкімшілендірудің бірыңғай цифр­лы платформасы, Smart Data Finance, «Элек­трондық мемлекеттік сатып алу» ақпарат жүйесі, Кәсіпкердің бірыңғай жеке каби­неті, Тауарлардың цифрлы ката­логі мен E-Qazyna платформасы сынды бірне­ше цифр­лы өнімнің артық­шы­лықтары көп­­шілікке таныс­тырылды. Бұл жүйелер салық төлеу­­шілердің түрлі са­наттарына мемле­кеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы жолмен қолда­нуға, сондай-ақ импорттан немесе өндіріс­тен бөлшек саудаға және экспортқа дейінгі тауарлар тізбегін қашық­тан бақылап, тәуе­келдерді азайту мен ашықтықты арттыруға мүм­кіндік береді.

Қаржы нарығының алпауыттары бас қосқан айтулы жиында Қаржы вице-ми­нистрі Әсет Тұрысов әлемдік нарықта эко­номикалық процестерді цифрлан­­дыру­дың маңызы туралы сөз етті. 

«Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қына Жолдауында бірнеше рет барлық салада цифрландыруды енгізудің маңыз­дылығын айтып, тиісті міндеттер жүк­­­те­ген-ді. Қазіргі әлемде цифрландыру кез келген экономиканың орнықты дамуы­­ның маңыз­ды элементіне айналып отыр. Біздің мінде­тіміз – мемлекеттік қаржы жүйесінің және онымен байланысты бар­лық процестің қол­жетімділігін күшейтіп, ашық және аза­маттардың ыңғайлығына бағдарланған қыз­метті жолға қою», – деді ол.

Мемлекеттік қаржының цифрлық тран­с­­формациясы қызмет көрсетудің жаңа деңгейін қамтамасыз етуге көмекте­­­седі. Бұл бизнестің дамуына және азамат­тардың өмір сүру сапасын арттыруға ық­пал етеді. Қаржы министрлігінің мә­­лім­деуінше, мұндай жо­балар шешім қабылдау кезінде адами фак­торды жоюға, сыбайлас жем­қорлық тәуе­келдерін азайтуға және мани­пуляция мүм­­кін­­діктерін азайтуға бағыт­талған. Осы арқы­лы азаматтар мен биз­­­­­­­нес­­тің мемлекет­тік жүйеге деген сені­мін нығайту көзделген.

Халықаралық валюта қорының мә­лімдеуінше, соңғы уақытта цифрлық тех­нологиялар қаржы саласында ауқымды өзгерістің туындауына негіз болып отыр. Өйткені байланыс саласындағы сандық технологияның жетістіктері цифрлық ақ­шаның және басқа да қаржы техно­­ло­гия­ларының жаңа нысандарының тара­луына түрткі болды. Ұйым жаңа цифрлық қолма-қол активтердің қатарында орта­лық банк­тердің цифрлық валюталары, элек­трондық ақша, крипто-активтер және тұрақтылық активтері бар деп жариялады. Астанада өткен жиында осы аталған ак­тивтердің ара­сында цифрлық теңгеге қатысты Ұлт­тық банк өкілі құнды мә­ліметтер берді. Мә­се­­лен, бүгінде отан­дық қаржы нары­ғының ай­налымында ша­мамен 38 млрд цифр­лық теңге бар екені белгілі болды. Ал қаржы рет­теуші бұл кө­лемді жыл соңына дейін 200 млрд тең­геге дейін ұлғайту жос­пар­лан­ғанын жария етті. Қазірдің өзінде сандық валюта ұғымының аясы жай ғана сән­ді тренд бо­лудан кеңейе түсті. Себе­бі дү­ние­­жү­зіндегі көптеген орта­лық банк ішкі на­рық­та бел­сенді түрде цифр­лық валюта енгі­зуді жал­ғастырып келеді. Қытайдағы цифрлық юань сөзімізге жақсы дәлел бола алады. 

Ұлттық банк өкілі Бинұр Жәленовтың айтуынша, келесі жылы цифрлық еуро бойынша соңғы шешім шығарылмақ, қазір ол пилоттық сатыда. Ал Ресейде цифр­лық рубль өз жұмысын 2022 жылы бастағаны­мен, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап нарыққа енгізу туралы жарияланды. Бинұр Жәленов цифрлық валютаның негізгі рөлі транс­шекаралық төлемдерді жеңілдету және жеделдету екенін атап өтті. 

«Бұл бастамалардың себебі трансше­каралық төлемдерді тиімді ету мақсатында орталық банктердің цифрлық валюталарға баса назар аударуы болып отыр. Өйткені ол мұндай төлемдерді арзан әрі жылдам жол­мен жасауға мүмкіндік бермек. Бүгін­де айналымда шамамен 38 млрд цифрлық теңге бар, оның негізгі бөлігі мемлекеттік төлемдер үшін пайдаланылады. Ұлттық қор аясында біз бұл көлемді жыл соңына дейін 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Цифрлық теңгені Қаржы ми­нистрлігі, Сыбайлас жемқор­­лыққа қарсы қызметтер, Мемлекеттік кірістер комитеті, сондай-ақ Ауыл шаруа­шылығы министрлігі сияқты мемлекеттік органдардың қаты­суымен сегіз түрлі сце­нарийде сынап кө­ре­міз», – деп атап өтті сарапшы.

Мысалы, цифрлық теңге бағдарламасы бел­гілі бір тауарлар немесе қызметтер үшін тек белгілі бір уақыт ішінде транзак­ция жасауға рұқсат беретіндей етіп орна­тылуы мүмкін. Егер бұл шарттар орындал­маса, төлем өтпейді. Бұл тұжырымдама «смарт-келісімшартқа» ұқсас. Бағдар­ламалаудың екі негізгі түрі бар: біріншісі  – демокра­тиялық escrow, яғни оқиға бойын­ша төлем жасалса, екіншісі – белгілі бір шарттар орындалған кездегі төлем.

Бұл шарттарды тиімді орнату үшін мемлекеттік дерекқорлар мен реестрлер секілді анықтамалық ақпарат көздері қажет. Бағдарламалаудың бұл екі түрі Ұлт­тық банктің пилоттық жобаларында жү­­зеге асырылады. Мысалы, қараша айында банк «ҚазАгроҚаржымен» бірлесіп эмиссиялық субсидияларды қайтару жөніндегі жобаны іске қосады. Мұнда техника белгілі бір ақпараттық жүйенің деректеріне сәйкес рәсімделген жағдайда ғана ақша төленеді. Жақында іске қо­сылған әлеуметтік әмиян жобасы да даму сатысында. Ұлттық банк азамат қызметті алғанын растағаннан кейін қазынадан қызмет көрсетушілерге қара­жатты авто­матты түрде аударуды қамта­ма­сыз ету үшін интеграциялануды қолдайды.

Бағдарламалаудың екінші түрі күр­делірек және қаражатты мақсатты пай­далануға қатысты. Қараша айында банк Батыс Қазақстанда пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр, онда жол құры­лысына ақша тек белгілі бір маршруттарға және тиісті лицензиялары бар мердігерлер арасында жұмсалуы мүмкін. Пилоттық жоба нәтижелері жыл соңында жария­ланады. Сонымен қатар Ұлттық қордан қа­ражатты мақсатты пайдалану бойынша жоба екі бастамада іске асырылуда.

Атап айтқанда, осы жылдың маусым айында Достық – Мойынты теміржолын қаржыландырудың алғашқы траншы іске қосылды. Бұл жоба барысында цифрлық ақша бағдарламасы рельстерге бөлінген қаражатты тек соңғы рельс өндірушісінен сатып алу үшін пайдалануға болатындай етіп орнатылған. Бұл – қаражатты мақ­сатты пайдаланудың жарқын мысалы. Себебі ол – анықтамалық дереккөздерді қажет ететін ауқымды әрі күрделі міндет. Соған қара­мастан, Ұлттық банк бірте-бірте алға жыл­жимыз деген сенім білдірді.

Одан бөлек, қазан айында мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп ҚҚС әкім­шілендіру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаның мәні мынада: экс­порт­таушы цифрлық теңгемен шот ашады және осы валютада есеп айырысу кезінде 12% ҚҚС автоматты түрде аударылады. Бұл цифрлық теңге маркаланады. Оны бюд­жетке төлеу үшін пайдалануға немесе ҚҚС тізбегінің басқа қатысушыларына беруге болады. Бұл Мемлекеттік кірістер коми­тетіне ҚҚС бойынша транзак­ция­лардың толық ашық болуын және ҚҚС қайтару уақытын 70-75 жұмыс күнінен үш есеге, ал болашақта одан да көп мерзімге қысқартуға мүмкіндік береді.

«Осындай көптеген жобалар жүзеге асырылуда және олар келесі жылы қол­жетімді болады деп күтеміз. Бірақ цифр­лық теңгені сәтті енгізу үшін дұрыс ақпарат көздерінің болуы маңызды», – деп атап өтті ҰБ өкілі.

Жиын барысында Б.Жәленов Үкі­метпен серіктестікте Ұлттық банк GovTech пен цифрлық теңге арасындағы синергияға қол жеткізу үшін осындай критерийлерді әзірлеуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік шығын­дардың тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Halyk Bank Қаржы министрлігімен өзара байланыс тәжіри­бесімен бөлісті. Банктің Halyk govtech платформасындағы мемлекеттік орган­дармен ынтымақтастығы нәтижесінде қазақстандықтар 43 миллионнан астам мемлекеттік қызметті пайдаланған. Оның ішінде екі миллионға жуығы – Қаржы министрлігі ұсынған қызметтер. Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышевтың айтуынша, қазір Halyk Govtech арқылы 59 мемлекеттік қыз­мет алуға болады.

«Біз әрқашан жаңа қызметтерді таңдау кезінде тұтынушыларымыздың қажет­тіліктеріне назар аударамыз. Мысалы, олар мобильді қосымша арқылы 250 және 270 ны­­сандары бойынша салық деклара­цияларын өте тез және оңай тапсыра алады. Биылғы жылы жалпыға бірдей дек­ларация­лау процесіне бес миллионға жуық адам қатысатынын, ал келесі жылы олардың саны 13 миллионға дейін өсетінін ескерсек, біз бұл қызметке ерекше назар аудардық. Бас­ты мақсатымыз — процесті мүмкін­ді­гінше қарапайым және қол­жетімді ету үшін ыңғайлы және тиімді декларация құ­рал­дарын ұсыну», – деді Нариман Мұқы­шев.

Осыдан 7-8 жыл бұрын мемлекеттік қызметкерлер расында салық деклара­циясын тапсыру үшін Мемлекеттік кі­рістер департаментіне арнайы барып, тіпті кейбірі кеңесшілердің қызметіне жүгінетін. Қаржы саласындағы техно­логиялық мүм­кін­діктер азаматтар үшін бұл қызметті жүзеге асыру жолдарын жеңіл­детіп бергені анық. Дегенмен Halyk мемлекеттік сер­вистерді цифрландыру департаменті дирек­торының м.а. Дамир Иралимовтың сөзінше, көптеген қазақ­стандық деклара­цияны толтыру кезінде қиындықтарға тап болған көрінеді. Оның айтуынша, кей азаматтар қалай деклара­ция тапсыруды білмейді.

«Цифрлық форматтағы қызметтердің өзектілігі қазір аса жоғары. Біз мобильді қосымша арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер саны бойынша алға шықтық. Алайда бұдан басқа, мемлекеттік орган­дармен ынтымақ­тас­тықта шағын, орта бизнес және жеке тұл­ғалар үшін түрлі сервистер әзірленуде», – деді ол.

Кәмила ЕРКІН