8-10 қарашада елордамызда самбодан әлем чемпионаты өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен турнир 80 елден 470 спортшының басын қосты. Қазақстан атынан 28 спортшы қатысты.
Сайыпқыран самбошылар сайысы
625
оқылды

Жарыстың ашылу салтанатына Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысып, сайысқа түсетін саңлақтарға сәттілік тіледі.

«Елордамызда ұйымдастырылып жатқан бұл жолғы әлем біріншілігінің мәні зор. Өйткені жаһандық чемпионат Қазақстанда 19 жылдық үзілістен кейін өткізіліп отыр. Дәл осындай тарихи сәттің қазақ топырағында болғаны біз үшін үлкен мәртебе. Бір жағынан әлем чемпионатының Қазақстанда ұйымдастырылуы заңдылық деп ойлаймын. Себебі біздің елде самбоның мықты мектебі қалыптасқан. Осы әлем чемпионаты жастардың самбоға деген қызығушылығын одан әрі арттырады деп сенемін. Спортшылар жанкүйер қауымға тартысты жекпе-жектер сыйлап, тек мықтылар жеңіске жетуіне тілектеспін», – деді Серік Жарасбаев.

ӘЧ-ның жалпы жүлде қоры 311 мың АҚШ доллары (алтынға – 4 000 доллар, күміске – 3 000 доллар, қолаға – 2 000 доллар).

Осыған дейін Астанада 2005 жылы қарашада спорттық самбодан әлем чемпионаты өтіп, Ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған.

Зал өздерінің фавориттерін белсенді түрде қолдап, елдердің атын және самбошылардың есімдерін ұрандатқан жанкүйерлерге лық толы болды. Чемпионат спорт сүйер қауымның үлкен қызығушылығын тудырды.

Спорттық самбо – өзін-өзі қорғау мен спорттық күрестің элементтерін біріктіретін, Ресейде пайда болған жауынгерлік спорт түрі. «Самбо» атауы «Самозащита без оружия» (қарусыз өзін-өзі қорғау) сөзінің қысқартылған түрі. Бұл спорт түрі балуан­дарға қарсыласты жерге құлату, лақтыру, ауырту әдістерін қолдану арқылы жеңуге мүмкіндік береді.

Ал жауынгерлік самбо – самбоның жауынгерлік және әскери әдістерін біріктіретін түрі. Спорттық самбодан ерекшелігі – қарсыласты жеңуге рұқсат етілген әдістердің көп болуында. Жауынгерлік самбода спорттық самбодан бөлек, тұншықтыру, ауырту, соққы мен тепкі техникасы қолданылады, бұл оны күрес пен бокстың элементтері бар жан-жақты жауынгерлік өнерге айналдырады.

Биылғы әлем чемпионатының басты ерекшелігі – әйелдер арасында жауынгерлік самбо мен зағип жандар сайысы бірінші рет енгізіліп жатыр. 

Чемпионаттың алтын жүлдегері Беларусь елі­нен келген Татьяна Мачко бұл шараның маңыз­дылығына тоқталды.

«Астанадағы әлем чемпионатының ұйымдас­тыру жоғары деңгейде өтті. Барлығы толық дайындықтан өткен, әркімнің өз міндеті бөлінген. Бізге  Қазақстанда үлкен мейірімділік танытты. Не сұрасақ та дұрыс нұсқаулық беріп, ерекше көңіл бөлді. Бүгін міне бес дүркін әлем чемпионы атан­дым. Әйелдер – мықты халық. Мықтылығымызды біз кілемде көрсетеміз», – дейді ол.

Ұлттық құрамамыздан Нұрила Асанқызы фи­налда Түрікменстаннан келген қарсыласы Сабина Ағажанованы жеңіп, алтыннан алқа тақты.

«Барша қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді. Бізді осынша апта бойы дайындаған бап­керлеріме ерекше алғыс айтамын. Жеке бапкеріме рақмет. Бұл жеңісімді әкем мен анама арнаймын. Жаттығуды жалғастырамыз, тоқтамаймыз. Мен келесі жылы да осындай нәтиже көрсетуге дайын­мын.

Егер жарақаттар туралы айтатын болсақ, бәрі жақсы. Бәрі өтеді де кетеді. Оны жарақат деп те айта алмайсың. Мен бүгін қазақтың туын көтеруге міндетті болдым», – деп өз ойымен бөлісті Нұрила жеңістен кейін.

Финалдық белдесулерде қазақстандық спорт­шылар арасында Серікбай Неғмет (спорттық сам­бо, 71 келіге дейін), Бақытжан Дүйсембеков (жауын­герлік самбо, 79 келіге дейін), Талғат Жиен­таев (жауынгерлік самбо, 98 келіге дейін), сондай-ақ Нұрила Асанқызы (жауынгерлік самбо, әйелдер, 80 аса келі) күресті.

Спортшылардың жүздерінен жинақылық пен табандылықтың көрінісі көрінеді. Әрқайсысы өзінің соңғы жекпе-жегіндей шайқасты. Барлығы еліміздің қоржынына медаль салуға асықты.

Турнир барысында төрешілер ешбір даулы мәселені назардан тыс қалдырмай, техника мен ережелердің сақталуын мұқият қадағалады. Бело­руссиядан келген төрешілердің өкілі Людмила Красильникова жарыстың қызу өткендігін атап өтті.

– Төрешілер алқасы кем дегенде 20 елден топтасып, төрешілердің саны 40-қа дейін  жетеді. Сонымен қатар кілемде қызмет ету үшін қосымша келетін бақылаушылар да бар, – дейді төреші. 

Оның сөзінше, олар лақтыру немесе қандай да бір әрекет жасалғанын дәлірек анықтауға жекпе-жектің жазбасы қолданылады. Көру мүмкіндігі ыңғайлы және төреші атап өткендей, төсеніш жетекшісі жазбаны 5-7 секунд кешіктіріп көргенде, әсіресе пайдалы болады. Бұл оған бірден экранға қарап, төрешілердің қателескенін түсінуге мүмкіндік береді.

Финалдық бәсекелер арасындағы шиеленіс тек күшейе түсті. Әрбір жекпе-жектен күтпген нәтижелер тіркелді. Өйткені барлық самбошы өз мүмкіндіктерінен жоғары деңгейде өте тартысты өнер көрсетті.

Жалпы, қорытынды жүлде есебінде Қазақстан құрамасы 2-орынға тұрақтады.

1-орын. Ресей – 16 алтын, 5 күміс, 5 қола

2-орын. Қазақстан – 3 алтын, 5 күміс, 9 қола

3-орын. Беларусь – 3 алтын, 2 күміс, 4 қола

Бұған дейін спортшыларымыз жалпы есепте ең жоғарғы 2-орынды 2014 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында тіркеген.

«Қазақстан жерінде екінші мәрте ұйымдас­тырылып жатқан әлем чемпионатын абыроймен аяқтап, жалпы есепте екінші орынды алдық. Қол­дау танытқан, оқу-жаттығу жиынын өткізуге кө­мек­тескен жандарға алғысым шексіз. Жүйелі түрде дайындалдық. Міне, енді соның жемісін көріп жатырмыз. Жеңісті күндерде жолыққанша!», – деді самбодан Ұлттық құраманың бас бапкері Біржан Имаханов.

Әсет ҚАЛИ