«AMANAT» партиясы психологиялық көмек туралы заң жобасын әзірлеу жолында маңызды қадамдарды жүзеге асырып келеді. Мәселен, 2023 жылдың желтоқсанында партияның Әйелдер қанаты бас қосып, осы тақырыптың өзектілігін терең талқылады.
Сала реттелсе, сана да түзеледі
689
оқылды

Бұл кездесу психологиялық қызмет көрсету саласын дамытудың бастамасы іспеттес. Себебі әрі қарайғы жұмыс партияның «Психологиялық қызмет институтын дамытуға ықпал ету» атты басымдығы негізінде жалғасын тапқан еді. Осы мақсатта құрылған арнайы жұмыс тобы 2023 жылдың соңынан 2024 жылдың басына дейін белсенді қызмет атқарды. Топ елдегі психолог мамандармен бірлесе отырып, заңның нақты баптарын талқыға салып, әрқайсысының тәжірибесі мен кәсіби пікірін ескере отырып, жобаның алғашқы нұсқалары жасақталды. 2024 жылдың мамырынан бастап, заң жобасының мазмұнын әзірлеу жұмысы қарқын алған болатын. Осылайша, «AMANAT» партиясы психологиялық көмек көрсету саласын жақсартуға бағытталған кешенді заң жобасын қалыптастыруға үлкен қадам жасап отыр.

Шолпан КАРИНОВА, 

«AMANAT» партиясының хатшысы,

Әйелдер қанатының жетекшісі:

Психологияға кәсіби стандарт қажет 

Қазір Қазақстанда практикалық психология әлеуметтік-экономикалық өмірдің бір бөлігіне айналғанын көріп отырмыз. Бұл процесc қоғамның әртүрлі құрылымдары мен жеке азаматтар арасында психологтердің практикалық көмегіне, психологиялық кеңес алуға, психологиялық білім саласындағы құзыреттілікті және хабардарлықты арттыруға деген сұраныс туындатты. Бұл психологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.

Қазақстан көптеген әлем елдері сияқты көмек көрсету мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастыққа ашық, бірақ елімізде әлі де психологияның мәртебесі толыққанды нақтыланбаған. Ғылыми-практикалық психология білімін қолдануға мүмкіндік беретін көптеген шешім формальды тәсілдер арқылы қабылданады. Ал оған тікелей қатысты мәселелер психологияның қатысуынсыз шешіледі.

Мәселен, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, құқық қорғау органдары, армия және басқа да салаларда пайдаланылатын психологиялық деректер жеткіліксіз. Психология ғылымы ұсынатын нашақорлық, буллинг, маскүнемдік және қоғамның басқа да теріс құбылыстардың алдын алатын мүмкіндіктер іс жүзінде қолданылмайды. 

Бизнес құрылымдар мен өнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымдарында кездесетін психологиялық проблемалар, сондай-ақ оңалту және қайта бейімдеу, мүгедектерге психологиялық көмек көрсету сияқты мәселелер теориялық және практикалық зерттеулердің назарынан тыс қалып отыр.

Өз уақытында қаржылық және әлеуметтік жағынан қорғалмаған халық топтары үшін дағдарыс орталықтары мен «Сенім телефоны» желісінің пайда болуы, соның ішінде түрлі қордың қолдауымен құрылған және дамып келе жатқан қызметтер психологиялық қызметтердің орнын алмастырды. 

Дағдарыс орталықтарының психологиялық қызметі аясында практикалық психологияның дамуы тез және интуитивті түрде жүрді. Ал психологиялық көмектің тиімділігі психологтің жеке тұлғасы, психологияның қазіргі жетістіктеріне деген көзқарасы, кәсіби және тұлғалық көмек көрсетуге дайындығы деңгейіне көбірек тәуелді болды. 

Психологтер мен психологиялық қыз­меттердің жұмысына қатысты жеке нормалар немесе психологтердің қызметін реттеу әрекеттері түрлі құрылымда бар. 2022 жылы алғаш рет білім беру саласында психологиялық-педагогикалық көмек көрсету тәртібі анықталды. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық көмек көрсету ережелері қабылданды. Педагогикалық тәжірибеде бұл оқу, тәрбие және даму қиындықтарын анықтап, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білім алу қажеттіліктерін бағалайды. Бұдан бөлек, психологтер пе­дагогтерге және оқушылардың отбасыларына консультативтік-әдістемелік көмек көрсетеді. Оқушылардың жақсы оқуына, дамуына және ортаға бейімделуіне, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық жағдай жасауға атсалысады.

Психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін педагогтердің қызметін үйлестіру және оларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында білім беру басқармасы бұйрығымен инклюзивті практикаларды дамыту және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін Ресурстық орталықтар құрылуда.

Заңның жаңа нормалары мен уәкілетті органның бұйрығы білім беру ұйымдарының психологтеріне өз кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін нақты практикалық көмегін тигізді. Алайда заңдағы нормалар жеткіліксіз. Кәсіби орта, кәсіби қауымдастық қажет, ол қызмет жүргізу, диагностика, сол немесе басқа жағдайларды түзету үшін әдіс-тәсілдерді талқылап, әзірлеуі керек. Әрине, бұл қызметті үйлестіруді қажет етеді. Қазіргі кезеңде әлі де педагог-психологтердің балалар санына шаққандағы нормативін анықтаған абзал. 

Тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді. Қазіргі заманда балалар да, ересектер де интернетте, әлеуметтік желі­лерде көп уақыт өткізеді. Нақты нарық жағдайларына сәйкес, сұраныс бар жерде ұсыныс та болады. Сондықтан интернет кеңістігі әртүрлі өмірлік жағдай мен мәселелер бойынша «психологтердің практикалық кеңестеріне» толып кетті. Ақылы негізде өз қызметтерін ұсынатын психологтердің саны күрт өсті. Адамдар осы «кеңестер» мен «қызметтерді» пайдаланады. Ал бұл «кеңестер» мен «қызметтердің» дұрыстығына қандай кепілдік бар? Мамандардың шынайы біліктілігі қандай?

Осыған байланысты психологиядағы классификациялар, мысалы, балалар психологиясы, отбасы психологиясы, спорттық, педагогикалық, әлеуметтік, клиникалық, криминалдық, киберпсихология, төтенше жағдайлар психологиясы және басқалары жеке тәсілдерді талап етеді. Әр бағыт бойынша құзыреттілік карталары бар «Психолог» кәсіби стандарты қажет. Психолог этикасы да реттеуді талап етеді.

Қоғамдағы қақтығыстар, тұлғааралық қарым-қатынастар, еңбек ұжымдарындағы келіспеушіліктер, балалар мен ересектер арасындағы буллинг және адамдар күнделікті бетпе-бет кездесетін басқа да күрделі мәселелер бізге психологиялық көмек көрсету саласын реттеудің қажеттілігін дәлелдейді.

Нәтижесінде, қазір психологиялық көмек көрсету тәжірибесін талдау және жинақтау, психологтердің қызметін нығай­ту және Қазақстанда психологиялық кеңес беру қызметінің тәжірибелік базасын ке­ңейту қажеттілігі өзекті мәселе болып тұр.

«AMANAT» партиясының саяси платформасында «Біз әрбір қазақстандықтың бақытты өмір сүруіне жағдай жасайтын боламыз» деген мәлімдеме бар. Бүгінде өзекті сұраныстарға жауап бере отырып, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты «Психологиялық қызметті қолдау және дамыту» басымдығы бойынша жұмыс бастады. Аталмыш бағытта психологтің қызметін реттейтін заң жобасы әзірленуде. 2024 жыл бойы осы мәселеге қатысты барлық мүдделі тараптармен, жауапты құрылымдармен, ұйымдармен кең қоғамдық талқылау өткізілді. Ондағы мақсат – халық пен кәсіби психологтердің мүдделерін қорғауға, психологтер мен азаматтар арасындағы барлық өзара байланыс аспектілерін реттеуге бағытталған тәсілдерді әзірлеу. Бұл халықтың психологиялық әл-ауқаты мен Қазақстанда психологиялық көмек көрсету мәдениетіне оң әсер етеді. 2024 жылы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумында бұл бастама жоғары мінберден айтылды. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр.

Бізге қауіпсіз орта мен жоғары қарым-қатынас мәдениеті және психология­лық игілік қажет.

Айна МҮСРАЛИМОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«АMANAT» партиясының  Әйелдер қанатының 

«Психологиялық қызмет институтын құру және

оның жұмыс істеуі» бойынша басым бағыттың тең төрағасы:

Саладағы мемлекеттік саясат мәселесі

«AMANAT» партиясының сайлауал­ды бағ­дарламасында халықтың денсаулығын және психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелеріне үлкен мән берілген.

Қазір Қазақстанда психологиялық көмекті көрсету және алу саласы заңнамалық-құқықтық тұрғыдан әлі реттелмегенін атап өткен жөн. Елімізде психологиялық көмек көрсетуде бірыңғай жүйе жоқ, осы бағыттағы жағдайды толыққанды көрсететін жалпы статистика да мардымсыз. Мемлекеттік және жеке қызмет көрсететін психологтер әрқайсысы өз бетінше жұмыс істейді және әр бағыт өз мүмкіндіктеріне қарай дамуда.

Тек білім беру саласында ерекше құзыреттілігіне және балалармен жұмыс істеуіне байланысты біраз атқарылған жұмысты көруге болады. Білім беру процесінің барлық қатысушысы үшін психологиялық қызметтердің жұмыс ережелері әзірленген. Төтенше жағдайлар қызметінде штаттағы психологтер жұмыс істейді. Көктемгі су тасқыны кезінде баспанасыз қалған және табиғи апатқа ұшыраған адамдарға ТЖМ психологтері көмектесу арқылы өздеріне қаншалықты жауапкершілік алғанын айқын көрсетті.

Заңнамалық-құқықтық реттеудің болмауы салдарынан қазір адамдардың санасымен кез келген адам жұмыс істей алады. Сондықтан азаматтар жалған психологтер мен алаяқтардың «көмегі» мен «қызметтерін» алу қаупінен қорғалмаған. Бұл психологиялық әл-ауқаттың нашарлауына, нәтижесінде халықтың экономикалық өнімділігінің төмендеуіне әкеледі.

Бүгінде Қазақстанда елдің барлық жетекші университеттері жыл сайын кәсіби психологтерді дайындайды. Мысалы, 2023-2024 оқу жылына 1 039 грант бөлінген, оның ішінде «Психология және педагогика» бойынша – 689, «Психология» бойынша 350 грант бар. 2022-2023 оқу жылында «Педагогика және психология» мамандығы бойынша бакалавриатта 6 702 студент білім алды. Алайда осыған қарамастан білікті мамандардың жетіспеушілігі байқалады. 

Қазір адамның психикасы мен әртүрлі қызмет түрлері зерттеу нысаны болып табылатын заманауи психологияның қолданбалы салаларын есептеу қиын. Олардың қатарына еңбек психологиясы, инженерлік психология, медициналық психология, клиникалық психология, педагогикалық психология, әскери психология, спорт психологиясы, саяси пси­хология, жарнама психологиясы, басқару психологиясы, экономикалық психология, өнер психологиясы, мәдениет психологиясы және т.б. жатады. Сондықтан Қазақстанда да уақыт талабына сай әр салада, соның ішінде ірі өндіріс, төтенше жағдайлар қызметі, ІІМ, Қорғаныс министрлігі жүйесі, азаматтық авиация, спорттық командалар мен медициналық мекемелерде психологтің қызметі болуы керек. Сондай-ақ халыққа жеке түрде де қызмет көрсетілуі қажет.

Еуропада және АҚШ-та адамдар мамандардың психологиялық көмегіне 100 жылдан астам уақыт бойы жүгініп келеді. Беларусь Республикасында психологиялық көмек көрсету туралы заң 2010 жылы қа­былданды, ал Әзербайжанда – 2018 жылы. Ресей Федерациясында қазір «РФ-да психологиялық көмек туралы» Федералдық заң талқылануда. Басқа елдерде де психикалық денсаулықты қорғау және психикалық денсаулық саласындағы қызметтер мәселелері белсенді талқылануда. Атап айтқанда, ол заң тиісті біліктіліксіз психологиялық немесе психиатриялық көмек көрсетуді шектеу туралы.

2021 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, респонденттердің жартысына жуығы (48,5%) психолог қызметтері қолжетімді болуы керек деген пікір білдірді. Егер сауалнама көрсеткіштерін Қазақстанның 18 жастан асқан шамамен 12 миллион тұрғынына пропорционалды түрде экстраполяция жасасақ, 600 мың адам психологтерге жүгінген, ал шамамен 4 мил­лион адам бұған дайын екенін білдірген. Оның ішінде 3 миллион адам қажет жағдайда бірден жүгінуге дайын, ал 1 мил­лион адам көмекті қажет етеді, бірақ ұялады.

Біздің елімізде психологиялық көмек көрсету саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және заңнамалық реттеуді қамтамасыз ету қажет. Заң қабылдау арқылы әртүрлі қызмет саласы үшін психологтерді даярлау мен қайта даярлау мәселелерін шешуге, психологтің кәсіби стандартын бекітуге, сондай-ақ бірқатар сала мен ұйымда міндетті психолог штаттарын енгізуге ықпал етуге болады.

Зарема ШАУКЕНОВА, 

«АMANAT» партиясының Әйелдер қанатының 

«Психологиялық қызмет институтын құру және оның

жұмыс істеуі» бойынша басым бағыттың тең төрағасы, 

 Ұлттық ғылым академиясының академигі, 

әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор 

Отандық психология қалай қалыптасты?

Г. Эббингхаустың «Психологияның өткені ұзақ болғанмен, тарихы қысқа» деген сөздерін еске ала отырып, Қазақстандағы психологияның өзіне тән жарқын жолы әрі ұзақ тарихы бар екені қуантады.

1965 жылдың 6 желтоқсанында КСРО-ның жоғары және орта арнаулы білім министрінің «Мәскеу және Ленинград мемлекеттік университеттерінде психология факультеттерін құру туралы» №628 бұйрығы шықты. 1966 жылдың 1 қыркүйе­гінен бастап Мәскеу мен Ленинградтың психология факультеттері алғашқы студенттерді қабылдай бастады, олар Кеңес Одағындағы алғашқы дипломға ие психологтер болды. Қазіргі қазақстандық психология ғылымының корифейлері ММУ немесе ЛМУ-де оқып, диссертация қорғаған болатын. Аталмыш саладағы ғалымдар мен олардың шәкірттері оқу-тәрбие процесінде осы «Мәскеу» немесе «Ленинград» психологиялық мектебінің дәстүрлерін жалғастырды. 

Қазақстандағы психология ғылы­мының бастаушысы және ұйымдастырушысы М.Мұқанов (1920-1985 жж.), ол психология ғылымдарының докторы, профессор, жалпы, жас және этникалық пси­хология саласының маманы. М.Мұ­қанов Абай атындағы ҚазҰПУ-дың (бұрынғы Абай атындағы ҚазПИ) психология ка­федра­сын құрып, өмірінің соңына дейін басқарды. 

Іргелі психологиялық білім беру жүйе­сінің қалыптасуы С. Киров атындағы ҚазМУ-де (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) жүзеге асырылды, мұнда 1947 жылы филология факультетінің психология және логика бөлімшесінде алғаш рет психология мамандығы бойынша ұлттық кадрларды дайындай бастады. Бұл бөлімшені Қазақстандағы алғашқы психология ғылымдарының докторы (кандидаттық және докторлық диссертацияларын Ленинградта қорғаған), ҚазМУ-дың ректоры (1948-1953 жж.) Т. Тәжібаев ашқан бо­­латын. Дәл осы ҚазМУ-де 1988 жылы Қазақстан психология ғылымының тарихында алғаш рет базалық психологиялық білімі бар мамандарды дайындай бастады. Психология бөлімшесіне 31 студент қабылданған болатын.

Профессор М.Мұқановтың әріптестері мен ізбасарлары арасында психология ғылымдарының докторлары, профессорлар В.Шабельников, Ж.Намазбаева, Х.Шерьязданов секілді көрнекті ғалымдарды атап өтуге болады.

1998 жылы Қазақстандағы психология және педагогика тарихының ең беделді маманы, психология ғылымдарының док­торы және педагогика ғылымдарының док­торы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері К.Жарықбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да академик Т.Тәжібаев атындағы этнопедагогика және этнопсихология орталығын ұйымдастырып, оны басқарды. 1997 жыл­дан бастап алты жыл бойы ҚазҰУ-дың психология кафедрасын психология ғы­лым­­дарының докторы, профессор Н.Ло­­гинова басқарды, ал 2007 жылдан бастап ол өзінің альма-матері – Санкт-Петербург мемлекеттік университетіндегі психология факультетінде жұмысын жалғастырып, қазақстандық әріптестерімен тығыз байланыс ұстап келеді. Ол өз естеліктерінде «Қ.Жарықбаев психологияны өз табандылығымен баспасөздегі және әртүрлі аудиторияда, соның ішінде беделді адамдар арасында жасаған мәлімдемелері арқылы, республикадағы психология­лық қауымдастықтың қолдауымен, 1988 жылы Қазақстанда психология бөлімін ашу туралы Үкіметтің шешім қабылдауына айтарлықтай үлес қосты» деп атап өтті.

С.Жақыпов – Қазақстан психология­сындағы өз ізін қалдырған тұлға. Психология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жалпы және этникалық психология кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан психологтер қауымдастығының президенті, МГУ түлегі, оны аяқтағаннан кейін Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де жұмыс істеді. Бұл оқу орнында 1990 жылдан бастап қазақ және орыс бөлімшелеріне студенттер қа­былдана бастады. Кафедраның қалыптасуына психология ғылымдарының док­тор­­лары В.Клочко, О. Краснорядцева, О. Блок, Т. Бендас, Б. Әмірова үлкен үлес қосты. 

Елімізде психология ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, профессорлар мен доценттер саны 200-ден асады. Докторлар саны 40-тан астам. Олардың барлығы ғылыми-педагогикалық, зерт­теуші және практикалық психолог ма­мандарының негізгі құрамын құрайды. 

Қазақстандағы психология саласының алғаш пайда болып, ары қарай дамытып, толыққанды және сапалы білім беру арқылы «Психолог» мамандығының дамуына елеулі үлес қосқан және қосып жүрген барлық адам үлкен мәртебеге ие. Қазіргі психология мамандығының студенттеріне өз мамандығын түсініп, сүюді, оған адал болуды және оны ары қарай дамыту жолында жауапкершілік алуды тілеймін.

Дарина ДАНЕНОВА, 

психология ғылымдарының кандидаты, 

«АMANAT» партиясының Әйелдер қанатының 

«Құру және қызмет етуге жәрдемдесу» 

басым бағыты бойынша жұмыс тобының мүшесі 

Психолог болуға кім құқылы?

Менің ойымша, қазір «өз психологіңнің болуы» жақсы әдетке айналып келе жатқан уақыт келді деп сеніммен айтуға болады. Біреулер психологке өзінің рухани және физикалық ресурстарын арттыру үшін (спортшылар мен шығармашылық мамандықтағы адамдар), өз әлеуетін барынша ашу үшін (кәсіпкерлер мен озық жастар) немесе психологиялық құзыреттілігін арттыру үшін (негізінен байланыс және сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпқойлар) жүгінеді. Басқалары, қиын өмірлік жағдайларға тап болғанда, өз-өздеріне тұйықталмай, психологке жүгінуден ұялмайды. Қуантатыны, қазір елімізде бұған жағдай жасалған. Мысалы, Қазақстандағы шамамен 50 жоғары оқу орны психологтерді дайындайды және ғылыми психологияда өз дәстүріміз қалыптасқан. Тіпті, көптеген мемлекеттік органда – Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, медициналық мекемелер, армия, мектеп, спорт, еңбек ұжымдарын психологсіз елестету қиын. Қазір елімізде психологтердің бірнеше буыны қалыптасты, олар өз мамандығына адал, ал миссиясы – адамдардың бақытты болуына көмектесу. Алайда қоғамда психологиялық қызметтерге сұраныстың артуы базалық пси­хологиялық білімі жоқ кеңесшілерге тартымды болып отыр. Бұлар нейро­­­линг­вис­тикалық бағдарламалау (НЛБ) маман­дары, тұлғалық даму бойынша коуч­тер, өмір сапасын жақсарту бойын­ша сарап­шылар, қысқамерзімді курстар­дан өткен психотерапевттер, сондай-ақ әлеуметтік желілерде «психологиялық» кеңес­тер беріп, марафондарға шақыратын блогерлер мен онлайн кеңесшілердің үл­кен армиясы. Психологиялық қызмет көрсету нарығының осындай әртүрлілігі арасында психологиялық мәселелерге тап болған және кәсіби кеңеске мұқтаж адамдар бұл қызметтің сапасының нақты критерийлерін анық түсіне бермейді. Сонымен қатар «біліксіз психологтердің» қызметтеріне кеткен қаржылық шығын – олардың қателікке ұрындыратын психологиялық шығынмен салыстырғанда түкке тұрғысыз. 

Сондықтан халықты инфосығандар мен білімі жеткіліксіз мамандардың қызметінен қорғау және қоғамда психоло­гиялық мәдениетті қалыптастыру үшін психологтің мәртебесін заңнамалық бекіту және психологиялық көмек көрсетуге жауапкершілік белгілеу қажет. 

Психологиялық көмек көрсетуге құқығы бар маманның басты критерийі тек жоғары психологиялық білім болуы мүмкін. Бас­тысы, бұл ереже заңмен бекітілгені дұрыс. 

Мемлекеттік реттеудің екінші қадамы ретінде психологтің кәсіби қызметін реттеудің үш нұсқасының бірін таңдауға болады. Бірінші нұсқа – бірыңғай тізімге тіркеу, онда маман өзінің аты-жөнін, заңды мекенжайын және біліктілігін тиісті реттеуші органда тіркей алады. Психологтің ресми тіркеуі оның тәжірибесінің ашық­тығын, қызмет бағытын және білік­ті­лігін белгіленген стандартқа сәйкес қам­­тамасыз етеді. Екінші нұсқа – мемлекеттік сертификаттау, мұнда серти­фикаттау талаптары стандартты мемлекет­тік тесттен өту және жұмыс тәжірибесін растауды қамтиды. Үшінші нұсқа – лицензиялау.

Қазір психологиялық қызметтер нарығының жағдайы және психологтердің кәсіби дайындығы деңгейі, сарапшылармен болған талқылаулар көрсеткендей, Қазақстан психолог қызметін лицензиялау арқылы реттеуге әлі дайын емес. Біріншіден, лицензиялау критерийлерін барлық мамандықтағы психологтер үшін қолайлы етіп дайындауға уақыт қажет. Онда еліміздегі психологтерді дайындау жүйесі, кәсі­би ортаның дамуы мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететін барлық жағдай көрсетілуі тиіс. Соның ішінде біліктілікті арттыру мүмкіндіктері, «көзбояушылық» конференцияларға емес, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға нақты қатысуы міндеттелгені абзал. Екіншіден, қазір психолог мамандығын игергендер саны жеткілікті болғанымен, көптеген салада (отбасылық, жас ерекшелік, педагогикалық, клиникалық, заңды, дағдарыс, әскери психология және т.б.) психологиялық көмек көрсету үшін қажетті кәсіби құзыреттілігі бар мамандардың тапшылығы айтарлықтай байқалады. Соның салдарынан психологтерді жеке мамандықтар бойынша объективті және тиімді лицензиялау (яғни, ресми түрде тану) қиын. Мысалы, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің құрамында әртүрлі кәсіби саланың өкілі болуы керек, бірақ онда психологтер мүлдем жоқ-тек филологтер, заңгерлер, тарихшылар мен экономистер жұмыс істейді.

Сондықтан психологтердің кәсіби қызметін тіркеу жүйесі арқылы мемлекеттік реттеуді бастау орынды болады. 2024 жылдың басынан бастап кездесулер мен талқылауларда Қазақстанның кәсіби психологтер қауымдастығының көпшілігі мынадай пікір білдірді: жеке практикадағы барлық психологтерді, сондай-ақ ақылы негізде психологиялық қызмет көрсететін барлық ұйымды қамтитын бірыңғай ұлттық база құру қажет. Жеке практикамен айналысатын барлық психологтер туралы ашық түрде орналастырылған ақпарат психологиялық қызмет алушыларға бағытталған және таңдаған психологтердің осы тізілімде бар-жоғын тексеруге мүмкіндік береді.

Психологті ұлттық базаға (тізілімге) енгізудің критерийлері ретінде жоғары психологиялық білім туралы диплом, практикалық қызмет өтілі, біліктілікті арттыру курстарының мерзімі мен тұрақ­тылығын көрсетуге болады. Бұл критерийлер заң жобасын талқылау барысында барлық мүдделі сарапшылармен бірлесе отырып, егжей-тегжейлі пысықталуы мүмкін.

Мұндай жүйе практикалық психологтерге және студенттерге, тіпті жоғары оқу орнындағы оқу кезеңінен бастап, өз кәсіби қызметі мен мансабын құруға, кәсіби даму траекториясын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Осы тәсіл арқылы кәсіби дамуға мүдделі және оның барлық шартына ие психолог өз клиенттеріне кәсіби және сапалы психологиялық көмек көрсететін болады.

Эльмира АЛИЕВА, 

Ы.Алтынсарин атындағы 

Ұлттық білім академиясының психология,

тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының жетекші маманы, 

психология ғылымдарының кандидаты, 

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының 

басым бағыты бойынша жұмыс тобының мүшесі

Ғылым қоғамға қызмет етеді

Психологиямен ғылым ретінде айналысу неліктен маңызды? Бұл сұраққа жа­уапты Леонардо да Винчидің сөздерімен бастасақ: «Ғылымсыз практиканы сүйетін адам – рульсіз немесе компассыз кемеге шыққан кеме жүргізушісі сияқты: ол қай­да бара жатқанын ешқашан білмейді».

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазіргі даму кезеңінде психология адамдар мен қоғамның практикалық әрекетіне қызмет ететін көпсалалы қолданбалы білім саласына айнала бастады. Қазір адам өмірінің барлық дерлік саласында – мектептен бастап ғарыштық салаға дейін практикалық психологтер жұмыс істейді. Бұл ретте ғылым мен практика психологияда әрқашан бірге дамыды. Бір жағынан, теориялық психология психологиялық білім жүйесін дамытып, ол ғылыми-қолданбалы және практикалық психологияның негізі болып табылады. Ал екінші жағынан, ғылыми-қолданбалы және практикалық психология теориялық психологияның әдістерін жинақтап, ұғымдар, категориялар мен қағидаттардың жүйелі жаңаруына ықпал етеді.

Психологиядағы бірнеше ғылыми жетістікті мысал ретінде келтірейік. Мәселен, психотерапия, әсіресе когнитивті-мінез-құлық терапиясы (КМТ) саласындағы ғылыми жаңалықтар миллиондаған адамға стресс, мазасыздық және депрессиямен күресуге көмектесті. Спорттық психологияда бір зерттеуде 17 жастағы шаңғышы әйелдің КМТ көмегімен спортқа байланысты алаңдаушылығын азайтып, спортқа қатысты мінез-құлқын жақсартқаны атап өтілген. Басқа зерттеу­де NCAA I дивизионында ауыр жарақат алған 16 спортшының эмоционалдық жағдайының КМТ арқылы жақсарғаны анықталды.

Эмоционалдық интеллектті (EQ) зерт­теу адамдардың өз эмоцияларын түсініп, оларды реттей алатын адамдардың басқалармен жақсы қарым-қатынас орнатып, жанжалдарды тиімді шешіп, үйлесімді қарым-қатынастар құратынын көрсетті. Қазіргі педагогикалық әдістер психологиялық зерттеулердің нәтижелерін белсенді қолданады. Әлеуметтік психология саласындағы ғылыми зерттеулер заманауи компанияларға стресті басқарудың психологиялық әдістерін, мысалы, икемді жұмыс кестелері, қызметкерлерді қолдау бағдарламалары және өзін-өзі ұйымдастыру техникасын оқыту сияқты бағдарламаларды енгізуге мүмкіндік берді.

Балалар психологиясындағы жаңалықтар ата-аналар мен мұғалімдерге балалардың психикалық және эмоционалдық дамуын жақсы түсініп, оларды қолдауға және олар­дың эмоционалдық өсуіне жағдай жасауға арналған құралдар берді. Әлемге әйгілі «перспективалық теория» (Д. Канеман, 2002) адамдардың белгісіздік пен тәуекел жағдайында қалай шешім қабылдайтынын түсіндіреді. Нейрондық механизмдерді зерттеу (Р. Сперри, 1981) және жады мен мидың биохимиялық процестерін зерттеу (Э. Кандел, 2000) жадының нейробиологиялық негіздерін жақсы түсінуге көмектесті және Альцгеймер ауруы сияқ­ты жадымен байланысты ауруларды зерттеуге негіз болды.

Алайда жаңа заман талабы жаңа тәсілдерді талап етеді. Мәселен, ақпараттық технологиялардың, микроэлектрониканың және байланыс құралдарының қарқынды дамуы адам өміріне айтарлықтай әсер етуде. Бұл әсердің адам санасына, психикасына, мінез-құлқына сапалық әсерін бағалау, оның жақын және ұзақмерзімді салдарын анықтау психолог-ғалымдардың, оның ішінде Қазақстандағы психологтердің де міндеті. Алайда елімізде қолданбалы психология саладағы ғылыми зерттеулерден әлдеқайда жылдам дамып келе жатқаны байқалады. Яғни, отандық психология ғылымының теориялық негіздері мен ғылыми әзірлемелері практикалық қолданыстан артта қалғанын білдіреді.

Бұл психологиялық ғылыми мектеп сабақтастығының жоғалуына, ғылыми өсу мүмкіндігінің болмауы және ғылыми зерт­ханалардағы материалдық-техникалық базаның әлсіз жабдықталуы немесе тәжірибе алаңдарының мүлдем болмауына байланысты.

Сондықтан студенттер 1-курстан бастап ғылыми тәжірибелерге қатысып отыруы қажет. Ғылыми мектептер мен конференциялар тұрақты түрде өткізілгені абзал. Себебі баршаға қолжетімді ғылыми жұмыстардың тізімі мен ғылыми журналдар жеткілікті болғанда ғана, оқытушылар артық жүктемемен жұмыс істеп, психологиядан және ұлттық құндылықтардан алыс гранттық жобалармен айналысуға мәжбүр болмайтын кезде әрбір психология кафедрасы әлеуеті зор ғылыми орталыққа айналады. Сонда ғана Қазақстан­ның психологиялық ғылыми мектебі жан­данар еді.

К.ЕРКІН