Қыс бітіп, көктем исі шықты. Оңтүстік аймақтар егін егуге кірісіп кетсе, солтүстік, орталық, шығысқазақстандықтар көкке сәуір-мамырда ғана жетеді. Ал қазір олардың «су тасқыны шайып кетпесе болды» деген бір ғана ойы бар. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, жылда осы суық сөз бойға үрей туғызып, ауылдықтар елеңдеп отыр. Осындайда «Салдарын жоюға миллиардтар бөлініп жатыр, дер уақытында себебімен неге күреспейміз?» деген ой туындайды.
Баяғы жартас – бір жартас
Дәл он жыл бұрын наурыздың 11-нен 12-не қараған түні салғырттық салдарынан бөгет жарылып, Қызылағаш ауылы тасқынның астында қалған еді. Ауылдағы 460-тан астам үй жермен-жексен болса, 45 адам қаза тапты.
Сол қаралы оқиғадан бері әр жыл сайын ана ауыл су астында қалды деген сөз қыр соңымыздан қалар емес. 2011 жылы Батыс Қазақстан облысының тұрғындары су тасқынынан зардап шекті. Жауын-шашынның көп болуы салдарынан өзендердің суы арнасынан асып кетті. Облыстың екі ауданына зиян келді. 2014 жылы қара судың қарқыны Қарағанды облысының Көкпекті ауылының жартысын шайып кетті. 2015 жылы су тасқынынан Бұқар жырау, Нұра аудандарында көпірлер құлады. 2017 жылы Ақмола облысы Шағалалы ауылының 43 тұрғыны шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілді. 9 аула, оның ішінде 4 үй су астында қалды.
Павлодар облысында теміржолды су шайып кеті. Соның кесірінен төрт пойыз құрамы бағытын өзгертіп, Ресей аумағы арқылы айналма жолмен жүруге тура келді. Қарағанды облысында 31 наурызда Қарқаралы ауданында жолға жайылған судан өтпек болған УАЗ автокөлігін су шайып түсірген. 13 жолаушы мен жүргізушіден 11 адам ғана судан шыға алды. Үшеуі батып кетті. 2017 жылғы су тасқыны салдарынан 9 700 уақытша бөгет орнатылып, 46 060 құм салынған қап қойылған. 635 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 7 адам қаза тапқан. 2018 жылғы көктемде Шығыс Қазақстан облысы Глубокое, Шемонаиха, Зырян аудандарында, сондай-ақ Семей және Өскемен қалаларында 1 400 тұрғын үйді су басып, 3 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Ал 2019 жылы қардың тез еруіне байланысты Қарағанды облысындағы Шет, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Нұра ауданындағы Шерубайнұра, Нұра, Құндызды өзені арнасынан асып, айналасына жайылды. Қызылқой ауылында 9 үйді су басып қалған. Ресми дерек бойынша,16 адам эвакуацияланған.
Бұл өткен жылдардағы деректің бірсыпырасы ғана. Жылда қайталанатын бұл оқиғалардың сабақ болмағаны өкінішті.
Биыл да жағдай мәз емес
Төтенше жағдайлар комитетінің 1 наурыздағы мәліметі бойынша ауа райы жағдайына байланысты 322 (30,9 %) елді мекенде (Батыс Қазақстан – 64, Ақмола – 45, Алматы – 41, Қостанай – 34, Шығыс Қазақстан – 31, Қызылорда, Ақтөбе – 26-дан, Атырау – 18, Солтүстік Қазақстан – 18, Қарағанды – 11, Павлодар – 3, Жамбыл мен Түркістан – 2-ден, Маңғыстау – 1), 675 автомобиль және 259 теміржол учаскелерін, 112 автомобиль және 45 теміржол көпірлерін су шаю қаупінің жоғары деңгейі сақталуда.
– Су тасқынының ықтимал қиындауы жағдайына шұғыл ден қою мақсатында жалпы саны 61 мың адам және 17 мың бірлік техниканы құрайтын ішкі істер органдарының (жеке құрамның 9 мың адамы және 1 мыңнан аса бірлік техника) және жергілікті атқарушы органдардың (52 мың адамы мен 16 мың бірлік техника) күштері мен қаражаттың арнайы топтары құрылды, – дейді Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Барат Оспанұлы.
Себебімен күресе алмай жүрміз
Ауылды жерде өскен әр адам сол жердің әр тасы мен сайын білетініндей, қандай тоған, өзен барын бес саусағындай біледі. Бұдан 20-30 жылдай бұрын ауыл тұрғындары қалың қарды үреймен емес, «Биыл егін, көкөніс, жеміс-жидек бітік шығады. Көк көп болады» деп қуанышпен қабылдайтын. Қар тоқтап, тоғандар мен өзен-көл, ауыл ішіндегі су ағар жыралар дер кезінде тазаланып, керек болса кеңейтілетін. Ал қазір болса қысқы қардан шошитын болдық. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны болғанда: «Ең алдымен қалыптасқан қолайсыз ауа райын есептемегенде, жауапты тұлғалардың өз лауазымдық міндеттерін лайықты орындамауы және немқұрайдылық танытуы басты себеп болды. Жердің үстіңгі қабатындағы еріген суды қорғаныс құру арқылы ағызу, өзен арнасын, су ағызатын құбырларды, арықтарды, су сіңіретін жүйелерді тазалау жұмыстары жүргізілмей, арнайы техникалар алдын ала дайындалмаған. Еріген қар мен жаңбыр суын ағызу жүйелері мүлде жоқ немесе бұзылған. Елді мекендердің маңында еріген қардың суын ағызу жұмыстары жүргізілмеген» деп облыс прокуратурасы себебін айтты.
Сонымен бірге су тасқынының тағы да бір факторы – үй құрылысы кезінде жергілікті гидрология жағдайының ерекшеліктерін, су қорғау белдіктері мен аумақтарының ескерілмеуі, сондай-ақ халықтың өз үйлерінің және ауласындағы учаскелердің жағдайына жауапсыздықпен қарауынан да болып тұратыны анық. Өзен-көлдердің, ауыл ішіндегі су ағар жыралардың уақытылы тазаланбауының салдары елді мекендерге залалын тигізетініне көз жеткіземіз. Ал тоғандар болса жекеменшікке өтіп кеткен, иелері тек жазды күні жағалауды жалға беріп, ақша табуды ғана көздейді.
– Су кодексінің 124-бабына сәйкес су шаруашылығы ұйымдары, су пайдаланушылар, жеке және заңды тұлғалар елді мекендерді, өнеркәсіп объектілерін, ауыл шаруашылығы жерлерін, қорғалатын аумақтарды судың зиянды әсерінен қорғау жөніндегі алдын алу іс-шаралары мен ағымдағы іс-шараларды жоспарлауға және жүргізуге міндетті, – дейді Барат Оспанұлы. Міне, біздегі жағдай осындай.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ