Помпеоның аймақта көздегені не?
Помпеоның аймақта көздегені не?
287
оқылды
АҚШ-тың мемлекеттік хат­шысы Майк Помпео елі­міз­ге 1 ақпанда күн бата ке­ліп, ертесіне ел басшы­лы­­­­ғымен жылдам жүздесіп, сол күні-ақ Өзбекстанға ұшып кетті. Ол бұған дейін Украина, Беларусь бас­шы­ла­рымен жолыққан еді. Со­ны­мен, АҚШ-тың сыртқы сая­са­тына жауапты тұлға­ның бұл сапарының түпкі мақ­саты не еді? М.Помпео алдымен Украи­наға бас сұқты. Дәл қазір бұл ел АҚШ үшін ерекше маңызды. Оған екі себеп бар. Біріншісі, Ресей Украина құрамындағы Қырымды аннексиялаған соң Вашингтон Мәскеуге қарсы экономикалық санкцияларын 2014 жылдан бері салып келеді. Биыл ол шаралар қатаңдай түсті. Екіншісі, АҚШ Конгресі Д.Трампқа импичмент жа­рия­­лауды көз­деп отыр. Себеп – Америка прези­денті Украи­надағы әріптесі В.Зеленскийге Джо Байденнің ба­ласына қа­тысты қылмыстық іс ашпасаң, кө­мек бермеймін деп қоқан-лоқы көрсеткен. Ал Байден биылғы президент сайлауында Трампқа бас қарсылас болмақ. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео осы мәселелерді реттеуге келгендей. Бұдан кейін жолын Беларусьқа бұрды. Дәл қазір Беларусь пен Ресей арасы нашарлап тұр. Ресей өз мұнайын көршісіне жеңіл­детілген бағамен бергісі жоқ. Ал Минск «одақтас бола тұра ар­зан мұнаймен жарылқамадың» деп өкпелі. «Еуропаның соңғы диктаторы» деген лақап атына қарамай Помпео Лукашенкомен кездесіп, «біз сіздерді 100 пайыз мұнаймен қамтамасыз ете ала­мыз» деп көңілін көтеріп кетті. Яғни, Ресейдің екі көршісіне ке­ліп, АҚШ алыста емес екенін естеріне салып қойды. Қос елден соң Майк Помпео ұшақ басын Қазақстанға бұрды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жо­лық­ты. Ал баспасөз конферен­циясы барысында Қытайдың мұ­сылман жұртына арнап салған «қайта тәрбиелеу лагерьлерін» сынап, адам құқықтарының сақталуына тағы назар аударды. Бұдан бөлек, М.Помпео туыс­тары сол лагерьлерде қалған қа­зақтармен де жолықты. Әрине, бұл тақырып тегін көтерілмеді. Бүгін АҚШ пен Қы­­тай арасындағы жағдай «жы­лымай» тұр. Жақында ғана сауда соғысына нүкте қойылғандай болды. Алайда әлемдік көшбас­шы­лыққа талас тоқтаған жоқ. Сон­дықтан Вашингтон Қытай­дың әлсіз тұсының барлығын пай­даланбақ. Соның бірі – атал­ған лагерьлер. Онда негізінен Шыңжаң аймағындағы ұйғыр­лар мен қазақтар ұсталғаны бел­гілі. М.Помпео осы жайттар­дың бар­лығын ескере оты­­рып, жур­­­налистермен кез­десу бары­­сында лагерь мәсе­лесін арнайы мақ­сат­пен кө­терді. Яғни, Қы­тайға тағы да бір рет ақ­па­рат­тық соққы жасап, Орталық Азиядағы жақтастар қатарын көбейт­кісі келген болар. Себебі бұрын АҚШ-тың орталық барлау қызметін бас­қарған М.Помпео осы өңірдегі си­нофобияның деңгейі жайлы хабар­дар шығар. Барлау да, ел­шілік те ақпаратты жеткізетіні анық. Мемлекеттік хатшы 2 ақпан күні-ақ Өзбекстанға табан тіреді. Мақсаты – С5+1 форматындағы Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері қатысуымен өтетін саммитте сөз сөйлеп, келіссөз жүргізу. Бұл не жиын? С5+1 – экс-президент Барак Обама әкімшілігінің Орталық Азия аймағына қатысты сая­сатының концепциясы (Қа­зақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түр­кіменстанмен және АҚШ).    width=   Түпкі мақсаты – өңірдегі АҚШ-тың ықпалын арттыру. Қытай мен Ресейдің ресурстары мен мүмкіндігін шектеу. 2015 жы­лы аталған концепцияны жү­зеге асыру үшін АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Джон Керри келіп кеткен еді. Дональд Трамп билікке келгелі Барак Обаманың сыртқы сая­сатта қол жеткізген барлық жоба­ларын жоққа шығарып, өзі­нің тың бағытын ұстанды. Алайда Орталық Азияға қатыс­ты осы С5+1 ұстанымын қаз қал­пында қалдырды. Неге екені белгісіз. Бәлкім, аймақта әр мемлекетпен екі жақты қа­тынас түзегенше бір саммит ая­сында бір саясат ұстанған тиімді шығар. Қысқасы, Майк Помпеоның бұл өңірге сапар шегуінің негізгі мұраты осы сам­митте Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тә­жікстан, Түркіменстанмен бай­­ланысты нығайту болды. Сонымен, дүйсенбі күні атал­ған басқосу Ташкентте өтті. Оның қорытындысы бойын­ша ортақ мәлімдеме жа­сал­ды. Негізінен, диплома­тия­лық құжаттарда келтірі­летін жал­пылама ұғымдар жа­зыл­ған. Яғни, сауда, логис­тика, транс­­порт, энергетика, ғы­лым, мәдени-гуманитария, қауіп­сіздік, шекара, терроризммен күрес, азаматтық қоғамды да­мыту, Ауғанстандағы жағдайды реттеу саласында әріптестік пен ынтымақтастықта жұмыс істеу. Басқаша айтқанда, АҚШ Орталық Азия мемлекеттерімен барлық салада қарым-қаты­насты дамытуға әзір екенін көрсетті. Осы арқылы жоға­ры­да айтқандай, Ресей мен Қытай ықпалын азайтқысы ке­летін болар. Дегенмен бұл оңай шаруа емес. Себебі бұл өңір­­дегі Қазақстан мен Қырғыз Рес­пуб­ликасы Ресеймен бірге Еу­ра­зиялық Экономикалық Одаққа мүше әрі тауар айналымы жоғары. Ал қырғыз және өзбек елінің азаматтары үшін Ресей еңбек миграциясының нысаны. Жыл сайын Ресейден бірнеше млрд долларды нәпақасы ре­тінде өз еліне жібереді. Қытайдың да Орталық Азия­дағы ықпалы аз емес. Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстаннан қатар газ құбырын тартқан. Барлық бес елге инвестиция құйған, оның көлемі аз емес. Бесеуі де тауар саудасында Қытайға тәуелді десек, артық айтпаймыз. Сондықтан Майк Помпео келді екен деп аталған бес ел Вашингтон сөзіне құлай сеніп, Қытай және Ресеймен байланысын әлсіретеді дегенге сену қиын. Қалай десек те, алыс­тағы ағайыннан жақындағы көршің артық емес пе? Бұл кездесуде көтерілген кезекті мәселе – Ауғанстан. Көптен бері АҚШ-та бұл ел­ден әскер шығару мәселесі ай­тылып келеді. Америка ар­мия­сы онда мәңгілік тұра ал­май­ды, шығыны мол. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда Аме­риканың Орталық Азия ел­де­ріне деген тәуелділігі сәл де бол­са артуы бек мүмкін. Оған қоса, бүкіл аймаққа қауіп те есе­ленуі ғажап емес. Себебі Ау­ғанстанның қазіргі үкіметі жал­ғыз өзі Талибан, ДАИШ секілді террористік топтармен күресуге қауқарлы ма? Тағы да 1990 жыл­дардағыдай терроризм экс­порты мен босқындар легі ар­тып кетпей ме? Мұның бар­лы­­ғы тағы да Орталық Азия мем­­­лекеттері мен АҚШ-тың бір­­лесіп шешетін мәселесі.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА