Былтыр жер бетіндегі мемлекеттердің сыртқы қарызының жалпы көлемі 188 трлн АҚШ долларына жетті. Халықаралық валюта қорына сенсек, бұл сома әлемдік жалпы ішкі өнімнің 230 пайызын құрайды. Білетіндер бұл рекордтық көрсеткіш деп отыр. Соңғы рет мұндай жағдай екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тіркелген екен. Ал Қазақстанның сыртқы қарызы қанша? Біз кімге қарызбыз? Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додоновтың айтуынша, әлем елдерінің сыртқы қарызының тең жартысы АҚШ, Жапония және Қытайдың еншісінде. Сырттай қарағанда бай елдер, бірақ сыртқы қарызы шаш етектен. Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, Еуроодақтың да сыртқы қарызы аз емес – 16,5 трлн доллар. Экономикасы өркендеген еуропалықтар да сырттан қарыз ала ма деп таңғалудың жөні жоқ, себебі экономиканы қарызсыз көтеру мүмкін емес. Әрі-беріден соң қарыз қайтара алатын елдерге ғана беріледі. Ал дамушы елдерге ойланып барып берсе, кедей елдерге грант аударғанды жөн санайды. Себебі кедей елдің қарыз қайтару қабілеті төмен. Содан соң сыртқы қарызы бар елдің инвестициялық тартымдылығы болады екен, тек алған қарызды уақытында қайтарып, абыройды сақтап тұрса болғаны. Ал біздегі жағдай қалай? Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның сыртқы борышы 2019 жылғы 1 қазандағы жағдаймен айтқанда, 157,7 млрд доллар, оның 13,4 млрд доллары – мемлекеттік сектордың, 4,6 млрд доллары – банк секторының, 41,2 млрд доллары – «басқа секторлардың» берешегі, қалған 98,5 млрд доллар фирмааралық қарызды құрайды. Айта кетерлігі, Қазақстан былтыр тоғыз айдың ішінде сыртқы қарызды 1 млрд долларға азайтты. Жалпы, соңғы екі жылда сыртқы қарыз 6,4 пайызға қысқарған. Сыртқы қарыз еліміздің жалпы ішкі өнімінің 20 пайызын ғана құрайды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Алайда осы тұста аталған цифрлар нақты ма деген сұрақ туындайды. Себебі ресми статистикада біздің ел алған қарыздардың шарты, мерзімі, пайыздық мөлшері туралы ақпарат еш жерде көрсетілмейді. Соның салдарынан біз қай қарыздың тиімді яки тиімсіз екенін сараптай алмаймыз. Тағы бір өзекті мәселе, қарыздың қайсысы құбылмалы пайыздық ставкамен, қайсысы нақты белгіленген пайыздық ставкамен алынғаны айтылмайды. Ал бұл – өте маңызды ақпарат. Өйткені құбылмалы пайыздық мөлшерлеме, атауы айтып тұрғандай, уақыт өте келе өзгеруі мүмкін, себебі ол жаһандық LIBOR ставкасына тәуелді. Жалпы, сыртқы қарыз туралы қажетті ақпараттың жетіспеуі қарызы туралы объективті пікір білдіруге көп кедергі. Мысалы, АҚШ-тың сыртқы қарыз туралы мәліметті америкалықтар ғана емес, кез келген елдің азаматы интернеттен көре алады. АҚШ қарызының есептеуіші деп аталатын платформада (https://www.usdebtclock.org/ ) сыртқы қарыз туралы ақпарат секунд сайын жаңарып тұрады. Бізге осындай есептеуіш қажет-ақ.