Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, аграрлық сектор мәселесі жөніндегі кеңестің төрағасы Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, 2023 жылы уақытша жер пайдалану құқығымен ел азаматтары мен заңды тұлғаларына фермерлік шаруаларын жүргізу үшін жер учаскелерінің шекті мерзімін бекіту бойынша қаулы бекітілді.
«Бекітілген жер учаскелері бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін ұзартуға қатысты тауар өндірушілер бірқатар қиындыққа тап болды. Бұл мәселе ел экономикасына әсер етеді. Салық, халықтың табысы мен жерді тиімді пайдалану мәселелері бар. Сондықтан осы мәселені жан-жақты қарап, талқылау керек», – дейді Әшімбетов.
Өз кезегінде Kazakh grain union астық одағының атқарушы директоры Мұратбек Исабаев ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің шекті мөлшері мәселесі қайта қаралатынын айтты.
«Ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекіту туралы Үкіметтің 2023 жылғы 25 қаңтардағы №42 қаулысы қабылданды. Депутаттық корпус қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде бекітілген шекті мөлшерден асатын жерлерге жалдау мерзімін ұзарту бойынша қиындықтардың туындауына байланысты осы мөлшерлерді қайта қарау мәселесін қозғап отыр», – деді Исабаев.
Ол осы мәселені шешу бойынша екі тәсілді ұсынды.
«Үкіметтің аталған қаулысына сілтеме жасай отырып, адал және тиімді жұмыс істейтін агроқұрылымдардан халықтың жер алуы барлық жерде жүзеге асырылып жатқанын хабарлаймыз. Осыған байланысты шұғыл түрде қаулыны тоқтату керек немесе қолданып жатқан жерді пайдалану туралы шарттарына қолданылмайтыны жайлы норманы енгізу керек. Осы екеуінің біреуін іске асыру қажет. Біз өз ұстанымымызды осылай білдірдік. Мемлекет басшысының осы жылғы Жолдауындағы жер пайдалану мәселелерінің ұстанымы да айқын екенін көруге болады. «Егер жер пайдаланушы адал жұмыс істеп, инвестиция салса, қолданыстағы өндірісті бұзуға жол берілмеуі тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысының қолдауымен заңға өзгерту енгізіледі деп ойлаймыз», – дейді Исабаев.
Ал жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов максималды мөлшерден асатын жер учаскелері бар жер пайдаланушыларында туындайтын мәселелердің фактілері жер пайдаланушылардың жалдау мерзімін ұзарту кезінде болғанын айтты.
«Қазір жер ресурстарын басқару комитеті жерді тиімді және ұтымды пайдалану қағидатын назарға ала отырып, мемлекеттік емес заңды тұлғада уақытша жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл мәселенің тарихы 2016 жылдан бастап жалғасып келеді. Жер реформасы жөніндегі комиссия жер заңнамасының нормасы бойынша ұсынымдарды кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді 2018 жылы қабылдаған болатын. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен «Атамекен» ҰКП, фермерлер мен сарапшылар кіретін комиссия әр өңірмен талқылаулар жүргізді. Олардың қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірле-ді», – дейді ол.
Еске салсақ, 2021 жылғы ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, қандастарға, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар мен шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға да, жекеменшікке де беруге жол бермеу жөніндегі саяси шешімді жариялады.
2021 жылдың 13 мамырында Жер кодексіне тиісті заңнамалық түзетулерге қол қойылып, заңға тәуелді актілерді бекіту жұмыстары басталды. Тиісінше, әзірленіп жатқан заңға тәуелді актілер тізбесіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шекті мөлшерін бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасы келіп түсті.
Үкімет қаулысының бұл жобасы 2021 жылғы 20 желтоқсанда Ашық НҚА интернет-порталында жария талқылау үшін жарияланды. Алайда облыстар қабылдаған ауыл шаруашылығы жерлерінің ауқымды алаңдары бойынша бірлескен шешімдер қоғам қайраткерлерінің жағымсыз пікірі мен талқылауына себеп болды. Бұл туралы қаңтар айында Үкімет аппараты хабардар болды. Бұл мәселе әлеуметтік маңызды болғандықтан, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру туралы тапсырма берген болатын.
Әсет ҚАЛИ